Кім білер кімдер болар мейірім қанар,

          Рухым сөнген менің қайта жанар,

          Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,

          Кейінгі ұрпақтарым есіне алар,- деп Мұхит бабамыз жырлағандай, шырқау биікке самғаған сұлу ән кім-кімнің де жүрек қылын шертіп, жанға дәру, жабырқыған көңілге медеу болатыны сөзсіз.

         Кезінде өнер зерттеушісі Александр Затаевич Мұхит әндерін тыңдай отырып «Қазақтың Баяны деп атаған Мұхиттың әншілік мектебінің өзіндік ерекшелігі бар»  деген екен.

         Мұхит әндерінің құрылымы өте күрделі. Шарықтау шегі мен төменгі түсер сатысы аралығы бір-бірімен қабысқан. Алуан түрлі иірімдерге толы, оралымы шапшаң, жүрісі ширақ.

         Мұндай әнді айту үшін де ерекше түсінік, үлкен жүрек және дауыс мүмкіндігі қажет.

         Ендігі  әңгімеміз Мұхит мектебінің өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұлағатты ұстаз Ғарифолла Құрманғалиев жайлы болмақ.

          Ғарекең Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданынан қарасты Ақкөл аулында дүниеге келген.

          Алғаш ауыл арасында ән салып, серілік құрған ол «Ақкөл», «Қанкөл», «Құлшық» ауылдарында ауылдық кеңес хатшысы, ұжымшар төрағасы қызметтерін атқарды.                 

          Алдымен Ғарифолла Құрманғалиевтың балалық шағына оралсақ: /Ғарекеңнің айтқан  ойы біздің алтын қорымыздан алынды./

Ғарифолла Құрманғалиев:  Бала кезімде ата-анам қайтыс болып,  ағаларымның қолында өстім. Жеті-сегіз  жасымда өлең айта бастадым. Әбуғалидың Құмары, Сағымқожа дейтін  ақындар болды. Осы ақындар  не айтса  соны қағып алып, мен де айта беретін едім. Сөйтіп жүргенде  Қазақстан халқының үлкен жарысы болатын болды, соған қатыстым. Жер-жерден әнші-күйшілер келіпті, солардың ішінде Қали Байжанов, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожиндер де бар екен. Мен сол жарыста үнемі бірінші ән орындайтын  болдым.»….

 Алтын: Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтың ұйымдастыруымен 1934 жылдың жазында жер-жерден жиналған өнерпаздардың өнерін тамашалау үшін слет ұйымдастырылды. Оның мақсаты – жас театрға өнерпаздар қабылдау болатын. Әнді шебер орындаудан  Ғарифолла бірінші, Әли Құрманов екінші орынды жеңіп алды. Сол жылы күзде Ғарекең әйелі Рабиға екеуі екі баласын ертіп ауылдан келіп , «Қазақконцерттің» бір бөлмесіне орналасады. Ол  кезде Мұхит  әндерін көпшілік біле бермейтін.   Сол жылы Қазақтың музыкалық драма театрының (қазір Қазақтың опера және балет театры аталады) құрамына қабылданды.

          Ғарифолланың  ән қоржынында  шығармалар тым көп еді.  Бұл әндер кейін «Жалбыр», «Ер Тарғын»  операларына арқау болды.

         Ғарекең тума дарын иесі еді. Оның Абай атындағы опера және  балет театрында ойнаған сахналық бейнелері өз кезінде көрерменнің әділ бағасын алған шебер туындылар.

       Әнші  «Жалбыр» операсында Қайрақбайдың, «Қыз Жібек» операсында «Шегенің,  Алтыбастың, «Ер Тарғында» жырау мен Сахан батырдың , «Абай» операсында  Нарымбеттің, «Амангелді» операсында Қотыраштың, «Бекетте»- Жанғазының, «Дударай»  операсында молданың, «Даисиде» Титоның рольдерін шебер ойнаған.         

