Әруақтардың рухына құран оқытып шығайын деп, жуық маңдағы бір мешітке кіре бергенде қарсы алдымнан бір қаба сақалды шыға келді. Шынымды айтсам, осындайлардың сұрқына көңілім толмайды. Өзім намазға жығылып немесе әлдекімдер құсап құран оқып, Жаратушының көзіне түскен пенде емеспін. Бойыма берген өзіме шақ табиғи болмысым бар. Елге қиянат жасау, көрсеқызарлық яки көреалмастық сияқты албат мінездерді жат етіпті, маған. Жалпы момын адам ретінде жұрт ішінде танымалмын. Момын адамды кейбіреулер іші жылып, «Ей, мынау шын мұсылман екен!» деп жататынын да  құлағым талай шалған-ды.

–         Аға, ассалаумағалайкүм! Бисмиллаһи ирраһмани раһим!.. – деп әлгі

қаба сақал менің жолымды кесіп, садақа сұраған сығандар құсап мақамдай, шұбырта жөнелді.

–         Әлікісәләм… мен мешітке кірейін деп едім… 

–         Ой, аға! Мені танымадыңыз ба?

–         Жо-жоқ!..

–         Мен – бесінші автопарктегі Ырысбай емеспін бе!

–         Кетші-ей!? Мына түрің не? Сақалдылардан зәрем ұшады!

Ырысбай ұзын бойлы, қапсағай денелі келген өте сымбатты жігіт. Әйелі де өзіне тең қосылған көркем жан. Үш баланың анасы болса да құлын мүшесі бұзылмаған, тал шыбықтай иіліп, еркек атаулыны естен кетірер мүше тұстары ерекше мен мұндалап тұратын мүсінді әйел. Ырысбектің ерен еңбегі бағаланып, өкіметтен үш бөлмелі пәтер тиді. Автобус жүргізушісінің табысы да ұлан-асыр заман еді, ол кезде! Елдің алды болып, астарына шет ел көлігін де мінді.

Біздің жұмыс тым ерте басталады. Ауысымға таңғы бестен шығамыз. Мен бригадир болғандықтан елден бұрын ертерек келіп, жан-жақты бағдарлап, ескертулер болса әзірленіп қоятынмын. Қатар-қатар тізілген автобустарды сүзе қарап келе жатқанымда, Ырысбайдың көлігінің от алып тұрғанын байқадым. Жүрегім зу етіп, не ойларымды білмей асыға басып жетсем, рөлде Ырысбайдың өзі отыр.

–         Өй, сен не, осында түнегенсің бе?!

–         Ассалау, аға! Дөп түстіңіз.

Көз алдыма көркі көздің жауын алған, көркем келіншегінің жастықты құшақтап, төсекте жалғыз жатқаны елестеді. Ол туралы сұрауға дәтім бармады. Ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Кім жетісіп жүр дейсің. Өзім де сан рет достардың үйіне барып, қонып едім ғой. Солардың бірін ара ағайын қып жетектеп келіп, татуласқан да жағдайлар болған. Жұмыстан соң да Ырысбай қайтуға асығар емес. Сипақтап, ананы-мынаны қарағыштап, менің кеткенімді қалаған кісі секілді, түр танытты.

–         Реке, бұрын үйіңе асығушы едің, енді не болды?

–         Жәй, ағасы… Соңғы кезде ұшқыш құсап кеткен сияқтымыз, әр-әр жерін

бақылап қоймаса болмайтындай…

–         Сен расында ұшқышсың. Мен де ұшқышпын. Кем-кетігін жөндеу үшін

механик, слесарь бар. Әйдә, үйіңе қайт! Анандай келінді зарықтырып қою құдай алдында күнә емес пе!?

–         «Ауыруын жасырған ауырмай өледі» демекші, ағасы, мен бір қиын

жағдайға тап болдым!

–         Қарызданып қалдың ба?

–         Ол түк емес қой, онан да зорғы боп тұр!

