Осыншама қиыншылықпен келген жеңісті қазіргі билікке бере салғанымызға өкінемін

 – Бала кезіңізде кім болсам деп армандадыңыз?
– Бала кезімде саяхатшы болуды армандадым. Армандап қана қоймай, өзімді алыс сапарларға дайындадым да. Картамен, компоспен жұмыс істеуді үйрендім, «сіріңкенің жалғыз талымен от жағып», жұлдызбен жолды анықтаудың қыр-сырын игердім. Ең қызығы, бұл арманым біршама орындалған да сияқты. Мектепті бітіре салысымен, түрлі экспедицияларда жұмысшы болып, құм даланы кездім, әскерде де топографиялық бөлімге түстім. Ал кейін, жоғары оқу орнын бітірген соң, сол уақыттағы одақтық мәртебесі бар «Адам және шөл» ғылыми-спорттық экспедицияның мүшесі болып, Кеңес одағының талай шөлдерін, ең ыстық уақытта жаяу кесіп өтіп, саяхатшының «романтикасын» да көрдім. Осы кезбелігімнің нәтижесі болуы керек, мен қазір тамақ талғамаймын, жұмсақ төсекті де аңсамаймын, тіршіліктің кейбір қиыншылықтарына көңіл аудармаймын.
– Отбасында қандай адамсыз? Жақсы әке, адал жар дегендей…
– Бұл сұраққа жарым мен балаларымның жауап бергені дұрыс сияқты. Несін жасырамыз, сенің отбасың үшін қоғамдық-саяси өмірдің қызығынан көрі қиыншылығы көп болады. Жиырма жыл бойы институтта жұмыс істеп, баспана алмай кеттім. (Мүмкін, барып сұрамаған өзім де кінәлі шығармын… ) Қазір он үш жыл болды, жұмыссыз жүрмін. Бұны айтып отырғаным, отбасының тіршілігін домалатып қоймағанымды мойындау. Жақсы әке де шығармын, бірақ үйдің тіршілігінен сырттың саясатын артық қоятын адамдар өздерінің осы кемшіліктерін іштей мойындайды деп білемін. Бұл мен туралы ғана емес, 90-жылдары саяси аренаға шыққан көптеген азаматтар туралы да айтылуы керек ащы шындық. Демек, біздің жарларымыздың, есейген уақытта балалаларымыздың қабақтарын шытпай, біздің ұлт үшін, тәуелсіздік үшін жасаған жұмыстарымызды түсіне білгендеріне, қолдай білгендеріне ризамын. Бір сөзбен айтқанда, менің «жақсы әкелігімнен» көрі жұбайымның, балаларымның жақсы қолдаушылығы мен түсінушілігін артық деп білемін.
– Өмірдегі өкінетін тұсыңыз не, үміт артатыныңыз не?
– 90-жылдардағы тәуелсіздік үшін күрестің соңында, осыншама қиыншылықпен келген жеңісті қазіргі билікке бере салғанымызға өкінемін. Прибалтика елдерін былай қойғанда, біздің «Азат» қозғалысынан да әлсіз Әзірбайжанның «Халық майданы» билікті алып, Елшібейді президент етіп сайлап, өздерінің алға қойған мақсаттарын өздері орындауға көшті. Ал біз «Тәуелсіздік орнады, енді Қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған армандарын жүзеге асырады» деп, тарап кеттік… Сенің алдыңа қойған мақсаттарыңды басқа ешкім де жүзеге асырмайды екен. Мүмкін, біз романтик болған шығармыз. Әлде, тым таза болғымыз келді ме?.. Тәуелсіздіктің жиырма жылы өтсе де, не қазақ тілі көгермеді, не Франция, Италия, Германия сияқты ұлттық мемлекет құра алмадық. Ең болмаса, был-тыр қанды Желтоқсанның жиырма бес жылдығын атап өтудің өзін билік «ұмытып кетті»… Ең қорқыныштысы, билікте отырғандардың ішінде Мәскеуге беріле қызмет жасаған адамдар жетіп артылады, ал тәуелсіздік үшін күреске қатысқан бір де бір адам жоқ!
Ал үмітім біреу-ақ – философияның заңы бойынша, сан сапаға айналуы шарт, демек қазір 65 пайыздан асқан қазақтан бізден де асқан ұлтшыл саясаткерлер және оларды қолдайтын рухы жоғары, намысы оянған жастардың шығатыны анық.

