Құрандағы аяттар саны бір деректерде 6666 аят деп жазылса, кейбір еңбектерде 6616, ал қайсыбір ғалымдар 6217 деп көрсеткен[1]. Ғалымдар Құран аяттарын үкімдік, қиссалық, мысал мен  ғибрат және дұға аяттары деп жіктейді. Соның ішінде үкімдік, яғни шариғат заңдарына негіз болған: әмір берген, құлшылыққа, тұрмыс тіршілікке қатысты нұсқаулық аяттар саны 230 аят шамасында[2]. Кей ғалымдар мұндай аяттар саны 200 десе, А.Халлаф атты ғалым 225 аят бар деп көрсетеді[3].

Құранда пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер жайлы ғибратты оқиғалар «қиссалар» деп аталады. Қиссалар мен ғибраттық аяттар 2000-нан сәл асады. Түрік ғалымы А.Ажар «Құран аяттарының үштен бірі, кейбір зерттеулерге сүйенсек, үштен екісі қиссалар. Пайғамбардан кейінгі төрт сахаба дәуірінде Құран аяттарының үштен екісі қиссалар деп есептелген[4]» дейді. Құрандағы қиссалар пайғамбарлардың өткен өмірін, жасаған ерліктерін, ғибратты үлгілерін насихаттайды.

Қазақ сахарасында өткен ишан, қожалар жас балаларға, ең алдымен, қиссаларды, аңыз, хикаяларды үйреткен. Көгілташ, Қарнақ медреселерінде оқыған шәкірттер Рабғузидің «Қисса сүл-әнбиясымен» танысты. Бұл үрдіс мың жыл бойы жалғасып келді. Олардың Сыр мен Батыс, Арқа өңіріндегі көрнекті өкілдері Шораяқтың Омары, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шегебай Бектасұлы, Қашаған Күржіманұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Сүгір Бегендікұлы Құран қиссаларын жыр-өлең түрінде шығарып, халыққа таратты. Соның арқасында қарапайым халық Құранның мазмұнына жетік болды. «Өнеге шашқан жыршылық, Құдайға бұл да құлшылық» деген сөз осыдан қалса керек. Қазақ фольклорын зерттеген В.Радлов: «Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір «Жұмжұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді[5]» деген (В.Радловтың осы айтып отырған «Жұмжұмасы» кітаптағы «Ғайса пайғамбар қиссасына» «Қубас» деген атпен енгізілді). Қазақ даласында қиссашылдық дәстүр тамыр жайып, Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақтардың интеллектуалдық танымына қатты ықпал етіп келді. Ғалым Алма Қыраубаева қиссаларға «Қазақ ренессансының қайнары» деген баға берген. Оның пікірінше, қазақ даласы екі бірдей мәдени экспансияны бастан кешті. Алтын Орда кезеңінде араб, парсы мәдениетінің тасқыны түркінің төл дәстүрін, менталитетін айтарлықтай әлсіретті. Бұл кезде түркі тілі шеттетіліп, «поэзия тек парсы тілінде жазылады», «ғылым тек араб тілінде орындалады» деген пікір  қалыптасты[6].

Сол дәуірде ең алғаш Әли есімді ақын «Жүсіп – Зылиха» қиссасын түркі тілінде жырлайды. Оған басқа шайырлар үн қосып, пайғамбарлар қиссасын ана тілінде жырлауды дәстүрге айналдырды. Содан бастап, жойылуға шақ қалған түркі тілі  жанданып, көркем сөз жанры қайта өрлейді. Түркі нәсілді ғалымдар көптеп шығып, ғылымның әр саласында үлкен жаңалықтар ашады. Көшпенділер өркениетіне екінші рухани экспансия ХІХ-ХХ ғасырларда басталды. Ресей империясының миссионерлері Құран мазмұндарын Інжілмен алмастыру үшін арнайы аударма мектебін ашып, Інжіл сюжеттерін сол кездегі қазақ тіліне барынша жақын етіп аударып таратты. Ғалым Гүлбаршын Адамбаева 1860-1917 жылдар арасында қазақ тіліне осындай 72 кітаптың аударылғандығын жазады. 1895 ж. 5 шілдедегі Түркістан епархиясының кеңесіндегі хаттамада Орынбор оқу округінің 115 дана кітапты аударып, қазақ тілінде орыс әрпімен басып шығарғаны тіркелген. Сонымен қоса, хаттамада бұл кітаптардың қазақ халқын православие дініне кіргізуге үлкен ықпал ететіні, сондай-ақ миссионерлер үшін таптырмайтын көмекші құрал екендігі айтылады[7]. Ел ішіндегі көзі ашық, рухани майданға қабілетті сауатты қазақтар осы экспансияны тоқтатуға әрекет етті. Олар бұрынғы түркі-шағатай тілдерінде айтылған қисса сюжеттерін қазақ тілінде қайта жырлап, олардың барлығын кітап етіп шығарды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Қазан, Уфа баспаларында 700-ге жуық кітап басылып шықса, оның 500-ге жуығы қисса-дастандар еді[8]. Ал қазақ тілінде кітап бастыру ісінде алғашқы кітап «Сейфүл-Мәлік қиссасы» деген атпен 1807 жылы Қазандағы «Азиатская типография» деген баспаханадан басылып шыққан. Сол жылы Қазан гимназиясына қарасты «Азия» баспаханасы Қазан университетінің қарауына көшіп, «Азиатская типография» деп аталып, біртіндеп қазақша кітаптар шығару ісіне кіріседі. Деректерге қарасақ, ХІХ ғасырдың бірінші жартысының өзінде он-он бес аталымдағы қазақша кітаптар басылып шыққан. Олардың дені шығыс және қазақ фольклорының үлгілері, түркі ақын-сопыларының шығармалары, әкімшілік-басқару құжаттары болды. 1807-1918 жылдары аталған университет баспаханасында 250 қазақ кітаптары басылып шыққан. 135 басылым 606300 данамен жарық көрген. Бұлардың арасында қазақ ауыз әдебиеті үлгілері мен көркем әдебиет басым болды[9]. Тарих қайталанады. Қазір де әртүрлі ақпараттар тасқынының арасында қалған көшпенділердің бүгінгі ұрпағы көне заманнан келе жатқан рухани қазыналарды оқып-үйренуге мұқтаж боп отыр.