           Ғарекең қазақтың музыкалық театрына орналасқаннан  оркестрмен ән айтуға  дағдылана бастады. Алғашында әнші сахна сыртында ән салатын, ал сахнада Елубай Өмірзақов ойнайтын. Дауысы шырқау биікке көтерілгенде үшінші октавадағы ми-ді алатын.

        Ғарифолла 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Содан кейін ол «Жалбырда» Қайрақбайды, «Қыз Жібекте» Шегені сахнада сомдады.

        Ғарекең спектакльде ойнай жүріп музыкалық білімін жетілдірілді. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде үш рет майдан даласында концерт қойып, жауынгерлерге рух берді.

         Ғарифолла Құрманғалиевтың  әншілік, орындаушылық тағлымының өз ерекшелігі бар. Ол әнді сезіне орындайтын және әзіл-қалжыңға саятын күлдіргі әндерді айтқанда сергек көңілдің шабытты сәттерін аса шеберлікпен жеткізе білетін.

         Әнші небір термелерді орындағанда домбыраны алуан түрлі қағыс тәсілдерімен ойнап, шығарманың шырайын келтіретін.

         Қазақстанның халық  әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың сазгерлік өнерінің орны бір бөлек. Ол «Оралым», «Ақжайық». «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жанеркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді» сынды көптеген әннің авторы. Сондай-ақ небір термелердің әуендерін де өз жанынан шығаратын.

       1967 жылы Мәдениет министрлігінің ұйғаруымен «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан Республикалық эстрада-цирк студиясы ашылады.           Жүсіпбек пен Ғарекең өз сыныптарын ашып, шәкірт тәрбиелей бастайды. Бабаларымыздың қалдырған асыл мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге ағаларымыз атсалысты.

         Ғарекең шәкірттеріне аса қамқорлықпен қарайтын. Болашақ өнер адамдарымен сырласа отырып әннің сырын, орындаушылық шеберліктің қыр-сырын үйрететін.

       Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірттері бүгінде ұстаздан үйренген тәлім-тәрбиені шәкірттеріне үйретіп, өнер шамшырағын жарқырата түсуде. Ғарекеңнің алғашқы шәкірттері Мекес Төрешов,  Әскербек және Нүрипа Еңкебаевтар, Қалыбек Ақтаев, Қажыбек Бекбосынов, Қапаш Құлышева, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашева, Жақсылық Сәрсенғалиев, Набат Ойнарова, Ақжігіт Дәрібаева болса, кейінгі буын Сәуле Тапақова, Гүлмайдан Сүндетова, Бибіажар Махамбетова, Айткүл Биғалиева сынды әншілер  батыс өңірінің өнер мектебінің түлектері.

      Ал ұстаздық жайлы халқымыздың сүйікті әншісі Ғарифолла Құрманғалиев не деді екен, біле отырайық:

         …. « Халықтың ескі мұрасының әндерін жастарға үйрету керек. Біз Жүсіпбек Елебеков екеуміз мектеп аштық. Халық әндерінің орындаушылық шеберлігін үлкен әншілерден үйренгем. Мен Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов пен  Қали Байжановтан алып қалған ән орындау шеберлігін шәкірттеріме үйретуге тырыстым….»

Алтын:  Ғарекең мектеп ашпас бұрын өнер сапарларында жанына ерген шәкірттерінің бірі, кеше ғана арамыздан кеткен әншіміз Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешев еді. Ол көзі тірісінде ұстазы жайлы:

… Мен бесінші – алтыншы сыныпта  оқып жүргенімде ауыл клубының жанынан ашылған «Қызыл бұрышта тұрған  патифоннан Ғарекең мен Жүсекеңнің әндерін көп тыңдадым. Ғарифолла ағамыздың салған әндеріне ерекше құмарттым. Ол «Желкілдек», «Паңкөйлек», «Ақжамал», «Айнамкөз» әндері еді.   Күйтабақтың бір жағында марқұм Жүсіпбек Елебековтың әндері бар еді. Мен осы кісілердей әнші болуды армандадым.

