Сіз КСРО-ның соңғы жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірге араласқан саясаткерсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саяси жұмыспен белсенді араластыңыз. Саяси, құқықтық салаға бөтен адам емессіз. Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісіне жетекшілік еттіңіз. 2000 жылдары бірнеше сайлаудың барысын бақыладыңыз. Қазақ тілі мен ұлттық мүдде төңірегінде де аз тер төкпедіңіз. Қазақстанның бүгінгі жағдайына, қазіргі ахуалды салалап тарқатсақ.

Бірінші, тіл мәселесі. Қазір БҒМ үш тілде оқыту жүйесі туралы бастама көтеруде. Бұл бастамаға қоғамның басым бөлігі, қазақ тілді орта түгелдей қарсы шығуда. Бірақ, қарсы шығу бар да, белгілі бір реформаның тиімсіздігін, қауіптілігін дәлелдеп, оны болдырмаудың қам қарекетін жасау бар. Бізде осы бағытта қандай нақты жұмыстар істелуде, не істеу керек?

 

Д. Көшім: Қазақ қоғамы қарсы дейміз, бірақ сол қарсылықты көрсете білуде жалпақшешейлік танытамыз. Өкінішке орай, біз өзімізідң көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды билікке – өзіміздің қызметкерлерімізге – жеткізе алмайтын сияқтымыз. Көшеге шығып, алаңдарды толтыруға дейін де жасалатын жұмыстар бар. Меніңше, үштіліділік мәселесін де дастарханның (дөңгелек үстелдердің) басында ақылдасып, бір-біріміздің уәждерімізді тыңдап шешуге болады. Әрине, біреулер «Егер оған биліктің ниеті болса» дейді. Билікте ондай ниет болады деп айта алмаймын, бірақ қоғам қозғалмаса, үштілділікке тосқауыл қоя алмайтындындығымыз анық. Егер бірімізді біріміз тыңдап, ақылдасып, салиқалы талдау жасай алсақ, бұл реформаны тоқтатуға болатыны анық. Меніңше, әрбір облыс, әрбір аудандарда жиналыстар өткізіп, осы мәселені талдап, шешімдерін министрлікке жіберсе және осы жөнінде қоғамға ақпарат таратса, сеңнің қозғалатыны анық. Ал егер тек қана үйімізде отырып күңкілдеуден аса алмасақ – бұрын соңды болмаған эксперименттің құрбаны болатымыз тағы да анық.

 

Ресми Ақорда, билік басындағылар ашық айтпаса да Қазақстан үлкен саяси өзгерістің, билік ауысуының алдында тұр. Осы жауапты кезеңге сол биліктің өзінің дайындығы қалай деп ойлайсыз? Қоғам мұндай жағдайларда болып тұратын түрлі арандатулар мен интригаларға төтеп бере ала ма?

 

Д. Көшім: Биліктің ауысуынан ешқандай өзгеріс болмайды. Өзгеріс болуы үшін халықтың ойы, пікірі, ділі, бір ауыз сөзбен айтқанда қоғамның өзгеруі шарт. Билік биліктегі адамдарды өзгертеді де мақсат мүддесін ешқашан өзгертпейді. Осыдан жиырма бес жыл бұрын да қоғамда бұрын соңды болмаған орасан үлкен өзгеріс болды, бірақ билікті бұрынғы Мәскеуге қызмет еткен, коммунистік иделогия мен тоталитарлық жүйеге беріле қызмет жасаған азаматтар қайтадан алып қойды. Олардың ешқайсысы Тәуелсіздік үшін күрескен жоқ (маған сенбесеңіздер, сол уақыттағы газет журналдары бір шолып, қарап шығыңыздар), бірақ қазіргі Тәуелсіз Қазақ елінде тізгінді қолдарына алып отыр. Қоғамның қазіргі «арандатулар мен интригаларға» төтеп бере алғысы келмегендігі де осыда жатыр. Кедейлердің одан әрі кедейленіп, байлардың одан әрі баюын қамтасыз ететін қоғамды қорғау керек пе… Білмеймін.

 

Осы орайда елдегі саяси күштердің әлеуеті туралы да айта кету керек сияқты. Қазір тағдыры не болғаны белгісіз оппозициялық «Азат» (бұрынғы Нағыз Ақжол) партиясын қоса алғанда 7 саяси партия бар. Оның үшеуі парламентте отыр. Осы партиялар, оның алдындағылары 25 жылдың ішінде қуатты саяси күшке тән қауқар таныта алды ма? Бар кінәні билікке аударып, билік мүмкіндік бермейді дегенмен қанша жүруге болады?

