Төрт перделі сатиралық драма

Қатысушылар:

Байкенже – шаруа қожалығы басшысы, 55-60 жаста

Еркінбек – журналист, 55-60 жаста

Айғаным – Байкенженің әйелі, 55 жаста

Келіндер – Гүлдана мен Сәуле, жиырманың ішінде

Ауыл әкімі – 45 жаста

Аудан әкімі – 50 жаста

Зәйтіш – 77 жаста

Имам – 50 жаста

Аймаңдай – 70 тен асқан

Залдан дауыстар – кезектескен әртүрлі адамның дауыстары

Жауапты адам – 40 жаста

Арнайы қызмет өкілі – 30 жаста

Тықыр қара – 45 жаста

Дауыстар – ауыл әкімі мен тықыр қара

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Қонақ бөлме. Оң жақтан бастап іргелете төрді қамти жұмсақ, қызыл-қошқыл былғарымен қапталған диван-төсек созылған. Үстіне қазақи құрақ көрпелер мен арқалықтарына жастық төселген. Ортада ұзын, қызыл түсті ағаш стол. Айнала арқалы әдемі орындықтар. Осы жихаздарға қарама-қарсы, ыдыс-аяқ сыңсыған сервант пен оған іргелес диагоналы көлемді жалпақ теледидар қабырғаға жабысқан.

Орта жастағы ер адам мен соған тете әйел диванда отыр.

Еркінбек: – Құдағи, ауылға кеп тұрып соқпай кетуге дәтім бармады. Ертең біреу-міреу көрдік деп жүрсе ұят болар деп қымсындым.

Айғаным: – Дұрыс жасадыңыз. Күнде келіп мазалап жүрген жоқсыз ғой, тәйірі. Қазір құдаңыз да кеп қалады. Егіс басына кеткен еді.

Еркінбек: – Өзіңіз күйлі-қуаттысыз ба, құдағи?

Айғаным: – Е-е, жас ұлғайған сайын қыңқыл-сыңқыл көбейе бастайды екен… (пауза) Жүрек сыр беріп жүр. Сызғановқа жатып қаралмаса болмайтын секілді.

Еркінбек: – Әрине, құдағи, денсаулыққа не жетсін! Ақша табылар, ал денсаулықты соған сатып ала алмайсың. Мына самсаған боқ дүние де жылу болмас (Еркінбек осы сөзді айтарын айтып қалды да қипалақтап Айғанымға қысыла қарады. Екі көзі жыпылықтап кетті.)

Айғаным: – Қысылмаңыз, құда! Сөздің жөнін айттыңыз! Осының барлығы боқ дүние екені рас, сол үшін денсаулықты сарп етіп, біреулермен итше таласып келе жатырмыз… О,құдаңыз да келді ғой деймін, соның мәшинесінің дүрілі шықты.

Еркінбек: – Сіз мотор дауысын да ажырата алады екенсіз-ау, ғажап!

Айғаным: – Е-е құда, осы соңғы бірер жыл болмаса, мен құдаңыздан қасынан жарты қарыс қалған емеспін. Өнім өткізсек те техника жөндесек те… Осы шаруаны көтерген ол емес, кейде мен секілдімін. Ер адамды қолдау бар да артынан қыдыңдап айдау да бар.

(Осы тұста Байкенже де кіріп келе жатады.)

Байкенже: – Құдаға мені жамандап отырсың ба? (Екі құда қол алысып, құшақтасады.) Шәй-пәйіңді әзірлемей не сөзбен суғарып отырғаның?

Айғаным: – Қашаннан бері ыдыс-аяққа араласа қалдың? Бәрі дайын тұр. Сені күттік. Гүлдана, таси беріңдер! Қыз дайын болса, біз дайынбыз!…

(Айғаным күледі. Екі құда да ыржалақтап дастарқан басына ыңғайлана бастайды)

Байкенже: –  Дастарқанды ас үйге жасап қойған екен деп шошып қалсам!… Жарайсың, бәйбіше! Айтпақшы, сағат онға әкім шақырып еді, ұмыттырмай есіме салшы.

Айғаным: – Мен осы үйге келін боп түскелі қырық жылға таяды. Қашан сүрініп едім, келген қонағыңның алдында? Жарайды айтармын, тек өзім ұмытып кетпесем.

Еркінбек: – Мен де әкімге жолығуға келіп едім, жақсы болды ғой!

Байкенже: – Бірге барамыз, құда. Бәйбіше, саған мін де сын да таға алмаймын! Мал сойдырмай бас жегізесің, жоқ жерден жамбас та таба қоятын өнеріңнен айналдым! Сосын, жеке хатшымсың! Балаларға тамақ салдырып қойсаң мүлдем кереметсің!

Айғаным: – Мақтағанның жөні сол екен деп менің бар сырымды жайып салғаныңа жол болсын!

Еркінбек: – Құдағи, аса құпия болмаса, айтсаңыз, үйдегі құдағиыңыздың алдында бір мақтайын!

Айғаным: – Шешем басқарманың әйелі болған. Кәделі жіліктер мен екі-үш үйтілген басты мұздатқыштың тереңіне салып, кісісіне арнап, сақтап қоятын-ды. Анамнан алған өнегем ғой. (Айғаным күліп, орнынан тұрады да екі келіні әкеле бастаған ас мәзірлерін ретімен жайғастыра бастайды.) Төрт ұлдың үшеуін үй қылдық, кенже ғана қалды. Келіндерімнің барлығы алтын! (Кірген кезде олар тізе бүге бас иіп, сәлем сала кірген. Қос келіні төмен қарап жымияды)

Байкенже: – Қызыңыз бен жиен немереңізді іздеп отырған сияқтысыз-ау, құдеке?

Еркінбек: –  Көре алмай, қоңылтақсып отырғаным рас!

Айғаным: –  Олар өздеріне жеке үй тұрғызамыз деп қалаға жоба жасатуға кеткен. Және, ана кішкентайды қаланың қызығына тойдырғысы келгендей…

Еркінбек: –  Бәрекелді! Істері оңғарылсын! Талаптыға нұр жауар деген осы!

Байкенже: –  Құданы құр ауыз қуантпай, қойсай ортаға қымызыңнан!

Айғаным: – (Ас бөлме жаққа мойнын бұрып дауыстайды.) Сәулежан, аталарыңа қымыздан әкелші!

Еркінбек: – Иә, қымыз жарықтыққа не жетсін! Қасиетін әлі білмей келе жатырмыз ғой! (Еркінбек иығын қомдап, қозғалақтап қойды. Ағаш астауға құйып әкелген қымызды Айғанымның өзі қос басты ожаумен мәнеріне келтіріп сапыра бастады. Сосын тартар кеселерге құйып үлестірді. Еркінбек қымызды орталай ішіп, шамырқана тамсанады) Шіркін-ай, не деген құдірет! Қазақ атам ұлы халық қой!

Байкенже: – Таласбек деген мықты жазушыны білетін шығарсыз, құда?

Еркінбек: – Әрине. Таласбек Әсемқұлов!

Байкенже: – Сол азаматтың бір шығармасын оқып қатты қайран қалдым! Сірә, досы болуы керек, өте қиын тағдырлы ерен жігіт туралы жазыпты.

Еркінбек: –  Иә, оқығам. Қазақтың маңдайында жарқырауы тиіс жұлдыз еді…

Байкенже: – Әңгіме қымыз туралы да… Египет пирамидаларын салғанда гранит тастарды қымызға ерітіп құйған екен ғой!? Байырғы қазақ аталарымыздың бүйрегіне тас жиылмайтыны сондықтан деп болжапты.

Еркінбек: – Өте мүмкін болжам.

Байкенже: – Енді, мына қызықты қараңыз! Алмания жұрты қымызды өздерінің ата асына айналдырып жатыр. Бие сауып, қымыз ішкен немістер қызара бөртіп  қазақтан озды!

Айғаным: – Үйірілген сары алтындай сары қымыз, Ауруға  – ем, сауға – қуат, дәрі – қымыз! – деп Жәкең атамыз тегін жырлаған жоқ қой!

Байкенже: – Жүзді алқымдағанда атамызды қызға қызықтырған осы қымыздың қасиеті екен-ау!?

Айғаным: – Құр аттай жортып қырық биең жүр, неміске таңырқағанша соларды желіге тұрғызбайсың ба!

Еркінбек: –  Ол бір керемет іс болар еді, құдағи!

Байкенже: – Бір-екі биенің қымызын қайда жібере алмай отырып, қырық биешілін! Ол үшін тарату көзі болуы керек. Ауыл қазақтарының жай-күйі ондай жағдайға жеткен жоқ. Азын-аулақ тиын-тебендеріне нан ала ма, әлде  кекіріп қымыз іше ме?!

