ЖАЛҒЫЗ  АЙ

 

Ширықтырған шаттығыммен –

Қайғыммен,

Аласұрып көкке қолды жайдым мен.

Сонда –

Тұман арасынан серледім,

Қылаңдаған қансыз жүзін Айдың мен…

 

…Ол тірі еді,

Мен де, рас, тірі едім,

Түннен қашып құз басында тұр едім.

Көңілімде көл шайқалды,

Көргенде

Жалғыз Айдың жан жылатқан реңін.

 

Мезгілсіз кеп мұңымды айтып бұ маңға,

Кеудемде орын бермеп ем ғой күмәнға!

Аймен бірге

Аялаған арманым,

Қалай сіңіп бара жатыр тұманға?!.

 

Дүрсіліне құлақ аспай жүректің,

Тұрғанын­ай жанымды езіп Түнек­Мұң!

Тұтқын қылып мына тұман мәңгіге,

Іште өле ме буырқанған бір екпін?!.

 

Ай – шарасыз,

Ақын­жүрек шарасыз,

Жыр – шарасыз,

Шабыт­тілек шарасыз…

Көзің салмай қасіреттің кейпіне,

Қамсыз Дүние, қайда кетіп барасыз???

 

…Сыймайтұғын сырына ешбір ұғымның,

Мен тоналдым – қалмай бірі түгімнің.

Бақсыз басым тартпақ па енді зардабын,

Он  ғасырда орны толмас шығынның?!.

 

Таразыда –

Мың қасірет, Бір арман

Тартысқанда

Кім шығады құмардан?

Сергелдеңнің сырын сезбексің,

Жанарыңды жаулап алған Мұнардан?..

 

…Зарықтырған Жалғыз Айдың сәулесі,

Айтсаңшы, ей, Армандының әуресі, –

Көкке қарап телміргеннің бәрінің

Тірі ме екен көкірегінде тәубесі???

1997 ж.

 

 

 

ЖҰБАТУ

(Қайрат Шахановқа)

 

…Қорқа күтіп жүргеніңде

Айтылып –

Тағдыр деген қаталдыққа тән кесім;

Ұлы АНА–МЕЙІРІМНЕН айрылып,

Ет жүрегің езілді ме, жан досым?..

 

Әбден қажап жалғыздықтың мол мұңы,

Жылап тұрсын, төгіп көздің сор жасын.

Кім Анадан айырылса,

Сол күні –

Ол төккен жас – көз жас емес, қорғасын!

 

Өксі, бауырым, өксу керек мұндайда,

Өзге жолы жоқ жалғанға налудың.

Келмеген соң өмір біздің ыңғайға,

Жөні болмас сірә үнсіз қалудың…

 

Ұмтылар ем жеңілтуге қайғыңды,

Дертіңе егер дауа болар сөз тапсам.

Дәрменсізбін,

Мынау ажал – айбынды,

Біздей талай боздақтарды боздатқан.

 

Не көрмеген, не білмеген адам бұл,

Тірлік – оның өкінішті жарқылы.

Бұл жалғанның пасықтығын содан біл,

Жұбатады Елші – Уақыт арқылы!

 

Жанымызға Пәни салар жара көп,

Еңсе көтер, бұрыл, Досым, сен бері.

Өмір деген –

(Өкінбеуге шара жоқ…)

Жоғалу мен Жоғалтудың Шеңбері!

 

Ұқсаң соны мұңайма, Дос,

Күштіден –

Күтеді өмір Асқақ болмыс – Ұлы Серт!

Керек бізге –

Бұл Дүниенің үстінен

Аяй қарап, күле білер Құдірет!

 

 

 

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ ҚАБІРІ БАСЫНДА

ҮНСІЗ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ

 

Тағдыр баста жаратқасын қамсыз ғып,

Тар соқпақта түпке жетер аңсыздық.

Қайда барсаң қыр соңыңнан қалмайды,

Рухыңның көлеңкесі – Жалғыздық.

