«Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген тәмсілді негіз етіп және алдағы үлкеннің ісі арттағы кішіге өнеге екенін ойлап, алаңдаудан жазып едім. Тап-тамаша өмірдің сүдініне кейде өзіміз сұрқай сурет салатынымыз жанға батады. Былай қарасаң айтуға да тұрмайтын әңгіме және ауызға да алатын адам емес сияқты. Десек те…

Мәпеш тәтені ел арасында «Жыпылдақ Мәпеш» деп кеткен-ді. Себебі осы аттас ауылда тағы біраз әйел заты бар еді. Солардың ішіндегі ел аузына ілінген ең «орайлысы»,  құлқыны десе ұят пен арды елемей өтірік күле салатын, алуға келгенде беті бес елі, алақаны алты қарыс, ашкөз қатын – осы Мәпеш тәте ғана. Шақырған, шақырмаған ортаның бел ортасында қайқаңдап, қайтарында қойны-қоншы толып, қос қолындағы дорбалары жер сызып шайқаңдап бара жататын да осы жалғыз Мәпеш тәте.

Бір жолы солардан қымыз сатып алмақ болып бара қалдым. Шалы екеуі қос бие сауып, саумал-қымыз сатып, пайда тауып отыратын. Тәйірі, біреудің адал еңбегін сөз қылайын деген ойым жоқ, құрметті оқырман!

–         Жоғары шық, төрлет! – деп дастархан басына шақырды.

Бұйымтайымды білген соң Мәпеш тәте: – Атасы-ау, қымызыңнан әкел қонаққа, әдемілеп сапырып… – деп шалына ымдады. Сосын өзі бөпетінен тыңқиған салапан дорбаларды шығарып, ас мәзірін қамдай бастады.

–         Мынау, бесіктойдың сарқыты, мынау Алдамжар атаңның қырқынан

келген дәм, ауыз тие ғой, жасын берсін! Мынау… деп ары қарай шұбыртып, бес-алты дорбаның аузын ашып, қатып-көгере бастаған бауырсақ пен езіліп-жаншылған тәттілерден уыстап алдыма салды.

Үйден тамақтанып шыққанымды сылтау етіп, нәр татпадым. Жемек түгілі, қолымды созуға дәтім бармады. Той-томалақ, өлім-жітімнен жиылған осынша дәмді сақтап, соны үнемдеп, қорек етіп отырған Мәпеш тәтеге қайран қалдым. Соның арасында бір кесе қымызын алып бүкеңдеп шалы да жетті. Обалы не, қымызы жақсы екен! Екі литр құйдырып алдым.

Обалы өзіме және үйдегі бала-шағаға келді. Дәретханаға таласып, неше күн әбіргерге түстік. Ана жарықтықтар қымыздың дәмін көруге тазасын тартып, сатуға су қосқанын ұстатады екен. Мәпеш тәте бір кезде сүт өткізіпті. Сүтті тексеруге алдын ала құйылған құтыны беріп, майлығын шығарған соң, су араласқан шелектерін жөнелткен көрінеді. Ақыры «Өтіріктің құйығы бір тұтам» демекші, айласы ашылып, абыройы төгіледі. Сонан бері одан сүт қабылдамайтын болыпты деген ел арасында әңгіме де бар-тын.

Біздің ауылда өнеге етіп айтар әпке-жеңгелеріміз баршылық. Бірақ адамның ішіне сыймайтын қылықтар жасайтын осындай басына шыт балағандар – бір қарын майды шіріткен бір құмалақ сынды. Ақыры бастаған екенбіз, індете берелік әңгімемізді. Түбі қайырын беріп, жақсы тәлім алу жолын іздеуге себеп болсын.

Жиырманы ішіндегі бір жас жігіт аяқ-асты көз жұмды. Ата-анасы мен туыстары азадан қапа шегіп, дауыстары қарлығып, жылаудан іштері түсіп мүлдем мәңгіріп кеткен. Қазан-ошақ көтеріліп, жылқыны жығып, ет асылып жатыр. Тамақ басында жалаңдаған бес-алты қатын жүр. Бәрінің бастығы Мәпеш тәте. Піскен дәмнен ырымдап алуға елдің еті әбден үйренген-ді. Тіпті жас өліктен де сескенбей «Ел үшін жасалған, алсын деп салынған» деп  дастарханды сырыпу да әбестік емес. Бұны қойшы, қазанға салар кездегі шикі етті бес-алты қатынның пышақ үстінде бөліске салып, өзді-өзі алып жатқанын көріп, талып қала жаздағанымды айтсайшы!  Ләм-мим деуге шамам келмеді. «Аққыр көзім ағып кет! Бұны көрген…» деп қарамды батырдым.

Құрметті оқырман, мені Мәпеш тәтесінен әбден зығыр көрген біреу деп қалмаңыз. Ол кісі жалпы алғанда ақкөңіл, асты-үстіңе түсіп жалпылдап тұратын жақсы адам секілді көрінеді. Бірақ сол көңілге сыймайтын істеріне бола налисың да. Кейінгі кезде елге несиеге ақша беретін болып жүр. Айына бастапқыда жиырма пайыз, одан он бес, соңында онға түсті. Онсыз да сілікпесі шығып жүрген жұрттың қай сөлін сықпақшы. Амалсыздың күнінен алады да. Алқып-шалқып жүргенде бес-алты баланың ішіндегі біреуі оқыс қайтыс болды. Көңіл айтуға келіп жатқан адамдар бұны құшақтай бергенде еңіреп отырған Мәпеш тәте сап тиылып, көрісушінің бетіне жалт қарап, суретке түсіргендей көздері жарқ ете қалады. Елдің құдайы ғып әкелген тиын-тебен, заттарын өзі қағазға тіркеп, қадағалап отыр. Онысына да көндік. Тек, кейін баласының қазасына жиналған қаржыны несиеге таратып жіберіп, қалған балаларына салық салып, зират көтергені жаға ұстатты.

Қазақ той-томалақсыз бола ма. Мәпеш тәте мен шалы тойшыл. Ортаны қыздырып, «әділқазылардың» төрайымы болып шыға келеді. Шалы ән салып, би билейді.

–         Біздің ақсақал керемет ай, ә! Керемет! Биді де әнді де құлпыртады. Бас

жүлде!!! – деп өзіне ұнаған сый-сияпатты қымсынбастан қоржынына сап алады.

Тағы несі қалды десеңіздер, айта берер едім. Өзімнің екі бетім дуылдап, біздің ауылда осындай кісі барлығына ұялып барам. Осыған орай баянымды доғарайын, жаман ғадет жұқпалы келеді демекші…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here