Бірде, француз әдебиетінің реалист жазушысы Ги де Мопассон: «Жазушының бір ғана қабілеті бар. Ол өмірдегі шындықты көзімен көріп, оны нағыз шебердей суреттейді. Қалғандары екіжүзді адамның тірлігі ғана» деген еді. Бұл тегіннен айтылған ой емес, қандай  қаламгер болмасын алар қарымы тек шындықпен қайнасып, сонысымен қайраты өлшенбек. Жазушы өз ұлтының мұңы мен өр тарихын тербей отырып, бүкіл адамзат баласының сөзін сөйлейтін тұлға һәм жанашыры.Осыған дәлел, өз кезгінде үнді ұлтының ұлы жазушысы Рабиндранат Тагор былай депті: «Әрбір ұлттың парызы-әлем алдында өзінің ұлттық табиғатын паш ету. Егер ұлттың әлемге берері болмаса,мұны ұлттың бейшаралығы ретінде бағамдау керек, бұл өлімнен де күшті, әрі оның адамзат тарихы ешқашан кешірмек емес. Ұлт өзінің бойындағы бар жақсысын баршаның игілігіне айналдыруға міндетті».  Яғни, әлемдік руханияттың өмір сургіштігі әрбір ұлтқа үлкен міндет . Ал ұлттың ұлт болып қалуы рухани куштілігінде, оны тірейтін сол ұлттың ұлыларында, артар жүгі мол, ол – жазушысы. Демек, жазушы ұлтсыз әлемге ештеңе бере алмақ емес.

XX ғасырдың бас кезінде қытай әдебиетінде реализм бағыты қалыптаса бастаған еді. Бұл бағыт әйгілі прозайк жазушы Лу Сюннің атымен тығыз байланысты. Оның «Ақылынан адасқанның күнделігі» шығармасы, сол кездегі реализм бағытының ұраншысына айналған «Жаңа жастар» журналында жарық көрді. Осы жолды әрмен жалғастырған жаңа реалистік жазушылар қатары көбейе бастады. Олардың қатарында Мао Дунь сол кездің өзінде «Қытай реализмінің ең ірі романшысы» болып саналған болатын. Эми Сяо, Цзян Бинчжи, Сяо Хун, Су Маньшулар проза саласын дамытып, Яо Вяньюань, Чжан Чуньцяо, Бу Хэншан, Те Нин, Го Цзинминдер олардың ізін жалғастырып, қытай әдебиетін ірі әлемдік аренаға көтере білді. Олардан кейін келген жас дарынды жазушылар Жияң Нан, Хан Хан, Мо Ян, Го Жимиңдердің шығармалары қытай елінде ең табысты сатылымға шықты.  Осы ғасырдың орта шенінде бұл бағыт бұдан бөлек тағы бір үлкен кең арнада сипат ала бастады. Дүниежүзін шарпыған соғыс өрті осы тұста аспан асты елін де есеңгіретті. Жапон басқыншыларының жойқын шабуылы ұзақ жылға жалғасын тауып, әлі де соғыс қимылдарына жетік емес қытай әскері өз жерінен ығысты. Халық тұрмысы өте төмен жағдайда болып жатты. Екінші дүниежүзілік соғыстың алапат кесірі жазықсыз қара халыққа бас көтертпестей етіп езгіге ұшыратты.  Өз ішінде ауыздағы бірлікті кетірер алауыздық пен билікке таластық кушейіп, жауға қарсы курес төмендеген еді. Барлығы айналып келгенде сол баяғы қара халыққа үлкен соққы болып тиді. Бұл кезде жазушылар шығармаларында басты тақырып: ұлт мүддесі, ел тағдыры, келер болашақ халық қамы бірінші орын ала бастады. Сол негізде Бу Хэншанның «Қызылдардың көз жасы» атты романы мен өз заманында, туған ұлтының бір бүтін тағдырын көз алдынан өткізген, бір ғасыр жасаған, аспан асты елінің классик жазушысы Ба Цзиннің «Ызғарлы түн» романы халық қамын терең толғаған өресі биік шығармалар еді.  Талантты аудармашы, прозайк Ба Цзинь жастайынан өзінен бұрынғы әлемдік классикадан сусындаған дарынды қаламгер, білімпаз тұлға.

