Өзгеге қол жайғаннан отандық өндіріс өрге баспайды. Ол үшін офсет саясаты басты экономикалық бағдар болуы керек.

Тәуелсіз ел болғалы бері талай бағдарламаның атын жаттадық қой. Қайсыбірі есте қалды дейсің?! Кейбірі көздеген межеге тисе, кейбірі құр қағаз беттерін толтырудан асып кете алмады. Ал түптің түбінде барлық экономикалық бағдарлама, ел өнеркәсібін дамытуға бағытталуы керек.

Ал осы өнеркәсіпті дамыту үшін ең бірінші сол өнеркәсіптің өнімін тұтынатын нарық қажет. Нарық деген – қалтасында ақшасы бар базардағы халық қана емес. Ол – сыртқы экспорттық нарық, ішкі өнеркәсіптік нарық, инфра­құрылымдық нарық. Қызыл тілге салсақ, салынатын жолдар, арасы қосылмаған аумақтарды жалғайтын теміржол, өніміңді сыртқы нарыққа шығаратын вагондар тағысын тағы… Біздің экономикамызда доминант рөлі мемлекетте. Одан басқа шара да жоқ. Себебі, ел экономикасын мұнай мен газ қалыптастырып келеді, ал ол нарықты мемлекет уысында ұстап отыр. Сондықтан ең үлкен табыс көзі мемлекет қазынасына жиналатындықтан, бұл сектордағы ең көп шығын да сол мемлекетте.

Өнеркәсіптің дамуына ықпал ететін екінші фактор ол – инвестиция. Ол жаңа өндіріс орындарының ашылуына салынатын инвестиция, сондай-ақ, ескірген өндіріс орнын жаңартуға салынатын инвестиция болуы мүмкін. Инвестицияны қалыптастыратын ең бірінші өнеркәсіптік тәжірибе және қабілет. Біздің мемлекетімізде, өкінішке қарай, өнеркәсіптік тәжірибе мен қабілет жетіспеушілігі бар. Одан кейін, әрине, несиеге қол жетімдік. Несиенің арзан болғаны да жақсы, бірақ ол кейінгі мәселе. Өйткені, бұл фактордың оңды шешілуінің өзіне, қалай еткенде де, ең бірінші сол тәжірибе мен қабілет қажет. Несиенің бағасының жоғары болуы, несиенің тәуекелінің жоғары болуынан. Бұл енді объективті себеп. Субъективті себеп, несиені сырттан қымбатқа алуымыз. Оның да себебі, сол – елдің тәуекелінің жоғары болуы. Әйтпесе, банкрот болып жатқан грек елінің қолында біздегі бардың бірде-біреуі жоқ болса да, бізден арзан несие алып қарық болып жатты емес пе?! Бізге не жетіспеді? Өнеркәсіптік тәжірибе мен қабілет. Біздің өзіндік тұрақты өнеркәсіптік даму бағытымыз бен саясатымыз жоқ. Сондықтан да, тәуекеліміз жоғары. Несие бізге қымбатқа келеді.

Жарайды. Енді сонда не істеуіміз керек? Сыртқы елдердің тәжірибесін зерттейтін жақсы дәстүріміз бар еді. Тағы да соны қолдану керек. Бірақ біз мүмкіндіктерімізді үнемі көз алдымызда ұстай білуіміз керек, сосын оны біздің елге лайықтауымыз керек. Модельдеп оны тесттен өткізуіміз керек. Сол сынақтан өткізілуі тиіс бағыттардың бірі – офсет саясаты.

 

ОФСЕТ САЯСАТЫ

Түсініктемесі мемлекеттік сатып алулар (әсіресе, импорт) барысында конкурсқа қатысатын компаниялардың, тапсырыс үшін алатын қаржының заңмен бекіткен белгілі бір пайыздық құрамын отандық өнеркәсіп саласында жұмсауы. Тендерге қатысушы компания (отандық компания немесе шетелдік) тапсыратын өнімнің өндірісінде отандық өнеркәсіп саласын қосуы керек. Осы арқылы отандық өнеркәсіп саласына қосымша жұмыс көлемі беріледі, һәм өнеркәсіп саласында қосымша нарық пайда болады.

Бұл туралы айтылмай жүрген жоқ. Айтылып келеді. Бірақ әлі күнге дейін нақты ешқандай қадам жоқ. Атап айтқанда, 2007 жылы «Самұрық- Қазына» АҚ Төрағасы Қ.Келімбетов Президент жанындағы шетел инвесторлары кеңесінің 20-шы отырысындағы баяндамасында осы мәселеге тоқталған екен.

Ол Елбасының берген тапсырмасын айта келіп: «Сіз мемлекеттік компаниялардың сатып алуларының нәтижесінде түсетін пайда, делдалдардың қалтасында емес, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындарда қалуы тиіс. Ал ірі импорттық құрал-жабдықтарды сатып алуда, олардың Қазақстанда орналасуын, жиналуын және олардың күтімін ұйымдастыруды қолға алуымыз керек дедіңіз» деп еді.

 

БІЗ БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ҚАЛАЙ ШЕШЕМІЗ?

