Ауқымды тарихы бар Қазақ радиосында небір жақсылар мен жайсаңжар еңбек етіп, қазақ әдебиеті мен тарихына,  өнері мен музыкасына  орасан зор үлес қосқаны  бүгінгі «Алтын қорымызда» жинақталған 111 мың фономатериалдардың ішіндегі  құнды хабарлардан айқын байқалады. Осыншама тер төгіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен  ардагерлердің ішінде өнерімен танылған  Нұрахмет Жорабекұлының есімі ерекше аталады.

         Жер жәннаты Жетісу өңіріндегі бұрынғы Талдықорған облысы Ескелді ауданына қарасты «Жеңдік» ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Нұрекең  ес білгелі әкесі Жорабек Қонысбайұлының  шерткен күйлерін тыңдап, өнер деген киенің  жетегіне ерді. Анасы Келеке Қамауқызының аналық қамқорлығын көрді.

 Әкесі Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан даласында қаза тапты. Анасы кішкене кезінде қайтыс болып, шиеттей балалар жетімдік  көріп өсті.Ағасы Нұрмұхамбеттің де гармонь, балалайка және домбыра аспабында жақсы ойнағанын ауылдастары біледі. Аталас қарындастары Нұртай Төребаева болса  өмір бойы туған жердің аспанын әнге бөлеп, өзінің бұлбұл үнімен ел есінде қалды. Тағы бір қарындасы Гүлнұр Тынышбаева консерватория бітіріп, ұзақ жыл оркестрде альт- скрипкада ойнады. Немере қарындасы Несібелі домбырада жақсы ойнайтын. Міне, бір әулеттің ұрпақтары Нұрахмет ағаларына қарап бой түзеді.

         Нұрахмет Жорабекұлы ата-анадан айрылған соң Шұбар орта мектебінің жанынан ашылған пансион-интернатта  тәрбиеленді.  Өнерге деген құштарлықтықтың арқасында ол кісі Алматы консерваториясына түсіп, күйшілікті  домбырашы Хабидолла Тастановтан, сыбызғы аспабында шебер ойнауды Болат Сарыбаевтан үйренді. Консерваторияда оқыған негізгі аспабы- виолончель  болғаны да рас.

         Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген соң жас маман Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде алғаш еңбек жолын бастап, бірер жыл  осы ұжыммен ел аралап өнер көрсетті.

Нұрахмет Жорабекұлы 1962 жылдан 1996 жылға дейін  Қазақ радиосының  әуе толқынынан ұлттық мәдениетімізді өркендету, насихаттау мақсатында еңбек етіп, талай дарындардың жолын ашты. Өнерге қанат қаққан бүлдіршіндердің өнерін  тыңдаушысына шебер жеткізе білді. Осы орайда Нұрекеңнің Қазақ радиосына қалай келгені жайлы біле отырсақ:

Нұрахмет Жорабекұлы: Қазақ  радиосының музыка редакциясында Ордабек Мейірбеков деген жігіт меңгеруші болып қызмет ететін. Ол кісі «радиоға келсеңші, үлкен шаңырақ бұл, сен музыкантсың, бізге музыканттар керек» деп айтты. Сол себеп болды, содан соң мен радиоға ауысып келдім.

         Қазақ радиосында екі оркестр болды. Ескендір Хасанғалиев,  Зейнеп Қойшыбаева, Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев, Венера Қармсыова, Люция Төлешова, Гүлвира Разиева сынды танымал әншілердің шығармашылығы осы жерде қалыптасты. Ол кезде радионың жағдайы бөлек, осыған жол көрсетіп баулыған Өмірбек Байділдаев пен Ордабек Мейірбеков болды.

         Әрине, ол кезде музыка редакциясы жанр-жанрмен жұмыс істейді екен. Мені халық дарындары жанрына қойды.

         Ол кезде әр аудан, совхоздың өз театры болды. Сонымен қатар өзінің ансамблі, оркестрі болды. «Осыларды  әуе толқынынан насихаттау керек, көрінбей жатыр, мүмкіндік болса  жақсы дүниелерді «Алтын қорға» қалдыру керек» деген әңгімемен бұл жұмысты маған сеніп тапсырды. Репортерымызды алып алып облыс аралап халық таланттарын жаздық, әуе толқынынан насихаттадық. Халық арасында дарындар көп екен. Мысалға, Болат Сыбановтың өзі қандай әнші? Сол сияқты әр облыста жақсы әншілер көп болды, соларды жаздым.

