Бірде Жапон еліне саяхаттап барған жолаушы былай деп жазады: «Мен Токио метроларының бірінен түсіп қалып, жаяу аяңдап келе жаттым. Көшеде таяқ тастам жерде сәбиін көтерген бір әйел кетіп барады. Кенет әлгі әйел дауыстап әлдекіммен әңгімелесе бастады, алайда оның қасында ешкім жоқ. Мен жан-жағыма қарадым, бөгде кісі көрмедім. Кейін аңдап қарасам, әйел құндақтағы баласымен сөйлесіп келе жатыр екен. Бәлкім, туғанына екі-үш ай шамасы болар, бөбегіне жол бойы «қазір қайда бара жатқандарын, қай бекеттен автобусқа отыратынын, сосын не істейтіндерін » бәрін түсіндіріп келеді. Мен бұған таңдана қарап қалдым…»
 

 

Сондықтан болар, жапон балалары әуелі аяғын баспас бұрын, алдымен тілі шығып, тез сөйлеп кетеді екен. Жапон аналары балаларын өзімен бірге алып жүріп, сырттың және үй ішілік жұмыстарын атқара береді. Тағы бір қызығы, күншығыс елінің дүкендерінде балалы әйелдерге арналған бұрыштар жеткілікті. Мәселен, бір дүкенге бас сұқсаңыз, мұнда анасының да, баласының да киімдерін қатар ұшыратасыз. Тіпті қажет болса, анасының күртесінің омырау тұсында баласын салып алып кете беретін қалташалары бар киімдер де бар. Жейделерінің қалтасында екі бас киім кездеседі. Бірі анасына, екіншісі баласына арналып тігілген.

Дегенмен, бұл қазіргі кездегі заманауи бала тәрбиелеу тәсілі екен деуден аулақ болыңыз, тек бұл үрдіс жапондардың ежелден келе жатқан қанына сіңген әдет-ғұрпы екен.

Баланы арқаға салып тәрбиелеу тәсілі

Жапондардың отбасында бала саны бірді-екіден аспайды. Әйтсе де, мұнда бойжеткендер тұрмысқа шыққаннан кейін бала тәрбиесімен үйде отырады. Алайда, ұзамай жұмысқа шығады. Көбінесе қандай жұмыс түрі болмасын баласын алып жүреді. Мұны жапондықтар ерсі көрмейді. Керісінше, бір жастан жаңа асқан бөпесін, не болмаса мектеп жасына жетпеген балақайды тастап жұмысқа шығып кету және жұмыс үшін перзентін басқа адамға бақтырып қою – ерсі. Олардың түсінігінше өзінің жауапкершілігін басқа адамның мойнына артып қойғанмен, бөтенге ысыра салғанмен бірдей.

Бірақ, баласы бар аналарға ешқандай жеңілдік қаратырылмаған. Әйел жұмысқа уақытылы келіп, жұртпен бірдей кетуі тиіс. Әрине, әйелдер мұндай жағдайда тек баламен жүруге ыңғайлы жұмыстарды ғана атқара алады. Кез-келген жұмысқа балалы әйелді ала қоюы екіталай. Бір таңғаларлығы Жапонияда мектеп жасына дейінгі балабақшалар тым аз. Жұмыс уақытысында бірнеше сағат бойы баланы қарап отыруға алып қалатын мекемелер ғана бар. Бұл жерде баланы көп нәрсеге үйретеді. Мәселен, қалай сыпайы сөйлей алу керек, мәдениетті бола білу, достаса білу секілді әдеттер мен логикалық сабақтарды үйретеді.

Ал, үйге келгенде күндізгі балабақшадан үйренген, жаттағандарын анасымен бірге қайталайды. Бірге ойнайды, бірге тақпақты айтады. Егер тамақ пісіріп, үй жинап, ыдыс жуу керек болса, аналары кішкентай бөбектерін арқасына таңып алады. Үй-ішілік жұмыстарды атқарып жүріп, міндетті түрде баламен сөйлеседі. Ән айтады. Тіпті қажет болса, осылай дүкенге де барып келеді. Мұның барлығын жапон әйелдері қабақ шытпай орындайды. Бәлкім содан болар, балалар сабырлы келеді. Қиғылық салып жылай бермейді. Тек анасының үстінен барлығын бақылап отырады. Мүмкін, анасының қолы бос емес екенін, әйтсе де, өзіне көңіл бөліп, әңгімелесіп, ән айтып беріп жүргенін бала түпкі санасымен ұғынатын болар. Мұндай бала анасымен бірге жұмыс атқарып жүргенмен бірдей, әрі өмірге деген жауапкершілікті сезініп өседі.

Қай кезде аналары демалып, көз шырымын алады?

Бала ұйықтаған сәтте анасы дереу ұйқыға кетуге тырысады. Яғни, бала ұйықтағанда анасы да тыныстап, ұйықтап алғанды жөн санайды. Оянған кезде анасы да қатар тұрып, әлгіндегі шаруаларына кіріседі.

Жапондардың тағы бір ерекшелігі олар да қазақ халқы секілді балаларын қасына алып ұйықтайды. Кереуеттен гөрі еденде жатады. Бұл омыртқа сүйектерінің дұрыс қалыптасуына пайдалы деп түйеді. Нарықта сан алуан кереует түрі көп болғанмен, жапондар жерге жату әдеттерін тастамай келеді. Себебі, жерге жату – кеңдікті, шексіздікті білдіреді.

Неге ата-аналары балаларымен бірге ұйықтайды? Бұл әрине батыс елдері үшін өте ыңғайсыз. Көптеген елдерде баланы бөлек өз алдына кереуетке  немесе балалар бөлмесіне жатқызады. Ал, жапондар мұны былай түсіндіреді: баланы бірге алып жатудың тарихы ертеден келе жатыр. Бұл халық кезінде аштық пен жоқшылықтың зардабын көп тартқан себебі, балаларының түнде қарны ашып қалмас үшін емізуге қолайлы болғандықтан, бір төсекте ұйықтайды. Сосын түнде көрпесі ашық қалып тоңып қалған жағдайда, анасы денесімен баласын жылытып жатады. Ал, егер көрпесі ашық қалғанын сезсе, дереу жаба қояды деп түсіндіреді.

Жапондар балаларына өте мейірімді. Оларды жиі серуендеуге, саябақтарға алып шығады. Сенбі-жексенді күндері ата-аналар төрт көздері түгел серуендеуге шығады. Әсіресе әкелерінің алдында отырған балаларды жиі жолықтырасыз. Жапондардың сөйлеу мәнерінде дөрекілік болмайды. Негізінде тәрбиелеудің ең үлкен маңызы – балаға алдымен өзің үлгі бола білу керексің деген ұстанымда өмір сүреді.

Балаларын жазалау, жазаға тарту керек болса, қас-қабақтарымен білдіреді. Үндемей жазалайды. Егер әкесі жауап бермей үнсіз қалса, бұл келіспегендіктің белгісі. Баласын жазалау, құптамау деп түсінуге болады. Жалпы жапондардың өзі ым-ишарамен, қас-қабақпен түсінісетін халық. Қасындағы адамның шын пікірін, көзқарасын түйсігі арқылы біліп отырады.

Жапондар балаларын кең болуға, кешірімшіл, ілтипатты, үлкенді құрметтей білуге, біреудің ала жібін аттамауға, қиянат істемеуге тәрбиелейді.  Байқағандарыңыздай, жапонның бала тәрбиелеу әдісінде қазақ халқына ұқсас тұстары көп екен. 

daryndybala.kz

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here