Алыс жолға шыққанда адамдарды тегін жеткізіп тастаймын

– Қандай кітапты жиі қолыңызға аласыз? Не үшін? Яки болмаса, қандай киноны қайталап көре бергіңіз келеді?
– Әрине, Абайдың өлеңдері мен қара сөздері қанша оқысаң да түбіне бойлай алмайтын, бірақ болмысты дөп басқанын ішің ғана сезіп, көңілің ғана қабылдайтын қазына. Оларды қайталап оқудан жалықпаймын. Жас кезімде Джек Лондонның шығармаларын аса сүйіп оқыдым. Әсіресе «Мартин Иден» романы маған қатты әсер етті. Студент шағымда Латын Америкасының әдебиетіне ден қойдым. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» мен үшін ерекше шығарма. Соңғы уақыттарда детективтерді көбірек оқимын. Киноға онша құмарлығым жоқ.
– Жеке өміріңізде қиналған жанға қол үшін берген сәтіңіз болды ма?
– Болған да шығар. Себебі, тек қана бір рет жақсылық жасасаңыз, оны өмір бойы есіңізден шығармай жүресіз, ал қиналған жандарға көмек беру – өмірлік принципіңізге айналса, оның біреуі де есіңізде қалмайды. Меніңше, әңгіме мүмкіндікте ғана. Мүмкіндігіңіз бола тұра, қиналған жанға көмектеспеу – арыңызға сын. Менің бір «қызық ұстанымым» бар. Алыс жолға шыққанда жолдағы қол көтерген адамдардың барлығын (бағытымыз бір болса) сыйғанынша машинама мінгізіп, тегін жеткізіп тастаймын. Мүмкін, барлығымыз осы ұстанымға көшсек, жолға шығу жеңілірек болар…
– Ұлтымыздың қандай қасиетін ұнатасыз, несінен жиренесіз?
– Ұлтымыздың барлық қасиетін ұнатамын. Жаманын да, жақсысын да. Ұлт – сенің анаң не балаң сияқты. Қабағыңа кірбің түсуі мүмкін, бірақ анаңның бір мінезінен де жирене алмайсың.
Жұлдызжорамалға сенесіз бе?
– Сенбеймін.
– Жеке блогыңызға қандай сөзді жиі жазасыз? (мысал болса келтірсеңіз?)
– Жеке блогым жоқ. Жалпы, компьютерге деген менің екіұдай көзқарасым бар: біріншіден, әрине, компьютер арқылы сан түрлі жаңалықтарды дер кезінде алып, өзіңе керек ақпаратты таба аласың, ал екіншіден, әсіресе азаматтардың саяси белсенділігін көрсету жағдайында нағыз тосқауылдың рөлін атқарады екен. Қазақтар соңғы уақытта нақты жұмыстан көрі, сайттарға кіріп алып, барлық айтатынын айтып, сынайтындарын сынап, жамандайтындарын жамандап, мақтайтындарын мақтап, содан соң, рахаттанып қалың ұйқыға кететін болды. Онсыз да шәй ішіп отырып саясатты соғатын «батырларға» компьютер таптырмас құрал болды.
– Досыңыз көп пе? Олармен кездескенде әңгіменің ауаны не жөнінде болады?
– Кейбіреулердің өмір бойы бірге жүретін жан достары болады. Мен оларға қызыға қараймын. Менің өмірімнің әр кезеңінде арамыздан қыл өтпес достарым болды. Бірақ өмірдің келесі кезеңінде араларымыз ажырап кетіп отырды. Бір көшеде бірге ойнап өскен достарымның көпшілігімен қазір кездеспейміз. Әрине, үйге барған сайын оларды сұрап, жағдайларын біліп тұрамын, бірақ арласуға күйбең тіршілік жіберер емес. Студенттік достардың орны бір бөлек. Олардың бірнешеуі-мен отбасылық достар болып кеттік. Алайда, мойындауымыз керек, есейген сайын кездесулеріміз сиреп барады. Бұрын балаларымыздың біреуін көтеріп, біреуін жетектеп, автобустың ішін азан-қазан етіп, айына екі-үш рет кездесіп, думандатып жататын едік, қазір бәріміздің астымызда машина, бірақ жылына екі-үш рет (балаларымыз үйленгенде, немерелі болғанда, ата-аналарымыз қайтпас жолға кеткенде) ғана кездесеміз. Әңгіме төркіні – отбасының жаңалығы, балалар мен немерелердің қызығы, студенттік шақты еске түсіру. Әрине, мен отырған жерде саясат та қозғалады. Ал қазақтың барлығы да үйде, дастарханның басында отырғанда «нөмірі бірінші саясаткер».

