Айтпайын-ақ деп едім…

Жақында бір оқиға куәсі болдым. Аялдамада жасы 18-20 шамасындағы жас қыз тұр еді. Тізесі жыртық джинсы мен кіндігі ашық тұратын кофта киіп алыпты. Ауа райы да бұл киім үлгісіне сай емес еді, салқын, оған қоса жел соғып тұрған. Осы кезде аялдамаға бір үлкен апа келді. Орындыққа отыра бере, жанындағы қызға жақтырмай қарап, бір күрсініп алды. Содан соң: «Неге кіндігіңді ашып алғансың, суық тигізесің ғой. Ата-анаң бұлай жүрме деп айтқан емес пе? Тізеңді де жалтыратып алыпсың. Осы жыртық джинсы кию қайдан шыққан?» деп ақырын ақылын айтты.

Ол кісінің қызға жаны ашығаны ма, әлде ызаланғаны ма, білмедім, бірақ жас қыздың ұялып қалғаны қызара түскен өңінен белгілі еді.

Сол оқиғадан кейін айналама зер салып қарай бастадым. Ашық-шашық киініп алған тек жаңағы қыз емес екен. Өкініштісі, жастардың көбі сол үлгіде киінген, тіпті кейбір үлкен тәтейлер де. Осы орайда маған «жастар кімге еліктеп жүр?» деген ой келді. Байқасақ, бұрын жастардың киетіні кең балақ шалбар, 1-2 өлшем үлкен көрінетін жейделер екен. Ол Еуропаның сән үлгісіне сәйкес келетін еді. Солай киінген адамды сәнді деп айтатынбыз. Ал қазір ше? Қазіргінің сәнқойлары қалай киінеді? Жаңағы аялдамадағы қыз секілді, ашық-шашық, жыртық немесе денеге жабысып тұратын кофталар, тізесі далиып жыртылған джинсы киюге әуес. Мұны Еуропаның сән үлгісі деп айта алмаймын. «Сән» деп аталатын бұл киім түрі Корея Республикасының жастарына еліктеуден туған. Нақты айтсақ, соларға еліктеп өзіміз киіп алғанбыз, әйтпесе бізге ешкім күштеп кигізген жоқ қой. Кореядан шыққан, бар әлемді жаулап алған к-поп мәдениетінің киіну үлгісі бұл. К-поп әртістеріне ұқсаймыз деген жастар, өзінің төл мәдениетінен қалай айырылып бара жатқанын байқамай келеді.

Әрине, қазақы мәдениетпен киінсін, шапан жамылып, сәукеле кисін демеймін, бірақ етек-жеңі жабық киім киіп, сол киімге бір қазақы өрнекті орната салса, қанеки! Бұрын Ақселеу Сейдімбек ағамыз да «әр қазақ қызы киімінің бір шетіне қазақша ою салып алса, жарасып шыға келер еді» деп армандамап па еді?

Сән деген үш әріптен тұратын үлкен ұғымды еліктеушілік ретінде емес, жарасымды киіну деп түсінсек екен.

 

Л.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің

1-курс студент

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here