Айғаным: – Иә, саған салса сояңнан айырылмау керек! Енді қызылшаны бастадың!

Еркінбек: – Сояңыз шаруагер халықты әжептәуір көтеріп тастады, а құда?

Байкенже: – Айтпаңыз, егер осы қытай бұршақ болмаса, таз кепешімізді әлі киіп жүрер ме едік! Қызылшаға да тіл тигізуге болмайды. Оның да пайдасы шаш етектен. Күні кеше ғана мың гектарлап егіп, құм шекердің астында қалғанымызды ұмытпаған шығарсыз?

Айғаным: – Көрерміз… Былтыр он гектар сеуіп, онысын ит арқасы қияндағы Меркеге апарып өткізген-ді. Биыл елу гектар отырғызды. Әкімдер зауыт ашылады, бәрі қақаяды деп үгіттеп көндірді. Былтырғыдай тұқымының құнын ақтамаса жетісерсің!

Еркінбек: – Нарыққа көштік деп дуылдағалы қай заман. Кластерді дамытамыз деді. Әлі сол алыпсатардың тірлігі! Меніңше өзіміздің шығарған өнім бізге зиянды ма деймін. Себебі, бағасын бел көтермейді. Сосын барып қытайдың, басқаның шілдепәрәміне жүгіреміз…

Байкенже: – Не қылған саясат екені мыйыма қонбады. Баяғыда жоспар тұрады алдыңда. Орында, орындамасаң басың кетеді. Тауарды қайда апарып тығам деп әбігер болмайсың. Меніңше іштен ірітіп жатқан бір құмалақтар бар секілді. Өйтпесе президенттің мақсаты мен бағыты көңілге қонымды-ақ. Айтылады, бірақ бәрі керісінше шығады. Мына заңдар мен заңнама, нұсқауларды айтсайшы, құда! Қылқындырып тастайды. Адым аштырмайды. Қағаз, қайда барсаң! Жұмысты кім істеу керек, сонда?!

(Сырттан самбырлай, аяғын тапырлата басып біреу кіріп келе жатады. Ішке төбел таз басы мен аққылаң сақал мұртын сипалап, ауыл имамы Қамықбек кіреді)

Қамықбек: – Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ… орта толып, береке-бірліктеріңіз арта берсін! Осы шаңырақтың қазынасы шалқып, халқына шарапаты тие берсін!

(Отырғандар жалт қарасып, Байкенже орнынан көтеріліп, имамды жоғары шығуға ізет қылады. Айғаным имамға қарап сөйлейді.)

Айғаным: – Осы қайнымды бір күн көрмесем жүдеп қалам! Қайда жүрсің талай болды ғой, көрінбей кеттің?

Қамықбек: – Көрші аудандағы әкімнің әкесі қайтыс болып, соны жөнелттім.

Айғаным: – Өздерінің молдалары қайда?

Қамықбек: – Молдасы үйінде, тегі ақы иесінің қалауы біледі ғой.

Байкенже: – Дұрыс емес, өзге біреудің юрисдикциясына жататын аймаққа аяқ басуға болмайды. Төлеп отырған салығы, нәпақасы бар. Сабап тастамағанына рақмет айт! Олардың жігіттері ашушаң келуші еді!?

Қамықбек: – Сені маған аға қып қай құдайым берді екен? Жақтағанның орнына даттап отырған түрін!

Байкенже: – Менікі бұрыс па? Айтшы құдаке? Егер менің жылда жыртып жүрген жеріме өзге біреу келіп егін себем десе мен қайтпекпін? (Еркінбек не дерін білмей абыржиды. Бетін сипалай отырғандарға жалтақтайды.)

Айғаным: – Құда, бұларға көңіл аудармаңыз, ағалы-інілі екеуі өстіп Қожанасырдың қылығын жасап отырады. Тете өскен ғой. Құрдастардан жаман бүйірлеседі!..

Еркінбек: – «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген ғой, қазақ атамыз.

Байкенже: – Өзі ғой, жездесі сияқты сүйкенеді де отырады!

Қамықбек: – Жарайды, сенікі дұрыс. Құданың алдында екі жынды болып, абыройсыз қалармыз! (Ақ кірген шоқша сақалын сипап, кеңкілдей күледі.)

Еркінбек: – Осы ауылдың имамы ретінде халықтың имандылыққа бет бұрысы қалай деп ойлайсыз?

Қамықбек: – Уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ… Пайғамбарымыз Мұхаммед, салла Аллаһу алейһи уә сәлламнің хадистерінде былай деге екен: «Бірер кісіден: «Адамдар бұзылып кетті»,- деген сөзді естісең, біліп қой: сол адамның өзі бұзылған.» деп. Аллаға шүкір, ауылымызда береке бар, құда!

Байкенже: – «Ауызға келген түкірік, қайта жұтса – мәкүрік» деуші ме еді. Айтпасаң сөз атасы өледі! Бұлар жоғарыдағы Алланың емес, аудандағы ішкі саясаттың нұсқауымен жүреме деп қалдым. Себебі, өткен жолы кілең молдалардың жиналысына шақыра қалды… (Қамықбек Байкенженің сөзін бөліп, екі қолын ербеңдете сөйлеп кетті.)

Қамықбек: – Сен беталбат сөйлеме, өйтіп! Жер патшасының өкілдері ол. Ал біздің патшамыз Алланың жер бетіндегі көлеңкесі!

Байкенже: – Әлемде екі жүзден астам мемлекет бар. Солардың басшылары да Алланың көлеңкесі ме? Бүйте берсе күннің көзі көрінбей қалады ғой?! А, құда?

Еркінбек: – Біздің мемлекет – зайырлы, демократиялық ел. Оның президенті жалпы халық таңдауы арқылы сайланады. Төрт-бес жылда ауысып отыруға тиісті басшыны Алланың көлеңкесі деп санасақ – расында жер бетін қара түнек басып кетпей ме? Онда монархияны қайта орнату керек…

Қамықбек: – Монарқи-сонарқиыңды білмедім, ел билеген адам менің түсінігімше патша. Сол ғана қарайған халықының қамын жеп, жағдайын жасап отырады. Алланың нәсіп еткен ырыздығын тең бөліп, ешкімді алаламайды. Мен Алланың да Алла маңдайынан сүйген патшаның да құлымын!

Байкенже: – Құл екеніңде күмәнім жоқ. Тек сен неге елді алдайсың?

Қамықбек: – Е, кімді алдаппын? Астағипыралла?!

Байкенже: – Ана есерсоқ құрдасымды, Мақұлбайды! Мешіттің темір жәшігіне бір теңге салсаң, саған бес есе боп қайтады деген уағызыңа ол имандай сеніп жүрген көрінеді.

Қамықбек: – Несі дұрыс емес? Жасаған қайырымың құдайдан бес есе боп қайтарына күмәнің бар ма? Әлде, жақсылығыңды сатқың келе ме?

Байкенже: – Мен жақсылығымды сатпаспын. Ана аңқау, сәл пасық Мақұлбай жұма сайын салған ақшасынан қашан дивиденд түседі деп үздігіп жүр!

(Екеуара дуылдасып, қонақтарының бар екенін ұмытып кеткен ағайындыларды жөнге шақырған түрде Айғаным жақтырмай сөйлдейді)

Айғаным: – Туу, бір-бірін бүгін көргендей боп! Қуаяқ сөзді қашан қоясыңдар? Ұят емес пе, құдадан?

Қамықбек: – Бұл сәбет кезіндегі құдайсыздығынан әлі арылған жоқ! Бала-шағаң өсіп келеді. Тәубаға келетін кез жетті ғой, ағасы…

Байкенже: – Құда айып етпе, артық-ауыс бірдеме айтып жатсам! Жалпы әділдікті ұнатамын. Алланың қалауы да сол деп ұғамын. Менің мына бауырым, табалағаным емес, темір тордың ар жағында үш қабат отырды. Оны өзі де жасырмайды. Рас қой?

Қамықбек: – Несіне жасырам. Адам жасырғанды Алла ашады. Менің татар дәмім солай болды. Адасқан пендесін сынаққа салып, иман жолына түсірді. Несі айып?

Байкенже: – Осы бейбіт өмірде, қылмыс жасамай тиыш жүріп-ақ сабақ алуға болмай ма?

Қамықбек: – Братан! Қылмысымды өтедім. Жер заңының алдында ақпын. Мен жамағатты Алланың ақ жолына шақыруға ниеттенген пендемін. Осы жаннатты түсіну үшін сол тауқыметтен өттім.

