Қазақ өнерінің жұлдыздай жарқырап, нұр сәулесін шашқан, сыңғырлаған әсем де қоңырау үні жүздеген  тыңдаушының жүрегіне жол тапқан біртуар дарын иесі, халқымыздың мақтанышы, Кеңестер Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты –  Күләш Байсейітова. /1912 — 1957/

Жүйрікке жүйрік ұқсар ма, дарынды дарын қайталар ма?

 Біз үшін Күләш қазақ өнерінің іргетасын қалап, табиғи дарынымен классикалық үлгідегі опера жанрын жүрексінбей меңгере білген өнер саңлағы.

Күләш әкесі Жасынның әуелетіп ән салып, сол кездің сал-серілері Әсет пен Балуан Шолақтың қасында жүргені жайлы көп еститін. Әлдебір себептермен  әкесі ауылда, анасы екеуі Алматыда тұратын. Ағалары Айтбек пен Манарбек домбыра мен сырнайға  қосылып ән салғанда Күләш та әншілерге қосылып,  өз дауыс мүмкіндігін шыңдайтын.

1929 жылы Күләш бір себеппен оқып жүрген институтынан шығып қалады.

Қолы бос кезде драма театрының ойындарын көріп, сахналық шеберлікті іштей ойына тоқып жүреді.

Ол кезде  Қанабек Күләштің үйінде пәтерде тұратын. Бір күні: «Күләш,  сенің өнерге икемің бар екен, «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық  батыр  мен қалмақ қызының сөйлесетін жерін екеуміз ойнап көрсек қайтеді» деген. Спектакль барысында  «Елімайды» айтқан Күләш  Серке мен Жұматқа бірден ұнады. Осыдан соң Күләш  Жұмат Шанинның  «Шахта» пьесасында Зейнептің ролін сахнаға емін-еркін шығып ойдағыдай ойнайды. Ойынды көруге  келген анасы қуаныштан жылап жібереді. Музыкаға алғырлығы жағынан Құрманбек пен Күләш алдына жан салмайтын, естігенді қағып алып, тез сахнаға шығаратын.  Күләш аса зеректілігімен көзге түсті.

Күләштің театр сахнасында Тригердің «Сүңгуір қайық» пьесасына қатысқаны жайлы  Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың лебізін біле отырсақ:

 «ҚазПИ- де оқып жүрген кезім еді. Театр көшіп келді. Қызылордадан Қазақтеатры көшіп келді де театрда байқау басталды. Күләш марқұм бар, екеуміз келдік. Драма театрына әртіс болдық. Күләш екеуміздің ең бірінші ойнаған «Сүңгуір қайық» дейтін пьеса болатын. Сондағы көмір таситын титтей бала соның ролінде ойнадық. Ала майканы киіп алып, көмір тасып, бетімізді қараға бояп аламыз да сахнаға бір жүгіріп шығамыз. Сол рольді екеуміз таласып ойнайтынбыз. Кім бірінші келсе сол ала мәйкені киетін. Бетіне күйе жағатын. Сол ойнап  шығатын. Ол кезде сағат та жоқ. Халық жиналды ма, жиналды, ал бастаймыз дейміз, бастаймыз. Мен Күләштан бұрын ерте келіп отырам. Бетіме күйе жағып, ала   мәйкені киіп аламын. Балалық ынтамыз, сахнаға бір жүгіріп шығу… Өнерге құштарлық содан басталған…»

Қанабек пен Күләш 1933 жылдың көктемінде үйленеді. Көп ұзамай Күләш, Қанабек, Камал Қармысов пен Рабиға Есімжанова төртеуі Зайсандағы халықаралық жәрмеңкеге қатысып, екі ай ел ішінде өнер көрсетеді.

Менмендік, тәкаппарлық мінез Күләштің табиғатына жат еді. Осы орайда Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың Күләш жайлы ойын тыңдасақ:

« Қанекең адамдарды жақсы көріп, еркелетіп қарайтын. Кейбір кезде ойынды-шыны әзілдейтіні бар еді. Соның бәріне Күлекең қосылып бірге күлетін. Өмірге ғашық адам  еді Күләш. Сондай дарынды, анасының ішінде жатқанда  қонған дарыған ғой бұл дейтінбіз…»

Отызыншы жылдары Қазақ драма театрына қабылданған Күләш Гогольдің «Үйленуіндегі» Агафия Тихоновна, Бейімбет Майлиннің «Майданында» Пүліштің, Мұхтар Әуезовтың  «Еңлік-Кебегінде» Еңліктің бейнелерін сомдап, көрермен көңілінен шықты.