           Ғарекеңнің орындау шеберлігі, дауысының шыңға көтерілгендегі ерекшелігі мені қатты қызықтырды. Мен де арманыма жеттім, үлкен әншілердің соңынан ердім.  Мен Ғарифолла Құрманғалиевтың айтқан әндерін көбірек ойнауға машықтандым…- деген еді.

Алтын:  Кезінде «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан құрылған «Гүлдер» ансамблінде әншілік еткен Қалампыр Рахимова, Набат Ойнарова және Қапаш Құлышевалар үлкен ұстаз Ғарекеңнен дәріс алып, Мұхиттың әншілік мектебін дүниежүзіне насихаттай білді. Енді  Қапаш Құлышеваның ұстазы жайлы естелігіне кезек берсек: «Мен алғаш эстрада студиясына оқуға түскенде эстрада бөліміне құжаттарымды тапсырғам. Студияның бірінші қабатындағы үлкен бөлмеде  Ғарекең емтихан алып жатыр екен. Есік тықылдатып ішке кірдім.  Ғарекең балалардың ритмін тексеріп, домбыра қағысын, дауысын тексеріп жатыр екен. Бұл жерде алпыс төрт бала отыр екен. Шетінен әнші, бәрін тыңдап болғаннан кейін «ал, қызым, – деп маған бұрылды. Мен «ағай, тыңдаймын десеңіз, бір саусақпен тартып екі ән айтып берейін»- дедім.

– Айт – деді. Дауыс бар, домбырамды сабалап екі-үш ән орындап бердім. «Айналайын, даусыңның үні әдемі екен, сосын көзіңнің оты  бар екен, сенен бірдеңе шығады. Маған түс!-деді. Мен жыларман болып: «Шетінен дайын әншілер, мен домбыра да білмеймін,- десем, – Олардың бәрі Ғарифолла, оларды үйреткеннен сені үйреткенім артық, құжатыңды маған тапсыр, егер тапсырмасаң, студияның директоры  Гүлжаһан Ғалиқызына айтып аулыңа қайтарамын,- деді ойын-шынын араластырып. Сөйтіп, Ғарекең  алған бағытымды  күрт өзгертті…»- деген.

Алтын. Оралдан ән оздырған Мұхит бабамыздың  шығармаларындағы ән мен сөздің мазмұн бірлігі, музыканың тұла бойындағы иірім-қайырымдардың жатықтығы, шарықтау шегіндегі  айрықша шешімі-  ән құдіретін ерекше мойындатады. Бұл әндерді Ғарекең орындағанда Мұхит бабамыздың жан-дүниесін ұғу оңай-тын.

         Ғарекеңнің сүйікті шәкірттерінің бірі Жақсылық Сәрсенғалиевтың көзі тірісіндегі естелігінің жөні бір басқа::

         …Менің ән айтуыма бағыт-бағдар сілтеген Ғарекең әнші Мұхит жайлы көп айтатын. Сондай сұхбаттың бірінде «Мұхиттың мұрасы бай, дұрыстап зерттеген адамға мейлінше қазына деген. Мұхит әндерін талмай үйретіп келе жатқан әншінің бірімін.  Меніңше бұл аз. Енді, міне, жастар сендер барсыңдар,  Мұхит әндерінің бағасын алып, үлкен өнерге бас-көз болыңдар, үміттің бәрі сендерде. әсіресе сенде Жақсылық! – дегені бар…

Алтын. Мен де 1976 жылы эстрада студиясында Жүсіпбек Елебековтың сыныбында оқыдым. Жүсекең мен Ғарекеңнің достығы ерекше еді. Екінші курсқа көшіп, Қызылжар өңіріне өнер сапарымен кеткенімде Жүсекең қайтыс болды.

          Жаңа оқу жылына   студияға  келсем  сынып бос, менен басқа ешкім жоқ, ұстазымды жоқтап дәлізде терезе алдында жылап тұр едім, Ғарекең қасыма келіп:

«Қызым, неге  жылап тұрсың? Жүсекең болмаса мен бармын, біздің сыныпта оқи бер!-  деп жұбатқаны әлі есімде..