Айғаным: – Отағасы, әкімің тосып қалмасын…

Байкенже: – Ой бәрекелді, мына бауырыммен тәжікелесем деп оны ұмытып барам! Аллахпер де құда.

(Қолдарын жайып Еркінбек құдадан бата сұрайды. Құлағы едірейіп танауы делдиіп кеткен Еркінбек селк ете түседі де сорғалатып батасын қоя береді)

Еркінбек: –

Аумин десең маған,

Құдай берсін саған.

Алтыннан – жағаң,

Күмістен – тағаң.

Оң жағыңнан кетпесін

Күрпілдек қара сабаң.

Жортсаң жолың болсын,

Жолдасың қыдыр болсын.

Тілеуің қабыл,

Мұратың асыл болсын.

Ішкенің қымыз,

Жегенің сырбаз,

Кигенің түлкі болсын,

Жүрген жерің ойын-күлкі болсын!

Аллаһу ақпар!

Әумин!

(Бата жасалған соң, Қамықбек жеңгесінің қасында дастарқан басында қалып бара жатады. Еркінбек пен Байкенже есікке беттейді. Байкенже артына бұрылады.)

Байкенже: – Бауыр, сені әкім шақырған жоқ па? Зарплатың туралы ақылдасамыз деп еді?

Қамықбек: – Шақырса да бармаймын! Алақан жайған қайыршы құсап, ұят емес пе?

Айғаным: – Өстіп керігіп жүргенде молдасыз қаламыз-ау?! Құда, анау жылы молдамыз өліп қап, жаңа молда табылмай сіздердің молдаларыңызды тасып әуреге түскен жоқпыз ба! Бір қырық-отыз мыңды аяп, жүрген жүрістерін! Барма!

Еркінбек: – Өткен жолы іщкі саясатқа аудан әкімі тапсырма беріп жатқан, имамдарды қаражаттандыру жолын қарастырыңдар деп…

Қамықбек: – Сендер менің бұ жалғандағы жағдайымды жасаңдар, мен сендердің о дүниелік қамдарыңды ойлайын. (Кекесінмен айтады. Оған Байкенженің ашуы келеді.)

Байкенже: – Немене керігесің? Сотталғаныңа да біреу кінәлі. Сен осы мандытып жұмыс жасап көрдің бе? Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргеннен басқа! Қамықбектің қатын-баласын асырау үшін емес, мұсылмандығымыз үшін төлеуге тиіс ақшаны төлейміз. Керек десең соны өз мойныма алам! Осыдан көр де тұр!

Айғаным: – Ақсақалым-ау, өміріңде бір дұрыс шешім айттың ғой! (Күледі)

Қамықбек: –  Мына сөзіңді менің қатыным естімесін! Имам түгілі ишан болсам да үйден айдап шығады! «Алып жатқанымыз аз еді!»деп.

Еркінбек: – Құдаке, жылжиық… (Ол Байкенженің жеңінен тықырши тартады)

Байкенже: – Ертең сқодқа кел.

Қамықбек: – Ертең бос емеспін, аудан прөкөрерінің жеңгесінің қырқы, шақыру жіберген. Ұят болады бармасам!

Байкенже: – Тфу, саған дауа жоқ екен! Кеттік құда! (Асыға сыртқа беттейді.)

ШЫМЫЛДЫҚ

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Әкімнің кабинеті. Асай-мүсейлері жайнап тұр. Компьютерге шұқшиып, отырған әкім есік қағып кірген екі кісінің алдарынан шығып, қол алысып қарсы алды. Еркінбекті талайдан көремеген адам секілді қолын қысып, құшақтасып, ыстық ықылас көрсетті.

Әкім: – Ағалар, қос қоңыр қаз боп жарасып бастарыңыз қосыла қапты?

Еркінбек: – Бәкең екеуміз құдамыз ғой. Жол түсіп дегендей дәм-ауыз тиіп, сосын өзіңде де шаруам бар еді.

Байкенже: – Баратын жеріміз бір болып, қол ұстасып жеттік. Немен қуантасың?

Әкім: – Басты қуаныш – Ақсу қант зауыты іске қосылмақшы. Инвесторлар он бес млд теңге салып, бастапқы қуаты жүз мың тонна тәтті түбір өңдеуді көздеп отыр. Сосын ары қарай үш жүз мың тоннаны игеру қарастырылған. Енді білекті сыбанып, баяғы атакәсіпке айналған қызылшаны қолға алу ғана қалды…

Байкенже: –  Өте үлкен қуаныш екен! Меркені айтпағанда, кезек күтіп Көксуда кісі өлімі де болды ғой.

Еркінбек: – Иә, жағымсыз әңгімелер гулеп кеткені рас. Ажал сол жерде келді…

Байкенже: – Шапқылап жүрген адам ғой. Зарығып тосу да оңай емес. Жүрегі шыдамады. Осының барлығы басшылықтың жауапкершіліксіздігі деп білемін! Өздері сөйтіп отырып көрсінші!..

Әкім: – Әрине, олқылықтар бар. Дейтұрғанмен ілгерілеу де жоқ емес қой. Қант дегеніміз жалпы стратегиялық өнім ғой. Сонымен қатар анандай алып зауытты қайта жүргізу үшін қыруар қаржы мен өңдейтін көлемді тәтті түбір қажет болды. Міне, «Отырған қыз орнын табар» демекші біздің де айымыз оңынан туып жатыр.

Еркінбек: – Оған дау жоқ. Бірте-бірте көшіміз де түзелер. Менің келген себебім: неше жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан жер дауы жайлы. Жаппар деген бір алаяқ елді тақырға отырғызып кетті деген қауесет пе әлде жөн-жосығы бар нәрсе ме?

Байкенже: – Осы ауылдың тумасы, бөтен де емес! Ауылдағылардың өздеріне обал жоқ! Жекешеленеміз деп ру-ру, көше-көше боп дай-дайға түсті ғой. Қалада дүрілдеп тұрған Жаппар бауырымызды шақырып басшы етеміз деп бір ел жанықты. Жаппар келді. Ол бәрінің пайларын бір жерге тіркеді де кооператив ашты. Бастапқыда жем-шөбін беріп тұрды, үлескерлерге. Сосын кілең жатып ішер жалқауларды қанша асырмақшы, доғарды. Ал ана кещелер өз үлестерін біржола беріп тастаған-ды. Жаппар заңдастырып алды. Енді пәлен жыл өткен соң, қайтар деп қуалап жүр. Мен о баста айтқам: «Ей, лақпаңдар, жерлеріңді маған беріңдер. Өздерің ел қатарлы жұмыс жасап табыс табыңдар. Саусақ қыймылдатпай пайда табу деген жоқ. Қарайып жүргенің үшін айлық төлейтін колқоз-сопхоз келмеске кетті» деп. Тыңдамады! Жүр енді арыз жазысып,, бір-бірімен жарысып…

Еркінбек: – Осы әңгіменің тоқ етерін білу еді менің мақсатымда. Ауыдан тыс дабырап шығып кеткен келеңсіздік болды. Сонымен бір шешімін тапты ма?

Әкім: – Бес жылға созылған дау-дамайды аудан әкімі он минутта-ақ тарқатып тастады. «Жаппар деген дүйім елге танымал жақсы азамат! Оның құйрығына от байлап, өз ақымақтықтарыңды дәлелдегенді қойыңдар. Онсыз да облыс түгілі республикаға атымыз шығып, күлкі болдық. Ешқандай қылмыстық схема жоқ! Өз еріктеріңмен жерлеріңді бердіңдер. БҰҰ-ға арыз жазсаңдар да Жаппардыкі дұрыс деді! Қысқасы, осы қысыр әңгімелеріңді осымен тоқтатыңдар!» Жайшылықта күпініп, елді ереуілге шақырғандар жеме-жемге келгенде жерге қарады. Әбден сыртқа шыққан соң «Қарға қарғаның көзін шұқымайды.» деп өзара күңкілдескеннен өзге ештеңе тындырмады.

Байкенже: – Халықтың аңғал, сенгіш, сауатсыздығын пайдаланып кеткендік қой бұл – іс жүзінде!

Байкенже: – Әрине, солай! Құдайдың зарын қылдым ғой, оларға. «Пайларың өздеріңде ақ бола берсін, тек бірігіп жұмыс жасайық!» деп. Құлақ аспады. Енді жүр, сиырдың қиын теуіп!..