Қиссалар – адамды дін догмасына ұрынудан сақтайтын бірден-бір рухани иммунитет. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ халқы ең басты мәдени құндылығын жоғалтты. Қарттардың дастарқан басында отырып, қисса желісінде хикаяларды әңгімелеу дәстүрі үзіліп қалды. Халықтық тәжірибеде қожа, ишанның алдын көрген қарттар жас сәбилерге қиссаларды баяндап отыратын. Сіз де балаңызға қиссаларды оқып беру арқылы оның жан-дүниесіне ізгіліктің дәнін еге аласыз.

«Қисса сүл-әнбияның» қолжазба түрінде халық арасына тараған бірнеше варианттары бар. Сан алуан фрагменттері әр ақынның туындыларында кездеседі. Қиссаларды көркем тілге лайықтап жазу барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының, Ерімбет Көлдейбекұлының, Сейітжан Бекшентайұлының шығармаларын пайдаландық. Зер салып байқасаңыз, қиссаларды оқығанда, сіз де бір сәтке әділдік патшалық құрған мәңгілік әлемге сапар шеккендей рақат күй кешесіз. Көңілдегі қайғы-мұң басылып, оптимистік қуатыңыз артады.

Түрік ғалымдары Али Акай, Кемал Полат, Ахмет Челик, Адем Акынжы, Әбдірахман Қасапоғлы, Мұстафа Өзтүрік, Хадиша Керпетен қиссаларды ғылыми тұрғыда зерттеп, оның адам өміріндегі мәніне назар аударған. Ә.Қасапоғлы «Құрандағы қисса терапиясы» деген мақаласында қиссалардың психотерапиялық ем ретінде қолданылатындығын дәлелдеген. Батыста бұл «библиотерапия» деген атпен 1930 жылдан бері сауықтыру тәсілі ретінде пайдаланылады[10].

Адамның топырақтан жаралу қиссасы

Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Тәңірі тағала түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласты.

– Мен биікпін, менен жарат, – деді тау.

– Мен әзизбін, менен жарат,– деді алтын.

– Мен тасқынмын, менен жарат, – деді су.

– Мен дүлеймін, менен жарат,– деді жел.

– Мен күштімін, менен жарат, – деді от.

– Мен асқақпын, менен жарат, – деді аспан.

– Мен жұмсақпын, менен жарат, – деді ағаш.

– Мен қаттымын, менен жарат, – деді тас.

Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:

– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Алла тұрып:

– Әй, тау, сенде бір мін бар, тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің. Алтын, сенде бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің қалтырақ. Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің. Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы. От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің. Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің. Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – деді. Сосын жерге қарап:

– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деді.

Ұлық Алла Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды. Періштелер жиналып, адамды айналып қарап көрді. Сол кезде Ібіліс «лып» етіп адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене-мүшесін, ағзаларын, қан тамырын аралап қайта шықты. Ол періштелерге:

– Бұл мақұлық ұлық Аллаға орынбасар болуға лайық емес, – деді.

– Неге? – деп сұрады періштелер.

