Бүгінгі Қазақстан мүсіншілерінің негізгі ұстанымы ұлттық рухты жандандырып,  ұлы тұлғаларды болашаққа таныстыру болып, сонымен қатар ой еркіндігіне ерік беріп шабыт тереңдігіне бой алдыру болып табылады. Бұл тұжырым жалпы   қазақ мүсіншілерінің  шығармашылығынан алынған. Қазақ мүсін өнерін қарастыру барысында біз зерттеу нысанасына монументалды мүсін өнерін алғандықтан сол төңіректе ғана қарастырып отырмыз. Әйтседе мүсін өнерінің қондырғылы түрі монументалды мүсін өнеріне қарағанда әлде қайда жоғары дәрежеде. Қазақстанның қондырғылы мүсін өнерінде ой ұшқырлығы мен психологиялық тұжырым ерекшелігі, қиял мен ойдың ұштасуы, ұлттық ерекшеліктердің түрленуі арқылы жандандырылған түрлері көптеп кездеседі. Және де бұл үлкен жетістік.

 Мүсіннің көркемдігіне: архитектоника, пішін салмағы, жобаның негізгі құрылымы, жарық жазықтығы, көлем, сызықтар, түстік және ырғақтық ара қатынастар арқылы қол жеткізіледі және осы айтылған заңдылықтар   образ мазмұнын да  нақты ашады.  Табиғат пен күннің әр мезгіліне байланысты ауысып отыратын жарық пен көлеңке алмасуының ерекшелігін шебер қолдану мүсіннің пластикалық көркемділігін әсерілей түседі. Сонымен қатар,  уақыт пен кеңістік те өзінің  әр алуандылығымен қабылданады.

Мүсін өнерінде сұлбаның нақтылығы мен бір тұтастылығы маңызды. Сырт пішіні мен детальдарды  фактуралық өңдеу, мүсіндік бейненің пластикалық шешімінің көркемдігін күшейте түседі.

Мүсін көбіне сәулет өнерімен тығыз байланыста дамиды.  Сондықтан да болар, мүсін сәулет өнерінде тірек қызметін атқарып, құрылыс  конструкциясына қатысты дамиды. Бұл  қағида мүсінші мен сәулетшінің бірлесіп жұмыс жасауына саяды.

Қазақстанның қазіргі мүсін өнерін қарастыра отырып, ең алдымен суретші мен мүсіншіге қажетті заңдылықтың бірі «композицияның» ұшқырлылығы мен «перспективаның» қажеттілігі  аса үлкен сұранысқа ие екендігін айғақтау керек.  Қалаларымызда орын алып жатқан мүсін өнерлерінің негізгі ұстанымын ұғыну үшін әлбетте  композиция мен перспектива әлбетте бірінші орынға қойылады.

Туындының композициясын табу әр салада, әр қалай қолданысқа ие. Кескіндемелік туындыда суретші алыс жақынды көрсетумен қатар кеңістікті қолдану барысында композициялық құрылымды қолданса, мүсін өнерінде керісінше  қалыптылықты ұстап тұруға бағындырылады. Ал сәулет өнерінде оның сәулеттік құрылымын бұзбай оның аймағына сәулеттік негізгі ерекшеліктерін саялатады.

Қазақстанның мүсін өнерінде басты көрініс адам бейнесі.  Қондырғылы мүсін өнерінде ол түрленген түрлі образдарға еніп, адам қиялының шексіздігін көрсетуге талпыныс жасайтыны белгілі. Зерттеушілер «Өнер адамды табиғат көрінісін бейнелегенде ғана тани бастады. Адам әрқашанда бірінші орында тұрса да, әрдайым ол табиғаттың бөлігі болып саналып тылсым әлемнің байлықтарымен байланысуы арқылы құндылығын жоғары көтерді» деген пікір жасаған.

