Көгілдір кеш

Тағы да қараңғы,
Тағы да паң төсі.
Қою түн келгесін,
Көз алдым жұлдыздың сәулесі.
Ұйқысын жырларым тербесін,
Дерті ме ғашықтың?..
Тағы да көзілмей бүгін мен,
Көгілдір әлемге сіңуге асықтым.
Білем ғой олардың от демі,
Жұлдыздар аққанда тайғанап,
Қимастық сезімнің сәттері,
Не деген тәтті еді?!
Бір тамшы жас болып –
Әр мұңым,
Жұлдыздай аспаннан жосылып,
Ақты енді.
Білсе ғой…
Мендегі от-жалын ұқсайды толқынға,
Кеудемде жанатын,
Бір өлең…
Тағы да қараңғы,
Тағы ды паң төсі,
Қою түн келгесін.
Тірейтін орын жоқ табанды,
Періште қағады қанатын.
Осында болса ғой ән кеші,
Дыбыстар ағатын.
Сен маған тыныштық бермедің,
Мен саған тыныштық бермеспін,
Ол солай болмаса,
Күні ғой болатын!
Тағы да қараңғы,
Тағы да паң төсі.
Қою түн келгесін,
Сен маған тыныштық бермеші,
Дегенмен,
Мен саған тыныштық бермеспін,
Өлеңмен!

Теңіз, мен, қыз

Көрсем деп сені,аспандап бардым,
Сағынышқа толы сезімге ердім.
Қанатын қаққан қасқалдақтардың,
Тұп-тұнық мөлдір көзінде көрдім.
Тосыннан шабыт қонған ақынға,
Әлсіздік болса сілкінбес еді.
Ұшқан құстардың ән қанатында,
Жырламай қалу мүмкін бе сені?!
Қанатын қақты ән салған құстар,
Барады күзде тыраулап.
Бізден де өтті Таң Шолпан тұстар,
Сыр емес тұрмын…
Жыр аулап.
Бір нүкте болып көгіңде қалдым,
Сәуле боп тұнсам есіңде мәңгі.
Шетінде тұрмын төгілме жардың,
Сен жақтан тыңдап есілген әнді…

Теңіздегі сұлулық

Көктен шығар,
Көк пен жерді көктесін.
Келген болар күткесін.
Шағаланың қанатына ілініп,
Тауып алдым,
Сұлулықтың нүктесін.
Жеткен шығар,
Жаңбырлатып төккесін.
Тіліп өтіп,
Қақыратып көк төсін.
Қасқалдақтың тұнып тұрды көзінде,
Ағып түсіп,
Жерге тамып кетпесін!
ххх
Маңайды түгел ән қылып,
Атады ерте таң күліп.
Осында міне қозғалыс,
Жататын тынбай мәңгілік!

Жоқ мұнда,
Жоқ қой,
Жоқ аспан,
Теңіз ғой көктен әрі асқан.
Ақ бұлттар-
Аппақ аққулар,
Ұшам деп жүріп адасқан.

Жүрекпен сені сүйіп мен,
Көз салсам шіркін биіктен.
Көк Теңіз осы аспанды,
Көтеріп тұрған иықпен.

Ән тұнып тұрған маңайым,
Жан десең қазір жанайын…
Тоғыз балл соққан Теңізді,
Ән десең тосып алайын.

Таңқалып тылсым құдыретке,
Дір етті асау жүрек те.
Ілініп сосын қалайын,
Айвазян* салған суретке!

*Айвазовский – шын тегі Айвазян


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here