           Ғарифолла Құрманғалиев мінезі жұмсақ, аса мейірімді жан еді. Шәкірттерімен жылы сөйлесіп, әзілдесіп отыратын.

          Енді сол кезде студияда бірге оқыған құрбым Гүлмайдан Сүндетованың Ғарекеңнің адами қасиеті, сабақ беру тәсілі жайлы ойын білсек:

… Біз Ғарекеңнен сөзді анық айту, орындаушылық шеберлік жөнінен көптеген мағлұмат алдық. Ғарекеңнің шәкірттерінің бәрі ұстазындай бола алмайды. Қазақтың ән өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізген ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз еді. Ол  қаншама шәкірт тәрбиеледі. Ол кісі  шәкірттерімен балаша ойнайтын. Ойнай отырып  әннің сырын ашатын. Әнді дұрыс айтпасаң үстелге  басын ұрып  тұрмай қояды немесе столдың астына кіріп кетеді. Шошыттың ғой дегендей.

           Есіктен шығарып жібереді, сахнаға қалай шығасың, қалай сәлем бересің, қалай кетесің, көрсет!- деп.  Әнді өзің шығарғандай жеріне жеткізіп айт!- деп отыратын. 

          Ғарекеңнің киім киісі де ерекше еді. Ақ костюм кисе басынан аяғына дейін ақ, қара костюм кисе қара туфли дегендей жарасымды киінуге аса көңіл бөлетін. ….

Алтын: Мұхит бабамыздың немересі Шайқыдан, кейін Әміре мен Манарбектен көп үйренген Ғарекең  киелі өнерді дамытып, опера сахнасында  шыңдады. Ауылдан келген табиғи дарынның  классикалық үлгідегі күрделі шығармаларды өз деңгейінде орындауы, біріншіден тыңдаған дүниесін қаз-қалпында зердесіне тоқуы десек, екіншіден талмас еңбек пен қажымас қайраттың арқасы екені даусыз.

  Өнер иесінің ой-сана, болмысы, қоғамдағы орны, оның азаматтық тұлғасынан айқын байқалады. Халқы Ғарекеңнің салған әніне сүйсінді. Ал сахнада сомдаған бейнелеріне тамсанып бірге шаттанды, шын дарын иесі екенін мойындады.

          Батыс өлкесінде, анығырақ айтқанда Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңірінде Ғарекеңнің үнтаспасынан үйреніп, әншінің ән орындау ерекшелігін бойына сіңіріп, сахна төрінде ән салып жүрген өнер иелері қаншама!?

  Өнерімен келер ұрпаққа үлгі болған, дәуір үнін біздерге жеткізіп, әсем әнді әсерлі орындаған ерекше қабілет иесі Ғарифолла Құрманғалиевтың біздің алтын қорымызда 160-тан астам ән-термелері сақтаулы. Соңынан ерген қызы  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Құрманғалиева бүгінде  жезтаңдай әншілеріміздің бірі әрі  әке жолын қуып шәкірт тәрбиелеуде.

Аты аңызға айналған халқымыздың сүйікті әншісі Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Ғарифолла Құрманғалиев  өз  кезінде Қытай, Польша, Ауғанстан жерлерін аралап ұлттық өнерімізді дәріптеген өнер саңлағы.

         Кешегі Мұхит бабамыздың өнер мектебінің шамшырағын сөндірмей шәкірттері арқылы осы дәуірге жеткізіп, сол мектептің әншілік дәстүрін қалыптастырған Ғарекеңдей біртуар дарын иелерінің есімі тарих бетінде алтын әріппен жазылып, әндері ғасырлар қойнауында еркін самғай берері сөзсіз. Тек халық өнерін қадірлейтін елі аман болсын!-дегім келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ радиосының ардагері         

                                                                                      Алтын Иманбаева

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here