Мүсіннің кеңістіктегі орындалу тәсілі, сәулеттік немесе мүсіндік ансамбльге немесе жеке шығарма ма, қандай нүктеге есептелінгенін, туындының өзіне қаншалықты үш өлшемді кеңістікті қамтамасыз ететіндігін, сонымен қатар қандай материалда орындалғанын, қаншалықты айқын нақты белгілерінің барлығын, бір-бірімен байланысын, пропорциясын, бедерін, фактура мен материал айырмашылығын, түстің рөлін, жанрын және де басқа да өнер түрлерімен байланысын  ажыратуды қарапайым көрермен қатты қажет етпейде де.  Бұл белгілердің барлығын да айқындап,  зерттеп жатпайды. Оларға композицияның жалпы жинақылығы мен берілу тәсілі қажет. Сонымен қатар, біздің мүсіншілердің  басты жеткізуге талпынысын көрсететін портреттік риясыз көңіл күйдің әсерін жеткізу болып табылады.

Кәсіби мүсін өнерінің түрін меңгерген аға буын өкілдері туындыларында ұлттық болмыстың қыр-сырын ашуға талпынып бақты.

Классикалық өнерден дәріс алған кез келген өнер иесі оның бар заңдылықтарын әлбетте жадында ұстары анық.  Мұндағы  адам пропорциясы, туындының орнатылу кезеңіндегі композициялық құрылысы сонымен қатар эстетикалық талғам мен көркемдіктің  басты назарда болуы шартты. Ашып айтар болсақ, эстетикалық талғам бұл әр адамның бойында болатын және де болуға міндетті қасиеттің бірі. Сол талғамды өнер туындысына қолданған мүсінші не болмаса суретші өзіндік туындысын жоғарғы деңгейге көтере алары хақ. Ал көркемдік туындының ең ұлы қасиеттерінің бірі. Көркемдік бар жерде туындының жандануы сонымен қатар оның өмір сүруі мәнді болады. Көркемдік құдіреттілігінің жаңа тәсілдерін іздеу өткен кезеңге қарсы қойылған емес. Сондықтан көркемдік өрісінің даму қисыны ұлттық көркемдік тілдің, бейнелеу өнерінің жаңа концепциясын талап етті. Туындыдағы тақырып пен идея, композицилық құрылым мен  орындалу тәсілінің әдісі барлығына сайып келгенде көркем дүниенің заңдылығына бағына алады. Жалпы алғанда ойға орамды, сезімге жайлы келіп, гормониялық бірлестікте шығармаға нәр береді және оны тартымды етеді. Гармониялық үйлесім мүсін өнеріндегі ең қажеттіліктің бірі.   Үйлесімділік туындыда орын алмаса, шашыраңқылыққа бой алдырып, композициялық құрылымының жоғалуына әкеліп соқтырады.  Сәулеттік кеңістікте өз орнын көрнекі орындардан алуға сондай-ақ, қала көшелірін  безендіруге арнаған бүгінгі таңдағы сәулеттік мүсінді нысандар қоғамның санасы мен ой толғамын көрсететін жалпылық күш.  Қалада орналасқан әрбір белгі оның білім деңгейін яғни цивилизациялық көрінісі іспеттес.

Осыған байланысты, 1960-жылдары қоғамда тек өнерінде ғана емес, жалпы халық мүддесімен қатар қазақ мүсін өнерінің саясатқа да қосқан үлесі зор еді. Осы кезеңде Қазақстан мүсін өнері бір шама жас талант иелерімен толысады. Олар жасаған туындылар өткір зейіннен өтіп, өзіндік жанр мен стиль типінде көзге түсіп, қазақ мүсін өнерінің кәсіби түрін жандандыра түсті.   Бұл жолды Е. Сергебаев сынды дарынды, талантты мүсіншілер тобы  жандандыра жалғай түсіп қазақ мүсін өнерінің үлгілі туындыларын дүниеге алып келді. Мүсін өнерінің қоғамға әсер етуші күш екендігі мәлім. Ал сол қоғамдық ортада орналасып жатқан мүсіндер бүгінгі кезде қандай сипатқа ие екендігін Е.Сергебаев шығармалары арқылы таразылап көрелік. Мүсіншінің жасаған нысандары қалалардың көркін ашуға оның рухани дамуына, сондай-ақ елдің елдігін танытуға септігі мол туындылар.

