Бұл кітапты оқығым келіп жүргеніне біраз уақыт болған. Аты да ерекше, мұқабасы да ерекше. Бір жазбамда айтқандай, өткен ғасырға, бөтен үйге түсіп бастарынан өткен сан мыңдаған оқиғаларын білгім келетін. Бұл жолы да тұтас бір Есберген қажының әулетіне саяxаттап қайттым.
Мен оқыған қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең керемет шығарманың қатарында – “Жылқы атылған жаз”.
✏ Бір жолы бір ұстазым: “ХХ ғасырдың бай-шонжарларын әдеби шығармаларда байкүйез, арамтамақ образында көрсетеді, негізінде барлығы ондай болған жоқ қой” деген еді. Осы кемшілікті тәуелсіз елдің әдебиетінде сөйлеткен Ырысбек Дәбей ағамыз байларды басқа қырынан танытты.
✏Ілгеріде айтқанымдай Есберген қажы 1900 жылы Меккеге аттанады. Ең бірінші оқиғаның өзіне баурап алғаны – осы. Ол кезде қалай қажылыққа барған деген сұрақ сізді де қызықтыратын шығар?
✏1920-1930 жылдардағы ашаршылықтың шындығы ашып жазылған шығарманы білесіз бе?
Толық бір әулет өткерген ашаршылықтан аман қалған бір ғана адам – қажының немересі Ғалымжан. Ойлаңызшы, көшіп-қонып жүргенде жеуге дән таппай қиналып өлген әрбір жақынына қолымен жер қазған, шашылған сүйектерін теріп, шүберекке орағандай бетіне киімдерін жапқан. Сұмдық қой, иә?!
✏”Шеңгел де өз жерінде дүрілдейді”.
Ғалымжан Троицкіге барып оқуға түсті; Челябіге барып кеңірдегін асырады; Ресейде жүріп үш мәрте соғысқа қатысты; Украинаға барып отбасымен тұрды. Жат жерде жүріп бәрібір бақытын таба алмады. Неге? Елге, жерге деген сағынышы басылмады; өлсе баламдікіндей тәнімді ағаш жәшікке салып шегелеп, басыма крест қоя ма деген үрейі маза бермеді. Ешкімге бұндай сағынышты, үрейді сезіну бұйырмай-ақ қойсын. Тым қорқынышты…
✏Бастысы “Жылқы атылған жаздың” соңы – керемет аяқталады.