(Кабинетті сырттан қатты тарсылдатып ұрды. Өз әңгімелерімен бейқам отырған үшеуі аңтарыла солай қарайды. Есікті айқара ашып егде жастағы, домалақ пішінді әйел дауыстай сөйлеп кіреді)

Зәйтіш: – «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп, бұ не қамалып отырғандарың? Ел қырылайын деп жатыр!..

Байкенже: – Ойбай, әпеке қай жақтағы ел қырылып жатыр?!

Зәйтіш: – Мына мен! Мен немене ел емеспін бе?

Әкім: – Зәйтіш шеше, сіз ел түгілі осы елдің анасысыз!

Зәйтіш: – Сен қарағым, тіл-жағыңа сүйенбе! Онанда менің жағдайымды ретте! Қолыңнан келмесе қолынан келетін жаққа барам!..

Байкенже: – Сонша не зор күн туды әпке? Өз арамызда шешілмейтін қандай мәселе? Айтыңызшы…

Зәйтіш: – Екі туып бір қалғаным болсаң да сен де тыныш отыр! Сұрақ мына қасқайып, көктуды жамылып отырған әкімге ғана тиесілі. Сенен керегімді сұрамай-ақ алып кетем. Атымтай Жомарт бола қалғанын…

(Байкенже басын қасып, теріс айналса,  әкім тағы бір лаң басталды ма деп қуыстана қарайды. Еркінбек кейінірек ысырылып, Зәйтіштің кәріне ілігіп кетпейін дегендей бар болса да жоқ адамдай бұғынып отыр.)

Әкім: – Байеке, анау жылы сіздің заправкадан алпыс литр майдың орнына соңына тағы бір нөл қосып алты жүзін бір-ақ алып кеткені есіңізден шығып кетті ме?!

Зәйтіш: – Қай-қайдағыны қоздатып, аузымды қышытпа! Керек қылсам астыңдағы кредитке сатып алған креслоңды да тартып алып, лайықты біреуге бергізем!

Байкенже: – Тап солай етші, айналайын әпкетай! Осыдан құтылсам қоғамдық жұмыстан да құтылар едім. Қауымдастық дегеннің төрағасы қып сайлап қойды да өзі жұмыс жасаудан қалды. Сонда мен өз шаруашылығыма қарауым керек пе әлде ел-жұрттың арыз-парызын тыңдап өмірімді өткізуім керек пе? Әділін айтыңызшы?

Зәйтіш: – Мен сендерге әділдік айтуға келген жоқпын! Өз бастарың бар. Ары-бері жалтарып, не үшін келгенімді ұмыттырайын деп отырсыңдар ғой! Мені облыс әкімі безшөред қабылдайды. Он бала тапқан батыр анамын! Міне алтын алқаларың! Айтпақшы, осы наурызда сен мені неге жиынға шақырмадың? Бір жапырақ мақтау қағазыңды бұлдадың ба? Саған соның жүз қатырғы қағазын әкеп берейін, құның жетпей жатса!

Әкім: – Арнайы кісі салып іздеттім де рас таба алмадық. Сізден немізді аяйық!

Зәйтіш: – Білем, ол жынды кемпір келсе тағы бір дау шығарып кетеді деп ат-тондарыңды ала қашқан шығарсыңдар?

Байкенже: – Әпеке, бұйымтайыңызды айтсай, біз де шаруамызды тезірек бітіріп еңбегімізге кетейік…

Зәйтіш: – Айына-жылына бір көрем сендерді, немене астыларыңнан су шыққандай асығып отсыңдар? Ана редәктір бауырым мүлдем жоқ адамдай көлеңкесі ғана қарайды. Кәзитіңе жаз, менің не айтатынымды, кәзір…

Еркінбек: – Әрине, әпке. Елдің мұңын мұңдап жүрген адамбыз ғой.

Зәйтіш: – Сені де осында айдап әкелген құдай ғой, менің бағыма орай. Қысқасы былай, қарақтарым: мен он бала тапқан батыр анамын, қырық жыл өкіметтің қызметін абыроймен атқарған еңбек ардагерімін, қырықтың үшеуінде жесір қалып, осы шиеттей жетімектерді жетім дегізбей өсіріп-жеткіздім. Бәріне жоғары білім әпердім. Құдайдың берген адуын мінезі мен әруақтардың қолдауы арқылы бәріне қаладан бір-бір үй әпердім. Ауыл мен аудан әкімдерін айтпағанда облыс әкімінің есігін теуіп кіретін дәрежеге жеттім. О бастағы тумысымда жағымпаздық пен жалғандыққа деген жеркеніш басым еді. Әлі солмын! Патша бол, басқа бол ешкімнің алдында бас иген емеспін. Солардың барлығы анадан туған! Ана алдында тізе бүгуі керек. Бүккісі келмегендерін бүктіріп келем!..

Байкенже: – Рұқсат болса мен кетейін, шәруам қарап қалды. (Байкенже шыдамы түгесіліп, түрегелді. Оған ілесе Еркінбек те көтерілді.)

Еркінбек: – Рақмет, сізге! Қажетті мәліметті алдым. Мен де қайтайын…

(Мына екеуінің апыр-топыр тұра бастағанына таңырқай қараған Зәйтіш танауы делдиіп, көзі аларып, ашуланады.)

Зәйтіш: – Кәне, отырыңдар! Мен не, далаға келдім бе әлде мемлекеттік мекемеге келдім бе? Бұ қай сасқандарың? Бір-екі ауыз сөз айтып едім құлақтарыңа жақпады ма? Үлкен сыйламаған деген осы болады! Менің мүддем – халықтың мүддесі. Әлде халық басқа, мен басқа ма? Сонда мен жалғыз өзім халық емеспін де топырлап келсек – халықпыз ба? Топыр керек болса қазір-ақ жинаймын! Аш жиналысыңды, әкім мырза! Сен жолдас емес – мырзасың ғой енді. Барлығың мырзасыңдар! Мына мен секілді қара пақырлар ғана ештеңеге жарамай қалған!

Әкім: – Зәйтіш тәте!

Зәйтіш: –  Не Зәйтіш тәте! Жетпіс жеті жыл болды, Зәйтіш тәте болғаныма! Маған неге тепсініп, халық екенімді мойындамай отсыңдар!?

Әкім: – Кешіріңіз, сізге ләм-мим деп бірдеңе айттым ба? Айтсам мына екі кісі куә ғой?

Зәйтіш: – Маған бірдеңе деуің қалып еді! Куәшілін, не сотқа апарайын деп отсың ба? Сотыңды да білем! Осы төңіректің бәр соты мен прокуроры мені бес саусақтай біледі. Ешқандай адвокатсыз-ақ өзімді ақтап алып шыға алам! «Аққа құдай жақ.» деген. Осы отырған үшеуіңді де ботадай боздатам, есіктеріңді тығындап, бекер бас қоса қалмағандарың айдан анық! Кімнің мұңын мұңдап жүргендеріңді де білем! Халық, халық деп көлгірси қапты ғой! Сенің кәзитің аудан әкімінің жүрген-тұрғанынан басқа не жазып жатыр? Жатып алып мақтайсыңдар, оны. Ал сен, (Зәйтіш Байкенжеге қарап шұқшияды) қауымдастық дегенді бүркеніш етіп, өз бас пайдаң үшін жүргенің өтірік пе? Әкіммен екеуің тағы не бөліскелі жатсың? Өкіметтің елге арнаған қай көмегіне арам қолдарыңды сұққалы жатсыңдар?

Ал сен, әкіммін деп кекірейме! Бүгін саған сәлем беріп иіліп жүргендер, ертең көшеде қалсаң пысқырып та қарамайды. Керме көкірегіңді! Бүгін  әдейі келдім, есеп береді екенсіңдер ғой. Тыңдайын есептеріңді, сосын бағаларыңды мен беремін! (Қойқаң-қойқаң етіп, шығып кетеді. Сәл-пәл үнсіздіктен кейін Байкенже таңырқай, қасындағы құдасын түртіп, сосын әкімге қарайды)

Байкенже: – Ештеңе түсіндіңдер ме? Мен түк түсінсем бұйырмасын! Неменеге келді?

Еркінбек: – Осындай қияпас адам деп сыртынан естуші едім, мынаусы сұмдық екен?

Әкім: – Бәріміздің қанымызды ішіп болды! Кәзіргі облыс әкімі бұның суретін постқа ілгізіп қойыпты дейді. Келсе кіргізбеңдер деп… Құрсын кетті ғой, үх?

