Ұлы Жаратушымыз адам баласына сана-сезім нығметін беріп, оны өзге жаратылыстан жоғары етіп жаратты. Құран тілімен айтсақ, «әлемге артық» етіп, жер бетіндегі таусылмайтын байлықты оның игілігіне берді.

Сонымен байланысты сансыз хикмет, сансыз нығметін әрдайым еске алып, құлшылық жасауды, жер бетінің сәнін келтіріп, әділ, бейбіт өмір сүруді  бұйырды.

Өкінішке қарай, уақыт өте келе адамзат баласы тойымсыз нәпсі мен  шайтанның жетегіне еріп, арбауына түсті. Алдамшы дүниенің қызығына батып, Жаратушысын, өзінің міндеттерін және бұл дүниеге келгендегі мақсат-мұратын ұмытып, жолдан тайды. Дегенмен, мейірімі мол Ұлы Алла пендесіне рақымдылық танытып, оған ескерту ретінде елші-пайғамбарлар жіберіп отырды. Міне, біз осы Алланың елшілеріне жіберген ізгі хабарды уахи деп атаймыз.

Уахи – Алла тағаланың адамзатқа деген ерекше сүйіспеншілігі мен рақымдылығының көрінісі.  Ол – тәңірілік тәрбие.  Уахи – араб тілінен енген сөз, «жасырын сөйлеу», «құпия жолмен білдіру», «ишарат ету», «көкейіне салу» деген мағыналарды білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы «Алла тағаланың шариғатқа қатысты өз бұйрықтары мен тыйымдарын елші-пайғамбарларына Жәбірейіл періште арқылы, яки бізге беймәлім жолдармен хабарлап, жеткізуі» дегенге саяды.

Хазіреті Адам пайғамбардан бастап күллі пайғамбарға уахи келген. Олардың кейбірінің есімдері Құран Кәрімде аталған: «Нұхқа және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да (Мұхаммед) уахи еттік. Ибраһимге, Исмайылға, Исхаққа, Якубқа, Якубтың ұрпақтарына, Исаға, Аюб, Юнус, Һарун және Сүлейменге де уахи еттік. Дәуітке Забурды бердік» (Ниса, 163-аят).

Дәлірек айтқанда, уахи – Алла тағаланың пайғамбарлармен байланыс құруы, тілдесуі деген сөз. Ұлы Алла пайғамбарларымен үш түрлі жолмен байланыс құрады:

1.Хабарды тікелей пайғамбарлардың көкейіне салу арқылы;

2.Перденің артынан уахи ету арқылы;

3.Періште арқылы.

Бұл туралы Құран Кәрімнің төмендегі аяттарында баяндалған: «Алла адам баласымен тек уахи ету (көкейіне салу) арқылы немесе перде артынан не болмаса бір елші жіберіп қалаған нәрсесін уахи ету жолымен тілдеседі. Ол – ұлы әрі хикмет иесі» (Шура, 51-аят).

Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) алғаш уахидың келуі

Уахи алғаш рет пайғамбарымызға (с.ғ.с.) шынайы түс ретінде келген, яғни пайғамбарлық келуден алты ай бұрын ұйқыда көрген түстері таңның шапағындай жарқырап түсіне енеді. Және ол өңінде шыңға айналады.

Бұл алты айлық мерзім пайғамбарымызды (с.ғ.с.) уахи періштесі –  Жәбірейілмен тілдесуіне және ояу кезінде уахиды қабылдауына әзірлеу кезеңі еді. Өйткені, уахиды қабылдау оңай нәрсе емес-ті. Көп деректерде пайғамбардың (с.ғ.с.) уахиды қабылдау кезінде түрлі ауыр сезімді  басынан кешіргені жайында айтылады.

Айша анамыз (р.а.) бұл жайында былай дейді: «Алланың елшісіне (с.ғ.с) алғаш келген уахи «шынайы түс» көрумен басталған. Оның көрген түстері дәл келетін. Кейінірек ол елден ерек оңаша қалуды қатты қалайды. Сөйтіп, ол Алла тағалаға мінәжат ету үшін «Хира» үңгіріне барып түнейтін әдет табады. Арасында азық-түлік алу үшін үйіне келіп, көп кідірмей қайта кететін. Күндердің күнінде сол «Хира» үңгірінде оған уахи келеді.

Алқымынан алған періште«Оқы!», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мен оқи алмаймын», – деп жауап береді. «Сол уақытта періште мені құшақтап, тынысым тарылғанға дейін қысты. Сосын ол мені жіберіп «Оқы!», – деді. Мен «Оқи алмаймын», –  деп жауап бердім. Ол мені қайта қысып: «Оқы!», – деді. Мен тағы да «Оқи алмаймын», – дедім. Ол үшінші рет қаттырақ қысып, қайта жіберді де: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Қаламмен (жазуды) үйреткен Раббың – тым жомарт. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйретті» деген аяттарды оқыды.

