Келіс Рахымжанов, жазушы

 

                          Мағжанның Мұхтарға хаты

 

М.Әуезовтің Семейдегі семинария студенті кезіндегі дәріс алып, шәкірт болып, қоғамдық қызметке араласып жүргендегі ортасы өз қатарындағы жастармен ғана шектеліп қалған жоқ. Әдебиетте жастай көрініп, өлең, проза, драма, көсемсөз жазудың шебері болған Жүсіпбекпен семинарияда бірге оқып, «Абай» журналын шығаруы, «Сарыарқа» газетінде қызмет етуі жас Мұхтардың ой-өрісінің тез өсіп, қоғамдық қызметте ерте шыңдалуына көмектесті. Бұл жағынан алғанда сол дәуірде М.Әуезовтің әдебиеттегі өзі қатарластармен бой теңестіріп, ой жарыстырғаны, үлгілісінен үйреніп, келеңсіз жайттардан бас тартып, күн санап өскені, оның жазғандарынан бой көрсетпей қалмады. Өзі тұрғылас ақын-жазушылардан М.Әуезовтің ерекше бағалап, басқалардан жоғары қоя көтермелегені Мағжан болатын. Жүсіпбек Мағжан туралы «Мағжанның ақындығы» деген мақала жазғаны белгілі. Бірақ Мағжанның ақындығы сол кездегі оқырманның бәрі бірдей Жүсіпбек пен Мұхтар, Смағұл, Қошке, Телжан сияқты бағалай алған жоқ. Оны керісінше заманға сыймайтын ойдың, көкте жүрген қиялдың ақыны етіп көрсететін жалалы, мазмұны  жұтаң, қарабайыр мақалалар да жарық көріп жатты. Олар Мағжанды көзқарасы байшыл, кімнің күні жүріп тұрса соның жырын жырлайтын, өткенді көксеуші, халықтың, көпшіліктің арман-мұңымен қабыспайтын идеяны көтеріп, жұртты адастырып жүрген зиянды ақын деген  мақалалармен оқырманды шатастыруға тырысты. Мағжанның өлеңдеріндегі жаңалықтар мен көзқарастарды, жаңа заманның өзгерістеріне деген ойлы пікірлерді өмір қажеттілігінен жалтару, қоғам өзгерістерін қабылдамау деп түсіндірген жалаң тапшылдар мұны әдебиеттегі идеялық ауытқушылық, төңкеріс жеңістеріне деген сенімсіздік  деп бағалады. Көптеген қызу талас, баспасөз бетіндегі тынбаған айтыстардан кейін әдеби жұртшылықтың көзқарасы екіге жарылды, көп ұзамай бұған дейін Абайдан бері келе жатқан әдебиет тарихы байшыл-ұлтшыл деген көзқарас белең алды. Әдебиеттің пролетарлық кезеңі орыс әдебиетіндегі М.Горький, Д.Бедный, В.Маяковский шығармалары сияқты төңкерісті жырлауға тиіс деген де көзқарасты жақтаушылар болды.

Ресейдің орталық қалаларындағы көптеген әдеби ұйымдардың, үйірмелердің көзқарастары, олардың түрлі ағымдары қазақ әдебиетінің өкілдерін де ойландырмай қалған жоқ. 1920 жылдардан былайғы мезгілде қазақ әдебиетінде пролетарлық жазушылар ассоциациясы КазААП құру идеясы етек алды. Көп ұзамай жергілікті партия жетекшілері РААП-тың ізімен қазақстанда да жарлы-жақыбайлар әдебиеті өкілдерін біріктіретін ұйым құруды жүзеге асырды. Бұл оқиғалар көпшілікті бей-жай қалдырған жоқ. Енді осыған орай басқа көзқарастағы жазушылардың да ұйымы болуы керек деген пікір өрістеді.