         Өнердің міндеті адамның жан сезімін ісі арқылы ашып беру. Мүсін өнері арқылы мүсінші Е.Сергебаев шығармаларында адамның сырт пішінімен қатар ішкі жан дүниесін де жеткізе білді.

Мүсінші бейнеге зейінмен үңіле қарап, оның ерекшеліктерін анықтап, халықтың тұрмыс салтының, сыртқы пішінді адамның мінезімен бет-әлпетінің өзгешеліктерімен ұштастыра отырып, өз әсерлерін дәл мүсіндеуге тырысу басты ұстаным болды.

          Е.Сергебаевтің шығармашылық кезеңіне қазақ мүсін өнерінде тек қана тарихи, әдеби өкілдерінің портреттік монументалды ескерткіштері орнатылып жатқан кезең тура келді.  Оның жұмыстары жарқ еткен жаңа леп ретінде Алматы қаласының көрнекі туындылары қатарынан орнын ерекшелеп алды. Классикалық үлгіде орындалған мүсіні қоршаған ортамен байланысын нәзік лирикалық сезім арқылы ұштасты.

Енді мүсіншінің алдында ұмыт болған аса маңызды тарихи оқиғалар мен тұлғаларды есте қалдыру үшін күрделі міндеттер тұрды. Бейнелеу өнерінің жеке дара бір саласы мүсін өнеріне үлкен үлес қосқан  мүсінші Е.Сергебаевтің  жасаған дүниелері шынайы ортамен байланыстыра отырып жасалған.

Е.Сергебаев туындылары қоршаған ортаның тұрақты факторы болғандықтан көрерменнің санасына еріксіз ықпал етіп, ойға бөлейді. Заманның басты идеяларын бейнелеуге мүмкіндік беретін белгілі тақырыптар төңірегінде ой толғауға талпыныс өнерінің басты қағидасы болып қалды. Қоғамның рухани тәжірибесін образ түрінде бейнелейтін бұл туындылары, замандастарды тәрбиелеп ұрпақтарға ықпал жасау арқылы дәуірлерді жалғастырады. Сондықтан олардың мазмұны аса мәнді, өзгеше тұрпатты көркем ой тудыратындай.

Алматы қаласының сәулет кеңістігінде орналасқан монументалды мүсіндердің тарихи, әдеби маңызын ашуға үлес қосқан мүсіншілердің бірі бұл Е.А.Сергебаев. Мүсіншінің М.Әуезов атындағы  Қазақ Мемлекеттік театрының алдында орналасқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке қойған ескерткіші үлкен маңызға ие. Биік тұғырлы қоладан құйылған ескерткіш төрт қырлы гранит тұғырымен қара габродориттен 1980-жылы жасалып 2000-жылы қайта жаңартылды. Осы монументалды мүсін жайында автордың өз сұхбатында: «Мұхтар Әуезовтың ескерткішіне өткен ғасырдың 1970-шы жылдардың аяғында конкурс жарияланды. Бір жылда үш тур болды. Одақтас республикалардан, Қазақстаннан 54 жоба келіп түсті. Мемлекеттік комиссия қатаң сүзгіден өткізді. Ақыры менің жобам конкурстың жеңімпазы атанды. Сол эскизді реттеп, соңғы нұсқасын әзірлеуге маған тағы екі жыл берді. Осыны пайдаланып мен Мұхтардың туып өскен жері – Семей өңіріне, Шыңғыстау жеріне барып, көптеген кісілермен кездесіп, жобаға тың ойлар қостым». Он төрт нобайдан таңдап алынған монументалды мүсіннің пайда болу тарихы қысқаша осылай басталған еді.

Е.Сергебаевтың жалпы мүсінде  қалыптасқан заңдылыққа сүйене отырып жазушының образын әсерлі бере білген. Мүсінші жазушының сабырлы бойына біткен табиғи мінезін ұстайды. Монументалды мүсіндегі алғашқы әсер жазушының қимыл қозғалысынан гөрі, ой үстіндегі қалпы көрінеді. Мүсінші ғалым әрі жазушының сыртқы пішімі мен ішкі жан дүниесін шебер үйлестірген.