Байкенже: – Ойбу құда, өмірі естімеген сөзді әпкемнен естідіңіз! Сіздің алдыңызда айыптымын! Әй ұл, жап есігіңді, біздікіне кеттік. Бір шәй ішіп есімізді жиайық! (Әкім, Еркінбек және Байкенже үшеуі үнсіз келісіп орындарынан тұрып, сыртқа беттейді).

ШЫМЫЛДЫҚ
ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Байкенженің үйі. Манағы дастарқан. Келіндердің бірі шәй құйып жүр.

Байкенже: – Мамаларың қайда?

Келін: – Көршінің үйіне кеткен еді, шақырайын ба?

Байкенже: – Жоға, жай сұрағаным ғой. Құлындарым, өздерің тұрғанда өзге кім керек!

Еркінбек: – Иә, жастар аман болсын! Осылардың ертеңі жарқын болсын десеңізші, құда…

Әкім: – Соноу тоқсаныншы жылдары осындай кеңшілік заманға жетеміз деп армандай алдық па, ағалар?

Байкенже: – Осы әкімдер, бір-біріңнің ауыздарыңа түкіріп қойғансыңдар ма? Қип етсе тоқсаныншы жыл, тоқырау заманы деп шыға келесіңдер! Өздерің елді асырап, аштан аман алып шыққандай… Қою керек қой, осындай теңестірулерді! Залым саясаттың құрбаны қашанда қара халық. Шен-шекпенділердің ештеңесі қыңырайған жоқ. Байыған сайын байыды. Ұры-қары, қарақшылар сол кезде сырттан келді ме? Бәрі өз ішімізден шықты.

Еркінбек: – Құдаке, өткен іске өкініш жоқ. Ең бастысы ел іргесі сөгілмей, мемлекеттігіміз сақталып, ұлт боп өркендеу жолына түскеніміз бір ғанибет емес пе? Жаңағы айтқандай: жастар аман болсын, солар кем-кетігімізді түзейді.

Әкім: – Дұрыс айттыңыз, аға! Біз президенттің саясатын іске асырушы уәкіл болған соң, саяси, экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан халық санасына елдің бағыт-бағдары мен ахуалын жеткізуге міндеттіміз. Кері кетіп барамыз деп көрсоқыр, қарау айтпаса, дені дұрыс адамға барлық мүмкіндік жасалып жатыр емес пе?

Байкенже: – Мемлекеттің саясаты алтын ғой! Оған еш дауым жоқ. Тек, сол төмен қарай ағылғанда небір сүзгілерден өтетін секілді. Есіңде ғой, «Ауыл жылы», «Мәдениет жылы» деген сияқты нешетүрлі қысқа мерзімді бағдарламарды жосылтты келіп… Тіпті, президенттің өзі: «Шырақтарым, осы бағдарламаларыңды қысқартыңдаршы!» деп жалынғандай болды ғой, алдыңғы бір үкіметке. Қанша зауыттың лентасы қиылды! Соның қаншауы істеп кетті? Оларды қойшы… Осы сендер жалған ақпаратпен кімнен озғыларың келеді? Анау жылы гектарынан бес центнер алып, кәлөшке түсіп қаң-қақсап отырсам, аудандық газетте жиырма екі центнерден алды деп бадырайтып қойыпты. Кеусен сұрап келген ағайындар соны оқып, қамбам қаңырап бос тұр дегеніме сенбей, басқа жерге тығып отырсың деп, бетіме түкіріп кеткен-ді.

Әкім: – Өзіңіз қол қойып бермесеңіз ондай жалған ақпаратты бере алмаймыз.

Байкенже: – Сол кездегі әкім жұмыстан қуылам деп өлердегі сөзін айтқан соң, қол қойғаным рас. «Қайда кетті деп сұраса, тауыққа жем, саттым дерсіз. Өз жекеменшігіңіз, кімнің шәруасы бар, өртеп жіберсеңіз де…» деп көндірен.

Еркінбек: – Сондай бір үдеріс белең алғаны рас. Бұрын социалистік жарыс деген болса, енді рейтинг деген шықты. Жылдан-жылға өсу керек. Мынадай бір сорақылыққа куә болдым. Құрылыс бөлімінде бір ауыл әкімі қағаз тапсырып жатыр екен. Оған сондағы маман: «Мынауыңыз не сұмдық? Қазір бір адамға он бес шаршы метр, ал сен қырық шаршы метрге он адамды сыйғызыпсың! Халықаралық стандартқа сай емес!» десе, әкім айтады: «Расы солай, мен не оның үйін созайын ба?!» дейді…

Байкенже: – Қойшы осыларды! Кімді алдап жатқандары белгісіз…

Әкім: – Менің орнымда бір күн істеп көрсеңіздер білер едіңіздер!..

Байкенже: – Таста да кет! Сені біреу байлап отыр ма?

Әкім: – Менің орныма келген де соны жасайды. Бір әкім айтып еді: «Біз өтірік айтпаймыз, бізге айтқызады!» деп.

Еркінбек: – Бұлардың қолында не бар дейсің. Біздің көзімізге көрінбейтін су асты ағыс бар екені күмәнсіз. Оған басты қатырып қажеті жоқ. Саясат!!!

Байкенже: – Әншейін, сөз қылғаным болмаса саясатың маған қажет емес.  Әркім өз ісімен шұғылданғаны жөн. Менің көзімді ашқаннан білетінім ауылдың тіршілігі. Егін егіп, мал бағу. Жекеменшікке ал деп жатыр. Аларын алармын. Сол маған басыбайлы баянды меншік болып қалуына күмәнданам. Шегеленіп қалған заң жоқ, ертең тағы бір сойқан шығып, тартып ала ма деп қорқам. Сен әкімсің ғой, ондай болмайды деп мені сендірші. (Әкім ыржалақтап басын қасыйды.) От көрдің бе сен де сенімді емессің!

Еркінбек: – Құда, дұрыс айтасыз. Конфуций айтпақшы: «Қойшы қойын бақсын, етікші етігін жамасын, басшы ел басқарсын» дегендей, әркім өзі жұмысына тікелей жауапты болмайынша – ешқандай жауапкершіліктің нық болуы да мүмкін емес.

Әкім: – Түске дейін көрші округте, түстен кейін бізде аудан әкімі мен менің жарты жылдық есебіміз тыңдалатынын білесіз. Бәке, сізбен сол туралы ақылдасайын деп шақыртып едім. Ана тәтеміз келіп шырқымызды бұзып кетті. Өзіміздің қолымыздан келмейтін қандай мәселелер бар, соны жоғары жаққа ұсынсақ…

Байкенже: – Сен маған базалық қуатыма сай, егістік жер тауып бер!

Әкім: – Сіз де шаршамайды екенсіз! Бос жер жоқ екенін біле тұра буынсыз жерге пышақ ұра бересіз!

Байкенже: – Қайтып бос жер жоқ?! Мына Ерекең құдам куә! Өткен жолы арнайы Бастаушы жақты аралатып қайтқам. Соңғы бес-он жыл түрен түспей тың жатқан кімнің жері?

Әкім: – Оның да иесі бар… (Күмілжиді)

Байкенже: – Міңгірлемей айт, кім?

Әкім: – Кім болушы ед! Ел…

Еркінбек: – Жер дауы, жесір дауы деген қазақтың ең жанды жері болған. Өткенде аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде осы жайлы сөз көтергем. Жер бөлімінің бастығы жерге қарап, ештеңе айта алмады. Президент игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтарып алыңдар деп жатса, атқарушы биліктің жауырды жаба тоқуы ақылға қонымсыз-ақ…

Әкім: – Бұл мәселемен тікелей аудан басшысы айналысып жатыр. Осы сұрақты қоюларыңызға болады.

Байкенже: – Содан бірдеңе шығады деп сенесің бе? Кезінде үш ауданның шаруагерлері үш жүз миллионға қытай бұршақ өткізіп, ақшаларын әлі күнге ала алмай қаң-қақсап жүргені кімді алаңдатты. Сол зауттың бастығын сабап, ісін тартып алды. Бас прокурорға дейін бармақ болғандардың ауыздарын жапты! Кім олар? Менің маңдай термен тапқан алты миллион ақшам желге ұшты! Ара түскен біреуің бар ма? Міңгірлегеннен басқа!.. Осыдан кейін жер сатып ал, бірік деп азғырасыңдар…

(Сырттан салдырлай сөйлеп кіріп келе жатқан кісілердің дауысы естіледі. Отырған үшеу сөздерін тиып, есік жаққа мойын бұрады. Зәйтіш пен Айғаным кіреді.)

Зәйтіш: – Нені бөлісе алмай даурығып жатырсыңдар, тағы?!

