Аспанда апамның түткен жүніндей будақ-будақ бұлт болғанымен, басы бірігіп күнді қымтай алмады. Көз байлана кіреберіске төселген алашадай сетінеп, аспан тіпті кесе түбіндегі қақты күлмен жуғандай тазарған. Жаз сайын ауылдағы көзіме таныс естеліктің бәрін біртіндеп құлатып келе жатқан жеңгенің соңғы жарлығы бойынша ескі сарай бұзылуға тиісті еді. Атам екеуміз сол сарайдағы ескі заттарды шығарамыз деп, міне, кешті де батырдық. Түске дейін-ақ бітетін шаруа болатын. Бірақ, әр шығарған заттың айналасындағы атаның естеліктері таусылар емес. Әсіресе, бір кездері су құюға арнап жасаған астауының бүгін шөп салуға да жарамай қалғанына қарап, заманның өткінші екенін айтып көп отырды. Ал, сол астау түбінен табылған кішігірім портрет әңгіме ауанын тіптен кеңітті. «Правда» газетіне шұқшиған бұл кісінің есімі – Ленин екен. Өзі жақсы адам болғанға ұқсайды. Тек Сталин дегені бәрін бүлдіріпті. Коммунизм, социализм, партия. Арғы жағы 6 алты жасар баланың санасына сыйған жоқ. Тек, сол күні кешкі шай кезінде келген ауылдағы аудан орталығына айдайтын көкенің: «Әкем коммунист болған ғой», – деп кішігірім суретті алып кеткені есімде. Ертең ол сурет селкілдек сары автобусында ілініп тұратынын көзіме елестеттім.  Жақсы адамның суретін беріп жібергені үшін атама қатты ренжіп, ұйықтап кетіппін.

***

Күн өзі қызық басталды. Жұмысқа келе салысымен жұмыс телефоны шыр етіп, тұтқаның арғы жағынан қария үні естілді. Ауылдың қарапайым ақсақалы емес екені дауысынан белгілі. Мені сұрайды.

  • Балам, бұл Ұлттық музейден Оразақ Смағұл көкең ғой. Сенің Тобыл ойшылы туралы мақалаңды журналдан оқыдым. Қолың бос болса, кабинетке келе аласың ба? Айтарым бар еді.

Әрине, Оразақ Смағұл деген кісінің осы жерде істейтінін және тарих ғылымына қатысы бар кісі екенін білетінмін. Бірақ, тарихтың қай саласын зерттейтінін және қандай еңбектері бар екенінен хабарым жоқ-ты. Интернетті ақтарып, біраз мәлімет оқыдым.

1930 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Ғалым-антрополог, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. 36 экспедицияға қатысып, 20-ға жуық еңбектері АҚШ, Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия, Италия, Германия, Франция, Дания сынды мемлекеттерде жарық көрген.

Бұл мәліметтер менің алдына баруға деген қорқынышымды тіптен ұлғайтты. Тарихи тақырыпта мақала жазғаным үшін өзімді сөгіп келемін.

