Күндігіне бір қабат қоңырау шалыспасақ тұра алмайтын досқа телефон соқтым.

–         Қал қалай, жолбарыстың баласы?

–         Аманбыз, өзің ше?

–         Мен мый тынықтырып президент бағында серуендеп жүрмін.

–         Сенің өмірің керемет! Мен немеремнен дәрет алу сабағын алып

жатырмын…

–         О несі тағы?

–         Немеремнің сыныптасының ата-анасы діндар кісілер екен. Солардан

үйренген секілді.

–         Намазға жығылайын деп жүрсің бе?

–         Жоға… жәй гигиена.

–         Гигиенаң жөн-ақ, ал немереңді байқа, қайдағы бір ағымға ілігіп кетіп

жүрмесін! Ақылы толыспаған балаға сақ бол.

–         Олар мешітке барып жүрген жоқ. Үйлерінде үйретеді әке-шешесі…

–         Мешіттен гөрі солар қауіпті! Ниеттері қандай екенін кім білсін. Ертең

не болдымға жолығып жүрме, достым!

–         Әй, оның да рас. Өткен жолы көрші әйел жалғыз бауырын еліне барып

жерлеп қайтқан. Біраз атағы шыққан әнші әйел, Гүлнәз Айтқали деген естуің бар шығар?

–         Жә, айта бер…

–         Пойызбен қайтып келе жатқанда бауырының бейнесі, қылықтары көз

алдына келіп, егіліп жылап отырады. Купеде өзінен өзге ешкім бола қоймапты. Бір мезгілде сау етіп екі сақалды келіп отыра қалады. Алба-дұлба киімдері, өздерінен сасық иіс бұрқырап, талайдан жуынбағандары көрініп тұрады. Сәлден соң әлгінің біреуі кетіп, көзі бадырайған бір албастысы қалады. Әйел терезеге қарап, анда-санда өксіп, өз қайғысымен отыра береді. Содан алақан көз бұны түртіп: – Әй қатын, неге жылайсың? – деп сұрайды.

–         Жалғыз бауырымды жерлеп келемін! Мен жыламағанда кім жылайды?

–         Сен ақымақ қатын екенсің! Ол не бір ғажап, тұнып тұрған керемет

дүниеге кетті! Жылағаныңды тый да бауырыңның сондай дүниеге тап болғанына құдайға мінәжат етіп, рақмет айт.

–         Ей албасты! Сен не оттап отырсың? Бауырымның өлгеніне қуанатын

мен есалаң емеспін! Қазір сені өлтірсем сонда қуанармын! – деп әйел әлгі диуананы бас салады. Әнші әйелдің зор дауысы бүткім вагонды басына көтереді. Жолсерігі, көрші-қолаңы ащы айғайды естіп өре жетеді. Сақалды албасты еркектікке салып, әйелді қылқындырып жатқан жерінде үстілерінен түседі.

–         Сен қатын, ойың дұрыс емес! Мен сені басқаша ойлатамын! – деп анау

әйелден айырылар емес. Жиналғандар арасындағы бір қарулы жігіт сақалдыны жұлып, іштен бір, бүйірден екі ұрып дәлізге шығарады. Жолсерік: – Төбелесті сіз бастапсыз ғой? – десе әйел, – Мен саған көрсетемін кімнің бастағанын! Ең алдымен жаңағы екеуінің билетін көрсет! Көрсетпесең пойыз басшысына барам! Кім ол маған ақыл айтатындай? Алдымен адам шошырлық сықпытына қарап алсын!– деп дау шығарады. Қаңғып жүрген диуаналарда қайдағы билет. Көршіміз осындай хикаятты басынан кешірген еді. Айтпақшы, сасық дегеннен шығады да Жасынтайдың әңгімесін білуші ме едің?

–         Білем. Қырық қабат айтқансың…

–         Тыңда. Қырық бірінші қабат айтып берейін…

–         Білем дедім ғой!