Байкенже: – Ой әпке-ай, бөлісер болса үнсіз-ақ реттер едік, көлденең көк аттыға жем болып, қор болғанымызды айтып күңіреніп жатырмыз.

Еркінбек: – Шыңғысханның алты ауыз сөзін білетін шығарсыздар. Егер ұлдар әкесінің жолын қумаса, інілері ағасының сөзін тыңдамаса, күйеуінің әйеліне сенімі болмаса, әйелі күйеуін жүре тыңдаса, енелері келіндерін ұнатпаса, келіндер енелерін құрмет тұтпаса, ұлы адамдар қорғансызға пана болмаса, пақырлар даналар сөзін құптамаса, басшылар қызметкерлерінің жүрегіне жол таппаса, айналасындағы адамдарды соңынан ерте алмаса, игілікті басқа жандардан мол игеріп, байыған адамдар басқалардың да баюына көмектесіп, қол ұшын бермесе, мемлекет тәртібін мойындамаса, ондай елде ұрылар мен суайттар, қылмыскерлер мен басқа да бұзық жолға түскендер өз отанының басына қара түнек орнатады. Басқаша айтқанда, ол елдің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді, жылқылары мен табындарының тыныштығы бұзылады, жорыққа мінген аттары зорығып өледі, сөйтіп бүкіл халық түкке тұрмайтын дәрменсіз бейшараға айналады.

Бұл, бірінші сөзі…

Зәйтіш: – Астапыралла, неткен көреген адам болған! Бір сөзі бұндай болса, қалған сөздері қандай екен? Осы аталарыңнан неге өнеге алмайсыңдар! Кілең құрт-құмырсқа болып кетпей, кезінде ауылдың басқармасы түгілі біргәдірі төрдің көркі еді ғой! Қайда кетті сондай кісілік?!

Байкенже: – Ой әпке-ай, айтады екенсіз, ол заманмен бұ заман тең бе? Қазір елдің көзі ашық, сауатты, заңды біледі… (Зәйтіш оның сөзін кілт бөледі)

Зәйтіш: – Сандалма, бауырым! Ол кездегі адамдар су қараңғы болды дегеніңе келіспеймін! Мына бүгінгі сендер көздерің шырадай шайнап тұрса да көкіректің көр надан! Қараңғылық көзден емес, көкіректен! Осыны біл! Әділдік туралы түнді түнге соғатын дастан айтасыңдар да соның бір әдісін орындамайсыңдар! Сендердің жалғыз ғана мақсаттарың бар – орысша айтқанда әр қимылыңнан «шо бұду я имет».

Еркінбек: – Бұл сөзіңіздің жаны бар. Бірақ, бізден гөрі қазіргі жігіт ағасына айналып бара жатқан жастарға лайықтау секілді. Соноу жабайы жылдарғы тәрбиесіз, қараусыз өскендердің мұраттары сондай. Сол кезде рекет боп жүрген бір ұлдан: «Кейінгі кезде рекет тыйылып қалды, олар қайда кетті?» деп сұрағаным бар-тын. «Ой аға, біз сияқтылар тентіреп далада қалды. Бізді қолбала қылғандар заң орындарына, мемлекет ісіне, халық қалаулысы болып сіңіп кетті!» деген-ді.

Зәйтіш: – Осы сөзіңе қос қолдап қол көтеремін! Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деген соның дәл куәсі! Жау қайда деме, жар астында! Апырай, ниеті тап-таза елімді осынша басынып, талан-таражға салып жатқандар кім деп қайран қалсам, солар екен ғой! Жегендері желкелерінен шықсын!

Байкенже: – Менің де сыртымнан сөйлегендер бар. Бас инженер боп тұрғанда бәр техниканы астына басып қалды деп. Пайға деп күркілдеген бір жаман МТЗ-80 алғаным бар. Жүргенінен тұрғаны көп. Ескерткіш боп тұр аулада. Ал қалған техникам үр жаңа. Барлығын қара теріммен таптым. Алмания маған сыйға тартқандай оны да сөйлейді! Алыңдар лизингке. Даттағаның бірі осы әпкем!

Зәйтіш: – Бір астыртын қыймылың болмаса, елден ерек қалай осының барлығына ие бола қалдың? Имандай шыным деп сырыңды айтшы! Біз де үйренелік.

Байкенже: – Ешқандай арамдық жоқ. Ерінбей еңбек ет.

Зәйтіш: – Сенің ойыңша, қалған жұрт аяқтарын асып қойып жатыр дейсің бе? Тыным таппай тыраштанса да еңбегі жанбай, күн астында қарайып, қаңсығаны аз ба? Жасыратын бір гәп бар. Атқа мінердің бірі болдың, «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегендей, әлі де мінберден түспей келесің. Қағаздары айтпағанда, омырауың толы салпыншақ. Бір тірегің бар, құдай ақыны!..

Әкім: – Тәте-ай, қазір нарық заманы. Баяғыдай жоспар орындады деп ешкім марапат бермейді. Мемлекет дәулетіне тікелей қосқан үлесің ғана бағаланады. (Бұларды үнсіз тыңдап отырған Айғаным да дүр сілкініп, сөзге араласады.)

Айғаным: – Туу, барлығың алтын қайынапама сонша жабылғандарың не? Бұл кісі өмір көрген адам. Тәжікелескеннің орнына ойлы сөздеріне зер салмайсыңдарма. Он баланы өсіріп, жеткізген батыр ана! Мен әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде ана қандай болатын болса, осы Зәйтіш апайымдай болсын деп көпшілік алдында нық айта аламын!

(Зәйтіш бастапқыда жаны жадырап салғандай боп отырды да аяқ-асты жұлып алғандай қасындағы Айғанымға жалт қарады.)

Зәйтіш: – Астапыралла, күйеуің қауымдастық төрағасы, өзің кеңестің төрайымы… бұ не деген сорақылық?! Сендерден басқа ел құрып қап па? Мәссаған, безгелдек! (Зәйтіш санын соғады)

Әкім: – Осындағы белсенділігі бар-ау дегендерді сан шақырып келтіре алмадық, кезінде. Келгендері қолымнан келмейді, жұмыс бастымын, денсаулығым жоқ деп сылтауратты. Өзіңізді де шақырдым. «Қоғам-соғамыңды білмеймін, ақша төлемесеңде жем-шөбіме қарас» деп шарт қойған сіз емес пе? (Зәйтіш қипақтап қалады.)

Еркінбек: – Қоғамдық жұмысты ақы төлеген жұмыстан да жауапты деп санаймын. Халық мүддесін өзі ішінен көтересің. Баяғыда әкем атақты шопан болып, Жоғары Кеңестің екі шақырылымына депутатыққа сайланған-ды. Жалпы сол кезеңнен қалыптасқан бір үдеріс бар. Қоғамдық жұмысты ақысыз атқару деген. Ол заман келмеске кеткенімен, әлі сол сарын салақтап келеді. Аудан мен қала, облыс маслихат депутаттары кеңестік жүйенің сарқыншағы. Тек, сенат пен парламент қана капиталистік қатынасқа өтіп кетті. Сол жұмысты әкелеріміз ақысыз-ақ атқарды ғой.

Байкенже: – Қол көтеріп, бас шұлғыды ғой, ол аталарымыз.

Зәйтіш: – Ендігілерің не істеп отыр? Алдындағы біреудің шығарған заңын бұзғаннан басқа? Мен аса білімдар емеспін, тегі. Ел қатарлы жетіжылдық, сосын он бала… Осы заң деген не? Бір заң шығады да артынша оны не алып тастайды, не ұйпа-тұйпасын шығарып басқаша қылады. Өз басым заңды әкемнің сөзі секілді қастерлі ұғым деуші едім. Қазір түкке түсінбей кеттім. Кеше заң, бүгін лаң!

Айғаным: – Сіздер жиналысқа барушы ма едіңіздер?

Әкім: – Ойбай, сағат нешеге кетті? «Ойын бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер!» демекші, заң қазір келеді. Біздің заң – төбеңдегі паң!

Зәйтіш: – Онысы кім еді, тағы?

Байкенже: – Әпке, бұлардың байлары аудан әкімі ғой. Соның сөзі заң! Жат десе жатады, тұр десе тұрады… (Байкенже әкімге қарап күледі. Әкім қымсынбай мойындап, басын шұлғиды).

Әкім: – Мойында үш кредит тұрғанда – бұл жұмыстан не сотталып, не екі аяғыңды алдыға сап барып қана құтыларсың!

Зәйтіш: – Бүйткен тірліктерің құрысын! Кетпейсің бе онанда малдың соңынан! Сенің әкең де қой бағып, адам болды ғой.