  • Армаңыз көке.
  • Ә, келе ғой. Төрлет… Айтайын дегенім мақалаң ұнады. (иықтан ауыр жүк түскендей болды) Бірақ, ендігі жерде ол мақалаңды толықтыра түссең болар еді. Тарихи тұрғыдан емес, өнертанушылық, философиялық тұрғыдан. Өйткені, біздің далада көкке қарап ойланып отырған мұндай ескерткіш біреу-ақ және бұл ескерткіш көшпенділер мәдениетінің озық үлгісі. Жаугершілікте ат үстінде өмір кешкен көшпенді халықта өнер болуы, оның ішінде мүсін өнері болуы мүмкін емес деп мұрынын шүйіре қарайтындардың аузына құм құятын бірден-бір жәдігеріміз осы – Тобыл ойшылы. Әрине, берідегі балбал тастарға ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, бұл мүсіннің балбал тастардан 2500 жыл бұрын, яғни, бүгінгі күннен 4000 жыл бұрын жасалғанын ескерсек, еріксіз зерттей түсу керек екеніне көзіміз жетеді. Сол зерттеулер арқылы ғана біз осы ескерткішімізді қазаққа басыбайлы байлап ала аламыз.
  • Оған не зерттеу керек? Біздің даладан табылғанының өзі жетпей ме?
  • Археологияда мұндай заңдылық жүрмейді және бұл жұмысты археологтар атқаруы керек еді. Бірақ, олар қалалардан қыш құмыра қазып, еңкейіп ескі тиындар теруден ары аса алмай жүр. Егер, қазақ топырағынан қазған дүниесін қазақтыкі екенін немесе шет елден әкелінгені туралы толықтай зерттеп жазып бере алмаса, сонша құмыраны қазып, қатарлап музейлерге тізіп қойғанның не керегі бар? Музейге адамдар қыш құмыралар мен ескі тиындарға қарау үшін емес, тарихын түсіну үшін келеді емес пе? Ал, бізде археология бір жақта, тарих бір жақта, ал музей өз алдына бір жаққа кетіп бара жатыр. Бұл үшеуінен тіптен саяқ қалған антропология ғылымы әлі сол кеңестік кезеңдегі қысымнан шықпаған сияқты.
  • Кеңес дәуірінде антропология қысымда болды ма сонда?
  • Кеңес дәуіріндегі қатты қадағалауда болған ғылымдардың бірі осы – антропология. Сталиннің өлімінен кейін ғана көп антропологтардың алдында ғылымға деген жол ашылды. Сонда да болса қадағалау қатты еді. Менің 1977 жылы жарық көрген «Қазақстанның этникалық географиясы» атты кітабым отқа өртелді. Ол еңбекте қазақ халқының антропологиялық, генетикалық, популяциялық тұрғыдан айырмашылықтарын анықтаған едім. Әрі, мен зертханашыл антрополог болғаным жоқ. Зертхана терезесінен кімнің мүрдесін зерттеуге әкеледі екен деп телміріп отырған емеспін. Қазақ даласын 3-4 рет айналып шықтым. 3000-ға тарта ер адамдар мен 2000-ға тарта әйел адамдардың қан жүйесін қағазға түсіріп, өзіме керекті мәліметтерді жинақтадым. Нәтижесінде, қазақтың руға, жүзге қатысты ешбір айырмашылықтары жоқтығы анықталды. Әрине, мен таза эксперимент үшін қазақты үш жүзге бөліп зерттеген болатынмын. Міне, Кеңестік қызылкөздердің көзіне осы түсті. Кітап соңындағы біздің бір-бірімізден айырмашылығымыз жоқ тұтас ұлт екенімізді, қазақ халқы мен оның тегі антропологиялық тұрғыдан 4000жылдан бері жасап келе жатқан біртұтас, бөлуге келмейтін антропологиялық ұжым екенін жазғаным емес, шартты түрде үш жүзге бөліп зерттегенім мені КГБ мылтығының қарауылына 10 жыл бойына іліп қойды. Жә, қазір маңыздысы ғалымның қиналғаны емес, оның артында қалдырған еңбегі ғой. Осы еңбек қазақ халқының руға, жүзге бөлінуі территориялық және саяси негізден өзге сүйенері жоқ бөлініс екенін анықтап берді. Бірақ, бұл еңбек елімізден гөрі, шет елдіктерге танысырақ.
  • Өртелді. Қазіргі күні қайта басып шығаруға болмай ма?
  • Болады. Бірақ, әлемдік стандарт бойынша біздің саладағы еңбектер 10 жылдан кейін өзінің маңызын жоғалтады. Ескірген еңбек болып саналады. Өйткені, ғылым дамуы керек. Ал, қайта зерттеп, қайта жазып шығуға менің 87-ге шыққан ағзам төтеп бере алмайды.

Осы тұста университетте оқыған сырты ауысып, қайта басылып шыға беретін әдебиет оқулықтары көз алдымда көрме ұйымдастырды. Кеңестік реализм туралы жазылған еңбектерді университетте әлі күнге дейін оқыту – жаңа шекпен тоқып алатын жүнмен ескі шекпенді жамағандай әсер қалдырады.

