Қасиетті Қаратау өңірінде Сүгірдей шертпе  күйдің шебері күйшілікті ұрпағына мұра етіп қалдырса, халық композитордарының  шығарған небір лирикалық әндері тыңдаушы жүрегіне жол тауып, халықтық әуенге айналып, бесік жыры болып тербелгенін көпшілік жақсы біледі.

   Өнер адамы үшін қанмен келген қасиет, ананың ақ сүтімен, әлдиімен дарыған ән ырғақтарының да әсері ерекше ғой.

          Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты «Бесағаш» аулында дүниеге келген белгілі композитор Әшір Молдағайыновтың өмірі де бәзбіреуге жұмбақ болғанмен жыр ғып айтар сәттері баршылық. /1937-2005/

          Әкесі соғысқа кеткенде  анасының егіс даласында қант қызылшасын өсіріп, көп бейнет шеккенін көріп, іштей уайымдағанмен бұғанасы қатпаған баланың ол кезде қолынан келері шамалы еді…

           Кешкісін іс тігіп отырып, анасы баяулатып ән салатын. Бұл ұзақ күнгі ауыр жұмыстан кейін көңіл жұбатқаны болса керек.  Бала Әшір осы әуендерді  бірте-бірте жадында сақтай берген.

    Әшір мектеп бітірген соң Кереку жеріне тың игеруге аттанған. Сол жерде біраз еңбек етті.

           Әр адамның жұлдызды шағы болады.    Айтқандай 1957 жылы Мәскеуде өтетін  Дүниежүзілік  жастар мен студенттердің фестиваліне қатысу үшін Мәдениет министрлігі өнер жарысын ұйымдастырады.  Осы жолы Әшір өз өнерімен көзге түсіп, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға емтихансыз түскен болатын.

   Жастық шақтың куәсі Қазақстанның халық әртісі Мыңжасар Маңғытаев көзі тірісінде жан досы Әшір Молдағайынов жайлы сағынышпен еске алатын:

         «Менің ең жақын досым Әшір болатын. Әшекең екеуміз түйдей құрдас та едік.

          1957 жылы консерваторияның дайындық курсына түсемін деп жастар жиналған болатынбыз. Сол жылы Нұрғали, Әсет  бәріміз дайындық курсына түскенбіз.   Ойлап отырсам, өмір деген өзен екен,  бүгінде  қимас достарымыздың азайып қалғаны  қиналтады.

            Әшағаң өте сырбаз, салиқалы азаматтардың бірі еді. Дауысы тамаша, кең тынысты, баритон даусы болатын. Опера театрында бірнеше  образды шығарды. Бұның дауысы жоғары соль деген нотаны еркін алатын. Кейінірек ән шығарумен айналысатын болды. Маған досы ретінде сырын айтатын, алғаш  шыққан әндерін көрсететін. Мен енді кәсіби композитор болғаннан кейін аздап жөндеп, жатық болуын айтып отыратынмын.

           Мәскеуге бардық.  Осы «Аяулы арманымдай асылым ең» әнін Роза Бағланова айтты.  Роза айтқанда әннің шарықтау шегі мен төменгі регистрді әдемі алды. Қуанып қалдық.  Бұл әнді радионың жанынан құрылған  эстрадалық оркестрдің дирижері Лисица оркестрге лайықтап өңдеген еді» деп еді Мыңжасар ағамыз.

             Әшір әндерінің лирикалық сезімге толы болатындығы жайлы Мыңжасар  ағамыз  былайша баға берген:

           – Әшір  әннің  қалай қайырылып келуін және қай жерге дейін шырқай білуін жақсы меңгерген еді. Ол ән шығарудың сырын білетін.  Ол балаларға көп жазды.

           Бірде Әшірмен оның туған аулы «Бесағашқа» бардық. Қасымызда Геннадий Сирота деген пианист жігіт бар, сол үшеуміз өнер көрсеттік. Ел керемет қарсы алды.

         Мен Композиторлар  одағында жауапты хатшы болып істедім. Сол кезде Әшағаңды жиі шақырып, кездесулерге қатыстыратынбыз. Ол әрдайым өз әндерін  орындайтын.  Бір сөзбен айтқанда өнерге еңбегі сіңген адам еді-ау…

Мысалы, «Сағындым сәулешім»  әнін алайық. Жалпы, өмірдің өзі сағыныш пен махаббаттан тұрады емес пе?! Міне, Әшағаң осы тақырыпқа керемет жазатын.

            Әшір консерваторияны ойдағыдай бітірген соң Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрына орналасады.

