Жазмыш әлде Қорқыныш?!…

Жазмыш алдындағы қорқыныш туралы не білесіз? Әрине, әркімнің өз хикаясы бар. Әзірге мына әңгімеге назар аударып көріңіз...

Әлқисса, Ежелгі грек аңызына айналған Фив қаласында Лай есімді патша билік құрыпты. Күндердің күнінде патша ай десе аузы, күн десе көзі бар, сұлу Иоакастеге ғашық болып, үйленуді ойлайды. Қырық күн той, отыз күн ойын өткізіп, сүйіктілердің шаңырақ көтергеніне біраз уақыт өтеді. Жалғыз ғана сәбиге зар Лай мен Иокаста Аполлонның бір көріпкелінен бал ашып беруін өтінеді. Көріпкел оракул Иоакастаның аяғы ауыр екенін айтып, келешекте дүниеге келетін нәресте ер жетіп, әкесін өлтіріп, анасына үйленеді деп болжам айтады. Көріпкелдің сөзін көңіліне алған Лай баласы дүниеге келген күні оны қызметшілердің біріне беріп, шаһардан алыс жерде өлтіруін әмір етеді. Мұндай әмірге жүрегі ауырған байғұс қызметші бейкүнә нәрестені өлімге қимай, Киферон тауының қойнауына тастап кетеді. Жаңа туған нәрестені сол маңайда мал бағушылардың бірі көріп, сәбиге зар болып отырған Коринф халқының патшасы Полибке апарып береді. Полиб патша сәбиді бауырына басып, туған баласындай өсіреді. Эдип деп есім қояды. Ер жеткен сайын Эдипті «өзге елдің баласысың» деп мазақ ететін құрдастары көбейе түседі. Күдік пен ызаға булыққан Эдип делфиялық көріпкелдерге барып, мұңын шағады. Көріпкел оракул алдына келген шарасыздың тағдырына қарап тағы бал ашады: әкеңді өлтіріп, анаңа үйленесің деп кеседі. Мұны естіген Эдиптің есі кетіп, өз әкесі деп таныған Полибтен қашады. Өскен қаласынан ұзап, Фивке апарар жолда Лайды кездестіріп, оның қызметкерлерімен тәжікелесіп қалады. Ақырында кикілжің төбелеске, төбелес қылмысқа апарады. Сөйтіп Эдип білместікпен туған әкесі Лайды төбелес арасында өлтіреді. Лай Фив қаласының патшасы екенін білген соң, Эдип жеңімпаз ретінде сол қалаға аттанып, таққа отырады. Патша болған соң, Лайдың жесірі Иокастаға үйледенеді. Сөйтіп, өз анасына білместіктен үйленген Эдип шаңырағында бірнеше бала дүниеге келеді… Аңызға сүйенсек, болған оқиғалардан кейін Фив қаласы құдайлардың (ежелгі грек аңыздарына сәйкес көпқұдайлық) қаһарына ұшырайды. Күндердің күнінде Эдип шындықты біледі. Иоакаста өзіне қол жұмсап, ал Эдип көздерін көр етіп, өзін өзі жазалап, дала кезіп кетеді.
Қылмыс және жаза.

Жазмыш әлде Қорқыныш?!…

Адам баласы тас қашап, таңба салғаннан бастап, жоқ әлде одан да ертерек… иә, бәлкім одан да ертерек жазмыш, қылмыс, жаза, тағдыр сынды дүниелерді талай хикаялардың сюжеттеріне арқау етіп келеді.