         Қызылорданың «Сыр сұлуы», Жамбыл облысының «Алатау», «Мойынқұм», Атыраудың «Жайық қызы» ансамбльдері халық ансамблі  атағын алып, бірталай байқауларға қатысқан ұжымдар еді. Мықтылары Мәскеу сахнасында өнер көрсетті. Осы ансамбльдердің көбісі «Алтын қорда» бар. Бұл әжептәуір еңбек деп есептеймін.

Алтын: Иә, сахна шеберлерімен қоса ел ішіндегі тұнба дарындарды тауып, тыңдаушысына насихаттау Нұрахмет Жорабекұлындай кәсіби музыканттың  үлесіне тиіпті. Ол кезде Қазақ радиосында «Тонваген» деген арнайы құралғысы бар мәшине болатын. Қажет үнтаспаларды алып, мамандар жолға шығатын. Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып жақсы-жайсаңдардың өнерін таспаға жазып, арнайы сұхбат дайындау Нұрекеңдей азаматтың сүйікті ісіне айналыпты.

Нұрахмет Жорабекұлы  консерваторияда алған білімінің арқасында үлкен сахналарда өз өнерімен де  көріне білді. Қазақ радиосының «Алтын қорында» ол кісінің орындауында 14 шығарма сақталған. Олардың ішінде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және Мағауия Хамзинның күйлері  өз деңгейінде орындалған. 

Нұрахмет Жорабекұлын  музыка редакциясына алғаш шақырған Ордабек Мейірбеков болғанмен жұмысқа қабылдаған сол кездегі редакцияның Бас редакторы, белгілі композитор және өнер зерттеушісі Өмірбек Байділдаев еді. Өмекең басқа жұмысқа  ауысқан соң композитор әрі өнер зерттеушісі Ілия Жақанов осы редакцияны басқарды. Қалқаман Жүнісбеков, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Люция Төлешова, Мыңжасар Маңғытаев, Раушан Айтжанова, Райхан Оразбақова, Гүлмазия Жанахметова, Көрік Омарбекова, Сүйімхан Омарова, Нағима Ескендірова, Ырыс Нүсіпова, Жұмат Махамбетов, Қарлығаш Оңалова, Әнуар Бекжанов,Серғазы Тұрсынбаев, Әшірхан Телғозиев, Мақсұт Жүнісов  сынды  өнер жанашырларымен бірге қоян-қолтық еңбек еткен Нұрекең «Музыка әлеміне саяхат», «Музыка-өмір айнасы», «Күй табиғат» атты арнайы хабарларды әуе толқынына әзірлеуге атсалысты. Бұл хабарларға  Галина Қарамолдаева, Жиенбек Рсалдин және  Уәли Бекенов сынды мамандар көбірек тартылды. Сонымен қатар күнделікті әуе толқынынан берілетін тақырыптық концерттердің сапасын жақсарту мақсатында тер төккен  Нұрекең арнайы әнші-күйшілердің байқауларын да әуе толқынынан жиінасихаттап, өнердің қайнаған ортасынан қажетті деректер жинады. Қазақстанның көп облыстарындағы көркемөнерпаздар ансамбльдерінің өнерін  насихаттап, Игілік Омаров, Гүлбаршын Ақпанова, Қаниса Оңайбекова  сынды тұнба дарындардың әндерінің Қазақ радиосының әуе толқынынан жиі шырқалуына  атсалысты.  Сөйтіп он жеті жыл осы редакцияда еңбек етіп, Балалар және жастар редакциясына ауысқан Нұрекең  балалар мен жасөспірімдерді музыкаға баулу жұмысын әрі қарай жандандырды. Тіпті балабақшаға барып жүрген бүлдіршіндер арасынан ән байқауын ұйымдастырып, Талғар қаласындағы Мәдениет үйінде үлкен концерт  бергені бар.

