ҚАЙЫҚШЫ

 

Қабағы түндей тұнжырап,

Теңіздің тыңдап өксігін, –

Қайықшы отыр жағада,

Кеудесін тырнап ескі мұң.

Шақырып оны толқындар,

Шымырлап теңіз телегей.

Бозарып бұлттан шыққан Ай,

Желкені жыртық кемедей.

Шығады Ол қазір сапарға,

Толқынға қарсы қасқайып.

Өзіндей кәрі теңіз ғой,

Сүйегі кеткен сарғайып.

Түседі Ол қазір теңізге,

Тұтатып алып бір шылым.

Тіледі ескі ескегі,

Тұманды түннің тұмсығын.

Шығады Ол қазір сапарға,

Тәуекел етер ойланбай.

Тағдыры жалғыз табытын,

Теңізден қашап қойғандай.

Қиянға сүңгіп барады,

Қияқ Ай сүйреп шылбырын.

Қайықшы және қарт теңіз,

Арбайды үнсіз бір-бірін.

Арбайды үнсіз толқындар,

Арбайды оны кешкі ымырт.

Жағада енді тұрмайды,

Жағаны жұтқан ескілік.

Қабағы түндей тұнжырап,

Бүркейді тұман кескінін.

Қайықшы қалды табытта,

Теңіздің тыңдап өксігін.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here