– Себебі, бұның тәні ас-ауқатқа, ұйқыға, қызық-рақатқа, тәуелді. Тез шаршап, тез қартаяды. Суыққа тоңғақ, ыстыққа қаталағыш. Қарны ашып, ұйқы қысқанда жыртқышқа айналады. Одан бөлек, көңілі атақ-даңқ, мансап-билікке тез мас болады екен. Жылтыраққа көрсеқызар, дүние-мүлікке тойымсыз. Әйелге шыдамсыз. Құмарлығын қандыру үшін күнә жасап, қылмысқа тез ұрынады. Шектен шыққанда қан төгіп, соғыс ашады. Мұның бізден артық жерін байқамадым. Тек түсініксіз бір нәрсе бар, – деді Ібіліс. Періштелер:

– Ол не? – деп сұрады. Ібіліс:

– Кеудесінің сол жақ тұсында жұдырықтай жүрегі бар. Сол жүрекке кіре алмадым. Ішінде не бары белгісіз. Құпиясын бір Алла өзі біледі, – деді.

Күллі періште Құдайға арыз айтып, жалынды.

– Иә, Алла, сен адамды жаратпа, ұрпағын жер жүзіне таратпа. Бұл ертең тән қалауы үшін күнә жасап, қылмысқа ұрынады. Соғыс ашып, қан төгеді. Зорлық-зомбылық, қиянат-қорлық адамға тән екен, – деді. Сол кезде Ұлық Алла:

– Сендер менің білгенімді білмейсіңдер. Оны қандай хикметпен жаратқанымды Ұлы жаратушы – Өзім ғана білемін. Сендер білгіш болсаңдар, мына заттардың сырын ашып, табиғатын түсіндіріп беріңдер, – деп ғайыптан бір әлем шығарды. Бұрын-соңды білмейтін беймәлім әлемді көргенде періштелер ауыздарына құм құйылып, тосылып қалды. Сол кезде Құдай тағала Адамның тәніне өзінен рух деген затты үрлеп, жүрек көзін ашты.

– Қане, орынбасарым, мына заттардың атын атап, түсін түсте! Ғылымыңды паш ет! – деп Адамға әмір берді. Жүрек көзі ашылған Адам іркілместен табиғаттың бүкіл ғылымын жайып салды. Періштелер Адамның ғылымына қайран қалды. Сосын Құдай:

– Енді менің орынбасарыма сәжде жасап, оған құрмет көрсетіңдер! – деп әмір етті. Адамнан жеңіліп, пұшайман болған періштелер жапа-тармағай сәждеге бас қойды. Адамнан мін іздеп, Алланың шеберлігіне шәк келтірген Ібіліс іркіліп қалды. Адамның артықтығын мойындауға тәкаппарлығы жібермеді. Өзін-өзі жеңе алмаған күйі шалқайып тұрып қалды.

– Әй, Ібіліс, сен неге менің әмірімді орындамайсың, – дегенде, Ібіліс:

– Ол топырақтан, мен оттан жаралдым. Мен одан артықпын, – деді. Сол кезде Ұлық Алла қаһарланып:

– Шық менің дәргейімнен, – деп, оның мойнына қарғыс қамытын кигізді. Алланың қаһарын көрген періштелер шүкіршілік етіп, екінші мәрте сәждеге бас қойды. Ібіліс қуылып бара жатып, Адаммен өштесті.

– Адамның кесірінен қарғысқа ұшырадым. Қиямет қайымға дейін оның ұрпағымен жауласамын. Саған шын берілген таза жүрек момын құлдарыңды азғыруға әлім келмес. Бірақ, «дүние – менікі» деп ойлайтын ғапылдарды түгел азғырамын. Бәрінің бағын байлап, бақытын қайтарамын, – деді. Сонда Алла тағала:

– Маған тура бастайтын жалғыз жол – шын пейіл мен таза жүрек! – деді.

[1] M. Asım Köksal, İslam Tarihi.

[2] Ömer Nasuhi Bilmen’in Ahkâm Ayetleriyle İlgili Görüşleri / Hasan Rami Kara. – 2009.

[3] M. Asım Köksal. İslam Tarihi.

[4] Acar A. Bir ictihad kaynağı olarak Kur’an kıssaları // İslam hukuku araştırmaları dergisi, 2007.

[5] Радлов В. Алғы сөз // Ел қазынасы – ескі сөз (В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілері).                         – Алматы: Ғылым, 1994.

[6] Қыраубаева А. Ежелгі әдебиет: 5 томдық шығармалар жинағы. ІІ том. – Алматы: Өнер, 2008.

[7] Адамбаева Г. Миссионерлік әдебиеттің қазақша аудармаларының тілі. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты.                         – Алматы, 2010.

[8] Каримуллин А. У истоков татарской книги. – Казань, 1971.

[9] Адамбаева Г. Миссионерлік әдебиеттің қазақша аудармаларының тілі. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2010.

[10] Kasapoğlu A. KUR’AN’DA KISSA TERAPİSİ. // Cumhuriyet Üniversitesi. İlahiyat Fakültesi Dergisi. Cilt: VIII / 2, s. 70. Aralık-2004, Sivas.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here