Қанекең бір естелігінде: «Ауылдан келген өнерлі жастар даланың сирек өсетін гүлдерінен жиналған тәрізді, көргеннің көз жауын алатын гүл шоғына ұқсайтын» деп суреттеген. Шындығында да Манарбек, Қанабек, Күләш, Құрманбек, Шара, Қалибек, Әміре, Иса, Ғарифолла, Жүсіпбектер ол кезде өндірдей жас, сахнаның көркі еді ғой…

         1933 жылы драма театрының әншілері Қазақ музыка студиясын құрып, театрдан бөлініп шыққан.

  1934 жылы қаңтардың 13-інде  Қанабек бастаған топ «Айман-Шолпан» комедиясымен Қазақ музыка  театрының шымылдығын ашты. Төрт айдың ішінде  жүз  рет қойылған спектакльдегі Айманның ролін Күләш Байсейітова ойнады. Осы спектакльдің даңқы алты алашқа  жайылды.

  Спектакль сәтті қойылғаннан кейін Қазақтың Мемлекеттік музыкалық театры деп қайта  құрылуы жөнінде қайта қаулы шықты. Бұл спектакльмен театр ұжымы Семей қаласына барып он бес  күн қатарынан ойын көрсеткенде халық клубқа сыймай кетті.

         ….Күндіз-түні қайдан жолықтырсаң да «Айман-Шолпанның» әнін салып келе жатқан адам, біреулері көшені басына көтере шырқайды, біреулер ыңылдап, біреулер ысқырып ән салады.

   «Айман болып ойнаған Күләш өз қабілетінің жаңа қырын ашты, елді әншілік өнерімен тәнті етті» дейді Қанабек өз естелігінде.

          Осыдан кейін «Қыз Жібек» операсының  тууы жайлы  Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітовтың  өз кітабында былай  деген екен:

          «Бір күні Темірбек Жүргенов шақырып алды. «Қыз Жібекті» неге қоймаймыз? Қазақта, қырғызда, түрікпен де біледі. Осыны жаздырайық, кімге жаздырамыз.  Ғабитке жаздырсақ қайтеді» деді. Содан Ғабитке алып келіп ақылдастым. Ол кісі «музыкасын кімге жаздырамыз?»  деді.

Мен: – Брусиловский деген музыкант келді. Соны көрсек қайтеді» дедім. Бір айда негізгі желісін құрдық. Әміреден төрт-бес ән алынды. Ол әннің біреуі Төлегеннің жабықтан келіп айтатын әні. Екіншісі «Шегенің термесі», «Сімет», Исадан «Гәкку», Бекежанның әнін Құрманбектен алдық және «Секіртпені» алдық.»

     Сөйтіп, «Қыз Жібек» операсы сахнада қойылды. Құрманбек Бекежанды, Қанабек Төлегенді, Күләш Жібекті ойнады.

   Мәселен, Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін алыңыз. Оны Қыз Жібектен басқа әйел баласының айтуы мүмкін еместей. «Гәкку» десек, Жібек- Күләш еріксіз еске түседі.

  «Қыз Жібектен» кейін Бейімбеттің либереттосы бойынша Брусиловский «Жалбыр» операсын қойды.  Бұл операда Хадишаның ариясын Күләш орындайды.    Күләш ән айта тұрып, әйел мұңын жеткізеді.

          1937 жылы «Ер Тарғын» операсы қойылғаннан кейін Қазақтың Мемлекеттік музыкалық опера  және балет театры қайта құрылды. Бұл игі істің басы-қасында халық өнерінің жанашырлары Қазақстан өлкелік комитетінің бюро мүшесі Темірбек Жүргенов, театрдың бас режиссеры Жұмат Шаниндер жүрген еді.

  1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнер және әдебиетінің онкүндігіне қатысқан халық ақындары Жамбыл, Нүрпейіс, Орынбай, Кенен, Нұрлыбай, Нартай, Доскей ақындармен бірге бір топ өнер шеберлері  Мәскеудің үлкен театрында концерт қойды. Сол сапарда Құрманбек, Шара, Күләш пен Қанабек жұптарын жазбай бірге жүріп, «Қыз Жібекті» үш рет, «Жалбырды» үш рет сахнада қойып, астана жұртшылығын өз өнерлерімен тәнті етті.

  Күләш бұл концертте Үкілі Ыбырайдың «Гәкку», Майраның «Майра» әнімен қоса, «Елімай» әнін  нәшіне келтіріп орындады.