Бұл редакцияның  Бас редакторы Нәзила Баймұратова Нұрахмет Жорабекұлын арнайы осы бөлімге шақырып, тәлім-тәрбиесін аямай, журналистиканың қыр-сырына баулыды.Бұл ұжымды Нәзилә апайдан соң  белгілі журналист Қасымхан Ерсарин басқарды. Кемелбек Шаматаев, Махмет Түменбаев, Иманбай Жұбаев, Кенжебай Жармұхамбетов, Қымбат Әбілдақызы, Бақыт Досымовтай журналистиканың майталмандары еңбек еткен бұл редакция  жас ұрпақтарды тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсап, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ол кезде «Сәлеметсіз бе, замандас», «Ұшқын», «Өнерге қанат қаққандар», «Музыкалық бәйшешек», «Қызықты кездесу клубы» сынды  тамаша хабарлар  тыңдаушыны ерлікке, өрлікке, өнер мен білімге тәрбиелеуші еді.

         Ендігі уақытта  үнемі мектеп жасындағы балалардың өнерін насихаттау, арнайы хабар ұйымдастыру  Нұрекеңнің негізгі жұмысына айналды.

Нұрахмет Жорабекұлы: «Бұлақ көрсең көзің аш» дейді. Талай-талай жасөспірімдердің жолын аштық. Қазіргі кезде өнер ғылымының докторы, халық әртістері болып жүр.Мысалы, Мақпал Жүнісова, Ақтоты Райымқұлова  Республикалық Жұбанов  атындағы музыка мектебінде бесінші сыныпта оқып жүргенде алғаш радиоға алып келіп жас орындаушылардың өнерін насихаттап, өнерге қанат қақтырған кездерім болды.  Мақпал бүгінде Қазақстанның халық әртісі болса, Ақтоты Райымқұлова консерваторияның проректоры, белгілі композиторларымыздың бірі. Жастарымызды шетелге таныстырып, үлкен істің басы-қасында жүрген Ақтоты қазақ өнерін әлем жұртшылығына таныстыруға атсалысып жүрген өнер жанашыры.

         Мысалға Бейімбет Демеуов кіп-кішкентай бала кезінен Қазақ радиосының әуе толқынынан өнерімен таныс болды. Қазір Байқадамов атындағы капелланы басқарады.

         Ол кезде музыканттардың жыл сайын конкурсы өтетін. Содан кейін «Музыкалық бәйшешек» деген фестивальдар өтетін. Олар Республика сарайына келгенде арнайы «Тонвагень» жазу машинасын құрып қойып радиоға жазып алатынбыз. Таза жазу үшін ең мықтыларын студияда жазатынбыз.

Алтын: Адам баласының  ішкі мұңын қозғайтын қурайдан жасалған көне аспап- сыбызғы  өткенді еске түсіріп, жүрек түкпірінде жатқан шеріңді шығаратын ерекше қасиетке ие аспап. Біз сұхбат барысында сыбызғышылық  өнер қайдан бастау алды?-дегенімізде  Нұрахмет Жорабекұлы әңгімені әріден бастады:

Нұрахмет Жорабекұлы: Біздің Төребай деген атамыз  әрі домбырашы, әрі қобызшы, әрі сазгер болыпты. Сонымен қатар Біржан Салдың батасын алған айтыс ақыны болыпты. Ақындар жинағында «Төребай мен ақын Сараның», «Төребаймен Мәйкенің» айтысы дегендер көп. Бірталай ақындармен айтысып, жақсы нәтижеге жеткен арқалы ақын екен.

         Төребай атамыздың шежіресі жазылған екен. Төребайдың арғы атасы Жұлдыз бабамыз сыбызғышы болыпты. Бес атадан маған қонғанына таң-тамашамын. Бабалар үні бізге жеткенінің куә осы болар.

Алтын: Бабалар үнімен  астасып жатқан  өнердің жарқырап көрінер сәті енді түскендей. Ықыластың «Жезкиік» күйін біз осы уақытқа дейін қобыз аспабында тыңдасақ, енді Нұрахмет Жорабекұлының орындауында сыбызғы аспабында ерекше естіледі екен.

Бұрын виоленчель, домбыра аспабында ойнап жүрген жас жігіт  осы сыбызғы аспабына неліктен қызығушылық танытты?

