?Сезімнен әрекетке!?

“Əннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілден көшері бар”

Хакім Абай осы бір даналыққа толы сөзін келешек жас ұрпақ, яғни , біздерге арнап кеткендей. Қазақ даласында тұнса табиғаты тамаша, айшықтаса тарихы терең өлкелер жетерлік. Сол бір “Туған ел”, “Туған жер” жайлы лирикалық, патриоттық əндердің небірі үлкен сахналарда айтылып, халық жүрегінен орын алғаны да рас. Осы бір тұста менің жеке шығармашылығымнан “Ащысай-менің ауылым” атты əннің тарихын баяндап берейін.

Ащысайдың тарихы бір бөлек, табиғаты тамаша өлке. Қарт Қаратау баурайындағы ауылды əлеуметтік желілерде талқылаушылар көбейіп кетті. Ащысай жайлы жазылған ауыр сыни сөздер көңіліме жүк болып, мазам қаша бастады. Туған жердің төскейінде еркелеп жүрген ерке қыз болғасын көпшілікке Ащысайдың керемет ауыл екендігін ұқтырғым келді. Бірде Нұржан Тəжікенов ағамыздың “Сезім” атты туындысын естігенде, домбыраның үні менің сырымды айтып тұрғандай күй кештім. Сол сəтте “Неге ауылым жайлы əн шығармасқа?” деген ой сап ете қалды. Əуен ырғағын бір тыңдағаннан ақ қолыма қалам алып, өлең жазуды бастап кеттім. Өлеңімді жазып бітіргеннен соң мəдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мыңбай Бақыт Өсербайұлына өлеңімді ұсынып көрдім. Іштей толқып, жаратпай қоятын шығар деп ойладым. Ол кісі бірден іске көшетінін білдіргісі келіп:
-Əуен авторынан рұқсатың бар ма?-деп сұрақты төтесінен қойды. Мен басымды шайқай, рұқсатым жоқ екенін ишараладым. Ары қарай сөзін жалғап:
-Автордан рұқсат ал, бұйыртса тамаша өлең шығады- деп шығарып салды.

Қазір барлық нəрсенің дамыған заманы емес пе?! Нұржан Тəжікенов ағамызға хабарласып, рұқсатын алдым. Рұқсатын берген бермегеніне сенбегенім сонша бір жеті бойы хабарласыппын ғой. Қазір ойыма түссе күліп аламын.

Ал, ендігі ойым өлеңім қашан жарыққа шығады екен, хабарласа берсем “ұят қой” деген оймен үнсіз сарыла күттім.

Сонымен, “Кентау қаласының 63 жылдығында” ұйымдастырылған гала-концертте əнім орындалды. Тыңдап тұрып көзімнен қуаныштың жасы ыршып түсті. Мен үшін ең керемет тосынсый болған күн. Орындаушысы қаламыздың жезтаңдай əншісі Джолдасова Ақмарал əпкеміз екен.

Сол өлеңім таралғаннан кейін, көшеден көре қалса “Айналайын, ақын қыз! Өркенің өссін! Атаңа рахмет!”деп ақ тілегін жаудырушы жандар көбейді. Ауылдан жыраққа кеткендер сағыныштарын осы өлеңменен басатынын жеткізді!

Сөз соңында мен мынаны айтқым келеді. Туған өлкеге деген махаббат болғанда, атамекеннің кем тұсын көрмейді екенсің. Махаббат тұла бойыңды жаулап алғанда, жанашырлық сезіммен туған өлкенің жыртық жерін жамап, көркейтуге, дамытуға деген ұмтылыс, мінез қалыптастырады екен.

Елбасымыздың “рухани жаңғыру”, “ұлы даланың жеті қыры” мақалалары аясында жаңа бастамалар, жобаларды қолға алып, атсалысайық, достар!

(С) Ардақ Жолдыбаева

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here