Аталы-балалы екі аңшы ауылға түс ауа қайтты. Қатты жел тұрып, аспандағы үйір-үйір бұлттар жөңкіліп көше бастады. Күн шатырлай күркіреп нажағай оты, бұлт қырқаларын осқылап өтті де, жауын сабалай ала жөнелді. Шатырлаған жай оғы темір тамшысындай сорғалап, лайсаң далаға сүңгіп жоғалып жатты. Қаракер бие жол жиегімен сылпылдата басып келеді. Ата мен бала бір шекпеннің астына тығылып биені қамшылай түседі. Асыққанда ауыл жеткізе ме?  Өткінші жаңбыр сабалап тұр. Қаптың ішіндегі жалғыз бөлтірік қалтырайды. Қараңғы жер астындай емес, сүлгі қабырғадан ызғар өтіп тоңдырып барады. Аяқ астының мұндай шайқалуын, беймаза жүрістің неден екенін бөлтірік түсіне алмайды. Қорқып қыңсылайды. Өзінің бұл күйге қалай түскенін топшылай алмады. Бір кезде жерге топ ете түсті. Дауыстар естілді.

— Уа, құтты  болсын!  Беке, нешеу?

— Біреу. Әменжан ақжолтай болды!

— Кәне, көрейікші!

Қапты ақтара салды. Бөлтірік тығылуға жер таппай жарыққа қыпылықтай қарайды, адамдар қоршап алыпты. Жер беті көлкіген су, үйлер қарауытып көрінеді. Екі аяқтылар қоршап алған. Түстері суық, өшпенді, қи-мылдаса сілкіп тастауға дайын. Қорқынышты жат дүниеге жаутаңдап қарап бөлтірік отыр.

— Өлтіріп тастау керек.

— Бұл асырауға көнбейді.

— Бүркітбай дұрыс айтады, солай еткен жөн! Асырауға көнбейді.

— Өлтіртпеймін! — деді Әмен арашаға шығып.— Өскен соң хайуанаттар паркіне тапсырамын.

— Қой, балам, тіл алсаңшы! — деді Бекет.— Түбінде жер соқтырып кетер, бәтшағар!

— Жоқ, ата, ештеңе етпейді, өлтіртпеймін!

Әмен бөлтірікке қолын созып еді, тістерін ырситты. Қолдар денесін ауыртпай қайта енесінің апан түбіндегі жалағаны сияқты өте майда тиді. Бөлтірік аунап түсіп тырбаңдап қалды.

— Өзі арлан қасқыр болады екен. — деді біреуі.

— Алақай, оның атын Арлан қоямын! — деді Әмен дауыстап.

— Жақсы ат,— деді балалар Әменнің қасқырын тамашалап. Әмендер шайға отырғанда ерке Әлен бөлтіріктің мойнына жіп байлап алып сүйрелеп жүрді.

— Арлан, айт, айт! — деп шаңқылдайды. Бөлтірік үнсіз сүйретіле береді, қасқырға лайық қайсарлықпен мыңқ етпеді. Балалар Арланды жайына қалдырып бас­қа ермекке ауысқанда бөлтірік жөнеле беріп еді, шулаған тобыр қайтадан ұстап алды.

Басынан сипай бастады. Қолынан ет иісі білінеді. Көтеріп алып, үйшіктің тесігінен тастап жіберді. Иттердің иісі тұнып тұр екен, басқа ешкім жоғын көріп, жата қалды. Аздан соң есік ашылып, итаяққа құйған сүтті жылжытып қойды, бір кесек ет тастады.

Көп жалынып жегізе алмаған соң есікті жауып саңылаудан сығалап қарады. Бөлтірік жан-жағын барлап, орнынан тұрды да ешкім жоқ екенін көріп, етті қараңғылау түкпірге апарып жеп қойды. Тіміскілеп жүріп сүтке аузын малып алды. Шүберектей тілімен жаланып, ұяластарын, ақ қаншықты іздеп ыңырсыды, бұрышқа тығыла түсті.

Әмен ерте тұрып қараса, сүт жоқ еді. Осыдан былай берген тамақты қайтармайтын болды. Тек оңашада жейді, қалтарыста кездескен тамақты өз үлесім деп түсінеді. Әмен атасымен шөпке кеткенде Әлен үйшіктен сүйреп алып, ойынға кіріседі. Бөлтірік көңілді тобырдың ортасына түсіп терідей сүйретіледі, бүйірін соғып жатып алады. Балалар қоршап тұр.

