Сезімді қайтем?!.

Қиялым бір қарбалас…
Кетер көкке,
Бақыты –
Елесіндей шырын шақтың.
Өзімді орап тұрып шекер сәтке,
Сезімді сен арқылы сұлулаттым.

Тілсіз де кетер едік ұғынып та,
Дүние сені өріп өзгеріпті.
Айтсын деп,
Мадақ сөзін сұлулыққа,
Өзіңмен тілдесуге сөз беріпті.

Көзім де,
Жоқ …сезімім, көз ілмейді,
Алдымен саз ғұмырлы сөз келіпті.
Сұлулық ғашық болмай көрінбейді,
Көрсін деп,
Маған сені көз беріпті.

Сәуле бұл,
Дәл жаныма тиіп кетіп,
Айтуға тіл де жетпес,
Ай көрікті.
Қиялын жүрсін деді-ау биіктетіп,
Тағы да ойласын деп,
Ой беріпті.

Тылсым күш,
Көктен түскен өлең шығар,
Сап-сары сағынышым көгеріпті.
Өзіңді жырлап өтсін деген болар,
Мені де ақын қылып жіберіпті!

ххх

Он екі бет,
(Өлең)
Бір дәптер,
Ішінде жатқан әнқайнап.
Сені де білем…
Тыңдап көр,
Кеудеңде тұрар жалт ойнап.

Он екі бет,
(Өлең)
Жыр дәптер,
Одан соң қанша жол жүрдім.
Сені де білем…
Кей сәттер,
Кешесің кейпін сол күннің.

Сол күнге жаным шөлдеп жүр,
Парақтап ашсам дәптерді.
Алма бақ тағы гүлдеп тұр…
Есіңе салып өткенді.

Тулатып бойда қанымды,
Уызы тәтті жырдың да.
Қызғанып алма бағыңды,
Ақынды жап-жас қудың ба?..

Енді кім мұны шешеді,
«Тартылыс заңы…» ашпаған.
Іздеймін қартты кешегі,
Күзеткен бақты басқа адам.

Әр жолы тұрған тармақтай,
Атызда өлең тулайды.
Елейтін бізді жан жоқтай,
Ешкім де бізді қумайды.

Ақынмын әзір жоқ атым,
(Жас ақын десе,
Таңданам.)
Бұрын да солай,
Бұл ақын,
Аты жоқ өлең жолдаған.

Орамал былғап тұратын,
Елесің ғана қалмайды.
Қазір де солай,
Бір ақын,
Аты жоқ өлең жолдайды!..

ххх

Сен басқасың,
Қарау керек басқаша,
Кез-келгенің көрінбейтін көзіне.
Гүл де шөптей,
Қауызын жарып ашпаса,
Хош исімен тартар ма еді өзіне?!

Обасында,
Тапқан сені адаспай,
Ол дегенің сәттер болар қас-қағым.
Гүлді иіскеп көрші өскен ағаштай,
Мен де мүмкін,
Ой көзімен басқамын.

Ойлағанға дүниенің үміті,
(Білмейді олар)
Тұратынын талшықтан.
Гүлдің нағыз жұпар исі менікі,
Үндемеймін сондықтан!

Ерік берген,
Аласұрған сезімге,
Осалдығым болар мүмкін бұл менің.
Хауа ана алма жеген кезінде,
Адам ата жеді ол да,
Білемін…

Айналаны гүл ораған,
Нәрі мұң…
Неге екен?
Осыған таң боламын.
Адамзатты жаратқада,
Бәрінің,
Нәзік тұсы сезім бе деп,
Қаламын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here