Күндіз Нұрпән үшін уақыт тез өтеді және жанын жегідей жеген уайымы жарықтың әсерінен сәл де болса сейілетін тәрізді. Иә, тысыр еткен тосын дыбыс та адамдардың дауыстары, жалпы төңіректегі өмірдің тынысы оның көңілін аулағандай – жаман ойдан тысқары қақпайлап, шамасы келгенше алдарқатушы еді. Күн ұясына отырып, ел кешкі астарын ішіп, өзді-өзі болып жекеленетін шақ: қыздың сары уайымын сыздатып, сүйегімен қоса сырқырата бастайды. Сонау таң алдында ғана талықсып барып, жылбысқа терге малынған әлсіз, еті қашқан арық денесі жансызданып, жүрегі мен тынысы да жандәрмен хәлге жеткенде, көзі ілінетін. Он тоғызға жаңа аяқ басқан, бар дәурені тек алды да сияқты көрінген жас қыздың соңғы күндері – осындай, бейнетті өтіп жатты…

 

Кеудесімен топ жылқыны жара ортаға қарай өңмедеген күрең байталдың қыр соңынан Нұрпән де қалар емес. Алғаш тастаған шалмасы қалт кетіп, атты үркітіп алған еді. Күрең өзінің қыр соңынан түскен қатерден қалай құтыларын білмей, жан ұшыра қашып бағуда. Осы арада сырттай бақылап тұрғандардың бірі:

–          Құрық ал, бұғалықты құрықпен таста! – деп дауыстады. Нұрпән оған

мән берген жоқ. Астындағы атын бір тебініп қалып, орайы келді-ау деген тұста шалманы сілке, зу еткізді. Қыл арқан күрең байталдың сүйрік мойнына тұзақ болып оралды. Тосын нәрседен шошыған жылқы жабысқан пәледен құтылмақ болып, кері шегіншектеп, көздері алайып қасарысты да аяқ-асты қыймылын өзгертіп, алдыға қарай секірді. Алдыңғы екі аяғын аспанға сермелеп, айбат шеккендей сес көрсетті. Сосын қыл арқанды кере сүйрей жөнелді. Осы сәтте Нұрпән де шалманы тақымға басып үлгерген-ді. Біраз сүйресіп барып, арыны саябырсыған күрең танауынан кеткен қанды пысқырынып, қылғына тоқтады. Төңіректе қаумаласып жүрген жылқышылардың бірі Нұрпәнге көмекке келіп, шалмадан ұстасты. Нұрпән аттан секіре түсіп, ұсынған жүгенді білегіне іле,  арқанды бойлай асаумен екі араны қысқарта бастады. «Тыр, тыр… жаман қыз, сонша шошығаның не?» деп байталды жұбатқан жұмсақ лебізбен таяп барып, күреңнің басына жүгенді лып еткізді. Көзі ілеспес жылдамдықпен ауыздығын салып, сағалдырығын да тиектеді. Сосын артына бір қарап жымиды да сол қолымен жалдан тарта асауға жайдақ қарғып мінді…

Қаумалай қарап тұрған екі-үш еркек таңдайларын қаға бас шайқасты.

–         Ұл болып жаратылтатын бала ғой!

–         Иә, қылығының бәрі ұлға ұқсайды.

–         Баяғының кезінде туса батыр қыз атанар еді! Не бір ержүрек, азаматқа

бергісіз елін қорғаған қыздарымыз болды ғой! Тфа, тфа көз тимесін!..    

–         Аттың құлағында ойнайды! Қарашы… мен әлдеқашан жығылып қалар

едім!

–         Сен қойға мінгенге шеберсің ғой!..

–         Қазір көресің байтал тулап болған соң не істейтінін.

–         Ерттейтін шығар? Әй, ертоқым қайда?!

–         Бәрі дайын, тосып тұрмын.