Бүгін мемлекеттік компаниялар жергілікті қамтуды арттыруда үлкен мүмкіндіктерге ие. Мәселен, сол «Самұрық-Қазына» қордағы сатып алулар еліміздің ішкі нарығындағы сұранысты арттырудың үлкен жолы. Мысалға, 2007 жылы Қордың төрт ірі компаниясының («ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком», «Қазақстан теміржолы», «КЕГОК») сатып алулары 663 млрд теңгені (5,53 млрд доллар) құраған.

Бұлардың ішіндегі импорттың алатын көлемі қомақтылығымен көзге түсуде. Мысалға, теміржол саласындағы жүк вагондарының қосалқы бөлшектерін сатып алудың 84 пайызы импортталады. Локомотив саласында импорттың көлемі 77 пайызды құраса, жол шаруашылықтарында 55 пайызды құрайды. «КЕГОК» АҚ жоғары кернеулі құрал-жабдықтарды, қосалқы бөлшектер мен арнайы техникаларды сатып алуында 80 пайызын импорт құрайды.

Офсет саясатының тағы бір ерекшелігі импортқа тәуелділікті азайтады. Егер офсеттік талап болмаса, сырттағы өндірісшілер өнімдерді ел ішінде өндіруге құлық танытпайды. Себебі, олар өз елінің экономикасының дамуын, өз өнеркәсібін жұмыспен қамтамасыз етуді, өз жұмыссыздарын жұмыспен қамтуды ойлайды. Сыртқа дайын күйінде сатқан әр өнім, елге оралған валюта, елде төленген салық елдің өнеркәсібінің және жыл сайын жоғары оқу орнын тәмамдап шығатын дипломды жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету деген сөз.

Соңғы жылдары мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамту бойынша үлкен істер атқарылды, әрине. Әсіресе, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компаниялардың сатып алуларында жергілікті қамтуда қадағалауды үйрендік. Бірақ жергілікті қамту деген отандық нарықта өндірілетін тауарларды ғана қамтиды. Мұнай-газ саласындағы компаниялар немесе мемлекеттік компаниялар сатып алу бойынша тендер жариялағанда, отандық өндіріс саласында бар тауарларды ішкі нарықтан алулары қажет, ал отандық нарықта жоқ жоғары технологиялық тауарларды сырттан алуды жалғастыра береді.

Офсет саясатын жүзеге асыру үшін билікте саяси ерік болуы керек. Бұл мемлекеттік идеологияға айналуы керек. Әңгімеміздің басында айтып өттік: біздің экономикамызда бүгінгі таңда мемлекет доминант рөлін ойнап келеді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттің барлық салаларындағы сатып алуларда офсет саясатын енгізіп, оны қатаң қадағалау керек. Осы арқылы елімізге қосымша инвестициямен бірге, шетелдік тәжірибе мен қабілет те келетін болады.

 

НАҚТЫ ҚАДАМДАР

Біздіңше, ол үшін алдымен Премьер-министрдің қарамағында арнайы агенттік ашылуы керек. Бұл агенттік барлық мемлекеттік мекемелердің сатып алу жоспарларын жинақтап, олардың ішіндегі тауарлардың, құрал-жабдықтардың барлығын талдайтын болады. Содан соң, әлгі агенттік жинақталған мәліметтерден сұранысқа ие тауарлардың қайсыларын елімізде өндіріп отырғанымызды немесе өндіріле алатынымызды анықтайды. Келесі әрекет, әр сала бойынша офсет пайызын анықтау болады. Мәселен, мұнай-газ саласында бұл көрсеткіш 40 пайыз болса, құрылыс саласында 100 пайызға жетуі керек дегендей. Агенттік мойнына жүктелетін және бір міндет, әрбір тендер барысында тендерге қатысатын компаниялармен келіссөз жүргізу мен офсет құрамын анықтау болуы керек..

Жоғарыда биліктің саяси ерігі болуы керек дегеніміз де осы. Себебі, бұл – коррупцияның тамырына балта шабатын саясат. Әрі еліміздің өнеркәсібін дамытудың адуынды жолы. Бұл саясаттың қасында үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жайына қалады. Ілгеріде атап өткен айтқан инвесторлар кеңесінің отырысында сол кездегі Индустрия және сауда министрі В.Школьник те офсет саясаты туралы баяндама жасаған болатын. Сол баяндамасында офсет саясатын дамыту үшін қажетті шарттардың ішінде офсет саясаты туралы бөлек заң қабылдануы керектігін атап өтіп еді.

Бұл саясатты барлық батыс елдері қолданып жүр. Мәселен, Түркия. Офсет саясатын енгізуді әскери өнеркәсіп саласында бастады. Америкадан алынатын F-16 ұшақтарының кейбір бөлшектерін өз ішінде өндіретін болған. Эйрбас ұшақтарының өндірісіне де қатысқан. Қазір басқа өнеркәсіп салаларында да офсет саясатын енгізуге кірісіп жатыр. Осы бағытты бізге терең зерттеуіміз керек. Кедендік одақтағы орнымызды осы саясат арқылы нығайтып алуымызға болады.

 «АСТАНА АҚШАМЫ»


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here