Жақсы шығарма жазу – өте қиын шаруа. Тіпті мүмкін емес дерлік. Әсіресе ешқашан шығарма жазып көрмеген адамға – түнек. Бірақ көбісі бұны түсінбейді. «Иә, әлі сол тақпақтарыңнан машақат тауып жүрсің бе, жазарман?» – деп, сұрауы мүмкін қарапайым адам. «Оданда басқа бір мамандық иегеріп алмайсың ба, Пушкин!» немесе екінші біреу, баламен, ақылы кем адаммен сөйлескендей аянышты түрімен: «О, сен кітап жазасың ба? Әлгі романдар ма? Не деген керемет! Онда сенен ақылды кітаптар күтеміз!» деген сөздердің аяғы жоқ!

Адамдар шынымен жазушылардың қандай тозақтан өтетінін білмейді. Адамға ғашық болған балық туралы жазған Чехов: «Шығарма жазу – ешқандай да ойын емес» деп, міңгірлеген де шығар. Жазушылардың басым бөлігі бекер жынданып кетпеген: По, Мопассан, Эйнфельд бәрі түбінде ақылынан адасып, өздерін біртүрлі ұстаған. Тіпті кейбір жазушылар, бірде бір шығарма жазбай өліп кеткен дейді. Бұл келесі күнге сыра алып қоймай өлгенше арақ ішу сияқты. Адамдар, бас жазуға өзімен бірге сыра алмаған. Шын сөзім. Бір күн өмір сүргеннен кейін шығарма жазбау да өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Елестетші – күні бойы шапқылайсың, еңбектенесің, оқисың, үйге келесің, ұйықтайсың, түнімен боқ түстер көресің, ал келесі күні ішек-қарның Литваға жетердей ішің жарылып кетеді. Себебі сен шығарма жазбадың. Өткен күннің былығынан жазу арқылы арылмадың.

Міне сондықтан мен, өз отбасымның белгілі қаламгері ретінде сендерге “The Secret” деген сияқты, ішіп алып, Поруктың ескерткішінен оттық сұраған кезде маған айтқан кеңестерімен бөліскім келеді. Бұл кеңестер жас авторларға және жазушыларды аяқ астына таптап, жазу – ең оңай шаруа деп есептейтін адамдарға көмектесуі мүмкін.

  1. Алдымен шығармаға ең қажетті нәрсе – шытырман оқиға.

Ондай оқиғаларға тап болудың оңай тәсілі – ішіп алу. Сондықтан қаламгерлердің көбісі маскүнем болған. Әйтпесе оқиғаға тап болу өте қиын. Егер біреу саған, саяхат кезінде көптеген оқиғалардың куәсі болдым десе, демек ол саяхат кезінде шылқа мас жүргенін сенен жасырып тұр. Бір күні маған бір жазушы: Тауда шаңғы теуіп жүріп, мойнымды сындырып ала жаздадым. Келесі күні журналда «Шаңғышының қуанышы» деген әңгімем шықты. Көрдің бе, оқиғаға шаңғы теуіп жүріп те кезігуге болады – деді. Әрине мен алғашында сенбедім, бірақ кейінрек таныс медбикелердің бірінен әлгі жазушы, таудан мас күйінде оның үстіне шаңғысыз түскенін естідім.

2. Сонымен біраз оқиғаларға тап болғаннан кейін, пленканы артқа айналдырып біраз тезис түсіруге тырыс. Бұл жерде саған фантазияң мен әсірелеуіңнің көмегі керек. Оған қоса рухани күйзеліс немес сәл ғана депрессия артық болмайды. Ал ең жақсысы оқиға кезінде бүкіл ақшаңнан айрылып, аяғыңды сындырып, басыңды жарып алу.

Тезистеріңді блакнотқа түсіріп жатқан кезде, оқырман назарын ұстап, цитата ретінде жаттап алатындай күшті бір тіркес жазып қой. Тіпті сюжетке дым қатысы жоқ диалогты қолдансаң да қатып кетеді. Мысалы:

– Сенің мылтығың, менің мүшем болғанын қалар едім.

– Мм, онда сен мені Эрнест Хемингуэй деп атауыңа болар еді.

(«Rick and Morty»)

3. Тезистерді түсіріп болған соң абайла, бойыңды прокрастинация сезімі билеп алуы мүмкін. Онымен қарсыласу өте қиын. Бір кездері, жазуды ертеңге қалдыра беріп, кәріліктен өліп кеткен жазушы туралы естігем. Ол, өлер алдында «Блә, дедлайн» деп, сол мезетте көз жұмыпты. Масқара.

Алайда салың суға кетпесін. Бұл жерде саған тағы да шарап көмектеседі. Бойыңды прокрастинация билеп алған кезде бірден сол процедураны баста, қаттырақ іш. Ең жақсысы екі күн бойы аузыңды құрғатпау. Үшінші күні шығарма өздігінен жазылмағандықтан сенің рухани күйреуің бірден жазуға отырғызып, Музаларыңның алдындағы күнәні жуып-шәйуға итермелейді.

4. Ақыр аяғы лэптобыңда жаңа документ ашып, ешқашан қолданбайтын тезистер жазылған «Moleskine» блокнотын жаныңа қойған соң, міндетті түрде темекі шегіп келу керек. Егер темекі шекпесең онда тезірек бастауыңа тілектеспін, себебі жазушылардың бәрі пештің мұржасы сияқты түтіндетеді. Егер темекі шекпесең онда атақ туралы ойламасаң да болады. Темекі тартпайтын адамның шығармасын кім оқығысы келеді? Біреулер «Ауру», – деп айтады. «Дилетант», – деп сөгеді басқалары. Ал үшіншілер тіпті – «Псевдожазушы» – деп, айқайды салады. Сен оны қаламайсың ғой?