Е.Сергебаевтың мүсін қашаудағы шеберлігі М.Әуезовтің ескерткіші.

тұлғаның алынған бір сәттік іс әрекетімен, екінші жоспардағы көріністер арқылы композициядағы бөліктердің байланысуымен ішкі әсерді көрсету. Ал, М. Әуезовтей тұлғаның  ағартушылық, саяси – әлеуметтік ойдың, қоғамдық сананың, білім, өнер дамуының тарихи жолдарын танып білуде тынымсыз    еңбектерінің көрінісі мүсіншінің шығармашылығымен ұштасты. Бұл жерде Е. Сергебаев мүсін өнерінің тәсілдерін кәсіби меңгергендігін ғана көрсетіп қоймай, академиялық қағидалардан шығып, образды психологияландыруға және композициялық шешімдерді түрлендіруге талпынғанын анық байқауға болады.

         Мүсіннің тұғырынсыз жалпылама қарағанда композицияның қақ ортасында кітап орналасқан. Кітап – М.Әуезовтың телегей теңіз білім иесі екенінің көрінісі.

Көрерменге ол М. Әуезовтың өмір жолындағы ғылым мен білімге сүйенгенінің кейпін көрсетті. Қазақ Кеңес әдебиетінің көшбасшысының бір сәттік ой үстіндегі образы десек те, ол жалпы мүсіннің тоқтар нүктесі сынды. Е. Сергебаев туындының

жалпы құрылымы мен психологиялық–лирикалық әсерлерді байланыстырып отыр. Жазушыны жан-жақты баяндау барысына тағы бір дәлел мүсіннің биік тұғыры. Осы көріністің өзі тұлғаға асқақ мінез береді. Жалпы монументалды мүсінге ортаның әсер етуі шартты жағдай, болғандықтан тұлғаны театр ғимаратынан бөлек елестету мүмкін емес.

Ескен Аманжолұлы Сергебаевтың 2002-жылы Құрты гранитінен жасалған ескерткіш–бюсті, халықтың рухани – мәдени, оқу – білім саласын әр қилы замандарда, әр алуан саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген, туындыгерлік еңбектерімен есімдері ел есінде мәңгі қалған қайраткер Темірбек Қараұлы Жүргенов. «Мен Т.Жүргенов ескерткішін жасау барысында көп ізденісте болдым. Содан, Темірбек Қараұлының үйіндегі апамен ақылдаса отырып ұлы тұлғадан қалған жалғыз суретке қарап мүсінді жасадым. Жұмыс аяқталған күні Жүкеңнің үйіндегі апаның өзі келіп, көріп батасын беріп кеткен. Бұл туындым сол апаның батасымен жасалып еді» [5,45] деп мүсіннің хас шебері Е.Сергебаев әңгімелеп берді. Гранит тастан орындалған  Т.Жүргенов образы оның қоғам қайраткеріне тән бейнесін ашуына көп ықпалын тигізді. Өзіндік тектоникалық бедерлілігімен бейненің бүкіл өмірлік жолын, оның қазақ халқым деп еткен еңбегінің сан қырлылығын сондай-ақ, ауырда сан соқпақтығын көрсетуге талпынған. Кеудесіне дейін  ғана орындалған туынды барысы көрерменге Т.Жүргенов бейнесін нақ жеткізген. Қараңғылық арасынан жарып шыққан саясаттың сан қырын меңгерген қоғам қайраткері Т.Жүргенов образын ашу мен кезеңдік тұғырлық еркіндігі арқылы көрсете білді.

Т.Жүргенов ескерткіші.         