Кейін хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) үрейленіп, әйелі Хадишаның жанына келіп: «Үстімді жабыңдар, үстімді жабыңдар», – дейді. Хазіреті Хадиша оның қорқынышы басылғанға дейін үстін көрпемен жауып қояды. Біраз уақыт өткен соң болған жағдайды Хадишаға айтып: «Бір қиындыққа душар боламын ба деп қорқамын», – дейді. Сол кезде Хадиша анамыз: «Алланың атымен ант етейін! Раббың сені ешқашан қиындықта қалдырмайды. Өйткені сен туысқа қарасып, әлсіздерге болысып, жарлыға жәрдем ететін Һәм қонақ сыйлайтын, халыққа қол ұшын созатын адамсың», – деп оған қолдау білдіреді. Содан соң, Хадиша анамыз пайғамбарды (с.ғ.с.) ертіп  немере ағасы Уақара ибн Нәуфәлға барды. Ол сол дәуірдегі христиан дінін қабылдаған, ибрани тілін білетін әрі Інжілдің кейбір тұстарын жазып алған кісі болатын.

Уақара ибн Нәуфәл екі көзі көрмейтін қарт кісі еді. Хадиша анамыз: «Көке, мына бауырыңның не дегеніне құлақ салшы», –  дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) басынан кешкендерін түгелдей айтып береді. Уарақа сонда «Сенің бұл көргенің Мұса пайғамбарға Алла тағала жіберген Намус Әкбар (Жәбірейіл) ғой. Әттең-ай! Халықты дінге шақырып, халқыңның сені еліңнен қуып шығаратын кезінде жас әрі тірі болсам ғой» дейді. Сонда Алланың елшісі одан: «халқым мені елден шеттете ме?» деп сұрайды. «Иә, жеткізген хабары үшін халқынан дұшпандық көрмеген ешбір пайғамбар болмаған. Егер сенің дінге шақырған күндеріңді көруге өмірім жетсе, саған жан-тәніммен көмек беремін», – дейді. Алайда, көп ұзамай Уарақа көз жұмады. Ол уақытта уахи да бір мезет келмей тоқтап тұрды.

Уахидың түрлері

Жоғарыда Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға алғашқы уахи түс арқылы келе бастағанын айтып едік. Алайда көптеген хадистерде уахидің одан басқа да бірнеше түрінің бар екендігі айтылады. Енді соған тоқталып өтейік:

Жәбірейіл періштенің Алла елшісінің жүрегіне уахиды ояу кезінде салуы, яғни періште Алланың әмірлерін пайғамбардың жүрегіне үрлейді. Бұл жайлы мынадай хадис жеткен: «Рухул Қудус (Жәбірейіл) ешбір жанның дәм-тұзы таусылмайынша көз жұмбайтынын жүрегіме салды. Олай болса, Аллаға қарсы шығудан сақтаныңдар да, көркем түрде ризық сұраңдар».

Жәбірейілдің адам кейпінде келіп пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) жүздесіп, тілдесуі. Сахаба Харис ибн Һишам уахидің қалай келетінін сұрағанда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай жауап береді: «…Кейде періште маған адам кейпінде келеді. Менімен сөйлеседі. Мен де оның айтқандарын жадыма сақтап аламын». Бұл – уахидің ішіндегі ең жеңілі. 

Қоңыраудың үніне ұқсас бір дыбыстың естілуі. Бұл – уахидың ең ауыр түрі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл жайлы айтқан мынадай да  хадисі бар: «Кейде құлағыма қоңыраудың үніне ұқсас бір үн естіледі. Мен үшін, бұл – уахидың ең ауыр түрі. Өз-өзіме келгенде оның (Жәбірейілдің) айтқандарын жадыма сақтап қалған боламын». Айша анамыз (р.а.) қатты суық күндерде уахидің соңынан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) маңдайынан сорғалап аққан терді көргенін айтады. Ескерту және Алланың қаһарын білдіру мағынасындағы аяттар уахидың осы түрімен келетін. Мұндай уахи үні пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тек өзіне ғана естіліп, оның ауырлығы мен қиындығын да өзі сезетін.

Жәбірейіл періште Алланың кейбір әмірлерін өз бейнесінде көрініп жеткізген. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) оны сол өз бейнесінде екі рет көрген. Бұл жайында Ибн Масғуд жеткізген бір хадисте былай айтылады: «Алланың елшісі Жәбірейілді өз бейнесінде екі рет көрді. Біріншісінде ол (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштеге өз бейнесінде көрінуін өтінеді. Ол сонда оның алып денесінің аспан кеңістігін жапқанын байқайды. Ал, екінші рет бұл жағдай Исра түнінде «Сидратул-Мунтәһәда» орын алған.

Алла тағаланың перде артынан пайғамбармен (с.ғ.с.) тілдесуі. Бұл Миғраж түнінде орын алды. Осы тұста бес уақыт намаз әмір етілген болатын. Сондай-ақ, Мұса пайғамбардың (а.с.) Алла тағаламен тілдесуі де уахидың осы түрімен жүзеге асқан екен.

 Пайдаланылған әдебиеттер

 Демиржи М., Тефсир усулу

Жеррахоглу И., Тефсир тарихы

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here