1

Жақсы көремін ғой сендерді… 
Сендер
осы дүниенің езуінде үйелегенде,
мөлдір көздеріңді
жалған сөздерің күйелегенде,
көңілім ескі үйдей құлазиды…

2

…Түн мұңы ұйқымды ұрлап,
көбесі сөгілгенде таңның,
иегімнің астынан жамыраған
соқпақтарға қараймын:
мына бір соқпақ –
Ар үшін төгілген қаның,
маңдайындағы құсни жазулардай,
не
үзілген шыдамның аузына біткен
азулардай өткір шындық…

Біз қайда беттеп барамыз?!
Омыртқамыз қисайып,
Қабырғамыз сөгілген…
Жусан исі бұрқыраған аңқау даланың,
Обалы көзінен төгілген.

Сенбесеңіз қараңыз,
а-а-анау бір соқпақ – еріншек ұлдай керілген,
не
көңілшек қыздай ыржыңдап жатыр…

Міне, тағы да көлеңкеңнен қорқып,
сездірмес үшін орысша күлдің…
Жұлынымда бабамның батасы балқып,
Қазақша күрсініп тұрмын…

3

Көк төбет үндемеді тағы,
Көкбет жел түнімен абалап шықты.
«Көк жәшік» көпірді тағы,
бәрі «құдай»,
бәрі мықты.

Уақыт,
Құдайды ұмытқандай,
Ұмытқандай ұятты.
не
Қазақтың жеріндей,
жалданып кеткен сияқты…

Өз ойымнан өзім шаршаймын,
Төзімім шүберектей жыртылды.
Өткенді аңсаймын,
бісмілдә..,
біртүрлі…

Үмітті күмәнім жеңді,
Дос қайда, есендік сұраған?!
Еее.., әйтеуір айналам «нұрлы»,
Туылған күнәдан.

Бақытты балалық шағым-ай гүлді,
Тұнғандай мөлдіреп тұмадан…
…Тағы да түсіме құрдасым кірді,
сақалы жылаған…

4

Бүгін тағы ұйықтамадым түнімен,
ойларымның түбінде…
Тықылдайды тағдырымның өкшесі,
сағаттардың тілінде.

Сағаттар да өледі,
Күн де сөніп, жоғалады дерексіз…
Терезеден айқай салғым келеді,
себепсіз…

Жылап алғым келеді,
сәбилердей жер тепкілеп, секіріп…
Жәй әшейін күле салғым келеді,
өтірік…

2012-06-22


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here