–        Құрметті, Ақылбай Жөнсерікұлы! Қадірлі қонақтар мен ауылдастар! –

деп бастаған ауыл әкімінің баяндамасы қазақ тілінде бір жарым сағатқа созылып, ел енді «Ух!» дегенде:

–        Мы ничего не поняли! Повторите  на понятном нам языке, а то мы

уйдем! – деп алдыда қақшиып отырған бір топ орыс маржаларының  арасынан біреуі атып тұрды. Сосын қасындағыларға тұрыңдар кеттік дегендей ишарат жасады. Бес-алты адам жөңкеріліп орындарынан көтеріле бастады. Олардың алдын кес-кестеп, қазақтың бір жүректі әйелі тұра қалды.

–        Это еще какой язык? Он говорил на государственном языке. Что тебе

еще надо, а?!

–        Если вы с утра до ночи будете балакать на своем, то какого лешего нас

позвали?

–        Тебя никто не звал! Пора уже знать наш язык. А то все ходите

иностранцами!

–        Жолдастар, қойыңыздар! Бұлай деп қатты кетуге болмайды. Бәріміз де

көпұлтты бір елдің азаматымыз. Орыс тіліне мемлекеттік тілмен қатар жүруге құқық берілген. Сондықтан Конститутцияны бұзбауымыз керек.

–        Жетпіс жыл шүлдірлегеніміз аз еді, сол кезде қазақ тіліне сондай

құқықты неге бермеді?

–        Рас-ау, ортамызда бір орыс отырса тіліміз келсін-келмесін, сол

өкпелемесін деп өліп-өштік қой. Енді не жорық? Егемендігіміз осы ма? Әлі жалтақтап отырмыз.

–        Дұрыс айтасың! Жалбақтауды тоқтату керек! Ұнамаса жол әне. Кетті

ғой кезінде талайы дүркірей көшіп, отандарына!..

–        Иә, олар сияқты біздің сыртта отанымыз жоқ. Қаласа да қаламаса да

сол – қазақ тілі біздің Отанның тілі! Өзін осы елдің азаматымын десе үйренсін, білсін мемлекеттік тілді. Біз де көрсоқыр емеспіз! Көріп, естіп жатырмыз көрші елдердегі жағдайларды. Ұшынып, ушығып кетеді деп көлеңкеден қорықа беруді доғару қажет. Ел намысы, Ер намысы, Жер намысы деген үш намысты қастерлей алмасақ елдігімізге сын! Қарашы, қай-қайдағы қатын-қалаш атамның тіліне тіл тигізіп, қанымды қарайтып жібергенін! Атаңа нәлеттер!

Ауыл әкімі елді тиыштыққа шақырып, жөңкерілгендерді қайта отырғызды. Сосын күнде тартпай жүрген сыбызғысын жөнге келтіргендей тамағын қырнап-қырнап алды да орыс тілін қазақы мақамға салып:

–        Убажайымые селшане! Мый сегөдня абсұждали … – деп кемінде жарты

сағат бағанағысын орысшалап қайта езді. Оның жарты орысшасын қазақ түгілі орыстардың өзі түсінбеген секілді. Сонымен ауыл әкімінің кезекті дәстүрлі есебі бітіп, алдын-ала дайындаған екі-үш ақсақал жарыссөзге шығып, «қанағаттанарлық» деген баға берілді.

Қорытынды сөзді аудан әкімі алды. Ол баяндаманы мұқият тыңдап шыққанын айтып, жұмыс жасалып жатқан көрінеді, бірақ мынадай кемшіліктерге тоқтала кетпесе болмайды деп бас-басына ұра бастады.

–        Ең бірішісі және аса маңыздысы – Қазақстан халықтары арасындағы

татулықты сақтау, тілдерге деген құрмет. Яғни, орыс тіліне берілген Ата Заңымыздағы мәртебені бұлжытпай орындау. Әкім мырза, сіздің қызметіңіздегі осы мәселе қатты ақсап тұрғанын жаңағы жәйттен анық аңғардым. Бұл дегеніңіз, біле-білсеңіз – саяси қателік! Немесе сіздің саяси шала сауаттылығыңыз деп білемін. Мен бұны – жабулы қазан қып қалтыра алмаймын! Коллегияда көтеремін әлі…    

Сонан кейінгісі: қаңғыған ит пен күл-қоқыс айлағы туралы жанып тұрған өткір екі мәселе! Жалпы тере берсең мәселе жетіп жатыр. Жаңа жарыссөз алған азаматтардың бірде бірі сол туралы тіс жармады. «Неге?» деген орынды сұрақ туындайды. Әлде сіз, әкім мырза осында шақырарда олардың ауыздарын алдын ала буып тастадыңыз ба? Сөздеріңізге қарасақ ешқандай проблема жоқ! Тіпті, күннен-күнге гүл-гүл жайнаған бір керемет ауыл сияқтысыңдар!