Әкім: – Кетер-ақ едім, намыс деген бар ғой. Сол жібермей тұр!..

Зәйтіш: – Сендерді елдің қамын жеп жүрме десем, тәйірі, өз күндеріңді әрең көріп жүр екенсіңдер ғой! Аудан әкімінің жағдайы да солай ма?

Байкенже: – Әпке, баратын болсақ жылжиық…

Зәйтіш: – Мына түрлеріңе қарап, жүрегім шайлығып қалды! Немді шешесіңдер? Қой, келінмен екеуміз асықпай бір сыр шертелік, ә?! (Үш еркек суыт жиналып, сыртқа бет алады.)

ШЫМЫЛДЫҚ

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

Саханда үш кісі бар. Ортаңғы орындықта аудан әкімі, сол жағында аудандық мәслихат хатшысы, ол жиынды жүгізуші хатшы. Алдарында аты-жөні жазылған қалақтай қағаздар ағарады.

Ауыл әкімі мінберде баяндама жасап тұр.

Ауыл әкімі: – Құрметті ауылдастар, аса назар қойып тыңдағандарыңызға көп рақмет!

Хатшы: – Сұрақтарыңыз бар болса қойыңыздар. Сосын баяндамаға баға беріңіздер…

Залдан дауыс: – Сұрақ жоқ. Бәрі тамаша! Біздің әкім сияқты жұмыс жасасын қалғандары…

Хатшы: – Ондай болса, өзіміздің құрметті дежурный ораторымыз… (Хатшы аудан әкіміне жалт қарап сасып қалады, айтқан сөзіне) кешіріңіздер ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Аймаңдай ақсақалға сөз берейік… (Залдан күлкі шығып, гуілдеп кетеді. Аудан әкімі де хатшының құлағына бірдеңе сыбырлап жатады. Анау айыпты түрде басын шұлғи береді. Мінберге қалталақтаған бір шал шығады.)

Аймаңдай: – Ас-көм, ардақты Асубай Тасубайыш! Сіздің асыл жүзіңізді көрген сайын күллі ауыл халқы қуат алып, ерен істерге құлшынып жатырмыз! (Аудан әкімі орнында масайрай қойқалақтап қойып, ақсақалға қарсы сұрақ қояды)

Аудан әкімі: – Ақсақал, ниет-тілегіңізге шын жүректен рақмет! Кешіріңіз, «Ас-көм» дегеніңізді аңғара алмадым?

Аймаңдай: – Е қарағым, «Ас-көм» деген Пейсбөктегі жастардың сәлем беру мәнері де… Ертелі-кеш ендігі ермегім сол әлеуметтік желі.

Аудан әкімі: – Міне ғажап! (Ол оң жағында отырған ауыл әкіміне таңырқай қарайды. Ол басын сипап, бірдеңелерді айтып жатады.)

Аймаңдай: – Ауылдық өкірігі әкімі Жолболды Жолболсынұлы Жолдыжаноптың баяндамасын мұқият тыңдап барып, түйген ойым мынау: қысқасы біздің ауылдың әр үйінің төбесіне бір-бір бозторғай жұмыртқалады десе де болғандай! Бұл менің ежелгі әдебиетші ретінде келтірген образды теңеуім. Мен, жалпы көп сөйлемейтін адаммын. Әкімнің жұмысын өте жақсы деп бағалаймын! (Жұрт ду қол шапалақ соғады.)

Хатшы: – Тағы жарыссөзге түсем деушілер бар ма?

Залдан дауыс: – Ақсақал айтты ғой, бәрі тамаша деп, доғарайық, мал қараусыз қалды!

Хатшы: – Ондай болса қорытынды сөзді аудан әкімі Асубай Тасубайұлы Қасымбаеп мырзаға берейік… (Аудан әкімі ырғалып-жырғалып, кербездене мінберге шығады. Тамағын қырнап қойып, сол шығар алдында ғана қойылған судан бір ұрттайды.)

Аудан әкімі: – Құрметті Сыйыршы ауылының тұрғындары, осылай дәстүрлі есеп беру арқылы сіздермен жүздескеніме қуаныштымын! (Ду қолшапалақ) Ауылдарыңыз тоғыз жолдың торабында орналасқан берекелі елдімекен. Бұдан былай да түтіндеріңіз түзу шығып, осындай ұйыған ауызбірліктен ажырмаңыздар! Дейтұрғанмен, аудан басшысы ретінде мен сын мен мінді айтып, оны түзетуге міндеттімін.

Әкім мырза! (Ауыл әкімі селк етіп, орнынан атып тұрады) Осы жиынды жүргізіп отырғанда қандай кемшілік жібергеніңізді білесіз бе? (Ауыл әкімі білмеймін дегендей басын қасиды.) Білмесең айтайын. Жиынды мемлекеттік және ресми тілде жүргізу керек еді. Сіз саяси қателік жасадыңыз. (Залдан біреу дауыстайды)

Залдан дауыс: – Оның қажеті қанша? Ауылдағы он үй орыстың жартысы баяғыда тарихи отанына көшіп кеткен, қалған бесеуі қазаққа сіңіп кетті!

Залдан дауыс: – Вообще-то правильно говорите господин аким. Я хоть казашка, но, не все слова понимаю. У нас часть населения русскоязычные казахи.

Залдан дауыс: – Орысқа тиген салдақы! Марқұм әке-шешесі таза қазақ еді, мынау кімге тартқан?! Отыр ғой әне орыстар жұмған ауыздарын ашпай!

Залдан дауыс: – Түсінген соң отыр!

Ауыл әкімі: – Ағайындар, тынышталайық! (Түрегеп тұрып қолын көтереді. Жұрт тынышталады. Аудан әкіміне жалтақтайды.) Асубай Тасубайыш, кешіріңіз!

Аудан әкімі: – Міне көрдіңіз бе халық болған соң алуан пікір болады. Санасу үшін зерттеу, саралау қажет. Саясат деген сол. Көрегендік қажет! Мен бұны жабулы қазан ретінде қалтырмаймын, келесі коллегияда көтеремін! Сіздің саяси шала сауаттылығыз барша әкімдерге сабақ болсын деп…

Ауыл әкімі: Асубай Тасубайыш, кешіріңіз! Кешіріңіз, енді қайталанбайды!

Аудан әкімі: – Жәрәйді, отыр. Сенің сөзіңе қарасақ ауылда ешқандай проблема жоқ сияқты. Дежүрный ораторларыңыз өте жақсы баға берді. Жарыссөзге де ешкім ұмтылмады. Мен олай ойламаймын. Қаңғыған ит пен күл-қоқыс айлағы туралы не айтасыз? (Орнынан тұра беген ауыл әкіміне қолын сілтеп отыр деген ишарат жасайды). Жалпы тере берсең мәселе жетіп жатыр. Ит мәселесіне қайта оралайық. Прокуратура көшеде ит атуға тиым салды екен деп елді қаңғыған иттерге талатуымыз керек пе? Қайда? Осында ма осыған жауапты қызметкер? (Залдан біреу түргеліп, алдыға шығады).

Жауапты адам: – Құрметті, Асубай Тасубайыш! Иттердің ұюғу науқаны кезінде арнайы келіп, он бес итті ұйықтататын дәрімен құлатып, халықаралық шартқа сай жандарын алдық. Әр елдімекенге шектеулі түрде берілген дәрі-дәрмектерді түгел орынды жұмсап, жоғары жаққа есебін бердік. Аудан бойынша отыз кандек, қырық екі дүрегей, алпыс тұқымы белгісіз иттер жойылды. Соның ішінде ұрғашысы – сексен жеті, еркегі…

Аудан әкімі: – Жетеді! Сені тыңдайтын болсақ: олардың жасына, руына дейін шағып, жесір-жетімдерін түгендейтін түрің бар! Отыр. Ал енді тазалыққа келейік. Көшеге күл төгуді қашан қоясыңдар? Осыны бақылайтын арнайы қызмет қайда қарап отыр?

Арнайы қызмет өкілі: – Құрметті, Асубай Тасубайыш! Ауылдық әкімдік қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторының қатысуымен, аудан бойынша көктемгі науқандық тазалығы айлығы мезгілінде – отыз екі елді мекенді аралап шықтық. Екі жүз отыз хаттама толтырдық. Заңнамада белгіленген айлық көрсеткіш деңгейінде жүз отыз жеті түтінге айыппұл салынды. Нақты осы ауылдық округті айтар болсақ: күл-қоқыс төгу айлағы ережеге сай еместігі туралы хаттама толтырылып, бір айдың ішінде түзетілсін деп талап етілді. Ауылдан кемінде бір шақырым ара-қашықтықта болуы тиіс. Ал көше бұрыштарына төгілген күл-қоқыстарды жерлігікті әкімшілік өздері шығарып, учаскелік полиция тарапынан «Көршілік бақылау» бағдарламасы іске асырылсын деген ұсыныс айтылды.

