Қолыма әкем бастауыш сыныптардың бірінде сатып әперген «Чудесные сказки» деген ертегілер жинағы түсті. Бала кезден қазақ ертегілерінен бөлек орыс халқының ертегілерін ерекше жақсы көрдім. Жаңағы жинақта «Морозко», «Аленький цветочек», «Конек-Горбунок»-пен бірге «Синяя борода» бар. Сюжеті бірден есіме түсті, себебі мен бұл ертегінің басты кейіпкерінен қатты қорқушы едім. Бұл ертегі кішкене бала үшін шынымен қорқынышты сияқты. Дәл осы хикаяны ерекшелеп отырғаным – орыс халқының ертегілері жинағында француз елінің ертегісі қайдан жүр деп бір ойлайтыным. Одан кейнгісі – сюжеті де ертегі деп айтуға ауыр келеді. Аталмыш хикая халық арасында ауыздан-ауызға тарап, алғаш рет Шарль Пероның өңдеуімен 17 ғасырда қағазға түседі. Мәтінді қайта оқуға көңілім түсті…
Егер бұл талдауды соңына дейін оқуға ниеттенсеңіз, ертегінің сюжетін еске түсірген абзал. Мәтін 17 ғасырда жарық көргенін айттық. Бұған дейін де халық арасында танымал болғандықтан, және мәтіндегі тұрмыстық сипаттауларға сәйкес оқиға Францияның 16-17 ғасырына тұспа-тұс келетіні анық байқалады.
 
Баяғы өткен заманда ісінде берекесі тасыған бір бай болыпты. Алтын, күміс, жібектің небір түрлері сол адамның үйінен табылады екен. Өкінішке қарай басты кейіпкеріміз қаншалықты бай болса, соншалықты түсі суық, ұсқынсыз болса керек. Оның үстіне сақалының түсі – көк. Көпшілік оның мінезін сақалының түсіне қарай сұсты деп біледі екен. Халық арасында түрлі сыбыстар да бар: базбіреулер жалғызбасты болғанына қарамастан бірнеше рет үйленгенін айтады. Және оған тұрмысқа шыққан әйелдердің іс-түссіз жоғалып кеткені көп арасында күдік туғызды. Күндердің бір күнінде Сұсты Сақал (А.) көрші үйде тұратын әйелдің екі қызының біріне құда түседі. Екі ару да бірінен бірі өткен сұлу болса керек, Сұсты Сақал қалыңдықты қыздардың анасы өзі таңдасын деп жауабын күтеді. Әрине мұны естіген қыздар барынша қарсылықтарын білдіреді. Сонда Сұсты Сақал оларды қонаққа шақырады. Қаланың сыртында орналасқан үйге жас қыздармен бірге бірнеше достары және анасы қонаққа келеді. Бір апта бойы қонақтар Сұсты Сақалдың барлық байлығын, қонақжайлығын көріп, ойламаған жерден басқаша шешімге келеді. Қыздардың айтуынша бас кейіпкердің сақалы енді бұрынғыға қарағанда сұсты емес сияқты, ал жақын танысқан соң мінезі жайдары болып шыққан сияқты. Содан апалы-сіңлінің кенжесі Сұсты Сақалға тұрмысқа шығуға келісімін береді. Екеуі үйленіп, отбасын құрады. Бір күні Сұсты Сақал тауарлар әкелу үшін алыс жолға аттанады. Сапар алдында әйеліне үйдегі барлық бөлмелердің кілттерін табыс етеді: алтын, күміс, гауһартас тұрған бөлме, қымбат маталар сақталатын бөлме, тәтті тағамдардың бөлмесі, қонақтарға арналған бөлме – бәрін-бәрін біртіндеп атап шығады. Ең соңында Сұсты Сақал әйелінің қолына кішкентай бір кілт ұстатып, бұл кілтпен төмендегі кішкентай бөлменің ашылатынын, бірақ қандай да бір жағдай болмасын ол бөлмеге кіруге, ол кілтті қолдануға болмайтынын айтып қатты тапсырады. Сөйтіп Сұсты Сақал жолға аттанады, ал әйелі жалғызсырамау үшін үйіне қонақтар шақырады. Бірақ уақыт өткен сайын кіруге тыйым салынған бөлмені ойлаудан әйелдің әбден мазасы кете бастайды. Бөлмені неге ашуға болмайды, ол бөлмеде не бар деген ойлар ішін өртеп, әбден жандырып жібергені сонша, қонақтарға қарамастан өз аяғына өзі шалынып төмендегі бөлмеге қалай жүгіріп барғанын білмей қалады. Үйдің төменгі бөлігі тастай қараңғы. Есікті ашқан бетте еденнің жылтырап жатқанын көреді. Еденге тағыда үңіліп қараса, жылтырап жатқан қан сияқты. Қатып қалған қанның бетінен қабырғада ілініп тұрған әйелдердің денелері көрінген сияқты. Қорқыныштан жүрегі аузына келіп тығылған әйелдің қолдары дірілдеп кілтті еденге түсіріп алады. Ойламаған жерден үйге Сұсты Сақалға қайтып келетінін естиді. Шаруасының болмайтындығы туралы хат келіп, орта жолдан сапарын аяқатаған екен. Әйел одан сайын үрейленіп, кілтті еденнен көтергенде оған едендегі қан жұғып қалғанын көреді. Сұсты Сақал кілттерді қайта сұрайды, әйел барлық кілттерді қайтарып, тек соңғы жұмбақ бөлменің кілтін бергенше уақытты созады. Сол уақытта үйде оның үлкен әпкесі болса керек, әпкесінен үйдің төбесіне шығып, жақын маңнан ағалары көрінбейді ме деп сұрайды. Оған дейін Сұсты Сақал әйелінің айтқанынан шығып, кішкентай бөлмені ашып қарағанын ұғады. Ұғады да ашуға мініп айқайға салады. Ертегінің соңына дейін байғұс әйел әпкесінен ағалары туралы үш қайтара сұрайды. Ақырында ағалары көмекке жетіп, есікті бұзып кіріп, Сұсты Сақалды өлтіреді. Сөйтіп қарындастарын құтқарып қалады. Оқиғаның соңында Сұр Сақалдың бар байлығына ие боп қалар мұрагер жоқ екені анықталады. Сондықтан марқұм көпестің барлық мүлкі жесір қалған әйелге бұйырады. Ол болса бір бөлігін жұмсап, ағаларына әскери атақ алып береді. Екінші бөлігін жұмсап, әпкесін тұрмысқа шығарып, той жасайды. Үшіншісіне өзі де аңсаған арманына жетіп, отбасы құрады екен. Сөйтіп бәрі де тату-тәтті өмір сүреді. Ертегі бітті. Ал әңгіме енді басталмақ.
 