Аса танымал француз жазушысы Альбер Камюдың «Постороний» повесі – ХХ ғасыр француз әдебиетінің ең мықты шығармаларының бірі. «Сегодня умерла мама. А может быть, вчера – не знаю» деп басталатын шығармасы алғашқы сөйлемінен соңғы нүктесіне дейін оқырманнан тапжылмас бақылауды талап етеді. Отыз жасар Мерсо (қазақ тілінің ерекшелігіне орай Меғсо деп жазсақ тіпті керемет, қазақша қарпі француз есімдерін дәлме дәл транскрипциялауға өте ыңғайлы) қарапайым тұрмысты сипаттаумен оқырманды өзіне жақындатып, кейіпкердің шынайлығына жақсы сендіреді. Меғсо (французшада «Mersault», «Meursault» – өлім және күн) – оның тегі, есімі белгісіз. Әңгіме бірінші жақтан баяндалады. Анасының өліміне қайғыра алмаған адам тек қазақ, француз ғана емес, кез келген ұлт өкілі үшін жат қылық екені анық. Дәл осы қайшылық әңгіменің дәмін келтіріп тұрғандай. «Посторний» – өмірдің философиялық сауалдарын қоя білу, оған жауап іздеуге, жауапты табуға көмектесе алатын адамзатқа арналған үйрену, түсіну қағидасы іспеттес. Меғсоның анасы қайтыс болды. Қарттар үйінде көз жұмған әйел материалды тұрғыдан аса зардап шекпеген деп айтуға болады. Ана мен бала арасында еш кикілжің болмаған. Алайда бас кейіпкерге маза бермеген ар азабын қалай түсіндірсек болады?

Осындай сұрақтармен оқырмандарын оңаша қалдырған Камюді түсіну үшін уақыт қажет. Кітапты оқып біткеннен кейін бұл оқиғадан қалған сауалдардың жауабы кездейсоқ көрген бір фильммен байланысын тапты. ХХ ғасырдың екінші жартысында кинематограф әлеміне ерекше құбылыс болып келген Хичкокты кім танымас?! Детектив жанрының шебері режиссер Хичкок тек қана әсерлі картиналарымен танымал десек, қателесерміз. Хичкоктың фильмдері көрерменді үздіксіз баулып отыруымен қоса, ежелден келе жатқан психологиялық қарама-қайшылықтарды аса шеберлікпен суреттейді. Бізбен сіздің бастаған әңгімеміз үшін режиссердің «Психо» атты психологиялық триллерін талдау маңызды болмақ.

«Психо» фильмі әлем кинематографы классикаларының алтын қоржынына енетін дүние. Сюжет сол кезде аса танымалдылыққа ие болмаған автордың кітабына сүйеніп құрастырылған. Оқиғаның ортасында бас кейіпкер (Мэрион Крэйн) қылмыскердің қолынан ойламаған жерден қаза табады. Қылмыс сахнасы тым қорқынышты. Ал ең қорқыныштысы қылмыскердің нағыз түрін көрсетпеуі. Бұл тәсіл Хичкокқа тән: көрермен оқиғаның куәгері ретінде басқа кейіпкерлер нені көре алса, соны ғана бақылай алады. Бұл орайда операторлық жұмысқа «Бәрекелді» дерсіз! Фильмде көрермен жоғарғы қабаттардан төменге қарап, қабырғадағы тесіктен бақылап, ашық қалған терезеден сығалауға ғана мүмкіншілік алады. Өзгесін болжап білу мүмкін емес. Фильмнің ортасында өлтірілген бас кейіпкерсіз сюжет қалай жылжымақ? Біздің назарымызға жалпы өнер тарихындағы қызықты, тылсым кейіпкерлердің бірі Норман Бейтс түседі. Қарапайым жігіт анасымен бірге жол бойында бір мотельді(қонақ үйді) басқарады. Мотельге апарар жол ескі болғандықтан, келімді-кетімді адамдары да аз. Бас кейіпкер М.Крейн де бұл жерге кездейсоқ келеді. Жалғыз қалған келіншек кешқұрым Норманмен бірге шәй ішуге келіседі. Норманның сырт келбеті өте жақсы, бір көргеннен оны жөні түзу жан деп қабылдайсыз. Асылында да ол сондай адам. Әдемі келіншекті көрген соң, оны ұнатып қалғаны анық байқалады. Осы тұста фильмдегі мотельдің безендірілуіне назар аударғаныңыз жөн: Норман бір бөлмені түрлі аң-құстардың мумияларымен безендірген. «Олар қозғалыссыз болса да өзі өмірін жалғасытырып келеді, осы бөлмеде өмір сүріп келеді»,-дейді сөз арасында Бейтс мырза. Мотельден жоғарылау жақта Норманның үйі орналасқан. Ол анасымен тұрады. Анасы ұлының әдемі келіншекті көріп, ұнатып қалғанын байқаған соң үйде айқай-ұрыс шығарады. М.Крейн бұл айқайлардың бәрін естиді. Сол кештің соңында келіншек қылмыскердің қолынан өлімін табады. Келіншектің жансыз денесін тапқан Норман бұл қылмысты анасы жасағанын бірден біледі. Біледі де анасын құтқару үшін қыздың денесін, бүкіл жеке заттарымен қоса жинап сол маңайдағы сазды балшыққа батырып жібереді. Қылмыстың ізін жояды. Әрине қыздың іздеушілері табылып, оқиға одан сайын қыза түседі. Бір қылмыстың соңы екіншісіне ұласады. Сөйтіп соңында заң қызметкерлерінің қолына Бейтс те, оның анасы да түседі. Алайда екеуінің бейнесі бір адамның ішінен табылады. Міне қызық? Оқиғаны там-тұмдап қайта жазғым келмейді. Бұл фильмді міндетті түрде көру керек. Егер көрсеңіз төмендегі әңгімемізге қосылыңыз.