  • Сіздің замандастарыңыздың көбінің көкірегінде кешегі өкіметке деген сағыныш бар. Сіз сағынбайсыз ба?
  • Адам жақсы көретін дүниесін ғана сағынады емес пе?
  • Иә.
  • Ал, жақсы көретін адамыңды өлтірген адамды сағына аласың ба?
  • Ол мүмкін емес қой.
  • Менің де өз шешемді өлтіріп, өгейдің қабағына телмірткен жүйені сағынуым мүмкін емес. 3 жасымда 1933 жылы аштықтан анам дүниеден өтіп, денесі суығанда да мен еміп жатыппын. Өзі аш жүрген, енді келіп жүрегі соғысын тоқтатқан кеудеден не сүт шықсын? Менің ештеме есімде емес. Анамның дидары, басымнан сипағаны. Санамда тіпті секунттық кадр сақталмаған. Ана туралы ойлағанда менің көзіме алдыма ештеме келмейді. Сондықтан, өз баласына еміреніп, еркелетіп жатқан ана көрсем қызғанып кетем. Ес білгенімде 1937-1938 жылдар еді. Ойда отырған ауыл желкесінен мәшине көрінген сайын тығылатын жер таппай жанталасамыз. Әр сәбидің көзінде қорқыныш болатын. Өйткені, ол мәшине бос қайтпайды. Ал, мінген адамның қайтып келгенін көрген емеспіз. Ол жылдар өтіп, енді тойынып, аузымыз көкке ілінді ме дегенде соғыс басталды. Ресейден дұрыс сақталмай, үсіп кеткен картоп келеді. Ол жұмысқа жегетін өгіздерге берілу керек азық. Бірақ, балалар қорада жиналып, оны отқа қақтап өгіздермен бірге жедік. Күйелеш-күйелеш болып отырып әрқайсысымыз іштей өлімді ойладық. Ойымызша, біз өлсек соғыс аяқталатындай көрінетін. Біздің сол шақтағы санамыз осыған жетті. Тек бізді өлтіру үшін болып жатқан соғыс секілденетін. Өстік. Жетілдік. Оқыдық. Одан кейінгі КГБ-дан көрген азабымды жоғарда айттым. Әрине, қанша қасірет шектірсе де, ол жүйеге ашық қарсы шығу мүмкін емес еді. Сонда да қырсығып бақтым. Қырсықтығым сол, ешқашан партияға кірген емеспін. Коммунист болған емеспін. Бұл үшін де қудаландық. Ал, енді осындай мемлекетті мен не үшін жақсы көріп, не үшін сағынуым керек?

Иә, Кеңес өкіметін сағынушылардың дені соғыстан кейінгі ұрпақ сияқты. Оған дейінгіні көргендердің көздерін шел баспаса, сағына қоюы не ғайбыл. Әй, бірақ соғыс өзінің алдындағы қасіреттің бәрін сыпырып кеткен болуы керек. Халық санасында алыс қырғыннан гөрі жақын қырғынның қасіреті көп сақталмақ емес пе? Ұмытты. Ұмыттырды. Өйткені, “Бұл кезең – ұмыту кезеңі…” Беріде жазылған осы жырдың қай заманға да тән екенін аңғару қиын емес. Адамзаттың барша кезеңі ұмытудан тұрады. Адамзаттың қатігездігі де осында болар. Қатігездік демекші…

– Аштық жылдары бала-шағасын асырау үшін қырманнан астық ұрлағандарды өз балалары ұстап бергені туралы деректер баршылық. Менің санама сыймайтыны, перзенттік махаббатты нендей идеологиямен өлтіруге болады?