Күрең байталдың қан сорпасын шығарып, ары-бері көсілтіп шауып, әбден діңкеледі-ау дегенде Нұрпән тізгінін тартып, езуі қанды көбіктенген асауды тоқтатты. Сосын аттың мойнын құшақтай сыпырыла түсіп, байталдың қос құлағынан шәп берді де жерге тұқыртты. Анау алғашқыда басын бұлғақтатып, бой бергісі келмей қарсылық танытты. Бірақ Нұрпән оны салмағын сала,  күшпен тұқыртып, ақыры тізе бүктірді. Осы арада қыз басын изеп, ертте дегендей ым көрсетті. Ат ерттеліп, қыз қайта қонды. Шап айылы  күреңнің қытығын келтіріп, тағы тулауға кірісті. Жайдақ мінгенде жығылмаған Нұрпәнға байталдың бұл сілкілеуі ойын секілденді.

 

Спорттың әр түрінен мектеп оқушылары арасында ауданаралық жарыс өтіп жатты. Нұрпән жеңіл атлетикадан жүгіруге және баскетбол, волейбол сияқты ойын спортына да қатысып, жақсы нәтижесімен көзге көрінді. Жанкүйерлер мен спорт маңындағыларға ол қыздың бойындағы сарқылыс дегенді білмейтін қуаттың молдығына таң болды.

–         Шаршауды білмейтін бала екен! – деп біреуі таңдай қақса, екіншісі: –

дұрыс тәрбие алса, олимпияда шемпионы болатын қыз! – деп қостады. Қыздардың ойынынан гөрі олардың түр-сымбатына молырақ назар аударған жігітсымақтың бірі: –  Анау, аққұба бойшаң қыздың дене бітімін қарашы! – деп тамсанса, келесісі: – Сенің де сілекейің шұбырып тұр екен ғой! – деп аузын сылп еткізді.

–         Айтпады деме, мен бұл қызды қолға түсірем!

–         Сілекейіңе шашалып қалма!..

–         Кел, бәс тігісейік. Бүгін кешке оны мендік етемін!

–         Қимылына қарағанда әуселең жетпей қала ма деп қорқам!

–         Білемін, бұндай асау қыздардың қай жерінен ұстап жуасытатынын!..

–         Сүйегің сау қалса оған да тәуба дерміз… сәттілік!

–         Ей немене деп тәжікелесіп тұрсыңдар? – деп анадай жерде ойынды

беріле бақылап тұрған үшіншісі ентелей жақындады.

–         Өй, мынау ғой… бәлиғатқа толмаған ана бір сүйрік қызға көзі түсіп!..

–         Сотталайын деп жүрсің бе, әңгүдік?

–         Бәлиғаты несі? Қарасаңшы бойына! Неше рет класта қалған сақа қыз.

Ух шіркін, қарасаң көзің тоймайды, енді ұстап уысымның айызын қандырсам! Бұлт-бұлт ойнаған таза бұлшық ет!

–         Сен осы манияқ емесі бе?

–         Мынадай қыздар, амалсыз манияқ қылады!..

Нұрпән ойыннан соң, жуынып-шәйініп енді төмендегі асханаға бет алғанда есік қағылды. Өзімен бірге тұратын екі қыздың біреуі шығар деп ол алаңсыз есікті ашты. Бет алдында аузынан арақ мүңкіген, жақ сүйектері адырайған, ала көз, бойы серейген біреу тұрды. Оның қос қолтығының астынан тағы бір-бір бас ыржия сығалады. Қыз есікті қайта жаппақ болғанда ана үшеуі әл бермей жапырыла ішке енді.

–         Сендерге не керек?! – деп Нұрпән жиырыла кері шегінді.

