Алланың дәргейінен қуылған Ібіліс Адам атадан кек алуды ойлады. Жұмаққа жасырын келіп, қараса Хауа анамыз жыланмен сөйлесіп отыр екен. Ібіліс Хауа ананы азғыру үшін, алдымен, жыланды арбауды ойлады. Бірақ жұмақтың есігін күзетіп тұрған періштелер оны ішке кіргізбеді. Ібіліс не істерін білмей тұрғанда, ұшып бара жатқан тауысты көрді:
– Әй, тауыс, сенің даусыңа бұрыннан ғашықпын. Періштелерге сені мақтаушы едім. Маған жәрдем бер, – деді. Тауыс Ібілістің сөзіне масаттанады.
– Не керек?
– Маған жыланды шақырып бер, – деді. Тауыс жұмақтың ішіне кіріп, жыланды шақырып әкелді. Ібіліс жыланға қарап:
– Әй, жылан, менің әкем Жаблит сенің де бабаң еді. Мен Адамның кесірінен Құдайдың рақымынан құр қалдым. Туыстық ақым үшін маған кек алуға көмектес, – деп азғырды.
– Не істей аламын? – деді жылан.
– Тіліңнің астына жасырып, жұмаққа алып өт. Хауаның жанына барғанда өзім айла қыламын, – деді. Жылан мақұл көріп, Ібілісті тілінің астына жасырып, жұмаққа алып кірді. Олар Хауа ананың жанына келді. Ібіліс тілінде жатып, жылан болып жылады. Хауа ана жанына келіп:
– Әй, жылан, неге жылайсың?– деп сұрады.
– Сендерді қимаймын. Әзірге уайымсыз жүрсіңдер. Бірақ бұл дәурендерің таусылады. Ертең өлесіңдер. Соны ойлап қайғырамын, – деді. Хауа ана:
– Өлім деген не? – деп шошып кетті.
– Өлім – қараңғы қапас. Пейіштегі күллі қызықтан мәңгілікке кесілу, – деді.
– Ажалдан құтылудың айласы бар ма? – деп сұрады Хауа ана.
– Бар. Тыйым салған жемісті жесең, Алла сияқты мәңгі жасайсың. Алла тағала өзінен басқа ешкім мәңгі жасамас үшін солай тыйым салды, – деді. Бұл сөзге иланған Хауа ана бидайдың бір дәнегін жеп қойды. Екінші бір дәнін алып Адам атаға келді:
– Әй, Адам, менімен мәңгі бірге болғың келсе, мына жемістен дәм тат. Жеп көрдім, зияны жоқ. Бұл бізге мәңгі өмір сыйлайды, – деді. Адам ата Хауа ананың сыңғырлаған үніне елтіп, уәдесін ұмытып кетті. Бидайдың бір дәнін аузына салып, дәнекті жұта бергенде, Жебірейіл періште оның алқымынан ұстай алды. Бидай дәні өңешінде не әрі, не бері жылжымай тұрып қалды. Адам не істерін білмей, тұншығып қалды. Ер адамның кеңірдегіндегі бармақтай түйін содан қалыпты.
Адам бұған дейін қалдық шықпайтын жұмақтың ең асыл тағамдарын таңдап жейтін. Олар тұңғыш рет жер тамағын жеді. Адам асқазаны бірінші рет ас қорытып, нәжіс шығаратын болды. Онда пейіштің былғанатыны анық еді. Сол сәтте Алла қаһарына мінді. Адам жәннаттық мәртебесінен айрылды. Алланың әмірімен олар пейіштен қуылып, жерге түсті. Жеп қойған бидайдың қалдығы асқазанда отыз күн қорытылмай жатып қалды. Одан түгел тазару үшін Алла оларға отыз күн ораза ұстауға әмір берді. Содан бастап Рамазан айында отыз күн ауыз бекітіп, ораза ұстау парыз болды.
Алла тағала тауыс пен жыланды жазалады. Тауыстың жұмақта тағынған асыл тас, гауһарларын тартып алды. Қырық қанатынан екеуін ғана қалдырды. Ол кезде жыланның бойы түйедей, денесі жақұттан, көздері лағылдан еді. Арқасында екі қанат тұратын. Енді жылан аяқ-қол мен қанаттан қатар айрылды. Жер бауырлап, ирелеңдеп жүруге мәжбүр болды. Осыдан бастап жыланның Ібіліс паналаған тілінің астынан у шығатын болыпты. Тауысты Иеменге, жыланды Ыспахан, Ібілісті Басра жеріне түсірді.
Адам ата Үндістандағы Сарандиб тауына, ал Хауа Ана Жиддә тауына түсті. Олардың жылаудан көз жастары құрғамады. Құдайдан кешірім сұраумен жүрді. Адам ата қайғыдан басын көтере алмады. Бір күні Алладан:
– Әй, Адам, көтер басыңды! – деген әуез келді. Адам жоғары қараса, бір заманда өзі мекендеген пейіштің маңдайшасынан «Лә иләһа илла Алла, Мұхамбет расул Алла» деген жазуды көрді.
– Иә, Алла, бұл кім? – деп сұрады.
– Бұл менің сүйіктім, сенің ұрпағыңнан ақырдың соңында шығатын Мұхамбет атты пайғамбар. Оның үмбеті бәрінен қадірлі болады, – деді.
Сол кезде Адамның Хауа ананы алған кезде, Мұхамбетке он рет салауат айтқаны есіне түсіп, егіліп жылады. Алла тағала:
– Мұхамбеттің шарапатынан бүкіл ұрпағыңның күнәсін кешіріп, пейішке қайта кіргіземін. Дидарымды көрсетемін. Шарты – ұрпағың хақтың жолына бекем болсын, Мұхамбетке салауатты көп айтсын, – деді.