Ит мәселесіне қайта оралайық. Прокуратура көшеде ит атуға тиым салды екен деп елді қаңғыған иттерге талатуымыз керек пе? Қайда? Осында ма осыған жауапты қызметкер?

–        Ақылбай Жөнсерікұлы! Иттердің ұюғу науқаны кезінде арнайы келіп,

он бес итті ұйықтататын дәрімен құлатып, халықаралық шартқа сай жандарын алдық. Әр елдімекенге шектеулі түрде берілген дәрі-дәрмектерді түгел орынды жұмсап, жоғары жаққа есебін бердік. Аудан бойынша отыз кандек, қырық екі дүрегей, алпыс тұқымы белгісіз иттер жойылды. Соның ішінде ұрғашысы – сексен жеті, еркегі…

–        Жетеді! Сені тыңдайтын болсақ: олардың жасына, руына дейін шағып,

жесір-жетімдерін түгендейтін түрің бар! Отыр. Ал енді тазалыққа келейік. Көшеге күл төгуді қашан қоясыңдар? Осыны бақылайтын арнайы қызмет қайда қарап отыр?

–        Құрметті, Ақылбай Жөнсерікұлы! Ауылдық әкімдік қызметкерлері

және учаскелік полиция инспекторының қатысуымен, аудан бойынша көктемгі науқандық тазалығы айлығы мезгілінде – отыз екі елді мекенді аралап шықтық. Екі жүз отыз хаттама толтырдық. Заңнамада белгіленген айлық көрсеткіш деңгейінде жүз отыз жеті түтінге айыппұл салынды. Нақты осы ауылдық округті айтар болсақ: күл-қоқыс төгу айлағы ережеге сай еместігі туралы хаттама толтырылып, бір айдың ішінде түзетілсін деп талап етілді. Ауылдан кемінде бір шақырым ара-қашықтықта болуы тиіс. Ал көше бұрыштарына төгілген күл-қоқыстарды жерлігікті әкімшілік өздері шығарып, учаскелік полиция тарапынан «Көршілік бақылау» бағдарламасы іске асырылсын деген ұсыныс айтылды.   

–        Біздің ауылда қазақша білмейтін қазақтар мен қаңғыған ит және күл-

қоқыстан басқа да мәселе жетіп жатыр! – деп арт жақтан бір тықыр шал айғай салды. Жұрт демдерін ішіне тартып, тұншығып әрең отыр екен. У да шу болды да кетті. Ешкімді ешкім тыңдап жатқан жоқ. Өзді-өзі сөйлеп, өзгенің сөзін құйрықтарына да қыстырар емес. Залдың орта тұсындағы мосқалдардың бірі екіншісінің жағасынан алып, сілкілеуге кірісті.

–        Мен иттің баласы емес, сен иттің баласы! Сиырыңды алдынан шығып

неге қарсы алмайсың? Жаздайғы еңбегімді еш етіп, бәр бақшамды жайпап кетті! Төле құнын!

–        Сиырдан сұра құнын!.. Әдейі жайпатты дейсің бе, балалар айырылып

қап, түнімен іздедік, қу қарасанды!  

–        Ағайындар, шулағанды қойыңыздар! Ұят екен бұларыңыз! Әй,

«Атжалман» доғар елді дүрліктірмей! Әкім ретінде тыныштыққа шақырамын бәріңді! Ушаскобый қайдасың? Тәртіп орнатсайшы!

–        Әкім болсаң өзіңе әкімсің! Немене әкіреңдейсің! Сен сияқтылардың

талайын көргенбіз! «Атжалман» дейді ғой. Өзің,  кешегі «Майбас» емес пе едің!.. Ушаскобыйың өзімнің ұлым, мен таптырғам! Енді қайтер екенсің!..

