Ақиқатқа хат

Ақиқат(Ізберген) дүниеге келгенде әкеміз
Рзабек ағашты ойып,домбыра жасапты.

Жығып тастап,
Бір ағашты шалқадан,
Шөміш-шөміш тер шығарып арқадан.
Сен туғанда сол ағашты шауыпты,
Шыға ма деп ән содан!

Жауап іздеп,
Таппай жауап қанша адам,
Бітер іске күте-күте шаршаған.
Екпінінде найзағайдың жарқылы,
Әке үнсіз,
Үн шығыпты балтадан.

Қуат беріп,
Жігеріне сол қадам,
Сен туғанда,
Әкем әнді аңсаған.
Ақиқаттың бір тартқанын көрем деп,
Бір домбыра жасап шыққан аршадан.

Солай болса…
Мен ырымға сенемін,
Әкеміздің жалғастырған өлеңін,
Арша ағаштан,
Бір домбыра жасалған,
Ізбергеннің ізіне ерген мен едім.

Іздеу
М. Болатқа

Жүргенде,
Тұман… қамап ой,
Жалғыздық құмар санаға.
Інісін іздер аға ғой,
Інісіз аға бола ма?!

Кездесті жолда сан адам,
Ағадай көңіл тола ма?!
Кетсем деп едім қаладан,
Ауылда жүрген ағаға.

Торсықта …тұнып,
Мұң қалған,
Қолтықта*…тұрып,
Мың арман.
Не қалған десе бұлардан?
Жортып та өткен бір арлан!

Домбыра,
Өрген қос ішек,
Сыңғыры қыздың шашпауы.
Жылдардың басы,
Осы деп,
Жырлардың осы,
Бастауы.

Болғанмен басы бір тармақ,
Бөлінген екі жолдаймыз.
Сұлулық жайлы жыр толғап,
Қыздарға оны арнаймыз.

Кемедей жалғыз айлақта,
Шыға алмай қалған кептеліп.
Жүрсек те қайда,
Қай жақта?
Өлеңнен бірақ кетпедік.

Жүрмесе қайтем марқайтып,
Әр үйдің болып қонағы.
Болмашы,
Бізді қартайтып,
Моласы жоқтай болады…

Ақынын сыйлар халықпыз,
Ғасырлар бойда тасиды.
Оқылмай қалған,
Жазықсыз,
Жырларға жаным ашиды.

…Сол тұрыс,
Жүріс бұрынғы,
Сіз кеткен жүрмін қалада.
Бәрінде қойшы,
Жырымды…
Оқыса болды,
Сол Аға!

Жалған…

Ағаға осы өкпе жүре ме,
Назы шығар,өтпелі?!.
Бір болған жағдай,қайталана бере ме,
Көретін зары көп пе еді?..

Кететін еді жамырап бәрі,
Тұс-тұстан шыққан бағыттар.
Ішкі айқай отыр,ағалап тағы,
Ініде қандай жазық бар?!

Кім сені іздеп,жолыңды тоспақ,
Тіріңде қадір кетпесін?..
«Жақсы Адам» дейді-ау…
Қолына ұстап,
Бауыры менен өкпесін.

Өмірде өзі көрінбей кеткен,
Бәрін де енді кеш білдік…
Жасасын жалғыздық,
Жеңілмей өткен,
Біздің жақтан қош көрдік.

Анаға хат
(тұңғыш немересі үйлегенгенде)

Айды айтам,
Тұрған анау көк тіреп,
Айта алмайды-ау түннен маған еш дерек.
Айта алмайды-ау,
Анашыма той жайлы,
Тамаша бір өтті деп!..

…Бір әулеттен бұтақ болып өскен ек,
Жолға шыққан балалары көш түзеп…
Немеренің тойын көрмей алғашқы,
Анам отыр…
Шымылдығын кестелеп.

Шымылдыққа…
Аспан жақтан нұр сіңген,
Ауысады мың түр болып,бір түрден.
Ту-у алыста күркірейді көк аспан,
Анам шығар…тойда болмай,
Күрсінген.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here