Өмір жолы мен қаламгерлік тағдыры:

Қаламгер 1904 жылы Орталық Қытайда, яғни Сычуань провинциясының қазіргі Чэнду қаласында дүние есігін ашқан. Балалық шағы сол кезде Цин әулеті билеген патшалық үкіметтің биліктен құлап, республика ала бастаған Қытай төңкерістері кезеңіне тұспа-тұс келеді. Үлкен әрі ауқатты, зиялы отбасынан шыққан болашақ жазушы алғашқы білімді анасынан алған, анасы көзі ашық көкірегі ояу, көп оқыған мұғалімдер ортасынан шыққан. Ал, әкесі Сычуань провинциясының төрешісі, қолында билігі бар адам болған. Әке жолын қуып шым-шытырық саясат пен ел ісіне емес, анасы берген тәліммен жол бастап, білім ізденгіш, талаптылықпен ғылым қуады. 16 жасында сол кезде көптің қолы жете бермейтін Чэндудағы шеттілдері мектебіне оқуға қабылданады.  Жастайынан білім қуып өскен жазушы бірнеше тілді еркін меңгеріп арғы-бергі шетел әдебиеттерінен нәр алады. Ол өзінің отбасылық өмірі туралы «Отбасы», «Күз» атты автобиографиялық еңбектерінде баяндайды.

Аудармалары мен шығармашылық өрлеуі:

Оның тамаша аудармалары бүкіл қытай жұртының көкірек көзін ашып, ізденісін ұлғайтты. 10 томдық аударма жинағы Еуропаның бірқатар елдерінің мәдениеті мен менталитетінің көрінісін қамтиды. Білімпаз 15 жасында-ақ анахарист жазушылар оған қатты әсер етіп, анахаристтік қозғалысқа қатысады. Әсіресе орыс анахаристі Петра Коропоткин мен анахарист жазушылардың көшбасшысы Александр Беркманның жұбайы Эмма Гольдманның өмір жолы мен шығармашылығын терең меңгеріп, бірнеше аударма жасайды. Тіпті ол, 1888 жылы Нью-Иорктегі анахаристік бағытындағы күшті қозғалыстың белсенді қайраткері Александр Беркманның өзімен де кездесіп үлгерген. Сонымен қатар Итальияндық анахаристер Бартоломео Ванцетти мен Никола Сакконың ынтымақтастық науқанына қатысады. Немістің анарх – синдикалист, публицист жазушысы Рудольф Рокерге де аудармалар жасаған. Осы жайлы 1930 жылы «Капитализмнен анархизмге» атты зерттеу еңбегінде көрсетеді.  Ал, бұл аударма жинақтары мен зертеулерін солақай саясаттың ықпалына байланысты бүркеншік аттарман жариялап отырған.

Қаламгердің тұсаукесер болып табылатын тырнақалды қадамы 1921жылы жазған мақаласы жарық көруі, оның жазушылық ынтасын арттырады. 1923 жылы Нанкин ұлттық институтына оқуға тусіп, 5 жылдан соң Францияға оқуға барады. 1928 жылы еліне оралған ол, 35-ші жылы  қауіпті әрі қиын болсада, жасырын есіммен Жапонияға білім алуға аттанады. Кейін Жапон елі қаламгердің жазушылық еңбегін бағалаған «Фукуока мәдени марапаты» сыйлығын табыстайды.  Бір жылдан соң келіп, орыс халқының алып әдебиетін оқуға кірісіп, Пушкин мен Тургенев, Чехов шығармаларын аудара бастайды. 1955 жылы «Чехов туралы» зертеуін жариялаған.  Жазушының алғашқы ірі жинақтарының бірі өзінің теңіз саяхаты кезінде жазған «Теңіз рейс кезіндегі жазбалары» деп аталады. Алғашқы көлемді туындысы «Өлім» атты романы 1929 жылы жазылған. 20-сыншы ғасырдың басында Қытай шындыққа  тосқауыл жүргізіп жатса да, оның шығармаларында қара халықтың күй-жайы, тұрмыс ауыртпалығы мен негізсіз саясаттың зардаптары, әлеуметтік жағдайдың төмендеп, ел ішінде билік үшін қырқысқан тап өкілдерінің зиянды екенін ашып жазады. Очерктері мен әңгімелерінде жастарды әділетсіздікке қарсы тұрып, бейбітшілікті қоғам құруға, болашаққа азат ұлт қалыптастыруға үгіттейді.

