Анау жылы әкем малдан қалған соң, оның ақ таяғын мен ұстап жайлауға шығып бара жатқанмын. Жолай ертеректе елі көшіп кетіп иен қалған Бастаушыда ақыран боп отырған әкемнің құрдасы, бірге өскен жолдасы Қасқырбай әкеме сәлем бере кеттім. Ол сөз арасында: – Мына, иттің баласы қу «ноғайдан» көресімді көрдім! Қия басқан ізімді аңдып, болмағанды болды деп, екі күннің бірінде басқармаға жамандайды да отырады. Қатыны екеуін бір күні жарып тастайынба, осы! – деп ішіне сыймай жүрген ренішін қынжыла ақтарған-ды.

«Ноғай» деп отырғаны мына іргедегі ақ патша дәуірінде  уезд орталығы болған, кезінде қалың татар мекен еткен Ойжайлаудан көшіп келген порымы орыс, тілі қазақ – Зарқом шал. Қазақ пен орыс шатасса ортасынан «ноғай» шығады демеуші ме еді, ел арасында. «Көпірдің ар жағында татар, бер жағында орыс, арасында ала-құла қазақ» деп Зарқом шалдың өзі де әзілдеп отырады. Таза тегін сірә, оның өзі де білмейтін сияқты. Сонымен Зарқом ақсақал әти атанып, оның маңдайына ата-тегі ноғай (татар мен ноғайды ел арасында бір ел деп санайды) болып жазылған-ды. Бастапқыда Қасқырбай әкемізбен екеуі жұптары жазылмай, сөйлеседе бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай бір жерден шығып,  кемпірлері де бірінісіз-бірі шәй ішпей, осынша ауызжаласқан татулықтарына ел таңқалатын-ды. Кімді сағалап келгені беймәлім, осы Бастаушыға аяқ-асты сап ете қалды. Келе мал асырап, бір-жар жылдың ішінде қорадан қора туғызып, төңірегін түгел тұмшалап алды. Сөйткеніне қарамай жайылымда жүрген іріңдей бір-жар қарасы қолды болып кетті. Кінәліні алыстан іздеген жоқ, іргесіндегі сонау жылдары мал ұрлап сотталған жалғыз көршісінен көрді. Жоғалды деген малы тау қапталындағы қырық сайдың бірінен табылып, Зарқом ұятты болды. Сүттей ұйып отырған айдаладағы екі үйдің арасынан өстіп, ойда жоқта қара мысық өтіп кетті. Ол аз болғандай басқарма тентіреп келген әлдегімді «старшой ақыран» сайлады. Зарқом мен кемпірінің бет-бейнесі енді көрінді. Қолдарына есе тимей жүр екен, шолақ етектер тек солардың үйіне түсіп, кемпірдің қол қайнақ «шеміргесіне» дүмігіп, оңды-солды «накладнойды» шашатынды шығарды. Мал басы сағат сайын өсіп, іргесіне мая-мая шөп қаланды. Көршісі «аузы күйген үріп ішеді» демекші, неше жыл бойы адал еңбек етем деп, ақ тер, көк тер болып қара итінен басқа есік алдына қара бітіре алмай жүргенде бұл расында «ноғайлығын» танытты.   

–         Қой әке, қартайғанда тағы түрмеге түсейін деп жүрсің бе, жүйкеңді

тоздырма, о «ноғайдың» мәселесін маған тапсыр. Алла бұйыртса, етекке ертерек ығысып, осы Көкжотаны жайлап жатып бір амалын табармын – деп, уәде беріп аттанғанмын.

Ә дегенше  жаз ортасы ауып, сырғи-сырғи Көкжотаның желкесіне мен де жеттім. Етегі жайқалған  шабындық пен арпа-бидай. Әлгі «ноғай әтидің» де күзететін алқабы осы еді. Малды көңіл сүйген жеріме бытыратып жайып  жіберіп, атты тұсап, өзім аткөрпені төсеніп қисайғаным сол еді, көзім ілініп кетіпті. Шабан торым оқыранып, ала ит пен қара иттерім абалап шырт ұйқымнан оятып жіберді. «Ойпырым-ай, осынша байбалам салатындай көздеріне не жын көрінді екен?» – деп басымды көтерсем, астында көк шолағы бар, екі көзі тұздай, бір қып-қызыл көсе шал менің үстіме ентелеп, қышқырынып тұр. Дәуде болса «ноғай әтиім» өзің боларсың деп топшыладым да сасып қалған кейіп көрсетіп, қиқалақтай әрең түрегелдім.

–         Пәшему патраба делаеш? Шытырап!

–         Өй, батия, мен незнайыт орысша.

–         Көзің тұздай болғанға орыс екен десем, әкет малыңды, мен осы жердің

старшой ақыранымын!

–         Мен де сізді орыс екен деп шошып қалсам, құдды менің туған әкем

сияқты екенсіз!

–         Тіл-жағыңа сүйенбей айда малыңды, өйтпесе сойылдың астынан

аламын!