 
Әрине, бұдан кейінгі талдауды дұрыс түсіну үшін ертегіні басынан аяғына дейін бір оқып шыққан абзал.
 
Басты кейіпкер Сұсты Сақал – өте бай адам. Жалпы, он жетінші ғасырда батыста, оның ішінде Францияда ақсүйектердің атағы болмаса, байлығы тез бітіп қалатын. Оның себептері – бүкіл ақшаны ойын-сауыққа салып жіберу, немесе отбасыда ер адамның болмауы. Мәселен, 19 ғасыр болса да, Джейн Остиннің шығармаларын еске алыңыз. Қыз баланың мұрагер болуға қақысы жоқ, ал әйел адам ұл тумаса – сор. Мына ертегіде Сұсты сақалдың көршісі болып отырған әйелдің екі қызы ғана бар. Одан басқа екі ұл туралы да айтылады, бірақ отағасы туралы сөз жоқ. Яғни сол қоғамдағы тәртіпке салсақ, олардың материалдық жағдайы айтарлықтай жақсы емес болу керек. Бұл бір.
 
Екіншіден, ертегіде Сұсты Сақалдың бұған дейінгі әйелдерінің із-түссіз жоғалып кетуі туралы дерек жоқ. Бұл сөз халық арасында сыбыс ретінде ғана таралған. Өзіңіз ойлаңыз, егер адамның түсі суық, оның үстіне бай болса, жалғыз өзі тұрса, жан-жағындағы жұрт өсек айтпай қоя ма? Ол біздің қазіргі қоғамға да тән дүние. Сондықтан мәтіндегі сипаттауларға қарағанда, Сұсты Сақал туралы сыбыстардың болуы орынды, ал олардың туралығында еш бір дәлелі жоқ.
Үшіншіден, жас қыздың Сұсты Сақалға тұрмысқа шығуға келісім беруінің өзі қызық әңгімеленген. Бұған да мән берген жөн. Ә дегенде бірден «жоқ» деп жауап берген қыздардың шешімі неліктен күрт өзгерді? Сұсты Сақалдың үйіндегі сән-салтанатты көргеннен кейін ғана «жүзі жылы адам екен» деп көзқарастарын өзгерткен қыздардың ойында не барын бірден аңғармауға болады. Қонаққа анасы мен қыздардан бөлек ағалары да келгенін атап өту керек.
Төртіншіден, бастан аяқ сюжетке бір көз жүгіртсеңіз, ертегіге тән ғажайыптық элементтің бір ғана жерде қолданылады. Сұсты Сақалдың әйелі қойылған талап пен шарттарды бұзып, төмендегі жұмбақ бөлмеге кіріп баратын көріністі еске алыңыз. Оның жұмбақ бөлмеде болғанын Сұсты Сақал кілттің қанмен былғанғанынан-ақ байқайды. Өйткені кілт «сиқырлы екен»! Кілтті қанды еденге түсіріп алған соң, оны қанша жуып, сүртсе де тазаланбады. Бірақ реалистік тұрғыдан алып қарасақ, темір заттан қан оңай жуылып шайылу керек. Оған басқа темір кілттен бояуды немесе 17 ғасырда ағаш едендерді өңдеуге пайдаланылған түрлі сұйықтықтарды кетіру қиын шығар… Ойланып көріңіз.
 