–         Бізге сен керексің, сұлу қыз. Танысайық, менің атым Жора! – деп ала

көз арбиған алақанын созды. Жандайшаптары да қолдарын ұсынып, төне түсті. Нұрпән артына көз қиығын сала барлай қарады да: – Балалар, мен сендердің қылжақтасатын кісілерің емеспін! Жөндеріңе жөнеліңдер! – деп ауыр зілмен ескерту жасады. Үш еркек кіндіктің көздері қанталап, қызыл көрген шибөрілердей ұлар-шу болып күлді.

–         Бізді «балалар» дейді… жөнімізге жүрмесек неғылмақсың? Кәне,

шешін!

–         Мен сенен кейінмін!

–         Жоқ, жөн менікі, ең бірінші байқаған мен!..

Бұлар өз ара даурығысқан сәтті пайдаланып, Нұрпән шығар тұсқа жалт беріп еді, ала көз сақ екен ыржалаңдап көлденең екі қолын кере тұра қалды. Үшеуі құлаштарын жая қызды бұрышқа қарай ығыстырды. Артында кереует, оның тұсында жалғыз терезе. Жоғары қабат болғаннан соң ба, ең абыройы темір тор тартылмапты. Нұрпән шегіншектей кереуетке соғылып, отыра кетті.

–         Міне, ақылды қыз деген осындай болады. Енді жат… – деп алакөз төніп

келгенде Нұрпән қос аяғын бауырына жиып алып, серпіле тепті. Ол тулақша қалбаң етіп, қарсы қабырғаға бір ақ барып жапсырылды да басы сылқ етіп, қыймылсыз қылжиды. Қалған екеудің еркектің намысы оттай тұтанып, қызды қосарлай бас салды. Талай тай мен құнанның мойнын тұқыртып, тәубасына келтіріп жаттыққан ол мына екеуінің қылдай мойындарын қолтығына қысып, бұйым көрмей, сүйрей түрегелді. Сол қалпымен қос сүмелекті қылғындыра ұстап, есіктен ары қарай сілке тастады. Сосын ес-түссіз жатқан алакөзді желкесінен сүйреп ана екеуіне табыс етті. Осының бәрін Нұрпән бір дыбыс шығармай, өте сақ аң секілді жіті қимылмен атқарды. Есікті іштен жапты да терезені ашып, ғимаратқа сүйкене өсіп тұрған қарағаштың жақындау бір бұтағына құсша қонып, ары қарай үстін сыдыра, ұсақ бұтақтарды сытырлата сындыра төмен құлдырады…

 

–         Абзал ағаң сені алып баруға келісті! – деп Нұрпәннің әпкесі қуанышты

хабармен келді.

–         Рас айтасыз ба, әпкетай?! – деп Нұрпән өз құлағына өзі сенбегендей

қайта толқи сұрады.

–         Жаным-ау, жалған айтып нем бар!

–         Абзал аға, өте жақсы кісі сияқты!..

–         Иә, мына қатынға үйленгенге дейін оған жетер жігіт болған жоқ! Бір

сыныпта оқыдық қой. Көз алдымда келе жатыр…

–         Отбасында бақытсыз ба?

–         Ол жұмсақ айтылған сөз ғой. Сорлы қылып тастады, көкбет қатыны!..

–         Неге ажырасып кетпейді?

–         Екі баласы үшін бәріне төзіп жүр… сол екеуін ана қатын емес, Абзал

туған секілді. Жаялығын жуып, тамағын жасайды. Баланы да бағады, даланы да қағады. Нағыз малтабардың өзі! Көкқатынның бақыты бар!

Нұрпән осы әңгімеден соң талайға дейін үнсіз қалды. Бұл бастауышта жүргенде Абзал жоғары сыныпта оқыған. Спортқа бейім, әсіресе волейболды шебер ойнайтын-ды. Өз құрбыларының арасынан бойшаңдығымен ересек сияқты көрінетін Нұрпәнді сол ойынға алғаш баулыған да осы Абзал еді. Сымдай созылған, қыймылы мен ептілігі кісі сүйсінерлік, туа біткен бұла күші денесін серіппедей атқызған жас жеткіншекті байқамау әсте, мүмкін емес-тін.   