Ел тынышталды. Беттері қызара бөртіп, кейбірі терлеп те кетіпті. Бейнебір көкпар тартып келген сынды. Манағы, жиналыс басындағы енжарлықтан елес те қалмады. Бәрінің ұйқысы ашылды. Аудан әкімі басын шайқап, біраз отырды да:

–        Құрметті ауыл азаматтары! Кішкене сабыр сақтайық. «Сабыр түбі –

сары алтын» деген аталы сөз бар. Қазақ халқы – қашанда сабырлы, сөздің артын күтіп, сөзге тоқтай білген ел болған. Естеріңізде ғой, ұмытпаған шығарсыздар: кешегі егемендік алған алғашқы ауыр жылдарды. Оны біреулер тоқырау жылдары дейді. Олай емес, ол – осы өрлеудің бастау жылдары болатын-ды. Самаладай жарық өшіп, сығырайған пілте шамға қарадық. Көшелерімізді қараңғы түнек басты. Дүкендеріміз қаңырап бос қалды. Жұртты  жұмыссыздық жайлады. Соның барлығына төзіп, қыңқ етпеген қазақстан халқы бүгінгі кеңшілікке жетті. Айтыңыздаршы, енді не жетіспейді? Көшелеріңіз жап-жарық. Ауыз су әр үйде бар. Еңбек етем деген адамға үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Еңбекақы мен зейнетақыларыңызды айма-ай алып отырсыздар. Балаларыңыз білім алып жатыр. Әне, даңғарадай бала-бақша салып бердік, жүз орындық.  Жуырда газ келеді. Ақсақал сіз әлгінде кемшіліктер көп дегендей пікір айттыңыз. Соны бізбен бөлісіңізші. Мен бүкіл аппаратымды сүйреп, арнайы елдің жағдайын, тыныс-тірлігін білейін деп келдім ғой. Мына ауыл әкімінің дастарқанын аңсап келген жоқпын. Қордаланған мәселені дер кезінде, туындаған ортасында шешейін деп келдім.

–        Қарағым, менің қарақан басыма енді ештеңе қажет емес. Өкіметтің

тағайындаған азын-аулақ пенсиясы бұйырсын, кемпір екеумізге… Жағдай былай бауырым. Аулада мал ұста деп жатырсыз. Оны бағып-қағу шығынын есептеп көрдіңіз бе? Егер есептеп көрсеңіз: соны ұстамағанның өзі әлдеқайда ұтымды. Сүттің бағасы төмен, тіпті қабылдап жатқаны да шамалы. Ет алушы алыпсатарлар су тегінге әкетеді. Жүн ешкімге керек жоқ. Жалдап қырықтырып, өзіміз шығынға батамыз. Теріні ит те жемейтін болды.  Бәрін қойғанда жайылымды айтыңызшы. Өзеннің бойына күні бойы иіріп, қамайды да қайта айдап келеді. Өңмеңдеген аш мал елдің бау-бақшасын қынадай қырмағанда қайтсін. Ауыл төңірегі түгілі зираттарды езулетіп жыртып тастады. Құдайдың ен-тегін жері қайда кетті? Кезінде біздің қолқозда қырық-елу отар қой, оншақты ірі қара гүрті, неше үйір жылқы болды. Ол аздай көші-қон уақытысында біздің ауылдың үстін басып, екі-үш қолқоз-сопқоздың қайысқан малы өтеді жайлауға. Жер тарылып кетті ме әлде елдің пейілі тарылып кетті ме деп қайран қалам, қарағым! Осының жөнін түсіндіріп бере алатын біреу бар ма?

–        Ақсақал, мынау жекешелендіру кезінде рас-өтірігі бар талай нәрсе

жасалып кетті. Соның зардабын енді тартып жатырмыз. Жергілікті тұрғындардың мүдделері тапталғаны рас. Қыруар жер телімдері көлденең көк аттылардың қолына өтіп кетті. Бәрі заңдастырылған. Соған қарамастан жерді дұрыс игермегендерден тартып алуды бастадық. Биыл осы сіздердің төңіректен үш мың гектар қырды сот арқылы үкіметке қайтару ісімен айналысып жатырмыз. Сіздердің көзіңізше қазір ауыл әкіміне тапсырма берем. Ол жан қалтасынан шығара ма өзі білсін, тек жеке сектор малы жайылатын жайылымды тауып, маған ұсыныс тастайды. Мен үшін халықтың мұң-мұқтаждығы басты мәселе!