Сосын, ет жемеу туралы мүлде ойлама және глобалды мәселелер сені мүлде алаңдатпауы керек. Сен қашанда аздап ішіп алған, тұла бойыңнан темекінің иісі бұрқырап, бәріне көлденеңнен қойып жүруің керек. Образ жасау үшін шляпа киіп алсаң да болады.

5. Темекі шегіп болған соң, ешқашан оқимын деп ойламаған кітаптарыңды жинап қойған жеке кітапханаңа өт. «ШЫҒАРМАЛАР» деген бір қалың томды тауып ал, мысалы: О. Генри, Мопассан. Тапқан соң бір шығармасын ашып автор қалай бастайтынын көр. Алғашқы бір-екі сөйлемнің концептісін қорықпай ұрла. Есімдерді өзгерт, өз мазмұныңды сал, бәрі керемет болады. Біздің заманда қандай нормальный адам О. Генриді немесе Мопассанды оқиды?

«Қарашаның дымқыл таңы болатын. Г., дір-дір етіп, трамвай аялдамасын қарай қиялап бара жатты. Кеше түнде ол есінен айрылғанша ішкен…» – деген сияқты бірдеңе жазғаннан кейін барып бәрі реттеле бастайды (7 қадам). Бірақ, есіңде болсын, сен осыны жазып алған соң өз-өзіңе көңілің толып, бір міндеттен құтылғандай рахаттанасың, көз алдыңа сені аспанға көтерген халық, сені гений деп айқайлаған сыншылар мен өзіңнің тұрақты оқырмандарың келеді. Сол үшін файлды жауып, қалған күннің уақытын шығармаң туралы ойларға арна. Уайымсыз ішсең болады.

6. Келесі күні документті қайтадан ашып, кешегі күннің шабытын жоғалтып алғаның үшін өзіңді қарғап, ешқашан ішпеймін деп Құдайға уәде бер. Ең маңыздысы шын жүрегіңмен өзіңе сену, бірақ жасырын ішіп алуға тырысып көр.

Темекі шегіп кел, өзіңе сүтсіз кофе дайында. Кофені ішіп ал, ыдысыңды жу. Еденді де жуып шық, барлық кір киімдерді жу, сосын душқа кір. Айтпақшы мысықтың қорабын тазалауды ұмытпа. Жылдар бойы қолың бармай жүрген, дәліздегі түсқағазды да ауыстыру керегін есіңе түсір. Барлық жұмысты істеп болған соң сенде отырып жазудан басқа амалыңның жоғын түсінесің.

7. Компьютерді оятып, әйтеуір жазуға отырғаннан кейін бірден жазуға кіріс. Жазуға артық ойдың қажеті жоқ. Сана-сезімнің ағынына беріл. Жаз! Ойлана бастасаң бойыңды бірден прокрастинация басып алады. Ондай жағдайда оқуға тұрарлық шығарма жазу туралы ойламасаң да болады. Алдыға қарай жылжы. Алғашқы сөйлемді назарыңнан шығармай, оқиғалар туралы ойлауды тоқтатпа. Сол кезде бәрі қалай тез-ақ жазылғанын өзің де сезініп, көресің – оқиғалар, мәселелер, бала күнгі жарақаттар, интимдік детальдар, махаббат хикаялары. Баса көктеп жаза бер!

8. Мың бірдеңе сөз жазып болған соң барлығын қалдырып, шәй ішіп, өмір туралы толғануға болады. Бастысы жаңағы жазған тамұқты оқушы болма. Құдай үшін оқыма. Оған екі ай жолмасаң тіпті жақсы. Жақсылап тұндыру керек. Сол аралықта шығарманың соңын іздесең болады. Бірден айтайын, ең керемет аяқтаулар Кафкада. Қорықпай ұрла! Мысалы былай жазып көр: «Г., жерде жатқан балтаны көтерді де, темір құтыдан бурбонды ұрттап, апасын бөлшектеуге бара жатты. “Бүгін күн жылы болады” – деп міңгірледі ол, – “бүгін жылы болады…”»

Немесе осыған ұқсас оқырманды жалп еткізетін бірдеңе құрастыр.

9. Бірнеше айдан кейін шығармаңды қайтадан оқып шық. Мен саған кепілдік беремін, мұндай мінсіз шығарманы сен ешқашан оқымадың. Денеңді дір еткізеді, тіпті. Бірақ асықпа. Тамаққа тұз сепкендей, аздап «жынды» тіркестер қосу керек. Қорықпай қоса бер. Сандығыңдағы барлық асыл сөздеріңді, тапқыр ойларыңды қорықпай қоса бер. Күшті ма?

Бәрін ретке келтірген соң, кішкене шарап ішіп, шығарманы қайтадан оқып шық. Жазушылар солай істейді. Менің ойымша Кивирехк өзінің бірде бір шығармасын сау кезінде оқымаған. Бастысы көп ішпе, әйтпесе шығарманы фейсбукқа салып жіберіп, бәрін быт-шыт қыласың.

10. Соңында грамматикалық қателерді жөндеп, сауаттылығың 3 сыныптың баласынан кем емес екеніне көзіңді жеткіз. Шығармаға тақырып қоюды ұмытпа. Сондай бір шулы, айқайлап тұру керек тақырып. Мысалы: «Гитлер» немесе «Секс»

Сосын шығармаңды өзіңді жақсы көретін жақын достарыңа оқытуды ұмытпа. Олар сені ешқашан алдамайды…

авторы: Pilsonis G.

латыш тілінен орысшаға аударған: Solveiga

қазақшалаған мен, Бекжанов Санжар


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here