           Қазақстанның   халық әртісі  Бибігүл Төлегенова Күләш жайлы өз ойын былайша жалғастырады:

«Күләш апамыз сахнаға шыққанда жарқырап кететін. Ол кісі әдемі күлетін. Әншінің киім киісі де ерекше еді. Күләш апай сахнаға аққу сияқты құлпырып, ақ көйлекпен ғана шығатын …»

       Белгілі композитор, өнер зерттеушісі Ахмет Жұбанов өзінің «Өскен өнер» атты кітабында Күләшті ең алғаш көргені жайлы былай дейді:

          «Қазақ драма театрының күндізгі репетициясынан кейін фойеде тұрған маған үстінде қара жібек көйлегі бар, бойы ортадан жоғары , шашы тілерсегінен түскен жас келіншек келіп амандасты. Жүріс-тұрысы, киім киісі, бет-пішіні адамды өзіне еріксіз қаратқандай» деп суреттей келе:

«Айман-Шолпан» спектаклінде Күләш меццо-сопрано дауыспен айтты. Күләштің дауысының басқалардан бір ерекшелігі диапозоны үлкен болатын. Тыңдаушыға жақсы әсер ететін. Егерде бұл рольді Күләштан басқа әнші орындаса ондай шықпаған болар еді. Күләштің даусының барлық  регистрі бірдей әсем шығатын. Әсіресе, Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» пьесасын қойғанда Шұғаның өлер алдындағы «Бурылтай» әніне құрылған нөмірін орындағанда Күләштің даусынан сарқылып болмаған ноталар барын, әлі де жоғарғы регистрде еркін самғай алатынын көрсетті»  деп жазған Ахаң.

           Күләш «Ер Тарғында» Ақжүніс, «Алтын астықта» Айшаның, «Гвардия алғасында» Сайра, Надировтың «Тереңкөліндегі» Раушан, Магомаевтың «Наргизінде» Наргиз рольдерін шебер ойнады. Әсіресе Мұқан Төлебаевтың «Біржан-сара» операсындағы  Сараның ролі үшін Күләш Байсейітова 

1949 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

         Күләштің ерекше сомдаған рольдерінің бірі – «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүніс бейнесі. Сондай-ақ Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсындағы Татьяна, Палиашвилидің «Даисиіндегі Маро, Пуччинидің «Чио-Чио-санында» Баттерфлей арияларын шебер сомдай білді.

          Қазақ халқына тән ұлттық әуен-ырғақтардың соны сипатын дәлме-дәл айта білу, сахналық іс-әрекет бірлігі- әншілік өнердің ерекше қасиеті.

          Күләш Байсейітованың концерттік бағдарламасында халық әндерімен қоса  Қазақстан  композиторларының әндері баршылық.

           Күләш табиғи дарынмен ғана шектелмей Дианти деген Италияда оқыған ұстаздан сабақ алып, дауысты қалыптастырудан студиядан сабақ алды. Күләштің дауыс мүмкіндігімен жете танысқан ұстазы оның дауысын сопраноға қалыптастыра бастады. Дауысты меццо-сопранодан сопраноға  көтеру үшін үш-төрт жыл уақыт керек болса, Күләш аз уақыттың  ішінде  көп ізденістің арқасында үлкен жетістікке жетті. Сол кездегі орыс опера труппасының режиссеры Коробов дейтін кісі Күләшқа Шопеннің «Желание» деген әнін үйретіп, дауысының сопрано болып  қалыптасуына көп еңбек сіңіреді.

          1940 жылы Мәскеуде өткен концертте Күләшті екінші рет тыңдаған Нежданова Күләш Байсейітованың ән айтуындағы ұлттық колориттің сақталу құндылығы ерекше атап көрсетті.

           Күләш Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұлына» ерекше ғашық еді. Үнемі  концерттік бағдарламасына қосатын.

  Ал халық әндері «Шилі өзен» мен «Жас  келін» әндерін әдемі орындайтын.

          Қазақтың  бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова 1957 жылдың

6 маусымында Мәскеуге барған сапарында небары қырық бес жасында дүниеден өтті.

   Күләш шығармашылық өсу үстінде шыңға өрлеп , кереметімді енді көрсетемін деген шағында арманы орындалмай қалды. Оның алға қойған мақсаты, шығармашылық жоспары  әлі де баршылық еді .

           Жұмыр басты пенденің арманы таусылған ба? Ол «Отелладағы» Дездемонаның, «Травиаттадағы» Виолеттаның партияларын орындауды армандайтын.

          Бүгінде Күләш апасының ізін басқан сіңлілері қазақ операсының өнерін жандандырып, Күләш Байсейітова атындағы өнер конкурсының лауреаты атанды.

  Күләш Байсейітова атындағы Республикалық колледжде  өнер қуған жеткіншектер өз қабілетін ұштауда. Алматы қаласында Күләш Байсейітова атындағы көше бар.

          Қазақ даласында Күләштің күйтабағын патефоннан тыңдаған әнші өнеріне бас иетін, еліктеп ән салған қыздарымыз қаншама!?

          Аты аңызға айналған, бұл дүниеге келгендегі адами міндетін мінсіз атқарған, өнері ғасырлар  қойнауынан айшықты орын алған, өнер көгінде жарқыраған бір жұлдыз  Күләш Байсейітова осындай жан еді.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ радиосының ардагері        

                                                                                      Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here