Нұрахмет Жорабекұлы: Консерваторияда оқып жүргенде  Ахмет Жұбанов ағамыз  бізді жиналып алып, бір шалды отырғызып қойды қасымызға. Сонымен Ахаң: «Балалар, мына кісіден сыбызғы аспабын  үйренесіңдер, бұл аспап ұмытыла бастаған аспап, жақсылап үйреніңдер, Алтын іздесең табылады, мынандай мамандар іздесең таппайсыңдар. Әрең тауып келіп отырмын. Біз қалайда сыбызғыны өшірмеуіміз, ұмытпауымыз керек. Бұл кісі ауылдың адамы, қарапайым адам. Кезінде тәп-тәуір ойнаған кісі екен, жасы сексен алтыда екен. Сендер бұл кісінің  қарадүрсін әдісін үйреніп алыңдар. Консерватория бітірген соң үлкен өнер жолына түсесіңдер, ғылыми дамыту міндеттерің» деп Оспанғали  Қожабергенов атамызды таныстырды. Сабақтан кейін жатақханаға алып кетеміз. Сол кісіге сыбызғы ойнатамыз. Ол кісі бәрін түсіндіріп, көрсетіп береді. Ол кісінің сыбызғысы үш тесікті еді. Үні күйлерге ғана келеді. Музыкалық рядтар жоқ. Содан кейін сыбызғының ең қиыны – дыбысын шығару екен. Мысалға, домбыра қақсаң дыбыс шығарады, үрмелі аспаптардың  муштугы бар, ал сыбызғыда дыбысты шығару әдісін үйреніп алу керек. Сол қиын болды. Мен музыкалық рядқа, гаммаға келтірдім, музыка тілімен айтқанда. РЕ-мажор гаммасымен келтіріп, бір жүйеге түсірдім. Консерваторияда  ғылыми орталық бар, Ахмет Жұбановтың алдында баяндама жасадым.  Ол кісі «сыбызғының беті бері қарады, бірдеңе шығатын түрі бар» деп қуанды.  Оспанғали атамыз үш-төрт ай ғана жүрді, жағдай болмаған соң елге кетті. Арнайы сынып ашылып,  сол жерде мен сабақ беретін болып қалдым. Біраз уақыт сабақ бердім. Кейін әртүрлі оқиға болып мен  жұмыстан кеттім. Кейіннен Ғазиза Жұбанова ректор болғанда шақырып алып «Ахаңның еңбегі еді ғой, неге қалдырасың, неге дамытпайсың» деп консерваторияға қайта шақырды. Содан біраз балалар сыбызғы аспабына  үйренді.

Алтын:      Сыбызғы ойнау үшін ең бірінші дыбысталуы жақсы аспапты жасау керек, содан кейін ғана сыбызғышы үйреніп, жетілдіріп ойнай бастайды. Нұрахмет Жорабекұлы бұл істі жолға қою мақсатында бірталай тәжірибелік жұмыстарды жетілдіріп, нәтижесін көрді.

Нұрахмет Жорабекұлы: Дегенменен осы сыбызғының жеті түрін жасадым. Біріншісі- бірінші октаваның ре-сінен басталады. Екіншісі бір тон төмен, бірінші  октаваның  до-сынан, үшіншісі-кіші октаваның си-бемолынан, төртіншісі –ля-дан, бесіншісі – соль-диезден, алтыншысы- сольдан, сөйтіп фа-диезге дейн апарамыз. Әрқайсысы  таза шығады.Мажор, минор үлгісінде. Қазір «Отырар сазы» да, түрлі ансамбльдер де көріп, бұған өте қызығушылық танытып отыр. Нұрғиса ағамыздың қызы Динзухра «аға, сыбызғыларыңыызды алып келіңізші, тыңдайық, көрейік» деген соң алып барып тыңдаттым. Басқа шеберлер де тыңдап, қызығушылық танытты.

         «Қурай нәзік, көпке шыдамайды» деп музыканттар пластмассадан, темірден сыбызғы жасаған ғой, ол аспаптардың үні қурайдың үніндей  табиғи болмайды. Қурайдың дыбысы, табиғаты мүлде бөлек. Сондықтан қурайдың өзін жарыққа шығарғым келіп жүр.