  • Біз 300 жыл бойы орыс отарында болдық. Сол 300 жыл біздің санамызға орыстың күштілігін сіңдіріп, орысқа жағымпаздануды үйретті. Соның әсері болар. Бірақ, адамның махаббатын жойдырған нендей идеология екені маған да беймәлім. Мен де осыған жауап іздеймін. Өйткені, өз санамда да Кеңес өкіметін қанша жек көрсем де сол идеологияның салқыны сақталған. Ол салқын, маған әлі күнге дейін Кеңес өкіметі құламаған секілді көрінеді. Ол бір тасада шыға келетін оңтайлы уақытты аңдып, тығылып отырғандай. Мен миымның, санамның ең түкпірінде бұл мемлекетті жек көрсем де, сол мидың бекі қабаттары оның құлғанына күдікпен қарайды.
  • Бұл қорқыныш па?
  • Қорқыныш деп ойламаймын. Тек біздің санамызға бұл өкіметтің ешқашан құлаймайтыны сіңіп қалған ғой.
  • Шынында да осындай алып мемлекеттің құлауына не себеп? Біреулер Американың қатысы бар дейді…
  • Жоқ, оны ешкім құлатқан жоқ. Кеңес өкіметін большевиктердің өздері құлатты. Өйткені, партия білімсіздердің ұйымына, билік сол білімсіздердің қолшоқпарына айналды. Осылай, ішін қызылқұмырсқа үңгіген қара ағаштай қаудырлаған бұл өкімет бір күндері морт сынды. Сынып қана қойған жоқ, баршамызды таң қалдыра құлады. Біз сактарльды санаған құндылықтардың барлығын дерлік бауырына ала құлады. Бірақ, дүние төңкеріліп түссе де, өзгермеген бір нәрсе бар. Сана.
  • Ол қашан өзегруі мүмкін?
  • Белгісіз. Қоғамның дамуы мен жастардың тәрбиесіне байланысты.
  • Біз не дегенмен тәуелсіздіктің дәмін туа салып татқан ұрпақпыз ғой. Осы ұрпақтың келуімен бәрі өзгерер?
  • Мүмкін. Тек, оларды тәрбиелеп отырғандар Кеңес өкіметінің тәрбиесін алғандар емес пе? Қорқыныштысы да осында. Мен ойлаймын, кез-келген қазақтың түпкі санасында “қазақ” деген таңба бар. Ол таңба адам миына қандай идеология енгізілсе де өшуі мүмкін емес. Өйткені, адам өзгергіш келгенімен, ген өзгеруге аса икемді дүние емес қой. Біздің мақсат, сол беті былыққан сананың тереңінде қалып қойған түнекке шырақ жағу.
  • Әңгімеңізге рақмет, көке.
  • Келіп тұр.

***

Көзінде ғана емес, санасында жалтақтығы басым біздің ұлттың терең түнегіне қалай жарық түсіруге болады? Бұл мәселені Елбасы да соңғы мақаласында біршама деңгейде көтерді. Біздің жалтақтық осы мақала тұсында тағы бір көрініп қалды. Аталмыш мақаланы талдау жиналыстарында: “Біз айта алмай жүрген дүниені дөп басты” деген мадақтаулар айтылды. Бұл ең жиіркенішті мадақ болатын. Тік тұрып шапалақ соғасың. Жүйе солай. Кейде осындай жиналыстардан шығып, базарға немесе қарапайым құрылысшылар арасына тартып отырғың келеді. Өйткені, олар еркін. Өз жерінде жүргенін сезіне алады. Ашу қысып кетсе өзіне ұнамаған өзге ұлтың өкілімен төбелесе кетуге де даяр. Мәдениеттілік сақтамай, бұл менің жерім деп айта алады. Әрине, мәдениетсіз деп, басқа деп кінә қоюға әсте болмас. Бұл тәуелсіздік алған жылдары орындалу керек іс болатын.

“Коменданттық сағат” дегенді естіген боларсыз. Бір қаланы әскер жаулап алғаннан кейін, бірнеше сағатқа дейін ол қаланың тұрғындарын таңдамай қыруға рұқсат беріледі. Осы сағат “Коменданттық сағат” деп аталады. Бұл әскердің рухын көтеріп, өзін қожайын сезінуі үшін керек болған. Кеңес өкіметі құрылғанда да кедейлерге билікті беріп, бай-кулактарды қырғызуының өзінде осындай астар бар. Мүмкін, біздің елде де егемендік алғаннан кейін осындай дүние жасалу керек пе еді? Әрине, қарадүрсің түрде емес.

