***

Апта сайын бір кісіні көмеміз,

Апта сайын көнеміз…

Жан дегенің шам жарығы секілді,

Үф еткенде сөнеміз.

 

Бір ойменен ататындай таң сәрім,

Солғын тартып сан сағым…

Бізді көптен  бөліп кету үшінде

Керек дейсің  қанша құм?!

 

Сүйеулі өмір сіреңкедей тірекке,

Дір етпей ме, жүректер?..

Өтпестей боп көрінген бір ғұмырды

Көмді кеше күректер.

 

Бала күнім кетті, көшті түзде ойнап,

Жан сағына іздейді-ақ,

Қанша жасап жүрер дейсің ендігі,

Отыздағы біз бейбақ!

 

Аңсайтындай мәңгі жасыл жаз үнін,

Беу, жүрегім,  нәзігім.

Немді пана қылар екем қағылса,

Қыр басына қазығым?!

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.

1 Пікір

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here