Авторы: Нұрбек Заңғар

Алматының көктемі сұр аспанымен, сылбыраңқы қара жауынымен басталып, әзірге көңіл қуанта алмай тұр.  Бұндай күн кісінің еңсесін басып, жүрісіңді ауырлатады. Әсіресе, қолшатырың жаныңда болмаса. Мойныңа су кетіп, дірілдей түсіп, бара жеріңе асыға түсесің.

Сондай малмандай су болған жүргіншілердің бірі – менмін. Таңертең үйден шығарда теңгедей бұлтсыз аспанда шуақ төккен күннен басқа ештеңе жоқ еді, ал енді қылып тұрған қылығы мынау. Алматының аспанына сенген өзімеде обал жоқ деп өз-өзімді іштей кіналап келем.

Кең көшемен ары да, бері де жүйткіген темір тұлпарлардан көз сүрінеді. Осы көлігі барларды айтамын да, рахат ! Көше автобусындағы  қаптаған қалың адамның ортасында пысынап, біреудің аяғын басып, мазасын алып, тер аңқыған жейдесіне жабысып тұрмайсың. Жалғыз өзің музыкаңды қосып қойып кете бересің. Күн райына да қарамайсың. Қақаған аяз ба, төпеген жауын ба, бәрібір, қалаған жеріңе зыр етіп, барып-келе қоясың.

Қиялға да жаңбырға да шомылып келе жатып, «ыңқ» етіп, аяғымды шалшық су толған шұңқырға тығып алмасым боларма. Енді, міне, аяқ киімім пыс-пыс етіп әуен шығарып келеді.

Аяғымды шұрқылдата аялдамаға жете бере, дәл мендей су болған бір қызды байқадым.Қасына барып тұрдым. Қызға күле қарап :                                                   -Су етік киіп шығу керек еді – деп, аяғыма қарадым.

Жұқа, қызыл еріндері әнтек дірілдей түсіп, әсем жымиды. Қолмен қалағандай аппақ тістері көрінді. Күміс қоңыраудай сыңғыр етіп:                                                       -Менде соны ойлап тұр едім.

Батпақ пен лай суға әбден былғанған аяқ киіміне қарады. Жымиған сияқты болып едім, ерепайсыз ыржиған тәріздімін. Бейтаныс қыз бетіме қарап күлді. Енді ғана анықтап қарадым.

Бос жіберген ұзын қара шашынан су сорғалайды. Жарастықпен қиылған кекілі маңдайына жабыса түсіп, көркін аша түсіпті. Әбден тоңғаны көрініп тұр.

Кішкентай саусақтарын бүрістіре түсіп қайта-қайта үрлейді. Ішімнен «қазір не оның, не менің автобусым келіп қалады-ау» деп ойлап қоямын. Ойлағанымдай-ақ, бір-екі ауыз жауаптасып үлгергенше менің күнделікті мініп жүрген сырмінез көлігім, ұзын, көк автобус, гүжілдей келіп, пысылдап есігін ашты. Қынжыла басып, автобусқа қарай жүрдім. Желке тұсымнан шыққан аяқ дыбысына бұрылғанымда, бейтаныс қыздың келе жатқанын көріп, қуанып қалдым. Әдеттегі топырлаған адам жоқ, көлік іші бос. Артқы жақтағы қос орындықтардың біріне барып отырдық.

Төпей жауған жауынға, сүркей аспанға қарамай күн шұғыласын шаша бастағандай. Көңіл шұғыласы, жүрек шұғыласы. Соны бар жан-дүниеммен сезінгендеймін…

Сәуір 2018.   Алматы                                                                                                          Нұрбек Заңғар


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here