         «Отырар сазы» үл концертіне шығарды, енді жеті сыбызғының патентын алсам, көбейтуге әбден болады, әзірше 300-ге жуығын дайындап қойдым. Сыбызғы үні халық әндеріне керемет келеді.       

Алтын:      Сыбызғышы Нұрахмет Жорабекұлының алға қойған негізгі мақсаты – жеті сыбызғының бүкіл ноталарын, диапозонын жазып шығу. Арнайы нотаға түсіріп, жинақ етіп шығару да жоспарында бар. Халықтың дүниесі болған соң түпнұсқасын бұзбай, келешек ұрпаққа жеткізу өнер иесінің арманы. Нұрекең өзі тәрбиелеген Талғат Мұқышевқа көп үміт артады. Өйткені Талғат та бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздарымыздың бірі.  

         Қазақ радиосының ардагері Нұрахмет Жорабекұлы  өнерге қанат қаққан Мақпал Жүнісова  мен Ақтоты Райымқұлова сынды  балғын қыздардың  сара жолға түсуіне қамқорлық жасаған ағаларының бірі екенін айтты. Ал дәулескер күйші  Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың  халқымыздың мақтанышына айналуына бірден бір себепші болған да Нұрекең екен. Бұны біреу білсе, біреу біле бермес:

Нұрахмет Жорабекұлы: Қаршыға еліміздің мықты күйшілерінің бірі болды. Ол алғаш  Малшаруашылық институтында үш жыл оқыған. Өзі де өнерден құралақан емес, дегенмен мен білген күйлерімнің бәрін үйреттім. Сосын мен «Қаршыға,сен талабың жақсы, сен өнер жолына түссең ұтасың. Сен өнер адамы болуың керек» деп едім, «аға, мені кім қолдайды? Қалай өнер жолына түсемін?- деп сұрады. Сонда мен «алдымен Шамғон ағаңмен сөйлесейін, -деп Шәкеңе хабарластым. Шәкең сол кезде сегіз айлық курс ашқан, мен «талантты баланы алып келсем тыңдайсыз ба?» дедім. Ол «қазір алып кел! -деді.  Мен Қаршығаны жетектеп алып бардым. Сонан кейін «ал, бала, ойна» деді. «Сарыарқа», «Адайларыңды» бұрқыратып ойнай жөнелгенде «сен дайын музыкантсың ғой, мен қазір бұйрық шығартайын» деп іске кірісті. Қаршыға сол күннен бастап қолына домбырасын алып Құрманғазы оркестріне  қызметке орналасты. Ол оған үлкен көмек болды, келесі оқу жылында консерваторияға оқуға түсті. Консерваторияны қызыл дипломмен бітірді, кейінгі жетістіктерін өздеріңіз білесіз.

         Бірде менің алпыс жылдығым жайлы естіп  Қаршыға радиоға келіпті. Сол жиында мені құттықтап, күйлерін орындап, «осындай дәрежеге жетуім Нұрахмет ағаның арқасы» деп  алғысын білдіріп еді. Осының өзі үлкен дүние емес пе? Мен соған мақтанам. Қаршыға кейін керемет сазгер болды ғой. «Шабыт» деген өз күйлерінен жинақ шығарды.

         Жақында консерваторияда Қаршығаның сыныбын ашты. Сәл кешігіп қалып едім, сыртта Ерболат деген дирижер баласы тұр екен. «Ой, аға, неге кешіктіңіз, жүріңіз!» деп салтанат өтіп жатқан жерге  кіргізді.  Декан Кәрима Сахарбаева  сөйлеп тұр екен. «Ал ағайындар, мына кісі Қаршығаны консерваторияға жетелеп алып келген адам» деп мерейімді өсіріп жіберді.

         Ал Қаршыға дүниеден өтерде «Қазақстан» телеарнасына берген сұхабтында мен жайлы ерекше айтқан көрінеді. Оны маған режиссер Ұлмекен Ұзақбайқызы айтты.