–         Біілмейтін жерлерің де бар. Ол бауырымыз ел бойынша үлкен құрылыс

саласына жетекшілік еткен кезінде алғыр жігіт болды ғой. Соноу тоқсаныншы жылдары олардың жоғары басшыларын атып кеткен соң, соның орнында біраз уақыт мекеме басқарды. Әлденеге кейін аяқ-асты, мен Алланың алдында күнәхар іс қылдым, соны жуып-шәйуім керек деп сақалдыларға қосылып кетті. Басындағы екі үйді, жиған-тергенді де «ортақ қазынаға» салды. Қатын-бала тентіреп өз беттеріне кетті. Құдай өзі асырайды деп қолын бір сілтейді. Айтайын дегенім: шашылуға шақ, бір жаман «мерседеспен» бұлар ауылдағы бауырына барады. Анау іссапармен келген шығар деп ойлайды. Бірақ киген киімдері, қасындағы серіктерінің ұсқыны сескендіреді. Келіп тұрған кім де болса өз ағасы болған соң, қой сойып қазан көтереді. Бәрінде сапсиған сақал, балақтарын кесіп тастаған. Ол кезде мұндай сұмдықтардың етек ала қоймаған кезеңі еді, әйтеу қайран болады. Төрт-бесеу болып шәйниіп төрде жатады. Үстілерінен сасық тер мүңкігенде көз аштырмайды. Жуын дегенге мән бермейді. Қойшы, ас та келеді. Бауырының әйелі дастарқан жасап ұшып-қонып жүрсе, әлгі Жасынтай інісіне: – Мына қатынның көзін құрт! Бізге көрсетпе! – деп жекіреді. – Өй, ағасы! Бұл келінің ғой! – деп інісі аң-таң болады.  Сыртқа шығып әйеліне түсіндіреді. Ішке қайта кіргенде аналар терезелерді тұмшалап, қабырғадағы суреттерге орамал, дәке жауып жасырып тастапты. Тападай тал түсте шам жағуға тура келеді. Бұл қылықтары аздай алдыға келген астың шелпегі мен қартобын қатынның қолы тиген деп алып тастап, сұрпы етті аш қасқырша асайды геп әлгілер. Қарын тойған соң кекірініп сыртқа шығады. Сол кезде інісі Жасынтайды жеке шығарып алып: – Сені бірге туған ағам едің деп малымды сойып күттім. Мына істеп жүрген қылығың маған ұнамады. Кет, нөкеріңмен қосып! Өз бетіңше кетпесең ауылдың жігіттерін шақырам. Олардың қандай екенін білесің! – деп ағасынан әрең құтылыпты. Сонда кетіп бара жатып: – Еттің қалғанын салып бер! – депті ағасы ұялмастан.

–         Өзің осындай сұмдық әңгіме айтып отырып, немерем құдай жолына

түсейін деп жүр деп мәз боласың! Баяғыда намаз оқыған аталарымыз осындай қылықтар жасап па еді? Олар керісінше мейірбан, адал, еңбекқор адамдар болды ғой. Болды, болды менде саған бір әңгіме айтып берейін. Ауылдағы Серікбек те дінге кеткен. Бірақ ол сақал қойған жоқ. Бір жаманы балаларын араластырды. Ол менің қарамағымда жұмыс істеді. Кейде орнына балаларын жібереді. Титімдей күнінен діни кітаптар оқып, ораза ұстады. Мектепте оқығандары, былайғы адамдардың іс-харакеттері олардың түсінігіне қайшы пікір тудырып, балалардың санасын шатастырды. Байқағаным: олар ашушаң, дінге жуық емес кісілерге жау сияқты қарайтын сияқты.

–         Серікбекке айттың ба?  

–         Оған сөз өтпеді. Өзімнің басымды қатырды. Бізге қосыл сауабыңды

алам деп. «Мен саған жесір қатын емеспін, сауап алатын, оттамай жөніңе жүр!» деп ендігәрі айтпастай қиып тастадым.

–         Бұ дүниенің не боп кеткенін ұғудан қалып барамыз.

–         Сондықтан, әсіресе балаға абай бол! Соңғы кезде мешітті айналып

өтетін жағдайға келдім. Сақалдыларды көрсем, тұла-бойым тітіркенеді!

… Ар жақтан үнсіздік орнады. Ойланып қалған тәрізді, достым. Иә, мынадай аласапыранда ойланбасқа амал жоқ…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here