 

Абзал Нұрпәннің осындай жағдайға душар болғанын ел аузынан естіп, «обал болған екен» дегендей – көптің бірі айтатын жанашырлық сөзбен өзін-өзі жұбатқандай болған. Көзді ашып жұмғанша сан құбылатын бұл жалған кімге опа берер. Әсіресе жақсыларға әуес келетін зымиян тәбетін айтсайшы…

Нұрпәннің әпкесі, сыныптасы және ара сыйластығы бар адам ретінде – сіңлісін қалаға апарып қаратып келуге көмектес деп өтінген-ді. Көлігін жолға әзірлеп, үйдегі және түздегі шұғыл шәруаларды қағыстырып, жоқ жерден дау шығара салатын қатынымен де қақтығысып, ақыры қақпадан да шықты.

–          Мәшиненің дүрілі естілді, әпке! – деп Нұрпән елеңдеп, көше тұстағы

терезеге жалтақтады.

–         Абзал шығар… мен барып қарсы алайын. – деп әпкесі сыртқа бет алды.

Нұрпәннің екі беті алаулап, пысынап қоя берді. Жастығының астында жатқан кішкентай қол айнасын алып, өңіне көз салды. Сәл жүдеңкілігі және көз шарасы мүлдем үлкейіп, ағының басым тартқаны өзіне ұнамады. Көзінің асты да көгілдір секілденді. Дереу опа-далақтарын алып, көріктенуге кірісті. Сапарға алатын жүк, бұйымдарды көлікке орналастырып болғанша Нұрпән да өз жұмысын тәмам еткен-ді. Маңдайы тершіп, ұйпа-тұйпасы шыққан әпкесі бөлмеге абыржи кірді.

–         Алтыным, дайынсың ба?

–         Абзал аға дайын ба?

–         «Қыз дайын болса, біз дайынбыз!» – деп күле сөйлеп, Абзал да ілесе

кіріп келе жатты. Қолқапшығын алдына ұстап, төсекте шынтақтай кеудесін көтере, тұруға ұмсынған Нұрпән – қанаты қайырылған аққуды елестетті. Абзал ойланбастан, келген бетте оны қаусыра құшақтай, көтеріп алды. Аққудың қауырсыны тәрізді салмақсыз денені – күш салмастан іліп алғанына Абзалдың жүрегі шым етіп, қызға жаны аши қарады. Нұрпән өмірінде алғаш рет ер адамның бауырына басылған болмысының өзгеше бір күйге түсіп, өзінің ғаріп жағдайынан жаңылыстырар бұлқынысты сезінді. Бұл күйдің иісі, тән сезінісі, жүректердің үндесе күпілдеуі, бәрі-бәрі өте өзгеше еді. Ол басы айналып бара жатқанын аңғарып, қос жанарын жұмды. Ғажап та тылсым күй оны шың көбелек айналдыра өз мекеніне алып бара жатты. Нұрпәннің қалауы: сол беймәлім, тән сырқатын тартқызбайтын, жанды уыздай ұйытып, тек, рахат қана таптыратын әлемнен қайта оралмау еді… Абзалдың мойнына оралған қос білегі ол үшін мәңгі қабысып, ешбір күш ажырата алмайтындай көрініп еді…

Көліктің артқы орындығына көрпе төсеп, басына биіктете жастық салған-ды. Нұрпәнді жәйлап сол орынға қыйсайтып жатқыза бергенде ол көзін ашып, өзіне төніп тұрған Абзалдың бетіне ернін тигізді де ақырын ғана: – Рақмет, Абзал аға! – деп құлағына сыбырлады. Абзал не дерін білмей абдырап, Нұрпәннің қызыл ойнаған ып-ыстық бет ұшынан өзі де еріксіз сүйді. Ар жағындағы бір үн егіле сөйледі. «О жалған-ай, күні кеше ғана дені сау ұшып жүрген бала еді!.. Неткен әділетсіздік десеңізші! Қиядан талаптана қанат қаққан қыранның балапаны тәрізді едің, қарағым-ай! Қапияда бұндай күйге қалай тап болдың? Сенің кіршіксіз таза жаныңда осындай қиянат шегерліктей түйірдей күнәң жоқ еді-ау! Кішкентай ғана періштем!»