Фильмдегі нағыз қылмыскерді табу қиын. Норман Бейтс тым қатал тәрбие көрген. Анасы оны толық өз айтқанымен жүргізген. Сондықтан Норманның психологиясы анасымен тығыз байланысты: онсыз өмір сүру мүмкін емес. Қатал қағидалардың құрсауында қалған Норман бір уақытта психологиялық дамуы мен есеюін тоқтады да, іштей бала болып қалады. Мұны оның үйіндегі бөлмеде сол қалпы қалған кішкентай баланың ойыншықтарынан аңғаруға болады. Психологиясы бұзылған Норман анасын басқа еркектен қызғанып, екеуіне де у беріп өлтіреді. Есін жиған соң әрине өкінеді. Бірақ анасының назарын басқа еркекпен бөлісудің өзі оған қорқыныш ұялатқанын біледі. Норман анасының өліміне келісе алмай, оның мүрдесін мазарынан алып шығып, одан мумия жасап алады (мотельдегі аң-құстар сияқты). Ұзақ уақыт онымен тілдесуге тырысады. Алайда өлікпен сөйлесуге ұмтылған сайын, санасының екіге бөліне бастағанын байқамай қалған болу керек. Норман анасының дауысын салып, сол сияқты ойлап, киініп, жалған шаш тағып өмір сүре бастайды. Енді оның денесінде екі адам өмір сүреді: баласын қатал ұстаған анасы және есейе алмай, анасына байланған баласы. Екеуі бір-бірін қатты қызғанады. Сол себептен Норманның мотельге тоқтаған жас келіншекті ұнатқанын байқаған анасы, ұлын ешкіммен бөліспеу үшін қызды өлтіреді. Фильмнің соңында Норманның санасын толығымен анасының ес рухы басып алады. Бейтстің жеке тұлғасы әбден таусылып өледі. Сөйтіп түрмеге Норманның денесіндегі анасы түседі.

Кинодағы сюжеттің Камю жазған «Посторонний» повесіне қандай қатысы бар? Мәселе – қылмыста. Меғсо да дәл Бейтс сынды қылмыскер. Неге? Әңгіме басында Эдип туралы аңызға тоқтала кеткен болатынбыз. Жалпы психологияда қабылданған ақиқат бар – ана мен бала арасындағы байланыс тылсым күшке ие. Оның үстіне ұл бала мен ананың рухани байланысы мүлдем бөлек. Жесір қалған, немесе айырылысқаннан кейін басқа еркекпен араласа бастаған әйелдің ұл баласы бар болса, кикілжіңнің пайда болуы шарт екені көп жағдайда белгілі екенін білесіз. Ана – табиғи заң бойынша ер бала үшін әйел затының абсолютті идеалы. Бұл байланыстың психологиялық ауытқуларға апаратыны да мәлім. Меғсо анасының өлімі жайлы естігенде салқынқандылық танытқаны – ауыр үрей кешіп, трансқа түсуімен парапар. Повестің соңына дейін ол өзін қай тұста, қай сәтте қателік жібергенін іздеумен болады. Бірақ оны өзі де түсінбейді. Анасының өлімінен кейін қалай өмір сүруін түсінбей, қандай әрекет көрсететінін білмей, ештеңе өзгермегендей кейіп танытады. Бұл оның санасында болған психологиялық қақтығыс,есінен адасу, үрей. Суық хабарды естіген сәттен толық күйзеліске түседі.