–         «Әкесі өлгенді де естіртеді» деуші еді, айт жұмбақтамай!..

–         Аузым барар емес!.. Өзіме қол жұмсағым келіп жүр, соңғы кезде…

–         Есіңнен ауысайын деген екенсің!? Анадай ауызға үріп салғандай әйел,

бал татыған үш балаң тұрғанда мынау не оттаған сөз?!

–         Сіздікі жөн!.. – деп ол күрсіне теріс қарады, – Мен біткен

адаммын!..   

–         Сенімен адамша тіл табыса алмайды екенмін! Жүр, сыраханаға жаққа

барайық. Мүмкін тілің сол жерден шығар?

–         Әй, құрып кетсін, бәрі… кеттік ағасы!

Сыраханадан екеуміз қолтықтаса, теңселе басып шықтық. Таза сырадан бұндай жағдайға жетпес едік, әрине. Сол заманның дәстүрі: жақсы және мол іше алған адамды ғана азамат санайтын-ды. Арақпен араластырып, «азамат» санатына жете қабыл қалғанда Ырысбайдың көмейі де тілі де ашылды. Бұл сұмдықтың созылғанына бір жылға таяпты. Дегенмен Ырысбай мықты жігіт екен! Тіпті, азамат десе де болғандай. Оның осындай жоғары адамдық қасиетін бағалауға – ешқандай мақтау мен мадақтың тең келмесін айта-айта, біздің үйге де жетіппіз.

–         Өп, пәле! – деп ауызма бірдеңе тиген кезде айтатын сөзімді айтып,  

кіріп келгенімде балаларымның бірі: – Ура, папа мас!

– деп қуана айғай салды. Олардың қуанатын да себептері бар. Қалтамның қуыс-қуыстарын өзім ақтарып отырып, ұлым мен қызыма базарлық қып ақша үлестірем. Менің осылай ара-тұра келгенім – олар үшін бір мереке.

–         Ырысбай бауырым, төрлет! Сен болмағанда мына ағаң далада қонатын

еді! – деп әйелім, мені бір түйіп қап, ас бөлмеге өтті. Есеңгіреген Ырысбай есіктің көзінде күжірейіп тұр. Әйелдің жұдырығынан қабырғаға жабысқан мен бойымды әрең түзеп: – Саспа, бауыр! Ұрғаны – жыны тарқағаны. – деп оны алға сүйредім. Азамат емеспіз бе! Ары-беріден соң есіміз жиылып, дастарқан басына шақырғанда – шәйдай ашылған күндей мастықтан жұрнақ та қалмады.

–         Шақырып келтіре алмайтын, ардақты бауырым келіп қапты! Ет тартып,

сапырып қымыз құйсаң да көңілі орта кететін салтқа тап болдық. Өз басым ішімдікке өте қарсымын! Мына ағаң да өзің білесің, о нәрседен қашықтау жүреді. Ал мынаны өзіңнің құрметіңе қойып отырмын, айналайын!

–         Ой әпкетай, осының қажеті шамалы! Мен де ынтық емеспін, бұған.

Бүгін солай боп қалдық, кешіріңіз!

–         Күнде келіп жатқан жоқсың. Келінді де ерте келгенің дұрыс болар еді… 

Мен әйелімнің бүйірінен түртіп қалып едім, ол селк ете түсіп: – Е не деп қойдым, бүйірлейтіндей?! – деп маған адырая қарады да сөзін жалғай берді, – Өң десе өң бар, менің жарым болсын дейтін бір жарқылдаған жан! Ырысбай бауырым да жігіттің нары! Басылған жынымды ойнатпай тиыш отыршы, әрі!

–         Ырысбай әйелімен тіл табыса алмай жүр екен, біраздан бері…

–         Үйбу, құдайым-ай, осындай азаматы бар әйелге енді не керек болды

екен? Табыскер, еңбек озаты…

–         Әйелге еркек керек…

–         Ырысбай немене еркек емес пе?