 Биографиялық туындылары және танылу кезеңі: 

Француз революциясын дәлелдеме еткен  қысқа әңгіме аудармалары «Дантонның азасы», «Мараттың өлімі», «Робеспьера құпиясы», «Құрметті Легион тәртібі» атты туындыларын белсенді жастарға үлге етеді. Шығармаларының басты тақырыбы қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты, тұтас ұлт тағдыры, ел келешегі. Алайда Ба Цзиннің жазушы ретінде танымалдылығы 1919 жылы өткен «Төртінші Мамыр» төңкерісінен кейін ғана арта түседі. Батыс елдерінде жүріп, әйелдер бостандығын, пайдасыз қақтығыстарды мысал ала отырып,  жаңа қоғам құрып, Қытайда ескі феодализмінің енді керек еместігін дәріптейтін «Көктем», «Күз» романдарын жарыққа шығарады. Бұл шығармалар автобиографиялық еңбек болып та саналады, жаңа өмір ізденістерін, отбасылық қағидаларын әңгімелейді. Көпшілікке аты әйгілі бола бастаған автор 1931 жылы тұңғыш рет «Отбасы» романынан бастап, шығармалары өз атымен жариялана бастайды. Бұл оның жазушылық даңғыл жолын жандандыра түсіп, небары 2 жылдың ішінде «Жаңбыр», «Тұман» повесті мен «Махаббат трилогиясы» атты  үш романын жазып шықты. Сол уақыттардың өзінде «Махаббат трилогиясы» романы ауқымды сұранысқа ие болып, өз оқырмандарын кеңінен жинаған туынды.

Қаламгер қызметі:

1957 жылдың шілде айынан бастап әдеби журнал «Шоухо»  журналының бас редакторы болып жұмыс істеді. Тамызда 1960 жылы ол әдебиет және өнер Қытай федерациясының төрағасының орынбасары болып сайланды.   1979 жылы Қытай Жазушылар қауымдастығының вице-төрағасы болып жайғасты. 1985 жылы қайта сайланған ол, төраға қызметінде өмірінің соңына дейін болды. Еліне сіңірген елеулі қызметі мен ерен еңбегі үшін, әлем таныған жазушыға  2003 жылдың қараша айының 25 жұлдызында «Халық жазушысы» құрметті атағы берілді. Халқы ардақтаған, ұлты ұлықтаған, бір ғасырдың алып шежіресі болып, көпті көрген, елін шексіз сүйген ұлы жазушы Шанхай ауруханасында ауыр науқастан 2005 жылы дүниеден көшті.

Ұлтқа төнген қарақұйын түн.

Ғасырлар толқынының дүлей ағыны толассыз бұырқанып, жылдардың жымысқы күйі жылыстаған жаһан тарихы алапат өркөкіректіктің күәсіне тап болып, талай сойдың сұрқын қашырған сұрапыл соғыс шығыс халықтарын да қара қанға бөктірді. Бодандықтың бозамық бұлты аспан асты елінің көгін қаумалап, айналшықтап, күннің жарқылына зар болған қалың бұхара Тибет тауына дейін ысырылды. Бұл кез Қытай тарихының жойқын аласапыраны. Жаһаннам қылышын жалаңдатқан Жапондықтар асқынған адыммен құлашынан құзғын құрығын, құтырған иттей, құлқынын қырғын қанына қандырды. Ауыр сәт.