Бесіншіден, мәтінде әйелдің жұмбақ бөлмеге кіріп барған үзіндісін қайта оқыңыз:
«…Взяла ключ и, вся дрожа как лист, отперла каморку. Сперва она ничего не разобрала: в каморке было темно, окна были закрыты. Но погодя немного она увидела, что весь пол был залит запекшейся кровью и в этой крови отражались тела нескольких мертвых женщин, привязанных вдоль стен; то были прежние жены Синей Бороды, которых он зарезал одну за другой….».
 
Үзіндіге жақсылап назар аударсақ, бөлменің іші тастай қараңғы екенін түсінеміз. Жарық түсетін терезелер де жабық. Жалпы жер үйде тұратындарда артық заттарды қоятын бір бөлме болады. Ол бөлмеге көп кіре бермейді: ескі заттар, көкөністер сақталады. 17 ғасырдағы жарықтандыру жүйесіне сай тек қана майшамның жарығымен сондай тас қараңғы жерден анықтап не көруге болатынын ойлап көріңіз. Одан кейін, автордың сөз саптауына аса назар аударсаңыз, әйелдің денелерді көргені жайлы тура жазылмаған. Тастай қараңғыда әйел жылтырап жатқан еденді көреді. Жылтырап жатқан қан деп ойлайды («қорыққанға қос көрінер»). Және сол жылтырап жатқан қанның бетінен қабырғаға ілініп тұрған заттардың бейнесін («отражение») ғана көріп, бірден шешімге келеді. Жоғарыда едендегі «қан» туралы біраз сөз қозғадық. Сұсты Сақалдың «сырын әшкерелеп отырған» мына үзіндіде бірнеше қарама-қайшылықтар барын өзіңіз көріп отырсыңыз.
 
Тағы бір айта кететін жайт. Сұсты Сақалдың кенеттен үйге оралуы да біраз нанымсыз сияқты. Яғни алыс сапарға аттанып, орта жолдан қайтуына себеп болған жұмбақ хатты біреудің әдейі жібермесіне кім кепіл? Және ол қайтып оралған күні үйдің төбесінде әйелінің әпкесі не істеп жүр? Аяқ астынан дәл сол күні олардың ағалары неге үйдің жанынан өтіп бара жатты екен? Олардың жақын маңда болатынын Сұсты Сақалдың әйелі қайдан білді? Ал ағалары кіре сала үй иесіне бас салғаны біртүрлі емес пе?
 
Ең қызығы соңында. Байғұс Сұсты Сақалдың мұрагері жоқ екен. Және сол мұраны қылдай қылып төрт адам бөліп алатыны сөзсіз күмән туғызады. Өйткені еске түсірсек, Дәл сол төрт адам – Сұсты Сақалдың әйелі, оның әпкесі мен екі ағасы – алғаш рет қонақта болған күні үйлену туралы шешім қабылданып еді. Дәл сол төрт адам Сұсты Сақалдың өлтірілген күні бір жерден табылды. Және дәл сол төрт адам соңында ойлаған мақсаттарына Сұсты Сақалдан қалған байлық арқылы жетеді. Әскери атақ ала алмай жүрген ағалары да мәз, осыған дейін сүйіктісіне жоқтықтан қосыла алмай жүрген әпкесі де арманына жетті. Ал «бейкүнә» әйел байлыққа да қол жеткізді, кейін сүйікті адамына да тұрмысқа шықты.
 
Асылында мұндай сюжеттер қазіргі голливудтық фильмдерде жиі қолдананылады. Агата Кристидің шығармаларында да осы сюжет. Заман өзгерер, бірақ адамның ниеті ешқашан өзгермейтін сияқты. Мектеп жасындағы балаларға ұсынылған бұл ертегіні Шарль Перо шеберлікпен баяндап берген екен. Әрине, бала оқырман үшін Сұсты Сақал зұлмат қылмыскер болса, ал есі кірген оқырман үшін өмірлік мәні бар шытырман оқиғалы көріністерді байқайды. Сөйтіп зұлым Сұсты Сақалдың шын мәнінде оқиғаның құрбаны болғанын, ал соңында мұратына жеткен төрт адам – нағыз қылмыстық топ екенін көрдік.
 
Ақерке Асан, әдебиеттанушы

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here