Үш нәрсеге қызықпаймын

– «Өмірде жолым болған адаммын» деген пенделік ой келе ме?
– Сөз жоқ, «қамшының қысқа сабындай» өміріме баға беретін жасқа мен де жеттім деп ойлаймын. Жолым болды деп анық айта аламын. Қара жұмысшы болса да, театрдың бір қойылымынан да қалмайтын, алты жасымыздан біздерді кітапқа құмар етіп тәрбилеген, ақылды да мәдениетті анам мен еңбексіз бір сәт отыра алмайтын, басынан сөз асырмайтын қайсар әкемнің сүт кенжесі болып, еркін өсуім де – жолымның болғаны шығар. 16 жастан жұмыс істеп, әскерде болып, алты жыл (дайындық бөлімінен бастап) жатақханада студенттік қызықты шақты тамаша құрдастарыммен бірге өткізу де – жолымның болғаны. Қамал бұзатын жасқа келгенде қоғамда үлкен өзгерістер болып, соның ортасында жүргенім, сан түрлі елдерде болып, талай тектілер мен атағы жер жарған адамдармен дастархандас болғаным да – жолымның болғаны шығар.
Қыздарымның тойын жасап, құдаларыммен құйрық-бауыр жесіп, немерелерімді еркелетіп жүргенім де – жолымның болғаны. Мүмкін, көшеде келе жатқанда танымайтын адамдардың амандасып, жазғаныма, айтқаныма, істеген істеріме рахмет айтқанынан артық бақыт та жоқ шығар.
– Өз бойыңыздағы қандай да бір кемшілікті атай аласыз ба?
– Өзімді басқалардың дәлелсіз сынынан, негізсіз жамандауынан қорғай алмаймын. Қорғау керек деп те ойламаймын. Саяси жұмысты мәдениетті түрде жүргізу қажет деп санаймын. Бірақ, өкінішке қарай, саясатқа «әңгіме мақсатқа жету ғана» деп ойлайтын шолақ ойлы, ұзын тілді, даңғаза адамдар көбірек келеді екен. Солармен тіл табыса алмаймын, бұл да үлкен кемшілік.
– Егерде үлкен қаржыға ие болсаңыз, неге жұмсар едіңіз?
– 1989 жылы берген бір сұхбатымда айтқанымды тағы да қайталауға тура келеді. Мен үш нәрсеге қызықпаймын; біріншісі – байлық, екіншісі – лауазым, үлкен қызмет, үшіншісі – атақ, даңқ. Бұлардың барлығы баланың ойыншығы сияқты. Мен үшін басты байлық – еркіндікте. Әрине, еркіндік үшін де ішер тамақ, киер киім қажет. Бірақ үлкен ақша үлкен еркіндік береді деп ойламаймын. Ойыңдағыны ашып айту, ешкімге жалтақтамау, өзіңнің дұрыс деп тапқан мақсатыңның жолында жұмыс істеуден артық ештеңе жоқ. Егер ертегідегідей, ерен байлыққа ие болсам, біріншіден, сол 90- жылдары тәуелсіздік жолында жұмыс істеген, қазір жағдайлары нашар азаматтарға көмек қорын құрар едім.
– Өмірде ұстанар қағидаңыз не?
– Бір қағидаға байланып қалу мүмкін емес. Ал басты қағиданы шығаруды болашаққа қалдырайық…
– Әңгімеңізге рахмет!

Саясаткермен сырласқан
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here