Осы уақыттарда әдебиеттер де майдан тақырыбына бетбұрыс жасады.  Сегіз жылдың сергелдеңіне сіркірей қатқан қара халық қайтпек керек? Қайтіп күн кешу керек? Кейдейліктің қазымыр қамытын кигізген соғыс өртінен қалай аман өту керек? Қалай жауды жеңіп, ел аңсаған жарық күн туады?  Осы сұрақтарға себеп ізденген қарашаның  қабырғасын қайырған қат-қабат қалың  қайғы, Ба Цзиннің «Ызғарлы түн» романына арқау болған еді. От қоршаған қысылтаяң шақта отбасы өмірінің шатқаяқ тұрмысы, тұмсығынан жер сүздіре ме,әлде, азаттықтың ақ таңы атып, ошағының оты түзу жанар ма екен? Шығарма кішігірім экзестенсиалистік кеңістікті үлкен экзестенсиалистік кеңістікке ұштастырады. Бір отбасының екінші дүниежүзілік соғыс кезінде басынан кешкен ауыр тұрмыс-тіршілігі, қамыққан көңілі мен сұрықсыз жадау, жоқшылықтан жоны қисайған, соғыс әкелген бұл күйге нәлет айтқан шағын ортасын  суреттеу арқылы бүтін бір үлкен халықтың, ұлттың сол кездегі азапты өмірін, тәлкекті тағдырын суреттейді. Бұнда жалғыздық парадигмалары бірінен соң бірі өрбіп, психологиялық өрбулер әрбір детальға жан бітіріп, шығарманың идеасы көркемделе түсуімен қызықты.  Оқиға бір қалада, бір отбасы, бар жоғы басты үш кейіпкермен көп қатыса бермейтін төрт-бес жанама кейіпкерлерден тұрады. Бас кейіпкер Вэн Сюань отбасының иесі, тығырықтан шығар жол іздеуде көп қиналады. Жұмысы ауыр, болмашы жалақы беретін газет шығаратын баспа орнында амалсыздықтан күн көру үшін жіпсіз байланады. Біржағынан қартайған анасы бар. Әйелі (шығарамада бас кейіпкердің анасы нақсүйері деп атайды) Шу Шэнь, шығарма басында отбасына онша көңіл бөлмейтін болғанымен, орта тұсында күйеуінің ауыр науқасқа шалдаққанына байланысты жанашыр жан болып, кейіпкер образы ашыла түскенімен, өз қара басын ойлау басымырақ.  Осы кейіпкер ауызмен  отбасының мүшкіл халі айтылады. Шығарма өн бойын қозғаушы, негізгі доминант образ. Шу Шэньнің бір кезде:                                –Мен әбден шаршадым, өмір жалықтырып жіберді. Сюань, айтпақшы, біз қашанға төзе береміз? Қашан біз басқаша өмір сүреміз?            

Сонда Вэнь Сюань алдағы үмітпен:                                                                                – Ондай күн әлі-ақ туады. Жеңіс күні келсінші… – деп, отбасының жағдайы түзеліп, аяққа тұруын мамырлап келер бейбіт күннің бекеміне байлап, болашаққа сеніммен қарайды. Қос қуанышты бірге шаттықпен қарсы алам деп болжаған еді.            –…бір ғана қалауым—әзірге тірімін бе, аздап көңіл көтеріп, бұдан сәл тәуір өмір сүру … – деген әйелі, бұл төмен тұрмыстан жалығып, өзін ғана күйкі күннің қамытын қатып жүргендей сезінеді. Ал,  бас кейіпкердің анасы, романда аты аталмаған мен образдық жасалымы күшті,  жанашырлығымен мейірбандығымен жаңғыратын бейне. Тірлігінде ауыр бейнеттен көз ашпаған  ана, жалғыз ұлын таяныш көріп өмір сүріп келе жатқан жан иесі. Осы бір күйбең тартқан көмескі тірліктен аз да болса да, жарық үмітпен тырбаңданып келеді. Мына бір үзіндіге назар салсақ:

