(Бір күні күліп қарап қаламыз біз)

Өткен өмір тым тəтті тарта түсер,
Ащы мұң кешкен сəтің көп болса да.
Елесті іздеп еңсеңде артады шер,
Ескі суретке айналып жоқ болса да.

Ескі сурет – бейнесі сағыныштың,
Көмескі тартқан сайын жанды жеген.
Отты көздер жүрекке шағылысты,
Əдемі əн боп кеткен əңгімедей.

Сол кездің сезімімен тыныстаймын,
Жүрегін мұңға тосқан мен ғана ма?
Ескі ойменен жаңа күн жылыстайды,
Талай жылдар түссе де енді араға.

Өткеннен қолға түскен үлесімдей,
Ескі сурет ішінде қымбат жандар.
Жылар ма едің жоқ əлде күлесің бе,
Егер қазір барлығың тіл қатсаңдар?..

Демеспін дүниені кездім бекер,
Өтуде шерді жазып шеткер күнім.
Көне естелік сен өзің сездің бе екен,
Кей бейненің мəңгі өшіп кеткендігін…

Ескі сурет бір парақ – өткен күнім,
Одан көп болмайды екен жалын жастық.
Көрсетті айна уақыттың өктемдігін,
Сезім ғана қаларын жанымда ыстық.

Сурет – көктем, отырмын, жанарым күз,
Қадірін қайран күннің ескеріп пе ең?
Бір күні күліп қарап қаламыз біз,
Дүниеге ескілеу естеліктен!


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here