 

 Мүсінші тұлғаның портретін сомдауда қаталдық образын береді. Ұзаққа қараған қоғам қайраткерінің көз тастаған жаққа мақсат қойып бет түзеген. Бұл көрініс шебердің шыңдалған шығармашылығымен ұштасып Мәдениет Жоқшысы, Рух Шырақшысы, Парасат Диханшысының бүкіл өмірінде халқы үшін қол жеткізген сәтті күндері мен азаппен қайғыға толы уақытын бойына жинап нағыз ұлттық мінезде көрсетілген бір мезет. Осы сәтті кейінгі қалған ұрпағына сездіру міндетімен жансыз затқа психологиялы әсер беру арқылы ұлы тұлғаның суық портретін береді. Осы композицияның құрылымдық формасы бірінші жағынан

портретпен байлансытыра алғанда көз алдында болып жатқан оқиғаға ойлана, мұқият қарап тұрған кейіп берсе, екінші жағынан монументалды мүсінге өзіндік ұстаным беріп, жанр ерекшелігін айқындап тұр. Үстіне киген киімінің өзін мүсіншінің жұмыс істеу барысында портретке қайта-қайта оралып отыруын, оны мінез ұстанымымен байланыстыруға тырысқанан көреміз. Тынымсыз іскер тұлғаның дене пропорциясы гранитті тұғырына жалғасып кетеді.

  Орташа биіктіктегі монументалды бюст кеңістіктегі ғимараттармен байланысы жақсы шешілген. Алматы қаласынан орын алған мүсінші Е. Сергебаевтің туындылары өзіндік ерекшелігімен, сонымен қатар  ой еркіндігін көрсететін туындылар. Мүсіншінің бар ынтасымен орындалған туындыларында еркіндік тек суретшінің мәнерінде ғана емес ол туындының композициялық шешімін табуда да керемет орын алған.

 әл Фараби ескерткіші.

                Әсіресе әль Фараби ескерткіш соның айғағы. Мүсінші осы туындысында пішін мен мазмұн  байланысын табу кезеңінде өзіне қаншалықты мазмұн мен мағыналылықты жинай білді. Сол секілді мүсіннің сәулет кеңістігіндегі орнын айқындау барысында оның қоғамдық ортаға қалай әсер ететіндігін, бүгінгі сәулет кеңістігінде орын алып тұрған ұлы тұлғаның ұлылығын ұлықтауға бағытталған  мүсіннің өзіндік деңгейін аша алуында. Ескеркіш өте сәтті орындпалған. Дана әль Фараби үлкен тебіреніс үстіндегі образы мазмұнға өте бай.

         Бұл ерекшелікті мүсіншінің тек мүсін туындысы мен ғана жұмыс жасамай оның көрерменмен арасындағы байланысты да ұмытпағандығын нақтылай аламыз. Шынайы сезімді лирикалық тұрғыда композициялық шешімге бағындырған мүсінші туындысы барысында асқан пластикалық мәнерлілікті ұштастыра келе Қазақстан мүсін өнеріне жаңа бір  леп алып келді. Е.Сергебаевтің  туындылары кәсібиліктің нағыз үлгілі туындылары болып тарихымызда мәңгіге сақталып қалары сөзсіз. Сондықтанда аталған үлгілі туындылардан пішіннің   мазмұнымен қатар ашылатындығын ескере отырып, алға тартылған туынды жауһарлар қатарында болуға лайықты. Мүсінші шығармашылығындағы портреттер образы да әрқашанда өзіндік лирикалы композициялық шешімдерімен, пластикалы сұңғақтылығымен дараланып тұрады. Классикалық өнерден дәріс алған өнер иесі оның бар заңдылықтарын әлбетте жадында ұстады. Мұндағы  адам пропорциясы, туындының орнатылу кезеңіндегі композициялық құрылысы сонымен қатар эстетикалық талғам мен көркемдіктің  басты назарда болды. Ашып айтар болсақ, эстетикалық талғам бұл әр адамның бойында болатын және де болуға міндетті қасиеттің бірі. Сол талғамды өнер туындысына қолданған мүсінші өзіндік туындысын жоғарғы деңгейге көтере алары хақ. Бұл көркемдік туындының ең ұлы қасиеттерінің бірі.

Қ. Әбдрешов,

Жүргенов ат.ҚҰӨА. 1-курс магистранты


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here