–         Еркегі еркек қой, енді, әлгі неғылатын…

–         Айналайын, өзің айтшы! Мына кісі не деп кетті?

–         Мен жылдан асты жұбайлық міндетімді атқара алмай жүрмін. Ол жас

әйел… табиғатқа қарсы тұра алмайсың…

–         О несі тағы? Жұбайлық міндет деген – бала-шағаңды асырау, отбасыңа

адал болу емес пе? Әлде мен білмейтін тағы бірдеме бар ма? О қатынға тағы не керек?!

–         Жасырып неғылайын, әпке… белсіздікке душар болдым!

–         Түк түсінсем бұйырмасын! Табиғат, міндет, белсіздік?!.

–         Болды Ырысбайды қинай берме! Ол онсыз да айтуға болмайтын талай

нәрсені жасқанбай жайып тастады. Түсінбесең соңыра өзім түсіндірем. Бізге төсек сал.

–         Жақсы, жақсы… ағалы-інілі боп залға жатыңдар. Тағы айтар

әңгімелерің бар шығар. Маған ренжіме бауырым. Басқа түспеген нәрсені білмегенімді айып санама!..

Сол күні бір түнеп кеткеннен соң, көп ұзамай жұмыстан шығып, Ырысбай еліне қайтпақшы болған-ды. Иә, сол түні ол іркілмей шешілген еді. Еркектік намысты аяққа таптатуға болмайтын тым төмендікке қалай барғанына қайран қалдым. Балаларын бір бөлмеге қамап, қатыны бөтен еркекпен жеке бөлмеде, ал оған іргелес бөлмеде төсектің гүрсілін тыңдап, шараздықтан тісін шақырлата бұл сорлы, айлап жатқан көрінеді. Неге осындайға келістің десең, бұны бәрі құдайдың маңдайға жазғаны, әйелімнің бақытты болуына кедергі болғым келмеді дегендей уәжді алға тартып, бет бақтырмады. Оның ойынша осы жағдай басына түскен арнайы сынақ. Әйеліне қалаған еркекпен кездесе беруіне өзі ырқымен келісім беріпті. Бір рет дәмін алған соң әйелдің де беті ашылған көрінеді. Сөз арасында ол «ұстаз» деген біреуді жиі айтып қала берді.

–         Ұстаз дегеннің кім? Кісінің аты ма?

–         Рухани ұстазым бар. Сол айтты, менің осындай жағдайға тап болғаным

– пенделіктен арылып, таза, рухани ағаруыма ашылған жол деп. Ал, әйелің – еркектің қажетті бір бұйымы тәрізді. Жесір әйелге барсаң – сауап деген, сол сияқты сенің әйеліңді көзің тіріде жесір етті. Оның сауабын мен немесе рухтас бауырларың алмаса обал.

–         Мен барсам да ренжімейсің бе?

–         Несіне ренжимін. Ондай іштарлықтан арылдым. Бар дүние-мүлкімді,

әйел, бала-шағамды сол ұстазыма аманат етіп тапсырдым. Ендігі ұлы мақсатым: 40 күн Алла жолына шығамын, 40 күні бар, одан соң 4 айы бар, мен бұл жолға шығуға міндеттімін.

–         Әлгі балағын кесіп, белін буып, ел кезіп жүрген сақалдыларға

қосылғансың ба?

–         Ондай күпір сөз айтпаңыз, аға! Ұстазым бәрін біліп, естіп отырады.

Менің бүгінгі кешірілмес күнәмді де ұстаз біліп отыр. Жанымды пида етсем де бұнымды жуып-шәям! Бұл – менің әлі рухани тазара алмағаным, сайтанның азғыруына еріп кеткен әлсіздігім! – деді де теріс аунап, қор ете түсті. Жанарына бұл жалғанның отын қабылдамайтын жат көлеңке орнап,  өзімді сайтанға теңеген бұдан әлдебір қорқынышты іштей аңғардым. Әдетім бойынша: «Бісміллә, рахманрахым, Аллатағалам тыныштығыңды бере гөр» деп сақтану ишаратын жасап, мен де ұйқыға ден бердім.