 

Қаладағы ауруханада Нұрпән ұзақ жатпады. Жан-жақты тексерістерден өткен соң – ем-домдарын белгілеп, еліне қайтарды. Бұл жолы Абзал өз шаруаларымен өзге бір аймақта жүрген-ді. Соңғы кезде ол тұрмыстың тауқыметінен біреудің қайда екенін сұрамақ түгілі, өз басының қайда жүргенін білуден қалған сыңайлы. Сондай бір аласапыраннан оралған сәті еді, үйге әйелі асыға кіріп келіп: – Әлгі сен апаратын қыз тоққа түсіп өліп қапты! – деп жаман хабарды төбеден дүңк еткізді. Әйелінің не айтып тұрғанын қорыта алмай: – Қайдағы қыз?! – деп ол аңтарыла сұрады.

–         Есің ауысайын деген бе? Қайдағы қызы несі? Айтқанға көнбей көгеріп

алып кеткен қыз ше! Қанша бензенің зая кетті!

–         Нұрпән ба?! – деп Абзал жағасын ұстай, бетінен қаны қаша есеңгіреп

қалды. Жалма-жан сыртқа ұмтылды. Соңынан қаңылтырдай салдырлаған әйелінің дауысына мән де берген жоқ…

 

Үйге оралғалы айдан асты. Нұрпәннің о баста қаралуға барардағы алаулаған үміт оты, алабұртқан көңілі су сепкендей басылды. Үшкіре салып жазылып кететін дерт емес екенін анық айтты. Дегенмен аяққа тұрып жатқан адамдардың барлығын мысал етіп, көңіл ауларлық әңгімелерді көлденең тартты. Қарапайым кісі түсіне бермейтін медициналық сөзден тұратын табақтай қағазды, дәрі-дәрмек рецептері мен қыймыл-қозғалыс жаттығулары бейнеленген кітапша берді. Нұрпәннің бәр түсінгені бұның бойында ешқандай сынық жоқ екені. Тек, түсініксізі: екі аяғының жүріп-тұрудан қалғаны. Бұған себеп: санасына әсері өте қатты тиген уақиғаның болуы да мүмкін деген. Нұрпән жарысқа барғандағы келеңсіз жағдай туралы ешкімге тіс жарып айтпаған-ды. Соған себепкер әлгі үшеудің де кейінгі тағдырынан  хабарсыз еді.

… Қарағаштан сыпырлып түскенде бәр салмағы өкшесіне қадалғандай болған. Күллі денесі зырқ етіп, аяғы тіреуге келмей бүктетіле жығылған-ды. Ар жағы есінде жоқ. Тек, бұлыңғырлап жеткен жедел жәрдемнің айғай-шуы. Абыр-сабыр сөз бен тарп-тарп аяқ жүрісі еміс-еміс құлағына шалынған. Сосын қайта талықсып: ана бір зұлым алакөзді қосаяқтап, өңіндегідей теуіп жатқаны; қылдырық мойын екі сүмелекті қылқындыра, жанұшыра сүйрегені сурет боп, әлсін-әлсін орала берген…