–         Ақсақал, бұл да колхоздың қойы, өзім бір жақтан биыл ғана көшіп

келгем, жер жағдайымен таныс емеспін. Айтқаныңыз болсын. Сізді құдай айдап әкелген көрінеді. Әнеукүні басқарманың өзі жолығып, осы етекте екі ақыран бар, соның бірін көмекші ғып қасыңа ал деген. Жалғыз кісіге мал бас ырық береме, бір пұшпағын қайырып жатсаң, екіншісі жыртылып далаға қашады, кілең қу топалаң!

–         Балам, мен мал бағып көремеген жанмын! Ана төменде, қасымда бір

тықыраңдаған қазақ бар, соны ал, малдың ебін бір білсе сол біледі.

–         Ойбай, атай көрмеңіз оны, түрме-түрмені түгендеп шыққан кәнігі деп

естігем, бүткім малды бір түнде қытай асырып, не о шатақ өзімді жарып тастап жүрсе қайтпекпін! Ана жолы басекең осы сізді-ақ меңзеді. Үлкен адам, істің жөнін біледі деп, тәуір сөздер айтқан.

–         Апырай-ай, басекең тапсырса құп-ақ болсын…

–         Ақыры келіп қапсыз, бүгін кешке дейін қайыра тұрсаңыз, мен мына

Беселайға шауып барып, андық-мұндық әкеле қояйын.

Сонымен «әтиді» дегеніме көндірдім. Салт басты бағып жүргенмін. Шөлдесеңіз сол жерде сусын мен тамақ бар деп, төбедегі итарқаны көрсеттім де шабан торыны борбайлата қамшылап, ауыл қайдасың деп тарта жөнелдім. Сол кеткеннен үшінші күн дегенде ат үстінде теңселіп, аузы-басым шыбын-шыбын болып әзер жеттім. Жора-жолдас жібереме, әйтеуір қоржыным аман екен. Мені орыс деп жүрген шалымның әнеукүнгі шақшиған тұздай көзі өшуге айналып, лайдан қатқан мұздай болыпты. Алғашында көсе көрінген бет-аузын әппақ изен басып, тәп-тәуір жүдеп қалыпты. Менімен жылап көрісті. Малымның ұзын қарасы аман сияқты. Бұ қасқаң тышқақ лақтан айырылғанша, өзін құрбан етуден тайынбас, сірә! Шалды шығарып салып тұрып:

–         Ақсақал, малға икеміңіз бар екен, анда-санда келіп қол ұшын беріп

тұрыңыз. Басекеңе бұл еңбегіңіздің майын тамызып тұрып жеткіземін! – дедім жүрегімді елжіретіп.

–         Бүйткен еңбегі құрып кетсін! Егіннің сау тамтығы қалмады ғой, қу

топалаңның кесірінен түрмеге түсіп, ана қу тықыр қазақтың табасына қалатын болдым ау!

–         Егін де, қой да өкіметтікі, саспаңыз ақсақал. – деп басу айтып,

сабасына түсіріп әрең құтылдым. Расында өзім бір рет дәндеткен қалың қол егіндікті шегірткеше орып, трәктірше таптаған-ақ екен. Содан тағы да бір-жар рет мал қайырысып берді әлгі «әтиім». Келмейін десе басқармадан қорқады, тапсырманы орындамадың деп ертең зікір салып жүрмесіне кім кепіл? Қойшы әйтеуір, егіншілер мен шөпшілер келеді ау деген тұста етекті бетке алып, ылым-жылым жоқ болдым.

Етекті еңсеріп, қыстауға бет алар кезде рахметін айтуға Қасқырбай әкем іздеп келді. Болған оқиғаны жыр ғып айтты. Басқарма бұлқан-талқан болады. Анау: – Сіздің тапсырмаңыз болған соң екі етпедім! – деп ақталады.

–         Бұндай тапсырманы мен берді деп, саған кім айтты!?

–         Тұрпаты менен аумайтын бір жақтан көшіп келген қойшы…

–         Көзі тұздай, шашы аппақ қудай, тісі мисық, бұты қисық па?!

–         Рас көрген екенсіз ау!

–         Ой, алжыған шалым, ол мына қасыңдағы «конакрад көршіңнің» досы

Жұмабектің алаяғы емес пе! Өзі, егінге малды сен жайдың ба, әлде ол жайды ма?

–         Қу топалаң, менің кезегімде қайыру бермей қып-қызыл егінді

жайпамасы барма!

–         Саған дауа жоқ екен! Сақалыңды силап сотқа тартпай-ақ қояйын, «есің

бар да, елің тап» демекші, Қазан қаласына қайтасың ба, қайда барсаң онда бар, тек, табаныңды жалтырат! – деп басекең қолын бір-ақ сілтейді.

–         Ойбай, басеке! Қайдағы Қазан? Мен таза қазақпын, түрім оттай береді!

– деп қанша ақталса да айырылған абыройды Зарқом шал қайта жия алмапты.

Сонымен байқұс «ноғай» жер аударылып Қасқырбай әкеміздің көзі ашылды. Бастаушыға жалғыз өзі ие болып, ақ дегені ақ, қара дегені қара. Қайсібірде  әлгі «әтидің» оп-оңай алдана қалғаны  есіме түссе: «Ой Аллай, «ноғайдың» да аңқауы болады екен-ау!?» деп  күлкі қысып, жорта қайран қалам…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here