— Өзі жүйрік болар! —деді біреуі.

— Азулы болар! —деді екіншісі.

— Құйрығы келісімсіз екен. Бөрібасардікіндей қысқа болғаны дұрыс қой,— деп сын тақты үшіншісі.

— Онда не тұр,— Әлен басын кекшитті, сенің бөрібасарыңдікінен де қысқарақ  қылуға болады, сенікі де қолдан қысқартқан емес пе?

— Неге қысқартқан?

— Жүгіргенде ауыр болмас үшін де…

— Біздің Майлыаяқ құйрығын зорға алып жүреді,— деп уайым айтты біреуі.

Әлен атасының өткір балтасын әкеліп шауып қалғанда, бөлтіріктің құйрығы бөлініп түсті. Балалар аяушылық білдіріп Әленге жақтырмай қарап тұрысты да тарап кетті. Арлан жарасын жалап қыңсылай берді.

Әмен інісін ұрмақшы болып еді, анау атасына тығылып:

— Қасқырыңның басын да шауып тастаймын бір күні! —деді сықылықтап.

Күндер өткен сайын, Арлан өз атына жаттығып, Әменнің соңынан еріп жүретін болды.

Уақыт күзге айналды. Дала да, орман да сарғылт тартып, аспанды бұлт торлады. Ұзақ ақ жауындар жауып, қараңғы салқын түндер келді. Арланның бауыры ақшыл тартып, жотасы қарагөктеніп кетті, тез өсіп, сирақты ірі қасқырға айналды. Сиқын бұзып тұрған шолақ құйрығы ғана. Тарақтай тікірейген тақым жүндерінің арасынан шығып тұрған құйрық тұқылы еп-ерсі. Шошаңдап Әменнің ызасын келтіреді. Қанталаған ұры көздерінен салқындық, жаулық аңғарылғандай. Босағада жатып тесіле қараса кімді болсын сескентеді.

— Ей, қасқырың қауып алмай ма? — деп айғайлап тұрғандары. Әсіресе тентек Әленді жаны сүймейді. Ол атасының қамшысымен шықпыртып үнемі жәбірлеп жүреді. Адамды да, ит біткенді де ұнатпайды. Иттер бұған өш. Оңаша шықса, талап тастайды. Кейін олар да тайқақсыды. Әменмен болмаса қыдыруға құлқы жоқ. Үрмейді де, ырылдамайды да. Соңғы күндері ауыл сыртындағы дөң үстінен айналаға ұзақ қарап тұратынды шығарды. Сыры беймәлім кең дала, қалың орманға ба­сы бүтін кетіп қалғысы келеді. Тоя жеген тамақты қимайды. Бірде беті ауған жаққа құйғыта шапсын келіп. Жер апшысын қуырып, көп жерге барды. Кешке дейін жүрді. Тілі салақтап, діңкесі қатты.

Егін жайлар созылып жатыр. Комбайндар, тракторлар жүр. Жүк машиналары шаңдатып барады. Мотордың үні қай жақтан болсын естіледі. Арлан осынау «мақұлықтардың» сырын түсіне алмайды. Жан түршігерлік гүрілінен, түнгі оттарынан зәресі кетеді. Қашса тез ұстап алатын сиякты.

Ол сөлпектеп кейін қайтты. Егін аралығындағы қалың ерменнің арасымен келе жатып, кілт тоқтап құлақтарын ербите қалды. Істік тұмсығын қыбырлатып, тым жақыннан шыққан қой иісін сезді. Күйіс қайырып жатқан ақсақ тоқтының үстінен түсті.

Тоқты шойнаңдап барады. Алысырақта дөң үстінде қойлар жайылып жатыр, қойшы көрінбейді. Ақсақ  қой онша ұзай қойған жоқ-ты, кеудесімен соғып құлатты да, ауызды салып жіберді. Шаптан жарып, жылы қанды асай бастағанда дүбірлете шауып қойшы жетті. Арлан алыста қарауытып көрінген қалың орманды бетке алып тартып отырды. Артына да, ауыл жаққа да  қайрылмады,  қарамады.