Қалай дегенмен де өткен іс – өтті. Енді Елбасы айтқандай сананы тәрбилеу қалды. Біздің қоғамға әкелерінен естіген қоғамды аңсайтын емес, болашаққа нық қадам жасай алатын, ойы азат ұрпақ керек. Ол ұрпақ туады және туып та қойған.

***

Дарбаза алдына келіп, өгіздей өкіріп, қайнаған шәйтектің қақпағындай селкілдеп тұрған сары автобусқа апам асығып барады. Кеше пенсия берген болатын. Бүгін бүкіл ауыл аудан орталығына көшіп бара жатқан сияқты. Бөлке нанға ұқсас осы бір сары автобустың дауысы өзінен әлдеқайда озып жүретін. Ауыл, балалары үшін автобустың ауылдан кеткені емес, келе жатқаны қызық. Әр үйден кеткен бір делегат кешке сөмке-сөмке азық-түлігін көтеріп түсіп келе жатады. Оның ішінде балаларға деген базарлық та жоқ емес. Қуанатынымыз да, күтетініміз де сол.

Сары автобус батып бара жатқан күннің шапағынан тіптен қызара бөріп, кешке қарай ауылға кіріп келе жатады. Сол күні де дәл солай болады деп ойладық. Балалар көше бойына жиналып алып, апаларымыз бен шелеріміздің артынып-тартынып көліктен түсіп келе жатқанын елестеттік. Бірақ, батқан күнмен таласа ауылға автобус кірген жоқ. Ескі салдабаны бұзылғанға жорып, жүргізушісі Сақаңның мәшинені мықты жөндейтінін айтысып, балалар үйді-үйдіге тарағанбыз. Қараңғылықпен қоса қаралы хабар жетті. Артынан қолында дымы жоқ апам кірді үйге. Сары автобус аудан орталығынан қайтар жолда өртеніп кетіпті. Темірдің өртенгенін кім көрген?! Өрт шыққаннан сыртқа ұмтылып, бар ауылдың алған азығы отқа оранған. Аман келгендеріне шүкірлік айтысып, апам мен атамның арасында алдағы айдың жайы не болары сөз болып кетті. Мен базарлықсыз қалдым. Сол түні ауылдың бар баласы сары автобусқа лағнет айтты.

Одан бері 17 жыл уақыт өтті. 17 жыл бойы сары автобус оралған жоқ. Ауылдың бір айлық азығын отқа өртеп, жолдың бойында қаңқасы ғана жатты.

Осылай Кеңес өкіметін өгіз мініп қарсы алған ауылдан Кеңестің көзіндей болған өгіз автобус мүлдем жоғалды. 3-4 жыл бұрын ауылға келген темір алушылар оның қаңқасын кескілеп, артып алып кеткеніне куәмін. Кірпігімнің дымқыл тартқаны да, оны іштей сағынатыным да рас. Бірақ, бұл сағыныштың соңы біз болармыз. Ауылдағы бізден кейінгі іні-қарындас сары автобустың бықсыған көк түтініне қосып селкілдегенде еденінен көтерілер шаңды жұтқан жоқ. Әрі, бұл автобусты ауылда ешкім сағынған да жоқ. Өйткені, жаңадан келеген шетелдік жүрісі жайлы автобус сары темір туралы ойлардың бәрін өшірген еді. Біздің көңілдегі сағыныш та ұзақ жүре қоймас. Өйткені, “бұл кезең – ұмыту кезеңі…”

Қош! Қош бол, Сары автобус! Қош бол, “Правда” газетіне шұқшиған “жақсы адам”. Қош бол, КОММУНИЗМ!

Досхан Жылқыбай


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

2 ПІКІРЛЕР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here