Бірақ шығарманың құрылымы ерекше назар қойған оқырман үшін кейіпкердің психологиясын ашып, көрсете алады. Ол үшін келесі детальдарға назар аудару керек.
Меғсо анасының өліміне еш алаңдамайды. Оның басына басқа қылмысты оқиға түсіп, істі болады. Демалыс күндердің бірінде теңіз жағасына шыққан Меғсо досымен бірге алыстан бақылаған екі арабты көріп, түрлерінен сескенеді. Екінші күні күдіктілерді тағы көріп қалам ба деп жанына револьвер алады. Меғсо жалғыз қалған сәтінде тағы сол арабтарды көреді. Күннің көзі жанып тұр. Меғсо күннің жарығына шыдай алмай, аспаннан түскен бір өктемдікті сезеді. Бейтаныс арабтар жақындап келеді, күннің сәулесі болса одан сайын Меғсоға төніп барады. Оны жақындап келе жатқан арабтар емес, қанжардай өткір күннің көзі қорқытады. Күннің көзі қызған сайын Меғсоның жанарынан тамшылап жас аға бастайды. Табиғат күшіне қарсы жалғыз қалғандай, өзінің бір күнәсін, қылмысын түсінгендей Меғсоның көз жасы парлап қоя береді. Сол кезде, күнге қарсы қарсылық көрсету үшін қолындағы револьверін қолданады: «как будто постучавшись в дверь несчастья четырьмя короткими ударами». Мына цитатаның маңызы зор. Есікті төрт рет қаққан тағдыр… Йә, бұл Бетховеннің №5 симфониясы… Тағдыр айналып келіп, өзі кесімін жасады. Меғсо қылмыскер атанды. Бірақ ол бейтаныс арабтарға қарсы емес, өзіне қарсы, анасын қарттар үйіне өткізген сәтіне қарсы тұра алмай, қылмыскер атанды. Оның қылмысы – көзі тірісінде анасынан бас тартуы. Оның жазасы – аспан, күн. Қылмысы үшін жауапқа тартылған сәті де, жалғыз жылаған сәті де сол күнге қарсы шыққан сахнаға сайып келеді.

Жалпы ХХ ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі «Посторонний» немесе «Чужой» (аудармасы әрқилы) повесінің айтары мұнымен шектелмейді. Бұл ойларым жазушының әдеби кеңістікте құрған философиялық тереңдігінің бір ғана жылғасы. Автордың шеберлігі де осында. Хикаяның жұмбақтары сөз өнерімен шебер өріліп, оқырман үшін талай ізденістерді талап ететуге жол салған. Бастысы қарама қайшылықтарға толы адам психологиясының тереңдерін көре білген қаламгердің биіктігін сезіне білу керек. Әдебиет – ұлы жаратылыс. Ол – таным, ол – өмір, ол – өнер. Әдебиет тәрбие құралы деп аясын тым тарылтуға болмайды. Әдебиет таным айнасы. Одан әркім өз танымын қалыптастырып, талғамын табады. Алайда адамзаттың бұ дүниеде аспанға қарап қол созғанның бәрі әдебиет. Шындықты қабылдай алу, өзіңді тану. Дәл осы талаптарға сай келген Камюдің шығармасы таусылмас қазына. Повесті Хичкоктың киносымен, Эдип туралы аңызбен, қазақ ертегісімен, орыс мифологиясымен, батыс дінімен, шығыс ділімен – қандайда болсын бағытпен байланыстыра қарасаңыз, ортақ нүкте табуыңыз мүмкін. Себебі саясат пен дін бізді мың бір бөлшектерге бөлсе де, адамзаттың ар-ождан, жаратылыс философиясы бір болып қалады. Себебі оны біріктіретін әдебиет бар.
Меғсоның анасын кім өлтірді? Эдиптің жазығы не? Немесе бала Норманның тағдыры не болмақ? Қылмыс және жаза. Жазмыш әлде Қорқыныш? Ойлануды патша көңіл оқырманның еншісіне қалдырайық…

Ақерке Асан (Ақжауын)

әдебиеттанушы

Мәскеу қаласы

Мәтіндер:

“Царь Эдип” пьесасы, Софокл (шамамен 496-406 жж.)

“Постороний” повесі, Альбер Камю (1942 ж.)

“Психо” фильмі, Альфред Хичкок (1960 ж.)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here