Ібіліс періштелерге ілім үйреткен ұстаз болған екен. Оның есімі Әзәзіл еді. Ұлық Алла тағдыр тақтасына «бір мақұлық малғұн болады» деп жазыпты. Періштелер бұл жазуды көріп, үрейлері ұшты. Бәрі жиылып, Әзәзілге келді.

– Әй, Әзәзіл, сенің дұғаң тез қабыл болады, «Алла бізді малғұнның қатарынан қылмасын» деп дұға тіле! – деп жалынды. Әзәзіл:

– Иә, Аллам, мына періштелерді малғұн болудан сақта! – деп дұға қайырды. Періштелердің біреуі:

– Бізді айтып, өзіңді ұмыт қалдырдың, – дегенде, өзіне өте сенімді Ібіліс:

– Мен үшін қам жемеңдер. Мен Құдайға қылығы жаққан жанмын. Дәрежем бәрінен жоғары. Сондықтан сақтық сендерге жарасады! – деді. Ібілістің дұғасы сол мезет қабыл болды. Кейін Адам жаралып, оған тағзым етерде Ібілісті Құдай ұрды. Дұғаның шарапаты тиген періштелер бір апаттан аман қалды. Тәкаппарлық пен астамшылыққа ұрынған Ібіліс сол жерде «малғұн» атанды.

Қарғыс қамытын киерде Ібіліс Алладан дат сұрады.

– Датыңды айт,– деді Құдай.

– Ұзақ жыл құлшылық еттім. Сендей ұлық Аллаға құлдарының еңбек ақысын қайтармау лайық емес. Соның өтеуін бер, – деді.

– Не сұрайсың? – деді Құдай.

– Мені дәргейіңнен қуып, Адамға баспана бердің. Енді менің баспанам қайда болады?

– Монша мен дәретхана сенің мекенің.

– Дәргейіңде жүргенде құлшылық қылатын жерім бар еді. Енді оны қайдан табамын?

– Базар атаулы сенің құлшылық орның болар.

– Адамға оқу үшін Құран бердің. Маған не бересің?

– Сыпсың сөз, өсек-аяң сенің қасиетті кітабың болар.

– Адамға қорек үшін дәм-тағам бердің. Менің тамағым қайда?

– Біреу «біссімілләсіз» ас ішсе, дастарқанда бата қайырмаса, сол ас саған бұйырсын.

– Адамға сусын етіп, қатық-айран, қымыз-қымыран бердің? Менің сусыным не болмақ?

– Мас қылатын арақ-шарап сен үшін.

– Бұл аз. Ақымның жартысы қайтты. Қиямет қайымға дейін адам ұрпағын азғырамын. Маған ерік пен соған жетер ғұмыр керек және Адамның жүрегінен жай бер, – деді.

– Тілегің болсын, – деді.

– Адамды аздыру үшін дүниедегі алтын-күміс, жақұт-гауһар, асыл тастарды алғым келеді, – деді.

– Ал!

– Оған алданбайтындар бар. Атақ-даңқ, мансап-шен қосып аламын.

– Болсын!

– Бұған да мойын бұрмайтын бар. Ойын-сауық, қызық-құмар бер!

– Бердім!

– Тәтті сусын, дәмді тағам және бер!

– Ал!

– Зәулім сарай, нулы жер, рақат көлік, төрт түлік малдың бәрі менікі болсын!

– Болсын! – деді. Ібіліс ойланып тұрып:

– Енді осының бәрін шырмап тұратын үзілмейтін арқан бер, – деді. Сонда Алла тағала әйелдің шырай көркін көрсетіп:

– Мынау бола ма? – деп сұрады. Ібіліс сұлуды көріп аңтарылып тұрып қалды. Қасы қиылған, еріндері қып-қызыл, ақ бетінің ажары наурыздың ақша қарындай, саусақтары күмістен тартылған сымдай. Меруерт-маржаннан тізілген тістері мен сыңғырлаған күміс күлкісі Ібілістің өзін мас қылды. Ол қолын шапалақтап, қарқылдап күлді де:

– Иә, Алла, керегімді дәл таптың. Сұлуға сұқтанып қарамайтын еркек болмас. Осыған ризамын, – деп масайрап, күллі дүниенің мал-мүлкін хас сұлудың бұрымына байлап әкете жөнелді.

Содан бастап дүниені көзге ілмеген талай жомарт батырлар сұлу әйел үшін бір-бірімен араз болып, ынтымағын бұзған екен.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here