Отыздың бел ортасына келгенде оның көңіл көгінде астан-кестең найзағай ойнап, алғаш рет ешкімді тыңдамай бұлқынды.

–         Оқуға барам дедім, барам!..

Әйелі қаратүнек болып, «пышағын қайрап» бір бұрышта отыр. Төменгі

сыныпта оқитын тетелес екі қызы көздері жаутаңдап, «бұл не сұмдық» дегендей әрі-сәрі күйде. Алмалы-салмалы жағы ойнай берген соң онысын алып тастап, аузы жәмпірейген шешесі малжаңдап:

–         Ойбай, не жаждым! Кетшең мені шіріжей көміп кет! Осынша уақыт

жүжіп кеп, енді оқу жегенжі қайжан шығаржың, қалқам-ау?! Шопыржығың пайжалы ежі ғой!..– деп күңірене гөй-гөйге басқан.

Қалижан әскер қатарында жүргенде жүргізуші мамандығын алып, сол жақтан тәжірибелі болып оралған-ды. Келе сала автопаркке орналасты. Еңбекқорлығына ешкімнің таласы жоқ. «Жүргенге жөргем ілігеді» демекші, барған жерінен бос қайтпады. Бір тақтай болса да іле кететін-ді. «Тамшыдан теңіз» болып, біраз жылдың ішінде жаңа үйге құрылыс материалдары сақадай сай тұрды. Дүниеқоңыздығы ерекше еді. Осы қабылетін елеп-ескерген құрдастары оны сыртынан «Қара қоңыз» дейтін. Қалижан білді. Намыстанғанның орнына «Қолыңнан келсе қонышыңнан бас!» дегендей иығын қиқаң еткізе салатын.

Бәрі аяқ-асты болды. Жол сақшылары бұған дейін де талай рет тоқтатып, талай рет жүйкесін тоздырған-ды. Бұл жолы ешкім тиіспеді. Керісінше, бұның көмегін қажет етті. Жол бойында бірнеше жүк тасушы ауыр көлік іркес-тіркес тұр екен. Ала таяқ шолтаң етті.

–         Бауыр, ақыр бос келе жатыр екенсің, бір қайрат жасап жібер. – деп

жасы өзі шамалас сержант өтініш жасады.

–         Маған келер-кетер бола ма? – деп бұл дәм еткен ымыра білдірді

–         Әрине. Акалардың сәлем-сауқаты бәрімізге жетеді!

Осы оқиғадан соң, Қалижаннан маза кетті. Күні-түні, ары-бері жүк тасып,

ағылған сансыз көлік көз алдында көлбеңдеді. Соның арасында бұның да үлесі кетіп жатыр-ау?! Соқыр ішек қысқандай іші түйіліп, қызғаныштан өртеніп аласұрды. Жол сақышысының оқуына барам деп үзілді-кесілді шешім қабылдады.

Шешесінің көз жасына тоқтамаса да мінезі дүлей қатыны аттап өте алмайтын қара тастай алдына кесе көлденең тұрды. Ол жоғары білімді, жоғарғы сыныптарға сабақ беретін сауатты, адуын маман еді. Байымен қырық-пышақ болмай-ақ, анда-мында телефон шалып шықты. Үш күн, үш түн алай-түлей болған Қалижанның төртінші түнге қарағанда жыны басылды. «Жол сақшысы» деген арнайы оқу орны жоқ болып шықты. Отбасы, өзінің жасы, тағысын тағы сияқты себептер кесе-көлденеңдеп ақыр аяғы мысын құртты. Бұл – Қалижанның алғашқы да және соңғы рет өмірге ыстық құлшыныс танытып тулағаны еді. Содан бері талай су ақты, талай шаң түледі… Өзінің тағдырына деген ыза кек ешқашан да жібімес беріш боп қатты. Оның көкірегі содан бері селт етіп, жаңа мен жаңалыққа түңдігін ашпады. Бойын бойкүйездік пен кертартпа мінез жайлады. Ештеңеге, ешкімге сенбейтін үмітсіз секем баурады. Өмірлік сұрақтардың барлығына дайын жауабы пайда болды.

–         Ауданға жаңа әкім кепті! Бір жақсылық болатын шығар? Танитындар

тәуір жігіт дейді…

–         Қай әкімді көріп едің, елді жарылқауға келген! Ішіп-жеп, креслоға

отыруға кеткен шығынын өтеп, пайдасын көріп, бір күні таяды…

Ой Аллам-ай, айтқаны айнымай келеді! Келгенінің барлығы төрт-бес жыл «қой үстіне боз торғай жұмыртқалатам» деп қыт-қыттайды да бір күні ұядан үріккен тауық секілді ызым-қайым жоқ болады.

Өкімет құлағалы Қалижан жұмыссыз. Аракідік өлім-жітім, той-томалақ болмаса ол көшеде бейсауат көзге шалынбайтын. Қашан болмасын ауласында әбігерге түсіп жатқаны. Алда-жалда жаңағыдай жаңалық бөлісе қалсаң, еститінің кері сөз. Біреулер болушы еді: «Сенікі не! От менікін айтсаңшы!» деп өзінің қойыртпағын әлдеғандай ететін. Қалижанның айырмашылығы: ешқандай уәжге дауа бермейтін кесімді пікір айта алуында. Онымен сөз тәжікелестіріп қажеті шамалы. Жұдырықтасып қана барып мәмлеге келмесең өзге амал жоқ. Бір шырайлы жаңалығыңмен ортақтасам деген рия көңіліңнің басына кір су төңкергендей – әлгінде ғана өмірге мазмұн берген күйіңнен өзің түңілесің.

Өткен жолы әйелі аузы қайысып: –  Қалижанның айтқаны айдай келеді! Ана бір келімсек қулар: жүз гектарға алмағаш егіп, субсиін алып алды да тайып тұрды! Олардың сөйтерін менің шалым о бастан айтқан. – деп су жаңа жаңалық ала келген-ді.  

–         Өзі, сол ағаштарың алма берді ме? – деп біздің қара кемпір де тамсана

сұрады.

–         «Роза ветров» деген бір нәрсесі жөн болмай, неше қыс өскіндері үсіп,

алма жеуге жеткізбеді.

–         Розаңды білмедім. Қызыл желдің өтіне түскен ғой, шамасы…

–         Қалижанның көрегендігіне өзім таң қалам?

–         Көңіліңізге алмаңыз, осы сіздің Қалижан қашан бір ілгері басатын

жорамал айтып еді? Кері кеткен прогнозды жынды да жасайды! – деп шыдамай сөзге мен де араластым. Көрші әйел екі беті қып-қызыл болып, түнерді де қалды. Содан ләм-мим демей сазарып біраз отырып, дайын шәйға қарамастан ата жөнелді.

–         Нең бар еді оның күйеуінде? Оның айтқаны рас келді ғой! Бәрінің

көкейін тескен – өкіметтің ақшасы! Жосып жүрген кілең ұры-қары! Қалижан біліп айтты!..    

–         Баршы ей… Қалижаныңмен қосып! «Іріген ауыздан – шіріген сөз

шығады!» Қашан ілгері басатын сөз айтар екенбіз?!

 

     

 

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here