Нұрпәнді таң қалдыратыны: әлгілердің бұны әйел заты болған соң ғана басынып, қорлауға құқы бардай бейбастақ, еркін сезінгендігі. Ол өзінің әлдекімнен неге қорлануы тиістігін ұға алмады. Осындай баса көктеудің болатынына және оны өз басынан кешіретініне еш қыйсын таппады. Әр нәрсенің өз себебі барын аңғарады, іштей. Тек, Нұрпәннің оған ыңғай танытқан кезі болды ма? Сол өткен шақты зердесінен қайта өткізгенде – тағдырыңның өрбуіне өз күш-жігеріңмен қатар кездейсоқтық та қатты әсер ететінін ашына түйсінді. Көңіл көгіне шөкімдей бұлт қалқып көрмеген таза дүниесі, бұндай әділетсіздікті қабылдай да ұға да алар емес. Кешегі балдәурен өмірін көз алдына елестеткенде: ертең аттар жаңа өмірдің жарқын келбеті де өзін іркіле тоса, қол бұлғап тұрғандай көрініп еді-ау… Ендігі жатысы мынау. Жастықтың бұла күші сарқылмастай болған мәңгілік қуаты да божырап, ешқашан солмастай көрінген алаулы жүзін қайғы торлады. Төменгі жақтағы жансыз тұстарын жалақ жара басты. Қолына түссе есіркеу, емірену дегенді білмейтін айуан сынды жат тағдыр – жас қыздың бір кездегі асау табиғатын күнделікті ерінбей мүжіп, еті қашқан сал денесін  салдыраған ақсүңкеге айналдыруға кіріскендей. Соңғы кездері Нұрпән де өзін – осы тағдырдың қолына тапсыруға келіскен адам сияқты, өмірдің өтінен гөрі, қарсыласы жоқ ығына қарай құлай бастаған-ды. Көзіне іркілген тұзсыз жасты саусағының сыртымен сүртіп, жастық астынан қалың дәптерді алды. Қаламсабы орнынан табылмай, ары-бері іздеп дөңбекшіді. Анадай жерге, еденге домалап кетіпті. Ұмсынып еді, қолы жетпеді. Үйдегілердің бірін дауыстап шақырмақ болды да ол ойынан айнып қалды. Онсыз да жұмсаумен бәрін жүйкелетіп, әбден сүйкімі кеткен сияқты сезінетін-ді. Мүмкін олар да осының мұңынан құтылып, еркін тыныстап, өздерінше өмір сүргілері келетін шығар. Нұрпән ас ішер де және асты-үстін тазалап, жуындыру сияқты істер кезінде ғана естеріне түсетін – мойындарына жүк, бастарына уайым тәрізді.

Дәптердің орта тұсын ашып, оқи бастады. «… Ер адамның демі мен иісін осынша тақау тұстан сезінбеппін. Мені қаңбақ құрлы көрмей көтеріп алып, бауырыңызға басқан сәт – ешуақытта қаперіме келмеген не бір ғажап көңіл-күйді толқытып, есімнен адасқандай күй кештіріп еді! Өзімнің туа біткен затымды аңғардым…» Нұрпәннің ары қарай оқуға шамасы жетпеді. Көзін тұмшалаған ыстық жас – ернеуі сөгілген бөгеттен аққан селдей төгіліп қоя берді. Көкірегінде өксік жоқ. Үнсіз егіліп отыр. Өксікке айналған үміті мен сенімінен  қайрат кетіп, қайғырумен сағыздай созылатын, сол қара кештерге жұтылған тәрізді. Аракідік теледидардан спорт жарысы, жылқы туралы көрініс көрсе елең етіп, сосын жаны жабырқай теріс қарап, бөтен бір дүниеге көзін сатқан мүсәпірдей жігері құм болатын-ды. Құрбы қыздары да келуді сиретсітті. Оларды да сөгуге болмайды. Біразы оқуға іліксе, енді біразы қалаға жұмысқа тұрақтап, арасында тұрмыс құрып кеткендері де бар сынды. Ал ауылда қалғандары ертелі-кеш бітпейтін тіршіліктің күйбеңіне жегілген. Мәнсіз-мағынасыз сияқтанатын ауыл өмірінің сарқылмас тырбаңы – адамды күн жегендей іштен тоздырады-ау. Олар бірте-бірте, осы дүниеде Нұрпән деген қыздың болғанын да ұмытары анық. Сен тағдырыңа қарсы болғаныңмен ел соған көнеді, мойындайды, уақыт өте солай болуы заңдылық деп есептейді. Түскен жара жазылар, жазылмағаны іріп-шіріп жаныңды алар. Кейбір көптің арманы – аман-есен сол күнге жетіп, адал өліммен өлу ғана секілді ме дейсің…           