Оны жүзеге асыруды 1924 жылдың соңында ақын Мағжан Жұмабайұлы қолға алды. Мағжан өзімен көзқарасы үйлесетін бірнеше қаламдас серіктерімен «Алқа» әдеби ұйымын құрмақ болып, оның бағдарламасын әзірледі. Онда ұйымның мақсаттары, оған қандай қаламгерлердің мүше бола алатыны, ақын-жазушылардың шығармашылық бағыты, ағымдары, идеялық негізі деген сияқты күрделі мәселелер арқау болды. «Алқа» ұйымының бағдарламасын жазып біткен соң 1925 жылдың басында Мағжан оны өзінің көзқарасын бөлісуге дайын деп ойлаған достарына, қаламдас құрбыларына, әдебиет жанашырларына хатпен жолдап, оған жауап күтті. Ендігі мәселе, жаңа ұйымның бағдарламасы қалай қабылданады, оған жұртшылық пікірі қандай болмақ,–деген мәселелер талқылана келе ұйым құру жұмысы созыла түседі. Осындай хаттың біреуін М.Әуезов те алады. Арада бірер жыл сала осы «Алқа» ұйымының бағдарламасы контрреволюциялық ұйымның жоспары деген желеумен НКВД жансыздарының тергеу материалдарына ілігеді.

1930 жылы Ташкент қаласында тұтқындалып, Алматыға әкелінген М.Әуезовті де абақтыдағы тергеуде «осы хатқа қалай жауап бердің?»– деген сұрақ күтіп тұр еді. Оған М.Әуезов бірнеше жерде жауап беріп, «бұл ақын Мағжан Жұмабайұлының хаты сол әдеби мәселеге арналған бағдарлама болатын»,–деген жауаптан танбайды. 1932-37 жылдары жазаға ұшыраған жазушыларды тергеген хаттамалардың барлығында дерлік Мағжан Жұмабайұлы ұйымының бағдарламасында не айтылды, хатта не жазылған,–деген сұрақтар қойылады. Бірақ сұрақты қалай құбылтып қойса да естілетін жауап біреу-ақ. «Ол хаттың жазылғаны рас, бірақ онда саяси мәселе жоқ, әдебиет үйірмесінің бағдарламасын талқылау мақсатымен, достарының пікірін білу үшін арнайы хатпен жіберілген бірнеше беттік жазбаның болғаны рас»,–деген жауап жазалау органының мешеу қызметкерлерін сендіре қоймайды. Сендірмегені былай қойсын, оны жаңалап, кеңестік құрылысқа, еңбекші тап мүддесіне қарсы пікірі бар хатты қалайда оқығандығын, сол арқылы өзінің жаулық пиғылын жүзеге асырып, жат пиғылдың жетегінде қалай кеткенін айтқызуға жанталасқан жанкештілер бұл хат туралы дерекке жанталаса жабысып бақты. Тергеушіге берген жауабында М.Әуезов:

«Алқа» мен Жұмабаевтың хатын Семейде жүргенде, бір хаттың ішінен алған болатынмын, бұған дейін онымен хат жазысқан емеспін. Қолыма тиген «Алқадан» оның жоспарынан пәлендей жасырын құпиялық нәрсені байқамадым. Оны сол кездегі оқу ісінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоғжігітовке көрсеттім. «Алқа» менде қалды, бұл жұмысты керек санайтынымды, қазақ жазушыларының жиналысын шақырып ұйымды заңдастырып құру жағын айтып Жұмабаевқа хат жаздым. Осымен іс бітті»,–деп жазды. Бірақ саяси тұрғыдан халық жауы деп жала жабылған адамға «ұлтшыл, контрреволюционер, шетел шпионы, жапон тыңшысы, пантүркист, байшыл, саяси сатқын, бүлік ұйымдастырушы, үгіт жүргізуші»,–деген жалған жалаларды үйіп-төге келіп, одан ақталуға мүжбүр қылатын тергеу қызметкерлері әлгі хат туралы сұрақты да бірнеше жерде қояды. Оған М.Әуезов түсінік бере келіп, Д.Досжановтың «Абақты» кітабында келтірген сөздерде былай жауап береді:

