–         Ассалаумағалайкум! – деп үйге кіріп келгенімде бөлменің төріндегі

текеметтің үстінде ұйма-жұйма боп жатқан бір топты көріп, аңтарылып тұрып қалдым. Кілең ұсақ балалар мен сәлем беруге келген ақсақалды қаумажайлай мініп алыпты.

–         Әй, сотанақтар болды, босатыңдар мені!.. – деп зілсіз жекірген ақсақал

әрең дегенде қамаудан босап шықты. Ұйпаланған сақалын тарамдай түзеп, орнынан ырғала аунап көтерілді де маған қарап жымия күлді.

–         Көрген күніміз осы, қарағым. Қай бала боласың?

–         Қаратоғандағы жиеніңізбін.

–         Құлағыма тақап, қаттырақ айтпасаң естімеймін. Жоқ құлақты мыналар

мүлдем керең қылды.

–         Анау Қаратоғандағы жиеніңізбен!

–         Ә,ә Садықбектің баласы екенсің ғой. Адасып жүрсің бе?

–         Жол түсіп келе қалған соң, сәлем бере кетейін дегенім ғой, ата.

–         Сәлемшіл болсаң, төрлет балам… Саған шәй қайнатып беретін Ақсарай

тәтең ұзақ кәмендіробкада жүр. Біз әлдеқашан ішерімізді ішіп алғанбыз. Солай ма батырлар? – деп ауыздары аңқия бөтен кісіге жаутаңдай қарасқан балақайларға қарады. Аралары бірер жас секілді іркес-тіркес қалқыңқы топ: – Шолай, шолай! – деп жарыса шу етті. Ішіндегі ең ересегі мектеп табалдырығын аттаған сыңайлы. Ал ең кішісін үшке келді деп таяуда сүндетке отырғызыпты. Бәр қарасы төртеу ме бесеу ме ажырату қиын. Қайсысы ұл, қайсы қыз екенін де біліп болмайсың. Ала-құла киінген. Бәрінің аяқ-тілі шыққан: сайрап, жерге тұрмайды. Керең адам болмаса бұлармен отасып тұру мүмкін емес тәрізді.

–         Жүр есік алдына шығайық. Мыналар әңгімелестірмейді. – деп менің

қолтығымнан демей, сыртқа беттеді. Аула мұнтаздай таза. Ақсақал өте зерек адам екен, менің көз зерімді аңғара қойды.

–         Осы тазалықты жаңағы сотанақтар жасап жүр. Үлкені бас болып,

қалған сыбыртқы көтере алатындары жабылып кетеді. Асты да өздері жасайды. Мен алай-бұлай деп қана жөн сілтеп тұрам. Бастапқыда ауылдың бір басындағы қызым келіп қарасатын. Кейін оның да қолы тимей кетті. Сосын мыналардың ет тірлігін байқап «Өздері де өлетін балаларға ұқсамайды» деп келуді сиреткен-ді.

–         Ата, үйден балабақша ашып алғансыз ба?

–         Солай боп тұр… – деп кеңкілдеп күліп жіберді де сөзін жалғады. –

Осыдан оншақты жыл бұрын апаң қайтыс болған соң, үйде сопайып жалғыз қалдым. Балалардың қолына барғым келмеді. Олардың қас-қабақтарын аңду қолымнан келмес деп ойладым. Сөйтіп жүргенде осы тәтең жолықты. Соңынан ерген бір қызы бар екен. Мөлдіреп тұрған бір әдемі жан. Менің қай жеріме қызықты екен деп қайран қалатынмын. Сөйтіп жүргенде ол қызын тастап, үшті-күйлі жоқ боп кетті. Жарым жылдан соң артынып-тартынып жетті. Өзі буаз. Қатыны өлген біреуге күйеуге тиіп, заңды некеге отырыпты.  Ол да жасы кеп қалған кісі көрінеді. Ұзын сөздің қысқасы одан бір бала тапты. Жаңағылардың арасында жүр. Әлгі шал көп ұзамай апыр-топыр өліп қалды. Мал-жан, үй-жәй менің Ақсарайыма қалды. Содан бұл қайғыдан есін жия бергенде тағы бір бақуатты жесір шал кезікті. Ол да өлді. Жиған-тергені бізге ауды. Сонымен арасына екі-үш жыл салып, қаладан неше пәтер тұрғыздық…

–         Тәтеміз тағы сол кәсібімен кетті ме?

–         Енді қандай кәсіппен дейсің? Басқа нәрсе қолынан келмесе…

–         Балалар сіздің атыңызда ма?

–         Жоға! Өздерінің әкесінің! Бәрі заңды түрде. Ертең соңдарынан қуғын

түссе алдылары ашық.

–         Қызық жағдай екен!?

–         Иә, қарағым. Қызық екені рас. Менің Ақсарайым өзі біледі, не жасап

жүргенін. Осы соңғы кәмәндіробкам деген. Бұларға бас-көз боларлық шама менен де кетіп барады…

Нағашы атаммен қоштасып, кете бергенімде лау етіп іштегі топ түзге шықты. Жүздері бал-бұл жанған бейкүнә балдырғандарға сау болыңдар деген ишаратпен қол бұлғадым.

–         Аға, шау болыңыз! – деп олар да жамыраса қол бұлғасты.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here