 

Миллиондармен сапта бірге тұрсаң да,

Құлазиды  Ой…

Қинайды әлі бұл қанша?…

Миллиондардың біреуі де көрмейді,

Жанарыңнан қып­қызыл қан бір тамса…

 

Сен, өйткені, Жалғыз­ақ тал Қауырсын,

Жалғыз-ақ тал болғандықтан ауырсың!

…Дерті бір де, серті бөлек бұл жұрттың,

Дар алдында жаны кімге ауырсын?

 

Жанарымнан тамған қанды құм жұтты,

Өзім көрдім осы аяусыз сұмдықты!

Білдім сонда,

Алмайды екем жібіте,

Жүректерде мұз боп қатқан Шындықты…

 

Тас Құдайға ұқсағанмен тақтағы,

Құлақ түріп бұлбұл үнге бақтағы;

Таңдайымыз қақ жарылып өтерміз,

Шексіз билеп Жалғыздықтың Аптабы!

 

 

 

…КЕЛГЕНДЕ

 

Бек Сенімнің бурасы еді мінгенім,

Жетпей күні күйретті екен кім белін?

…Мәңгі елеске барады енді айналып,

Блок болып бәйіт жазған түндерім.

 

Ділсіз пенде демесін деп «мін тағам»,

Жанарыма Жан Сырымды қымтағам:

Жеті Қат Көк жарқылынан жасырып,

Жеті Қат Жер тылсымынан тыңдаған.

 

Жаумай бірақ тынар ма  Қар – жауасы,

Қайда көшкен Дерт сорлының дауасы?

Тау басына жетіп едім теңселіп,

Қалпында тұр – тазармаған ауасы…

 

Таң қақпасын ашқан шақта күн керіп,

Бір сұмдықты қалды­ау деймін Шың көріп!

…Бара жатты

Мың жыл бойы су сүйген –

Жігерімнің жақпар тасы құм болып…

 

 

 

ӨЛЕҢ  ІЗДЕУ  НЕМЕСЕ ӨҢ  МЕН  ТҮСТІҢ  АРАСЫ

 

…Әрең тапқан Ардағымды баға алмай,

Жанарына Үміт­Шырақ жаға алмай;

Жер бетінен Жынсыз Мекен таба алмай,

Бәйітстан қақпасынан қағам жәй.

 

Төбелердің жаныма жат дауылын,

Тастай қашып,

Іздеген ем Тау Үнін.

БӘЙІТСТАН деп жеткенім қашан­ақ,

БЕЙІТСТАН боп кетіпті, бауырым!..

 

БӘЙІТ пенен БЕЙІТ қалай теңеспек,

Жаралғанда ЖАНДЫ, ЖАНСЫЗ емес пе ек?

…Қаптаған кіл қаңқалардың ішінде,

Төлегендер бұлдырайды елес боп.

 

Оятпақ боп ұйықтап кеткен Діл Көшін,

Жұлқылаудан шығып кетті мүлде есім.

Ақыр соңы… тілдеспекке шақырдым,

Дидар­ғайып қыршындардың Сүлдесін!..

 

(Шынында мен Елестерді ес көріп,

«Ұғыс» деген ішкі үніме дес беріп;

Шақпақ едім жан қажаған мұңымды,

Ал Олар тұр… сол мұңымнан сескеніп.)

 

«Үрейленсе Үкі болмыс Ақын­Бақ,

Ібілістің алғаны ма тақымдап?!»

Кенет осы ойымды оқып қойғандай,

Маған бірі келді асығыс жақындап.

 

Таныды ма маңдай сорын – бес елі,

Ақ жейдесін алдыма әкеп төседі.

Төседі де

Қойды үстіне, ішінде

Ұрттам су… бар шеті сынған кесені.

 

 (Құлағанда сұр аспаннан баяу қар,

Жоғала ма жердегі бар бояулар?