«Үй ішін тазалап болып, жұмсақ орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Белі құрғыр сынып ауырып барады, қолымен сипалаған болады. “Біреу арқамды уқалап берсе ғой, шіркін!” Сол замат ондай күннің алыс екені есіне сап ете түсіп, өзін-өзі жазғыра бастады: Үй күтушілік қамытын баяғыда мойнына ілген адамның басына қай-қайдағы арман да киліге береді екен-ау! Ол ауыр күрсінді. Көз алдынан бір көлеңке көлбең қаққандай болды, әуелі бұлыңғырланып көрінсе, бірте-бірте түр-түсі айқындала берді. “Мен тағы да сол туралы ойлап отырмын”, – еріксіз жымиды да, ақырын тіл қатты:                 – Тағдырдың жазуы осы болса, оған  көнбеске шарам қайсы. Дегенмен неге сен оны қорғамайсың, өмір сүруіне неліктен жағдай жасамайсың? – тауаны шағылғандай зар қақты ол.                                                                                        Көп ұзамай қайтып оралған Вэнь Сюань жұмсақ орындықта жылап отырған шешесінің үстінен түсті.» Байқұс ана баласының жолында не нәрсеге болмасын баруға дайын. Жалғыз жарығы, дүниедегі бар асылын бағып-қағуда қаншама тауқімет кешті, азабын тартуға көндіккен.  Соғыс алқымдаған шақта отбасын бағуда  әбден  қажыған  баласы қатты ауруға шалдығып төсек тартады. Демеу болған анасы:

– Ештеңе етпейді, Сюань, қайғыға салана бермеші…сен шыдамды едің ғой… еңсеңді көтеріп, биікке… бұдан артық ештеңе айта алмады.                                  Алайда қарт ананың үміт жарығы ұзаққа бармады. Өзін өлімге байлаған ұлы, әлдеқашан жалғаннан күдер үзген:

“Сенің бар арманыңның, бар үмітіңнің күлі көкке ұшты-ау!” Оның алдында не күтіп тұрғанын жақсы біледі. Ертеңгі күнгі бейнесі екі күрек тісі айбат шеккен қорқыншты тіршілік иесі боп елестейді” Романның шарықтау шегіне шығарада,  әйелі Ланчьжоуға кеткеннен кейін, науқасы күшейген ол, дәл ұлты аңсаған, өзіндей қалың бұхараның арманды күні туған, елі азаттық алып,  ұлы жеңіс  тойы дүбірленіп жатқанда төсегінде халықтың шатты қуанышын естіген күйде, бұл фәниден бақилық болған еді. Амал нешік, тағдырдың жазғанынан аса алмады. Артында қарт анасы аңырап қалды. Жалғыз перзентінің орны ойсырап қалғанда, келген жеңіс те жыртығына жамау болмады.  Жалғыз қалған  ана, бар дүние-мүлігін сатып,  кішкентай немересімен  Куньмин қаласына аттанып кетеді.  Бұндағы ана бейнесі бүкіл аналар образын беретін ауқымды кейіпкер.

Соғыс тақырыбы романда бүтіндей алынбағанымен отбасы өмірімен өрбіп отыру арқылы жазушы соғыс кезіндегі халық жағдайын көрсетуді мақсат еткені айқындалып тұр. Көп айтыла бермейтін бас кейіпкердің досы Тан Бо Циннің бейнесі дәлел ретінде алынған үзінділер. Шашырап кеткен отбасының қайғысына түскен Бо Цин ішімдікке салынып, қайыршылыққа ұшырап, өмірінің тоз-тозы шығады. Барлығы дерлік сол сұрқия соғыс әкелген ауыртпалықтар. Майдандағы қиян-кескі арпалыстарды  автор өзі құр баяндағаннан гөрі кейіпкерлердің өз сөздерімен, іс-қимылдарымен беру арқылы адамдардың алаңдаушылығы мен күйінішін бірге жеткізіп отырады. Шығарма сонысымен жинақы әрі тартымды болып ерекшеленеді. Бір кезде Шу Шэннің:                 – Бүгінгі  хабардың, шындығында да, түрі жаман, айтушылардың сөзіне қарағанда, тіпті Душань (қала атауы) қорғалып қалмайтын секілді. Менің естуімше, Гуянда әр түрлі дабыл қағылып жатқан көрінеді.