Нұрпән жазбасына қайта оралды. Кеше бастаған ойын толық аяқтай алмаған-ды. Ол жанын жеген қайғыны ақ қағазға түсіріп содан жеңілдік табам ба деп үміттенген, о баста. Онысы бекер екен. Өткен-кеткенді қазбалап, қайта келмес елестерді тірілту оңайға түспеді. Әр сөзі көздің жасымен шыланды. Қалың дәптердің сөгіп алуға ыңғайлы орта тұсындағы қос бетке: соңғы наз, ақырғы өтініші немесе ақтық демі тәрізді – жан тебіренісін түсірмекші болған-ды. Оп-оңай басталғанымен, ары қарай бетке шарпыған өкініш – қарсы жауған қара жаңбырдай адым аштырмады. Келешегі жоқ ертеңді несіне үкілеймін деген ой да келді. Арманының тірсегі қиылып, тіпті, қараға ілесіп шоқаңдауға да жарамай қалғаны – қайраңда қақталған балықтың кебі емес пе… Қол созым жерде жатқан қаламсапты алуға қауқары болмаған соң – ендігі өмір не азап деп, күйрей күрсінді де санасына жарқ етіп, төтен келген мұздай ойдан тітіркене басын көтерді. Бұл шешім – Нұрпәннің жан-тәні қаламаған, шарасыз хәлінен туындаған, мына қорлау мен қорлыққа қарсы жасамақ болған соңғы айбаты еді. Ол тұсындағы тұрған төмбе үстіндегі – талайдан бері қолданудан қалған заттары арасынан, шаш түйрейтін айыртемірінің бірін алды. Сосын қабырғадағы қол созым жердегі тоқ көзіне – арасын ие кеңейткен айырды апарып қадады…    

 

Нұрпән жатқан бөлменің іші ығы-жығы ел екен. Дем алатын ауа жоқ. Бәрі кимелей ентелесіп, бірнәрсе көруге ынтығуда. Жарыса ақылдарын айтқан болады. Дауыс салып жылағандар да бар. Абзал кісілерді бұза-жара кіріп, алдыңғы қатарға жетті. Еденде сұлқ жатқан Нұрпәннің басын сүйеп, әпкесі сұңқылдап отыр.

–         Жерді қазып көму керек. Тоғын сорып алады! – деп біреуі өзеурейді.

–         Скөрійі қайда? Кісі өлген соң бір-ақ келмекші ме?! – деп екіншісі

ашуланады.

Абзал: – Сіздерге не болған? Мына жерде сау адам тұншығып өледі ғой! Бәріңіз де шығыңыздар! Кәнсерт пе, бұл? – деп елді есікке қарай ығыстыра бастады. Сосын терезені ашып, таза ауаға ерік берді.  «Рас-ау, рас-ау!» десіп, тұрғандар мақұлдай сыртқа ықты.

Сірә, тоқ көмейіне айыр шаншылған кезде қақалып, қызды темірімен қоса анадай жерге атып жіберген тәрізді. Әйтпесе, өздігінен бөлме ортасында жатпас еді. Салқын ауа бұлаңдап бөлменің бұрышын кезе бастады. Абзал қыз баланың тамырын ұстады. Соноу бір алыстан қол бұлғағандай жіңішке, әлсіз бүлкілді саусақ ұшы сезіп, жүрегі жарылардай қуана: – Тірі екен, айналып кетейін! – деп Нұрпәннің әпкесін құшақтай алды. Ол енді ғана сұңқылын тыйып, танауын қорсылдата тартып, өкісігін бас алмай отырған-ды. Абзал құшақтағанда қайта гөй-гөйге басты. Сыртта есік көзінде анталап тұрғандар өздеріне шақыру келгендей «қарғам-ай, құлыным-ай!» десіп, ішке лап берді…