   Кешегі Күләш пен Қанабек, Құрманбек пен Үриялар ән салған қасиетті сахнада әншілік өнердің қыр-сырын жете меңгерген ол Евгений Брусиловскийдің «Жалбыр» операсында Сүгірдің, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында  Қожағұлдың, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай операсында Жиреншенің рольдерін шебер ойнады. Сахнада бейне сомдау, кейіпкерлердің мінез-қасиетін ашу жауапты іс. Оның жан-сарайына үңіліп, ой-толғанысының сырына бойлайсың. Оған қоса әншілік пен актерлік қабілетін бірдей дамыту керек.

   Әшір Молдағайыновтың ойнаған рольдерінің ішінде «Біржан-Сарадағы» Жиенқұл бейнесі көп дайындықты, ізденісті қажет етті. Әшағаңның анасының осы спектакльді көріп отырып, «басқа роль жетпегендей»  деп бір кезде намыстанғаны да бар…

    Әшір Молдағайыновтың  опера сахнасында жүрген кездері жайлы айтқан бір үзік сырын Қазақ радиосының алтын қорынан алған едік, соны өздеріңізге жеткізсем деймін:

         «Мен де басқа әншілердей оқу бітірген соң театрға шақырылдым. Осы аз уақыт ішінде сахнаның қыр-сырына қанықтым. Әншілік пен актерлік өнердің өнегесін көрдім. Алдыңғы буын  ағалардың өнерінен үлгі алдым. Біздей жас әншілерге қамқорлық көрсетіп, ұстаздық етер Роза Жаманова, Рахима Мұсабекова, Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаевтардың  берген көмегі мен ақыл-кеңесі ерекше.

          Мен характері алуан түрлі рольдермен сахнаға шықтым. Бағасын өнер сүйер қауым бере жатар» деген еді ол….

          Шындығында да Әшірдің сахна майталманы ретінде қалыптасқан он жылы босқа өтпепті. Сол кезде театр режиссеры Байғали Досымжанов: «Не әніңмен, не композиторлығыңмен бол!» деп қысқа қайырған кейін Әшағаң опера сахнасымен қимай қоштасып, Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясына  қызметке орналасып, лекция тобына жетекшілік еткен.

          Мен Әшір ағамызбен осы филармонияда аз  уақыт қызмет еттім. Ол кісі аса жігерлі, өмірді сүйе білетін жан еді. Орта бойлыдан жоғары дембелше келген қараторы кісі қайратты шашын артына қайырып, қолына баянын алып, «Сәулетті Қазақстан», «Бесағашым», «Сағындым сәулешім» әндерін аса шабытпен шебер орындайтын.  Отансүйгіштік рухта орындалған небір әндер ауыл адамдардың көңілін көтеретін. Менің көз алдымда қалған бейне осындай…

           Әшір Молдағайыновтың алғаш ән жазып, композиторлық қырының қалыптасуы жұбайы  Гүлжауһар Аухатқызымен бас қосқан кезде басталыпты. Ендігі әңгімені  Гүлжауһар апамыз айтады:

  – Әшекеңмен 1965 жылы таныстық. Ол кезде Әшағаң опера театрында істейтін, белді әншісі болатын.

    1966 жылы көктемі болатын.   Ол кезде мен Ісләм Зікібаевтың әйелі Рауза Бәкірқызымен бірге кітапханада істейтінмін. «Бір ән шықты, сөзі жоқ» деп едім, бірер күннен кейін Рауза осы «Аяулы арманымдай асылым ең», «Сағындым сәулешім» әндерінің сөзін алып келіпті.  Әшірге өлең ұнап, Ісләммен арнайы танысты, содан кейін тағы да бірнеше ән дүниеге келді.

Бұл әнді үйлену тойымызда Әшағаң орындағанда Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди  бірден жақсы ән деп қабылдады, ақ жол тілеп, ақ баталарын берді.

            Мәскеуде өткен фестивальде Роза Бағланова осы әнді айтқанда Ісләм да, Әшағаң да жылап отырыпты, бұл қуаныштың жасы болса керек.

  Бұл әнді ең алғаш Ришад Абдуллин орындаған.

  1980 жылы осы әнді оркестрге лайықтап жазып, Қазақ теледидарына  хабардың  ашылу әуеніне  көп қолданған….

          Гүлжауһар Аухатқызы жолдасы Әшірдің спектакльде ойнаған рольдерін көріп, үнемі жанкүйер ретінде қобалжып отыратын. Енді осы жайлы баяндай отырайық:

         – Әшірмен күнде театрға бірге барамыз. Ол сахнада, мен көрермен ретінде жанкүйермін. Белгілі әртістермен партия ойнаса қалай болады-ау деп уайымдап  отыратынмын. Кейде тіптен әбден қобалжып қаратерге  түсетінмін,- дейді апамыз…..

           Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Шындығында да өткенді еске алып, жақсы  істерін, қадір-қасиетін айтып отыру тірінің міндеті десек, композитор Әшір Молдағайыновтың өнердегі әріптесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмат Махамбетовтың да айтары бар:

    –  Мен Әшағаңмен сексеніншы жылдардың басында  қызмет еттім. Халық алдына шығып, қызметімізді көрсетіп жүрдік.

         1965 жылы біз консерваторияда оқығанда Әшағаңдар театр сахнасында ойнайтын. Дауысы қою баритон болатын.

          Әшірбек ағамыз филармонияда лекция тобын құрып, ел-елді аралайтын.

Әшағаңның сұлу сазды небір әндері бар. Бір ерекшелігі өзі әнші болғандықтан әндері әсерлі, қазақ иірімдерге бай, классикалық шығармалар еді…

           «Отан отбасынан басталады» демекші, «Ана әлдиі», «Жан ана», «Сағындым анам мен сені» әндері қай қазақтың болсын, жүрегін тербеп, сағыныш сазына бөлейді. Ал туған жер  тақырыбына жазылған «Сәулетті Қазақстан», «Екібастұз аймағым», «Әсем қалам Жамбылым» әндері отансүйгіштік рухта жазылған тамаша туындылар. Ал «Аққу арман» циклды әндері адамзаттың арманы десе де болғандай, «Қимаймын өздеріңді қош деуге де» әні бірінші Дүниежүзілік құрылтайға келген шетелдік бауырларымызға арналған еді.

           Әшірдің әндерінде мұңнан гөрі жігерлілік, өмірге деген ғашықтық сезім, алдағы күнге үлкен үмітпен қарау басым болатын.

   Әшір Молдағайынов Әбдірахман Асылбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Гүлнар Шәмшиева, Ісләм Зікібаев, Бәкір Тәжібаев, Айтжан Байғожаев, Оспанхан Әубәкіров, Тұрсынхан Әбдірахманова, Надежда Лушникова сынды ақындармен қоян-қолтық араласып, жақсы әндерді тыңдаушысына сыйлай білген дарынды композитор еді.

          Бір ғана «Полонезімен» танымал болған Огинский тәрізді, бір ғана «Аяулы арманымдай асылым» әнімен Мәскеу шаһарында жарқ етіп көрініп,  көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген  Әшағаң өнер көгінде бағы жанып, ерте бағасын алған бақытты жан еді. Оның еңбегі үкімет тарапынан марапатталмаса да халықтың ықыласына бөленіп, ұйықтап жатқан жүректерді оятып, жанына дәру болған  әндері ел жадында сақталды.

        Біздің алтын қорымызда Әшір Молдағайыновтың қырықтан астам әні бар. Бұл әндерді белгілі әншілер Роза Бағланова, Бақыт Әшімова, Ришад Абдуллин, Суат Әбусейітов,  Қанат Құлымжанов, Бақытжан Сқақов, Рашид Мұсабаев, Ермек Әбілдаев, Жұмағаным Рахимова, Алма Оспанова сынды әншілеріміз шебер орындайды.

   «Ат тұяғын тай басар» демекші, қызы Гауһар әке жолын қуып, өнер саласында еңбек етеді. Мамандығы музыкант, ұлы Арман жыр жазуды ұнатады. Кіші ұлы Асқар бизнес саласында.

            Былтырғы жылы Әшір Молдағайыновтың «Алғашқы ұстазым», «Алғашқы қоңырау» атты балаларға арналған екі жинағы шықты. Оған демеуші болған ұлдары Арман мен Асқар.

          Әшір ағамыз көзі тірісінде «Айша-бибі» операсын жазып, соңғы нүктесін қойған екен. Алдағы уақытта балалары осы еңбегін де жарыққа шығарсақ деп талаптанып жүр.

   Қазақтың ән өнеріне сазды да назды лирикалық әндерімен өз қолтаңбасын қалдырған Әшір Молдағайыновтың әндері жыл өткен сайын жаңғырып, жастық шақтың әуеніндей мәңгі шырқала бермек.

         КСРО және Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші, сазгер Әшір Молдағайынов 2005 жылы 68 жасында өмірден озды. Оның өмір жолы мен өнер жолы бүгінгі жастарға үлгі — өнеге.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

                                                                           Алтын Иманбаева

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here