«Мағжан Жұмабаевтың «Алқа» әдеби кружогінің платформасынан Попов жолдастың күдіктеніп отырғанындай дүниені бүлдіретін, қалыпқа түскен қоғам ағысын теріс бұрып әкететіндей көзқарасты таппадым. Бұл әдебиетшілерді жаңа сатыға көтеретін көркемдік ізденістердің бір түрі. Бұл жағынан «Алқа» алға қойған міндеттер өзінің жаңашылдығымен, өмірді терең тануымен көп ілгері боп көрінеді. Қоғамға залалды, жұртты теріс жолға үгіттейтін ештеме жоқ. Жұмабаевтың көздеп отырғаны халықты рухани байытатын әдебиеттің ісі, ал базбір жолдастар өз жауабында «Алқа» платформасынан саясаттың шатағын, шытырманы көп шаруасын іздеп босқа шаршап жүр. Мұндай платформа орыс әдебиетінде, орыстың көптеген әдеби ағымдарында, сонау символистерден бастап, пролеткульт мектебіне дейін баяғыдан бар?!». (22-б)

Осы сұрақтың Жүсіпбек, Смағұл, Қошке, Ахмет, Міржақып сияқты алаш зиялыларының бәріне қойылуына қарағанда Мағжанның хатынан заң қызметкерлері қандай өрескел нәрселерді тапқаны білгісіз. Бірақ мәселе ол хатта не жазылғанын анықтап білмей жатып, тергеу қызметкерлерінің оны дабырайта, ішінде кереметтей бірдеңе бар сияқты, қорқынышты етіп жаза тағайындалушы адамдарға оны мойындатуды ерекше ықыласпен қолға алуын ақылы сау адамға түсіну қиын. Бірақ 1937 жылдың жазалау машинасына басында дым жоқ, алдына келгенді ұрып-соғып, жазықсыз адамнан жау жасап шығаратын жанкештілігі тарихтан мәлім еді. Енді Мағжанның хаты туралы басқа адамдардың тергеу хаттамасында қалай жауап бергеніне көз салсақ, олар да М.Әуезовтің сөздерін қайталай келіп өздеріне «Алқаның» платформасы қалай әсер еткенін, оған не деп жауап жазғандарып айтып өтеді. Өстіп талай тағдырларды жалғыз жіпке матаған жалған жаланың жауаптары ұлғая бере бірер жылда бірнеше томға жетіп, жазықсыз адамның өзін қылмыскерге айналдыратын салмақты құжатқа айналып шыға келеді. М.Әуезов келесі бір жауабында бұдан кейін де Мағжанға хат жазғанын, онда «Алқаға» қатысты өзінің кейбір пікірін кейін білдіретіндігін айтып, бірақ оған кейін қолы тимегендігін келтірген. Демек, М.Әуезов Мағжанға хат жазып тұрған.

Ал, енді бір тұста Мағжанға ешбір хат жазбағанын онымен араласуға реті келмегенін алға тартып, бұл тақырыпқа жауап беруге құлықсыздық танытады. Шындығына келгенде, Мұхтар Мағжанды жақсы білген және хат жазысып тұрған, оны айтудан бас тартуы артық сөздің көбейіп кетпеуі үшін, сөзді қысқа қайырып, жауаптан құтылуға  тырысқаны көрініп тұр. 1920-30 жылдары қазақ халқының өмірінде өзгерістер көп болды. Бұрын бастан кешпеген оқиға, ақылға сыймайтын әрекеттер жеткілікті еді. Кітап жазу үстіндегі адамдардың мұны түсінуі, пікір алысуы, ойлап қорытуы әдеттегі жағдай. Ондай кезде өзіне пікірлес іздеу, ойы ортақ адамнан бірдеңе сұрап сөйлесу керек нәрсе. Алыстағы адамдар бір-бірімен хат арқылы сырласуы, арнайы іздеп келіп жолығуы да ғажап емес. Міне, осындай сәттерде жазылған хаттардың сақталуы, іздеп келген адамның аты жария болмауы сақтық шаралары болатын.

1920-30 жылдардағы М.Әуезовтің көптеген хаттарының жоғалуы, жыртылып, өртеліп кетуі, арнайы қызмет адамдарының қармағына ілініп кейін қайтпай қалуының өзіндік сыры сол заманның қиындығынан, кейін елдегі жаппай террорға ұласқан аңду, жазалау аппараттарының руханиатқа тигізген кері әсерінің орны толмас зардаптары деп білеміз.

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here