Залдан дауыс: – Біздің ауылда қазақша білмейтін қазақтар мен қаңғыған ит және күл-қоқыстан басқа да мәселе жетіп жатыр!

(Алдыға тықырайған бір қара шығып, залда отырған біреуге қарай қолын шошайтады)

Тықыр қара: – Ана неме, кеше мені иттің баласы деп янаттап кетті. Сиырыңды алдынан шығып неге қарсы алмайсың? Жаздайғы еңбегімді еш етіп, бәр бақшамды жайпап кетті ғой! Төле құнын!

Залдан дауыс: – Сиырдан сұра құнын!.. Әдейі жайпатты дейсің бе, балалар айырылып қап, түнімен іздедік, қу қарасанды!

Ауыл әкімі: – Ағайындар, шулағанды қойыңыздар! Ұят екен бұларыңыз! Әй,

«Атжалман» доғар елді дүрліктірмей! Әкім ретінде тыныштыққа шақырамын бәріңді! Ушаскобый қайдасың? Тәртіп орнатсайшы!

Тықыр қара: – Әкім болсаң өзіңе әкімсің! Немене әкіреңдейсің! Сен сияқтылардың талайын көргенбіз! «Атжалман» дейді ғой. Өзің, кешегі «Майбас» емес пе едің!.. Ушаскобыйың өзімнің ұлым, мен таптырғам! Енді қайтер екенсің!..

Аудан әкімі: – Құрметті ауыл азаматтары! Кішкене сабыр сақтайық. «Сабыр түбі – сары алтын» деген аталы сөз бар. Қазақ халқы – қашанда сабырлы, сөздің артын күтіп, сөзге тоқтай білген ел болған. Естеріңізде ғой, ұмытпаған шығарсыздар: кешегі егемендік алған алғашқы ауыр жылдарды. Оны біреулер тоқырау жылдары дейді. Олай емес, ол – осы өрлеудің бастау жылдары болатын-ды. Самаладай жарық өшіп, сығырайған пілте шамға қарадық. Көшелерімізді қараңғы түнек басты. Дүкендеріміз қаңырап бос қалды. Жұртты  жұмыссыздық жайлады. Соның барлығына төзіп, қыңқ етпеген қазақстан халқы бүгінгі кеңшілікке жетті. Айтыңыздаршы, енді не жетіспейді? Көшелеріңіз жап-жарық. Ауыз су әр үйде бар. Еңбек етем деген адамға үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Еңбекақы мен зейнетақыларыңызды айма-ай алып отырсыздар. Балаларыңыз білім алып жатыр. Әне, даңғарадай бала-бақша салып бердік, жүз орындық.  Жуырда газ келеді. Ақсақал сіз әлгінде кемшіліктер көп дегендей пікір айттыңыз. Соны бізбен бөлісіңізші. Мен бүкіл аппаратымды сүйреп, арнайы елдің жағдайын, тыныс-тірлігін білейін деп келдім ғой. Мына ауыл әкімінің дастарқанын аңсап келген жоқпын. Қордаланған мәселені дер кезінде, туындаған ортасында шешейін деп келдім.

Залдан дауыс: Қарағым, менің қарақан басыма енді ештеңе қажет емес. Өкіметтің тағайындаған азын-аулақ пенсиясы бұйырсын, кемпір екеумізге… Жағдай былай бауырым. Аулада мал ұста деп жатырсыз. Оны бағып-қағу шығынын есептеп көрдіңіз бе? Егер есептеп көрсеңіз: соны ұстамағанның өзі әлдеқайда ұтымды. Сүттің бағасы төмен, тіпті қабылдап жатқаны да шамалы. Ет алушы алыпсатарлар су тегінге әкетеді. Жүн ешкімге керек жоқ. Жалдап қырықтырып, өзіміз шығынға батамыз. Теріні ит те жемейтін болды.  Бәрін қойғанда жайылымды айтыңызшы. Өзеннің бойына күні бойы иіріп, қамайды да қайта айдап келеді. Өңмеңдеген аш мал елдің бау-бақшасын қынадай қырмағанда қайтсін. Ауыл төңірегі түгілі зираттарды езулетіп жыртып тастады. Құдайдың ен-тегін жері қайда кетті? Кезінде біздің қолқозда қырық-елу отар қой, оншақты ірі қара гүрті, неше үйір жылқы болды. Ол аздай көші-қон уақытысында біздің ауылдың үстін басып, екі-үш қолқоз-сопқоздың қайысқан малы өтетін, жайлауға. Жер тарылып кетті ме әлде елдің пейілі тарылып кетті ме деп қайран қалам, қарағым! Осының жөнін түсіндіріп бере алатын біреу бар ма?

Аудан әкімі: – Ақсақал, мынау жекешелендіру кезінде рас-өтірігі бар талай нәрсе жасалды. Соның зардабын енді тартып жатырмыз. Жергілікті тұрғындардың мүдделері тапталғаны рас. Қыруар жер телімдері көлденең көк аттылардың қолына өтіп кетті. Бәрі заңдастырылған. Соған қарамастан жерді дұрыс игермегендерден тартып алуды бастадық. Биыл осы сіздердің төңіректен үш мың гектар қырды сот арқылы үкіметке қайтару ісімен айналысып жатырмыз. Сіздердің көзіңізше қазір ауыл әкіміне тапсырма берем. Ол жан қалтасынан шығара ма өзі білсін, тек жеке сектор малы жайылатын жайылымды тауып, маған ұсыныс тастайды. Мен үшін халықтың мұң-мұқтаждығы басты мәселе!

Залдан дауыс: – Әкім мырза! Мынадай жағдайға не айтасыз? Осындағы елдің пайларын алдап-сулап өзіне аударып алған жылпостар әбден байып, қалаға көшіп кетті. Бірақ жер солардың атында. Көктемде ауылға келіп, жерсіз қақтығып жүрген қазаққа елу де елуге беріп, өзі қалада жатып-ақ май шелпектің астында қап жатыр. Көшіп кетті ме, жерді неге өкіметке тапсырып кетпейді?

Аудан әкімі: – Біз бұны да қолға алып жатырмыз. Жердің иесі – жергілікті ел болуы керек! Айтып тұрмын ғой, енді ешқандай әділетсіздікке жол бермеймін! Сонымен қатар «Өзін-өзі басқару жүйесі» енгізіле бастады. Жиналған кейбір салық түрі мен айыппұлдар өз шоттарыңызға түседі. Енді жергілікті жердің өз мәселесін өзі шешуге толық мүмкіндігі және құқығы бар. Айта кету керек: осындағы ауқатты шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер және ауыл түлектері – «Туған жерге туыңды тік!» деген ұраннан тыс қалмауы тиіс. «Ауылың – алтын бесігің»!

Залдан дауыс: – Өркенің өссін, қарағым!

Залдан дауыс: – Міне, әкім деген осындай әділ болуы тиіс. Бұрынғылар кілең ұры-қарымен аузы жаласқандар еді!

Залдан дауыс: – Құдай да біз жақ екен, дұрыс адамын жіберіпті!

Хатшы: – Құрметті ауылдастар! Осымен Сиыршы ауылдық округіні әкімі Жолболды Жолболсынұлы Жолдыжаноптың кезекті есеп беру жиыны жабық деп жариялаймын! Келесі кездескенше ай аман, күн түзік болсын!

(Қалта телефоны қоңыраулайды. Дауыс залға есітіліп тұрады.)

Дауыс: – Майбас, тапсырғаныңды дайындап қойдым. Бір қарын сары май, бір қарын қатық, Әупілдек бір қойды жәркемдеп әкеп берді. Басын үйтіп үлгермепті.

Дауыс: – Соның дені дұрыс па?! Жарты сағаттың ішінде үйтілген бас тапсын!

Дауыс: – Жұмыртқа да жетпей қалды. Сегіз жарым десетке, қатын бырқылдап бермеді, балалардың аузынан жырып деп…

Дауыс: – Жәрейді, кім санап жатыр… Сексен беске келгенше аудан басқарсын деп ішіңнен ырымдап бер.

Дауыс: – Мақұл, до сбәзи…

ШЫМЫЛДЫҚ. СОҢЫ. МУЗЫКА


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here