–        Әкім мырза! Мынадай жағдайға не айтасыз? Осындағы елдің пайларын

алдап-сулап өзіне аударып алған жылпостар әбден байып, қалаға көшіп кетті. Бірақ жер солардың атында. Көктемде ауылға келіп, жерсіз қақтығып жүрген қазаққа елу де елуге беріп, өзі қалада жатып-ақ май шелпектің астында қап жатыр. Көшіп кетті ме, жерді неге өкіметке тапсырып кетпейді?  

–        Біз бұны да қолға алып жатырмыз. Жердің иесі – жергілікті ел болуы

керек! Айтып тұрмын ғой, енді ешқандай әділетсіздікке жол бермеймін! Сонымен қатар «Өзін-өзі басқару жүйесі» енгізіле бастады. Жиналған кейбір салық түрі мен айыппұлдар өз шоттарыңызға түседі. Енді жергілікті жердің өз мәселесін өзі шешуге толық мүмкіндігі және құқығы бар. Айта кету керек: осындағы ауқатты шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер және ауыл түлектері – «Туған жерге туыңды тік!» деген ұраннан тыс қалмауы тиіс. «Ауылың – алтын бесігің»! 

–        Өркенің өссін, қарағым!

–        Міне әкім деген осындай әділ болуы тиіс. Бұрынғылар кілең ұры-

қарымен аузы жаласқандар еді!

–        Құдай да біз жақ екен, дұрыс адамын жіберіпті!

Табақ толы ет жеп, артынан сар қымыздан сапырып, тоқ басқан адамдарша қызара бөрткен қалың жұрт, талайға дейін кеуілдесіп, тараса алмады. Бірі аудан әкіміне аса ризашылық танытса, екіншісі «Бұл да тілін емізген біреу, құлаққа лапшаны әдемілеп ілді де кетті!» деп сенімсіздік танытып жатты.  

Ауылдың ақсақал-қарасақалдарымен қол алысып қоштасқан аудан әкімі биліктегілерге тән – қайқаң жүріспен барып, өңкиген қара «жипіне» жайғасты. Ішінде кемінде екі-үш адамы бар он шақты шет елдік машиналар – жаңағы серке секілді қара көліктің соңынан ілесе, жөнеп берді.

–        Баяғыда «Карабанда» жазып еді: аудан әкімі мінген осындай мәшинәні

ұстау үшін бір ауылдың бүджеті кетеді екен деп…

–        Соңынан еріп жүрген нөкері мынадай болса, ермей қалғаны қанша

екен?

–        Тура осы сөзді келесі ауылда тағы қайталамаса, мұрнымды кесіп

берейін, кім бәстескісі келеді?

–        Оның жұмысы сол – елді елдікке шақырып сөйлеу, сенікі – елді мінеп,

оттау!                                    

–        Баяғының бірінші хатшысы неткен мықты десеңізші! Қанша

шаруашылық болды, соның барлығына мый берді. Ендігі аудан басшысының уайымы қаңғыған ит пен күл-қоқыс. Е, заман-ай!..

–        Сөйлей білу де оңай шаруа емес. Түк бермесе де ыриза ғып кетті!

–        Қайбір жетісіп жүр дейсің… Әкім болам деп белуардан шығындалды.

Енді соның қарымын қайтару үшін жанталас – әлі алда.

–        Ол тұрмақ біздің әкім – кіредит алып әкім болған жоқ па! Көзім көрді!

–        Өй, кілең кері сөйлегіштер-ай! Ешуақытта жақсылықты көргілерің

келмейді-ау! Өздерің ілгері басқыларың келмесе – сендерді кім алға сүйрейді, осы? Әйтеу, біреу үшін өмір сүретіндей міндетсисіңдер де жүресіңдер!

–        Оның рас, құрдас. – деді, тұрғандардың бірі бұны құптап, сосын – Өз

басым әдемі кәнсерт көргендей жақсы әсердемін. «Мен сендікпін өлгенше, қайта айналып келгенше»! – деп  әндете, іркес-тіркес бір-бірін қуалап бара жатқан машиналардың соңынан қол бұлғады.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here