ӘКЕ МЕН БАЛА

 

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты: — Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп. Бала әкесіне: — Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді. Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем – бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым – ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты: — Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың, — деді.

 

БАЙҰЛЫ

 Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар: біреу тайына, біреу атына мінгенде. бір бала жыламсырап қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып: – Сен неге атыңа мінбейсің? – деді. Бала қамығып: – Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, – деді. Сонда Байұлы аттан түсіп жаяу әкесіне барып: – Мен атқа мінгенде, ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем сіз ұрыспайсыз ба? – деді. Әкесі: – Кімге бересің? – деді. Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп: – Тайыңды кімге берсең де ерік өзіңде,- деді. Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды да, шауып кеп, көп балаға қосылды. Сол уакытта бір аксақал жақсы кісі қонақ болып жатыр екен, Байұлынын әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді: – Ей, құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер.- деп. Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру сонан болды деседі.

 

БІЛГЕННІҢ ПАЙДАСЫ

Бір қарт ұста күні-түні тынбай іс соғып отырады екен. Оған көрші, заманындағы бір зор бай, Броун дегеннің баласы ойнап жүріп қызыққа күнде ұстаға келіп, іс соққанына қарап тұрады екен. Бір күні ұста мырзаға айтты: — Төрем, қарап тұрғанша, тым болмаса, шеге соғуды үйренсейші, кім біледі, бір күндерде сол өнердің де керегі болар. Бала нем кетеді деп, күнде мазаққа шеге соғып жүріп, бірнеше күнде жақсы соғуға үйреніпті. Мұнан соң бірнеше жылдар өткен соң, жұртында қатты жаугершілік басталып, Броунның мал-жаны таланып бітіп, өзі қатын, баласымен қашып шығыпты. Сонымен, ішерге-жеуге, киюге де кем-тар соғып, бір қалада жүрген уақытта, қаланың әкімі бұйрық шашты: Әскерге көп етік керек, жақын жердегі қалалардың сататын мығы таусылды, мық даярласын, – деп. Сонда манағы мырзаның мазаққа үйренген өнері есіне түсіп, патшалық етікшілерге хабар салды: — Егер көп мық-шеге керек болса, мен пөдіретін аламын, – деп. Етікшілер істеген мығын керіп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне дейін кемдік көрмей өтіпті.

 

СӘТЕМІР ХАН

 Сәтемір жеті жасар күнінде атасынан жетім қалыпты. Күндерде бір күн Сәтемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі.Тұра салып тағы да өрмелейді, манағыдан гөрі жоғарырақ барғанда тағы құлап түседі. Үшінші рет құмырсқа және тырмысады. Ақыр бар күшін салып, қисая-мисая барып, тамның төбесіне шығып кетеді. Мұны көріп Сәтемір ойға қалды: Құдай-Тағаланың жаратқан жан-жануарының ең кішкентайы осы құмырсқа – екеш құмырсқа да тынбай жұмыс істеп жүр. Өзі ақсақ, бір тырмысып, екі тырмысып, жығылып, сонда да қоймай, ақырында мұратына жетті. Тамның басына шықты. Мұны көріп отырып менің де талап іздемей, жұмыссыз ойнап жүргенім ақылсыздық екен, деп ойынын тастап, қалаға барды. Қалада бір зор білімді, оқымысты молда бар екен, соған үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқыпты-мыс. Ақырында сол Сәтемір асқан данышпан, айдай әлемге патша болған.

 

ӨРМЕКШІ, ҚҰМЫРСҚА, ҚАРЛЫҒАШ

Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады: — Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр? — Көремін, өрмек тоқып жүр. — Анау құмырсқаны көремісің? — Көремін, аузында бір нанның уалшығы бар, жүгіріп кетіп барады. — Жоғары қара, аспанда не көрінеді? — Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар. Сонда атасы айтты: — Олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған әбірет1. Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзіне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның уалшығын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан, үйіне жүгіріп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де Құдай-Тағала бос жүруге жаратпаған, жұмыс істеуге әдеттену керек, — деді.

 

 БАҚША АҒАШТАРЫ

Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді. – Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? – деп сұрады баласы. – Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса өсіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,- деді атасы. – Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой,-деді баласы. – Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің,- деді.

 

ТАЗА БҰЛАҚ

Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен. Су шыққан жеріне бір қазандай тасты біреу ойып қорғаныш қылып, тастың суағар жеріне жазу жазыпты: – Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол,- деп. Манағы үш жолаушы бұлақтан ішіп қанған соң жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты: – Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, – деді. Екінші жолаушы мүсәпір молда екен, басын шайқап: – Жоқ мен олай ойламаймын, бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаннан гөрі жоғарырақ соқса керек, бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді; бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек,- деді. Үшінші жолаушы көркем келген бір әдемі жігіт екен, бұл үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсын?» -деп сұрады. Жігіт айтты: – Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді: бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағнасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін,- деді.

 

БІР УЫС МАҚТА

Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отыр екен, шешесі қасына отырып, ақыл айтты: – Балам, дүниедегі жаратылған жәндік-жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды,- деп. Сол сөзді айтып отырғанда, қыз бала киімін жамап болып, жердегі мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады: – Әже, осы қиқымның ешнәрсеге керегі бола қалмас,- деп. Шешесі: – Балам, сол да жерде қалмайды,- деді. Осылайша сөйлесіп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтеріп ұшырды, мұны бір торғай көріп қуып барып, мақтаны тұмсығына тістеп қана алып, ұшып кетті. Қыз әжесінен: – Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны неғылады? – деп сұрады. Әжесі айтты: – Көрдің бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздің келгенін. Ол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етеді,- деді.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here