 

Д. Көшім: Оппозицияның өкілдері кез келген жерден биліктің қолын көреді. Бірақ, дәл осы жерде, шынында да, барлық кінә – билікте. Саяси күштердің өмірге келуі, олардың саяси аренада салиқалы саяси күш есебінде заң шеңберінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету – мемлекеттің, биліктің міндеті. Мүмкін өзіме жау тауып алармын, бірақ біздерде классикалық тұрғыдағы саяси партиялар жоқ деп есептеймін. Көппартиялық жүйе баланың ойынына айналды. Олардың не үшін құрылғанын қалай жұмыс жасайтынын, кімдерді жақтап, қандай мәселені қолдайтынын бәріміз білеміз. Шынымды айтсам, Қазақ еліндегі алғашқы саяси партияны құрған, оның басшысы болған адам есебінде қазіргі партияларға баға бергім келмейді.

Барлық кінәні билікке аудару – әрине, әлсіздің ісі. Егер Билік халықтың ойлаған жерінен шыға алмаса, халық саяси партиясыз да билікті орнына қоя алатын болуы керек. Ол қозғалыс болады ма, Ганди сияқты халықтың көсемі болады ма, орыстардың вечесі, ағылшындардың парламеті, қазақтың құрылтайы бола ма, әңгіме онда емес, әңгіме «қауқар танытатын» халықта ғана.

 

Ұлтшылдық туралы. Саяси аренаға ұлтшылдар келе бастады. Басқаларға қарағанда солардың сөзі, тастаған ұрандары, айтқан ұсыныстары қоғамға өтімдірек сияқты. бірақ, олар белгілі бір саяси құрылым, ұйым төңірегінде топтаса алмай жүр? Себебі неде?

 

Д. Көшім: Өте қыйын сұрақ. Біріншіден, ұлтшылдар осы Тәуелсіздікті алу үшін күресте де бірінші қатарда болды, осы кезеңдегі барлық саяси-қоғамдық мәселелерге нақты араласты, сондықтан «саяси аренаға ұлтшылдар келе бастады» деген пікіріңізбен келіскім келмейді. Біздер саяси өмірде әрқашан алғашқы қатарда болдық. Біздің «тастаған ұрандарымыз, айтқан ұсыныстарымыз» баяғы қазақ азаматтарымыздың ата-әкелеріміздің, армандарын қайталау, жалғастыру ғана. Мойындаймын, қоғамдық құрылым жағынан, саяси күш ретінде қалыптасу жағынан кемшілігіміз бар. Өкінішке орай, оппозиция да саяси күш ретінде қалыптаса алмады. Бұл жерде биліктің де қатысы бар, бірақ, мойындауымыз керек, қазақ халқы оппозицияны «бір кісідей» қолдаған жоқ. Менің ойымша, ұлттық бағыттағы саяси-қоғамдық күш – Қазақ елінің мемлекеттілігін қалыптастырушы және дамытушы жалғыз күш. Ал «топтасу» мәселесіне келсек, біздер баяғыдан біргеміз. Бастысы – біздің мақсатымыз бір, ал жеке адамдардың арасындағы кикілжің, немесе қаржылық қолдаудың жоқтығы , т.т. – өзарамызда шешілетін мәселе.

 

Елде соңғы уақытта орын алған шулы оқиғаларға ойыссақ. Жаз бойы Қазақстан қоғамы лаңкестік қатер құшағында болды. қауіп әлі де сейілді дей алмаймыз. Жалпы, осы лаңкестік біздің «130 ұлт пен ұлыс тату-тәтті күн кешкен, барлық діни конфессияларға мамыражай жағдай туғызған» қоғамда қалай пайда болды? Қазіргі билік органдарының теріс ағымдармен күрестегі, терроризмнің алдын алудағы қадамдарына қандай баға бересіз?

Д. Көшім: Лаңкестік қатермен, діни ағымдармен қазір тек мемлекет қана күресіп жүрген сияқты. Қоғам, оның ішінде қазақ қоғамы бұл мәселеге тікелей араласқан жоқ. Оның басты себебі – қазақтың билікке деген ренішті көзқарасы сияқты… Әрине, дәстүрлі дінімізді бұзатын ағымдар – ұлттық бірлігіміздің де жауы. Оның ұлттық құндылықтарымзға төндіретін қауіптерін де түсініп келеміз. Алайда, не осы уақытқа дейін не қазақ тілін өзінің тұғырына қондырмаған, (әлі күнге дейін мазақ күйінде қалдырған), оралман қандастарымызға жағдай жасай алмай отырған, т.т. билікпен қазақ қоғамының бірігуі де күмәнді мәселе. Қоғамның басты мәселелері – қазақтардың қордаланған мәселелері шешілмейінше ешқандай өзгеріс болмайды деп ойлаймын.

(Ықшамдалынып алынған нұсқасы)


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here