– Не істейміз енді? – анасы абыржи сұрады                                 

– Жауды күткеннен басқа не істеуші едік? – Вэнь Сюань мұңдана езу тартты. Бойында ешқандай қорқыныш сезімі жоқ, әрі-сәрі күй кешіп тұр. Өмір, өлім, азап тірлік – бір-бірінен айырмашылығы қайсы? Жазмыштан озмыш жоқ, тағдырдың жазғанын көреді де, оған қарсыласуға мұның шамасы қайдан келсін. Ал қолында тұрмаған нәрсеге қайғырғаннан келер-кетер пайда жоқ екені тағы белгілі. 

– Біз бұл жерде өлім күтіп, қол қусырып қарап отыра бермеуіміз керек шығар! – анасы дегбірсіздік танытты.     

– Ондай күн туа қоймас, – әйелі мұңдана күлді.                 

– Егер күту керек болса, біз бірге аттанамыз. Бүгін бір әріптесім уақытша ауылда жасырына тұру жөнінде кеңес берді. Оның айтуынша, қаланы бомбалайтын көрінеді. Сарсаңға түскен адамдардың алай-дүлей көңілдері сан-саққа жүгіреді. Оның үстіне жұқпалы ауру таралып, дүрліккен халық не істерін, қалай басарын білмей дағдырады. Ел жағдайы қиын.                                                                                                                           – Жұрттың айтуынша, Душань жау қолына өтіп, енді жапондықтар Доуюнге қауіп төндіріп тұрған көрінеді.   

– Енді не істедік? Сюань болса ауру, – деді  шешесі  үрейлене. – Сен қалай ойлайсың, жапондықтардың Сычуаньды басып алуға шамалары жетер ме екен?                                                                                                                       – Кім біледі, бәлкім оған күштері жете қоймас, бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ, егер басып кіретін болса, қашып құтылудан басқа амалымыз қалмайды. Ызғарын шашып келе жатқан жау тобы қалаларды бірінен соң бірін басып алып, жылжу үстінде. Босқан жұрт елді-мекендерін тастап бас сауғалап қашқан суреті елестейді. Тар кезеңнің тығыршық сәті одан сайын тарыла түскендей, тұтыққан көп қарашалар мүсәпір күйге түсіп, қайыр тілеп қаңғып кетіп жатты. Жау қолында қалып, аяусыз қырылғандардың да қарасы аз болған емес. Осының бәрін көре тұра, шындықты аяққа таптап, газетке жаңалық жазғыштардың да беттері қалыңдап алған. Сұмаңдаған өтірік те сол уақыттарда сайраң қаққан. Ұлттық намысы бар Вэнь Сюань оның күәсі болғанын жазушы былай көрсетеді.                                                 .                                                                                                                                  «Қолжазба мен түпнұсқаны сөбе-сөз салыстыру үстінде. Автор өз еңбегінде Қытайдың кейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы, жартылай отар елдің аз уақыттың ішінде қалай ұлы мемлекетке айналғаны жөнінде қақала-шашала баяндапты. Халықтың жағдайы жақсарып келе жатыр, үкімет жұрттың қамын жеу үстінде, соған көңілі толған азаматтар оған ынтасымен қызмет етуде, салықтарын уақытылы төлеуде деп жазыпты ол… “Өтірік, бәрі өтірік!” – Вэнь Сюаньның басында осы сөздер дыңылдап тұрып алды.» Шындықтың шымылдығын сиіріп қойып, өтірікпен өрмек тоқитындардың  жолы Марк Твеннің мына бір лұғатты сөзіне саяды: «Шындық аяқ киімін кигенше, өтірік жарты әлемді кезіп шығады». Бұл үзінділерге қарасақ, соғыс кезінде де, ел ішінде саяси ықпалдың да күшті болғандығын аңғарамыз.                                                                                                             Дүние жүзінде үлкен өзгеріс туындай бастады. Батыстағы соғыс (КСРО мен Германия) өз мәресіне жетуге шақ қалды. Жапондар алға басуын тоқтатпай келеді. Сычуаньға тақап келен жау қолы аздап бәсеңсігендей болды. Өйткені Жапонияның ар жағынан жойқын Америка құрамалары жапон күшін біршама әлсіреткен еді. Жапондық «Квантун» атты керемет әскери тобы талқандалып, Шанхайға жол ашыла бастаған. Осыған, Вэнь Сюаньнің кофе ішетін жерге барғандағы адамдардан естіген сөздері айғақ:

« Айтты дерсің, екі айға созбай Германия жеңілетіндігіне кепілдік берем. Жапондықтар да ұзақ тіресе қоймас. Жаңа жылды Нанкинде қарсы алып жүрмейік осы».     

 Көп ұзамай «Ұлы Жеңіс те» келіп жетті. Отарлықтың оты сөніп, адамзатқа қасірет әкелген фашизмнің туы құлады. Бостандықтың боз үйінің шаңырағын көтерген халық болашаққа кең серпін жасай алды. Тарлан тарих тарланбоздарын қайта түлетіп, тектілерін термеледі. Алайда, өндірістік өнеркәсіптен кенжелеген Қытай халқы соғыс кезіндегідей бәз-баяғы күйінше тұрмыс кешіп жатты. Шығармада 1946 жылдың аяғы мен 1947 жылдың басы Эпилог бөлімінде Ланьчжоудан отбасын іздеп келген Шу Шэннің келудегі нағыз сұрықсыз ызғарлы түн суреті бүкіл оқиғаны аяқталуына байлап қойғандай:

«Мына телмірген жүздер әлдене тілейтін секілді. Жайдақ орындыққа майда-шүйде заттарын жайып қойып, ұйқыдағы сәбиін бауырына қысқан жас әйел отыр. Шу Шэн тағы түршігіп кетті. “Неткен суық еді!     

– Жеңіс – біз  үшін емес, олар үшін. Біз мемлекеттің қиыншылығынан арам пайда көргеніміз жоқ. Сол үшін де жеңіс бізге еш рахат әкелмейді.                                                                                                                                    Денесін діріл жайлап, еріксіз мойнын ішке тыға берді, айналасына селқос қарады да, жан-жағының бәрі қайғы-қасіретке тұнып тұрғанын байқады.                                                                                                                       

«Ол баяу, бірақ мейлінше нық басып келе жатты. Мына құлазыған көшеде сенделіп келе жатып, кенет оны бір түрлі қызық сезім биледі: Ол уілдеп соққан жел жалп еткізіп өшіріп тастайтындай, карбид шамдарының жарығына үрейлене қараумен болды. Түн өте суық болатын. Ал оған сондайлық жылу тапшы еді».  Иә, бұл әлем ызғарын сездіретін нәубет – «Ызғарлы түн» болатын.  Адамзат өнебойына сарқылмас жылу іздейді. Тарамыс тағдырдан теберіш көріп өткен қаншама көген көздер бар десеңші…

Әлемдік классика әдебиетінің берер тағылымы кемелденген идеализация, адамзат ұлының ұшқыр талғамының биігі. Сонау Грек пен Римнің ескі мифологиясынан бастап қазбаланған кемер ойлар әлем тілдерінде кең етек алды. Қытай әдебиетінен бүгінгі сыр шертіп отырғаным, оларды бізбен салыстыру немесе мақтанғандық емес.  Әлемдік классикадан аз да болсын бір нәрсе алып қалсам деген ниетте. Заңғар жазушы Ба Цзиннің әдебиет жолындағы ізденістер, зерттеу нысанасына айналғалы қашан, қазіргі таңда Қытай тұрмақ, Еуропа елдерінде соның ішінде Францияда пән ретінде оқытылады деген сыбыс бар. Ғасырлық жазушы бүкіл Батыс пен Шығыс әдебиетін сарқуға тырысқан.  Сонда да халқына бергені де аз болмады. Классикалық туынды қанша өміршең болса, оны жазған қаламгер де сондай жасампаз!                                                                                                                                                                                               

© Әділет Ықылас

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 3 курс студенті


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here