Абзал бөлмені елден тағы тазартып, Нұрпәнді төсегіне көтеріп апарып жатқызды. Өзі аяқ жағына тізе бүкті. Осы арада бебеулетіп «Жедел жәрдем» көлігі де жеткен еді. Олар келе сала шұғыл тексеріп, қажетті дәрілерін егіп, тамырына системасын қадап, ала жөнелді. Жиналған жұрт немқұрай тарай бастады. Кейбірі баланың аман қалғанына тәуба қылса, енді бірінің үміті ақталмағандай ұнжырғасы түсіп кеткен…   

 

Нұрпән есін жиды. Бір аласапыраннан қайтып оралғандай күйде: өз-өзіне келе алмай, түсініксіз хәлде жатыр. Бас жағында орындықта отырған әпкесі сіңлісінің көзін ашқанын көріп: – Біссіміллә, біссіміллә! Жаным-ау, жаның қалғанына тәуба! Ғайып ерен, қырық шілтен қаққан ғой! – деп кемсеңдеп, Нұрпәннің еті азған білегін ұстап, қолынан сүйді.

–         Мен қайда жатырмын?

–         Әншейін, тымау тиіп қап, ем-дом алып жатырсың, қарашығым!

–         Әпке, белімнен төмен қарай ұйығаны тараған аяқ секілді шымырлатып

барады! Шыдатар емес!..

–         Ойбай, құдайым! Тағы не болды? Әй, қайдасыңдар? Доғдыр!?

Тосын айғайдан медбике палатаға жүгіре кіріп: – Не боп қалды? – деп абыржи сұрады.

–         Не болғаны несі, бала қиналып жатыр!

Нұрпәннің шамырқана жиырылған бет-әлпеті – расында жан-тәсілім алдындағы ышқынысқа ұқсап кеткен еді. Медбике де құйындата шаба жөнелді. Дәрігер келіп, қан қысымын өлшеп, ары-бері қараған соң көңілдене: – Шырағым, бағың бар екен! Аяқтарыңа жан кіре бастағанның алғашқы белгісі аңғарылды. Кейде ажал да дертті қуып, осылай өмірге оралтады, қызым! Әлі-ақ күні кешегідей шауып кетесің! – деп мәз-мәйрам болды.

–         Аузыңызға май, астыңызға тай! – деп Нұрпәннің әпкесі қуаныштан ақ

халат кигендерді кезек-кезек шөпілдетіп, сүюге кірісті.

–         Амансың ба, кластас!

–         Кешір, байқамай қалдым!..

–         Дүкен, базар ұстаған бай адам біз сияқты қараң-құраңды қайдан

байқасын!

–         Рас айтам! Сосын бұ қаладан сені кезіктірем деп ойламаппын…

–         Біз де қалаға көшіп келдік. Ауылда шал екеуміз ғана қалдық.

Балалардың бәрі осында.

–         Атын ұмытып қалдым… әлгі сіңлің қалай, жазылып кеткен шығар?

–         И-и, байқұс қыз өзіне қол салып, баяғыда өліп қалды!

–         Астапыралла!? Не себептен?

–         Мінезі тік, бірбеткей еді ғой. «Бүйтіп елдің көзіне қор көрініп жүргенше

– көрде жатқаным артық!» деп соңына хат жазып кетіпті. Айтпақшы, саған амандық тілеп, ұзақ ғұмыр сүрсін деген сәлем жазыпты.

–         Онысы несі екен?

–         Ол сенің атыңды осы өмірден кетер-кеткенше аузынан тастамаған…

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here