                                                 *   *   *

Арлан жортуылда болды, кең жазық, қалың орман­ды аралап көрді. Күн көрісі қиындап бұратыла ашықты. Қарны қабысып, жүні сабалақтанып қалды. Қас қылғандай алғашқы қар жауды. Жердің беті аппақ. Тамақ іздеп ауыл сыртына келді, айнала тыныштық, оттар сөнген, шеткерірек түнеріп тұрған өз үйіне жақындады. Азап орны болған үйшікті көріп денесі қалтырап кетті. Сүйек-саяқ тауып жегісі келіп жақындап еді, ежелгі жауы мойнақ тасадан шыға келіп өршелене шабаланды. Ит біткен соңына түсті, адамдар айтаққа басты.

Жолы болмаған Арлан шілік арасына кіріп жасырынды. Салақтаған тілін жиып ала алмайды. Ауыл иттері әлі үріп  жатыр. Ай тасаға түскенде қар жалап алып жортып кетті. Дөң үстіне шығып тың тыңдады. Желге тұмсығын тосып көп тұрды. Тұмсығына әлдеқайдан жағымды иіс келгендей болды. Орман арасымен аяқтарын аңдап басып шетке тақалды. Қойнауда шопан аулы қарауытады, жатаған үйдің терезесінен от көрінеді. Шарбақта бір отар қой күйіс қайырып жатыр. Тыныштық. Қойлардың жөтелгені естіледі, ұрланып жақын келді. Араны бөліп тұрған шарбақ қана. Қойдың иісіне сілекейі шұбырған Арлан секіріп ішке түсті. Қойлар дүркіреп шарбақтың ол шеті мен бұл шетіне екшелді. Біреуін сығып тастап, екіншісіне ұмтылғанда айғай естілді. Қошқардың құйрығын қарш еткізіп жұлып алды да шарбақтан қарғыды. Мылтық гүрс етіп оқ жанап өтті. Арлан қашып бара жатып құйрықты қылғытып жіберді. Қуғыншы иттер қалып қойды. Пәрмендей шауып қалыңға кіріп жоғалды. Ұлпа  қарға бауырын төсеп жатып жаланды, денесінен қой иісі, ыстық қан иісі аңқып тұр. Бір асам ет аштықтан құлазыған қарнына жұбаныш бола алмады. Араны ашылып кетті.

  Таң алдында орман арасында жүрген жабағылы биеге кездесті. Жылқылар бастарын жұлып алып шошына қарады. Арлан ауыл иттерінше шолақ  құйрығын бұлғақтатып жақындай берді. Жылқылар ит десе керек, тыныштанғандай болды. Дөнежін бие итке қарап қойып қайта оттауға кірісті. Жабағысы сақтана басып жақын келді де иіскеп көрмек болып тұмсығын созғанда, Арлан алқымынан ала түсті. Жабағы шұрқырап омақаса құлады. Өткір азулар жұтқыншақты қиып жіберген еді, ет қызуымен тұрмақ болып жанталасса да босатпады. Шырқырап үстіне түскен жас биені қуып тастады. Бие айнала шауып  арқырап жүр. Қасқыр жаны шығып үлгермеген жабағының өкпесіне тұмсығын сұғып жіберіп обырлана асады. Қардың бетін қы­зыл қанға бояп, жабағыны боршалап жатты. Сықай тойып, құлынның өлексесін енесіне қалдырып кете бар­ды. Ұзақ аштықтан соң тоя жеген тамақты ауырлап, таң ата томарлы өзекке келіп тығылды. Әлденіп батылдана түсті.