Әлгі елестің көздерінде неліктен,

Маған деген шексіз, шетсіз аяу бар?..)

 

«Қарашы өзің қан бар ма екен сұрқымда,

Жайымды ұққың келсе менен жыр тыңда!»

Деуге оқталсам…

Отыр екем…

Баяғы –

Бейітстан қақпасының сыртында…

 

…Жүрегімді бір Жанартау У қысып,

Жанарымды таңда туған жуды Шық.

Жетім көңіл шөлін басты,

Амалсыз,

Елестерден қалған Ұрттам Суды ішіп.

 

 

 

ОРАЛУ

 

Өлең – Менен,

Мен – Өлеңнен алыстап,

Біраз болды кеткелі.

Өйткені –

Тағдырына Ол да, Мен де өкпелі…

 

Неліктен?

Бұл бір сұрақ ауыр тіпті өліктен.

Соны ойласам сырқырайды сүйегім,

Қарғыс айтып күндеріме – желіккен.

 

Уақыт тұрса «Өмір – әлі алда…»  деп,

Шабыт тұрған «Серме қанат, талма!» деп.

Қалай ғана көштен қалдым көз жазып,

Бастап ем ғой, « Я, бере көр, Алла!» деп.

 

Қалай ғана өзімді өзім таптадым,

Көрмей күннің үнсіз бара жатқанын?!

…Жанұшырам,

Жүрегімнің жадынан,

Өшіре алмай сайқал тағдыр дақтарын.

 

Арма! – деуге Ақиқатқа бата алмай,

Тұншыққам мен тас төсекте жата алмай.

Түн қойнында дөңбекшігем,

«Кіммін?»  деп,

Көлеңкесі ғайып болған адамдай…

 

Ардың қаны жүріп тұрса денемнен,

Қалай ғана бұл қорлыққа көнем мен?

Қалай ғана серлемегем сорымды,

Мен ажырап баратқанда Өлеңнен?

 

Айтпасам да Ардың сөзін кесімді,

Жырсыз бетке бұрғам талай көшімді.

Енді міне,

Есем кеткен шақтарым,

Жары ортада жинатып тұр есімді.

 

Қош бол! – дейін күндерге енді жалыққан,

Қалсын қайғы ізден қалмай жаныққан.

Сан аңсатып,

Атты міне, ақыры,

Сатқындықты сүймейтұғын Жарық таң!

 

Өксі, Өлең,

Көңіл кірін жасырма,

Бір шер тарқат аяу білмес Ғасырда!

Жырдың жаны, Ардың қаны болып жет,

Көр кеудесін түн жайлаған басырға!

 

 

 

* * *

Мұрттан күліп, мысқыл шашып қу шаһар,

Ұрттап ал деп ұсынады у – заһар.

Несіне енді елеңдейсің ел іздеп,

Тар лақатқа түспей тұрып тулап ал!

 

Қамығардай көзіңе не көрінді,

Тулақ төсеп көркейтіп ал төріңді.

Ойға батып ор таба алмай қалар деп,

Сен келмей-ақ қазып қойған көріңді!

 

Маңғаздардың мақұл көрмей мысқылын,

Көктем іздеп көкке кеткен Құс күнің.

Өртке айналмай өкіндірді-ау ақыры,

Ұлылардан ұрлап алған ұшқының!

 

Үрейі мол үлкен жердің үстінің,

Қайғысына қол созу да күш бүгін.

Ендігісі –

Қағазыңа көшіру,

Улап-шулап жатқандардың ұсқынын!

 

Заулап кеп ең зауқың болмай басқаға,

Қалай екен,

Арай ма екен астана?

Бұл қалада, бəлкім, сен боп қаларсың,

Арам жемей Айға жеткен аш бала!..

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

1 Пікір

  1. Тамаша өлеңдер екен! Бүгінгі қазақ поэзиясының бет-бейнесін осындай жырлар айқындай түседі, беделін асқақтады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here