Алтын:Қаршыға Ахмедияровтан басқа құрылыста еңбек етіп жүрген Серік Елемесов деген жігітке ақыл-кеңесін беріп, өнер жолына салған Нұрахмет Жорабекұлы Әсет Мұхитовтың да осы саланы меңгеруіне, оқу оқып жақсы музыкант болып қалыптасуына  көп септігін тигізіпті. Айта берсек, «жақсыдан шарапат» демекші, Нұрекеңнің шапағаты тиген дарындар  сахна шеберлеріне айналғалы қашан!!!

         Күйші Нұрахмет Жорабековтың өз кезінде Малшаруашылық институтының жанынан ұйымдастырған оркестрінен Қаршығадай сахна саңлағы тәрбиеленіп, өнер жолына түссе, бүгінде Нұрекең үлкен білім ордасында осы еңбегін әрі қарай жалғастыруда. Осы жайлы біле отырсақ:

Нұрахмет Жорабекұлы: Қазір Халықаралық қатынастар және әлем тілдер университеті болып үлкейді ғой. Бұрын институт болатын. Радиода істеп жүргенде-ақ  институтта оркестрге жетекшілік ететінмін. Жалпы балалардың беталысы жаман емес. Студенттер жыл сайын қабылданып жатады, бітіріп кететіндері бар. Бірде озық мұғалімдердің салтанатты кеші болды. Сонда бұрынғы Білім министрі Түймебаев  біздің жастардың өнеріне қайран қалды. Қаланың да, ауданның да мерекелік концерттеріне үнемі қатысып тұрамыз. 

Алтын:      Өзінің күйшілік өнерін жастарға үйретуден бір тынбайтын  Нұрекең  әркез ізденіс үстінде. Әрине, қолы бос кезінде әлі де қоңыр домбырасын жанына серік етіп, шертпе күйлерді шерте отырғанды ұнатады.

         Күйші Нұрахмет Жорабекұлы  бір-ақ нәрсеге өкінеді екен.

Нұрахмет Жорабеков: Жіберген кемшіліктер көп болады ғой. Адам өз уақытын тиімді пайдалан білсе көп нәрседен ұтады. Жастық шағымызда көп уақытымызды босқа да жіберіп алыппыз деп ойлаймын. Қайта бастасақ уақытты сыйлаушы едік.

Алтын:      Иә, адам баласы бұл өмірге қас-қағым сәтке келетінін жақсы білеміз. Әрине, өткен өмірдің қайта келмесі аян. Нұрекеңнің уақыттың қадірін білмегені  жастарға сабақ  болса игі.

         Көпті көрген данагөй жанның өмір жайлы, өнер жайлы толғамы  тыңдаушыны ойлантатыны сөзсіз. Өнер үшін жаралған  танымал күйші, сыбызғышы, Қазақ радиосының ардагері Нұрахмет Жорабекұлының өз ұжымына айтар игі тілегі бар:

Нұрахмет Жорабеков: Әрине, бұл Қазақ радиосы менің өмірім. Менің екінші үйім. Мен осы жерге бала болып келіп, шал болып зейнеткерлікке  шықтым. Қазір техниканың заманы. Бәрін көріп мен риза болып отырмын. Біз репортермен таң атқанша монтаж жасап  алған сұхбатымызды тазалаушы едік. Сіздер компьютермен-ақ сұхбаттарыңды тазалап аласыздар. Әрине, жұмыстың аты жұмыс. Мен кейінгі жастарға, радио қызметкерлеріне  шығармашылық табыс тілеймін. Атқарылатын жұмыс көп. Сол жұмыста  табыстан табысқа жетіңдер, еңбектерің жансын дегім келеді!

Алтын:      Бірнеше дүркін Бүкілодақтық  Телерадиокомитеттің  «Құрмет» грамотасымен, «Бүкілодақтық телерадио қызметінің үздігі» медалімен марапатталған Қазақ радиосының ардагері, белгілі күйші, сыбызғышы Нұрахмет Жорабеков  «қағазсыз газет»  аталып кеткен осы ұжымға тапжылмай отыз төрт жыл еңбек еткен жан.Ол кісі өз ісіне адал, үлкен адамгершілік иесі. Әрдайым қарапайымдықтан танбай,  өнердің  бел ортасында келе жатқан  дарын иесі алған бағытынан танбаған өз ісінің майталманы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ радиосының ардагері

                                                                                Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here