–         Сен бірдемені ұмыттырып жүрсің, осы! Иә… әлгі, Ырысбайдікі не

жағдай? – деп әйелім бір отырғанда қадала сұрады.

–         Әйеліне жарамай қапты…

–         Әй, жұмбақтамай, ашығын айтшы!

–         Ашығы сол, төсек қатынасына жарамай қалған!..

–         Астапыралла! Анандай зор жігіттің жарамай қалуы мүмкін емес?! Бойы

сенен екі есе ұзын, иық десе иық… Үйбу ұят-ай, байғұсты сонша тергеппін ғой?! Имандай шыным, бұл жағы қаперіме келмепті!..

–         Барыңды бағала деген осы. Ертең мен де сөйтіп қалсам не істер едің?

–         Тфа, тфа!.. Жоқтан өзгені айтпашы! Бәрі соған қарап қалып па? Құдай

берген балаларымыз бар. Мен сенің көзіңе шөп салмаймын!

–         Айтуға оңай. Табиғатты қайтесің?

–         Сенен басқа біреудің астында тыпырлағанша – өлгенім артық емес пе!

Бұндай сұмдығыңды енді маған айтпа!

Мешітке кіріп, имамға құран оқытып шықсам, Ырысбай аула сыпырып жүр екен. Мені көріп сыбыртқысын қабырғаға сүйеп, қасыма келді. Сақал бүркеген бетінің сүйектері жақын жерден қарағанда адырайып, жағына пышақ жонғандай жүдеу екен.

–         Бұл жерде неғып жүрсің?

–         Екі-үш жылға таяды осындамын.

–         Ырысбай, сен қандай жігіт едің, есіңде ме?

–         Ол өтіп кеткен өмір ғой, ағасы… өкінуге болмайды.

–         Менің ойымша сен өз басыңды ғана ойлап, бақытсыздық саған ғана

жабысқан адамша жүргендейсің. Қатыныңды қойшы, ана үш балаңды ойладың ба? Осы уақыттан бері солардың бет-жүзін бір көрдің бе? Балаларыңа қандай қол ұшын бердің?

–         Аллаһым кеңшілігін берсін, олар туралы ойламаппын… Аллаһым, өз

пендесін аш қалтырмайды…

–         Саған біреудің ескі киімі мен бір бауырсақ бұйырар! Ал ана балаларың

не күн көріп жүр, соны неге ойламайсың?! Азамат едің ғой?  Ырысбай!

Бұл кездесуден соң да біраз уақыт сусып өте шықты. Балалардың ойын-сауығы бар бір орталыққа, ұл-қызымды ертіп бара қалғанда – Ырысбаймен тағы оқыс ұшырастық. Қасында үш баласы бар. Кәдімгідей ер жетіп қалыпты, олары. «Папалап» үйіліріп-айналып жүр әкелерін. Ырысбай қаба сақалын алдырып, қияқ мұртын ғана қалтырыпты. Жүрегім шым етіп, көзіме жас тығылды. Туған бауырлардай құшақтаса көрістік. Соңғы рет көргендегі көзіндегі қоламта суретке: кісі танып, елжірейтін сәуле еніпті. Анадай жерде жүзі таныс, толықтау бір әйел бұларға көз алмай қарап тұрды. Балалардың бірі: – Мама! Бері келсей! Балмұздақ жейік! – деп оны шақырды. Мен жедел қоштасып, кете бардым. Ешнәрсені сұраудың қажеті шамалы еді, осы сәт. Артыма қарауға дәтім бармады. Киім киістеріне қарағанда тұрмыстары түзу секілді көрінді. Әу бастан жұмыскер жігітке жақсы жұмыс табу – онша қиынға соқпас та. Бәрінен де көрнектісі – олардың төңірегін қоршаған бақыт шуағы тым ерекше еді…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here