  Қыс бірден  суытып, үскірік аяз тұрды. Мал қораланып, өріс тарылды. Қар арасынан қағып алған тышқан болмаса апта бойы нәр татпаған Арлан қыстау ығындағы қой қораға жақындап келді. Иттердің үргені, күзетшілердің айғайы естіледі. Ұзақ түн бойы қыстауды торумен өткізді. Аштық пен жалғыздық діңкелетіп жіберді. Жақыннан, орманның арғы бетінен тосын үн естілді. Қайта сыңсыды, бұл жолы көбейіп естілгендей болды. Тұмсығын көтеріп еді, мұның да көмейінен сондай үн шыға алады екен. Ұлысын келіп. Жақыннан бұтақтың сытыры естілді. Қарсы алдында құлақтары тікірейіп үш ит тұр еді. Арлан арқа жүнін күдірейтіп гүр ете қалды. Бейтаныс жадау қаншық құлақтарын жымырып, құйрығын бұлғап жақын келді де Арланды иіскеп көріп жөніне жүре берді. Арлан да соңдарынан ерді. Алда бүкең қағып қаншық қасқыр келеді. Түн бойы бұл өңірді түгел кезіп шықты. Келер күні жолаушының соңынан еріп келе жатқан жабағыны бөліп алып орманға айдап кетіп, аш тобыр бір қоректенді де тағы бірнеше күн нәр татпады. Ауыл шетіндегі үйдің қорасына түсіп, қойларын қырып кетті. Бір ауылдан соң бір ауылға соқтығып, шетке шыққан малды жеп, болмаса салақ үйдің қорасын бұзып түсіп сиырын жарып, көшеден бейсауат жүрген итті ала қашып әлекке салды. Мұндайда Арлан қорықпай қимылдайды, сұр қаншық оған серік. Жұрт қорасын бекітіп, түн баласына сыртқа шықпайтын болды. Шықса мылтық алып  қарумен жүрді. Қасқырлардың да халі мүшкілге айналды.

Аязды күндердің бірі еді. Бұтақтарды ақ қырау басқан. Үп еткен жел жоқ. Арлан жатқан жерінен тұрып керілді де алыстан жеткен адамдардың даусына құлақтарын тіге қалды. Қарлы даламен екі бала шаңғы теуіп келеді. Уақыт кешке айналып барады. Балалар жан-жақтарына жалтақтай қарайды. Ауылға әлі көп жер бар, жолдың осы тұсы шырпылы, өзекті.

— Әжемді сағынып келем,— деді Әлен таяқтарын сермей түсіп.

— Сен ауылға жуырда бардың, маған екі демалыс өтті. Апамды мен де сағындым! —деді жолдасы алқына дем алып.

— Тәрбиешіміз Зейнеп апай да сыбағамызды берер әлі.

— Неге?

— Интернаттан сұрамай кетуге болмайды деген.

— Әй, ештеңе етпес,— деді Әлен. Шаңғылардың сықыры естіледі.

    Осы өзекте қасқырлар мекендейді деген атасының сөзі есіне түсіп, Әленнің денесі мұздап кетті. Қорқынышын жолдасына сездірмеуге тырысады. Дауыстап сөйлесуге де батылы барар емес. Алдағы тар қылтадан өткен соң екі  шоқ тал бар, одан әрі ауыл тиіп тұр. Осы жерден тезірек өтіп кетсе екен. Жоқ, мынау не?!

Шілік арасынан көк шолақ ит қатарласа кетті. Қорықпай да қысылмай да ауыл иттерінше арқан бойы аяңдап келеді.

— Арланды қара!—деді Әлен қуанышты дауыспен.— Арлан, Арлан кә-кә!

Арлан Әленді бірден таныды. Көрсеткен азаптары есіне түсіп, арқа жүнін күдірейтіп алды. Қара көлеңкеде көздері жасқыл ұшқын шашады.

— Арлан таныды, ол бізбен бірге ауылға барады,—деді Әлен қуанып.

Жолдың екінші жағын айналып тағы бір көк иттің алдарын орап бара жатқанын аңғарды. Артта тағы екеуі… Қасқырлар сұмдық  ірі де айбарлы да болып көрінді. Балалар қалшиып тұрып қалды. Қасқырлар да тоқтады. Балалар жылап бақырғысы келді. Алқымдары тығындалып дауыстары шықпады. Сүйретіліп ілгері  жылжыды, қасқырлар да жылжып, жақындай береді. Арлан тіпті таяқ тастамға келді. Арттағы екеудің бірі алға шықты. Аяқтарымен жер тырнап қарды боратып жіберді.

— Ата-а-а! — деген Әленнің даусы естілді. Қасқырлар  азуларын сақылдатып, гүрілдей бастағанда гүрс етіп  мылтық атылды. Қашқан тобырдың соңын ала сұр қаншық қиралаңдап барады. Мылтық екінші атылғанда қалыңға сіңіп те үлгерген еді.

— Қарақтарым-ай; жыртқыштарға жем бола жаздадыңдар-ау,— деген дауыс естілді. Есінен танып боп-боз болып кеткен балаларға қаба сақалды үлкен кісі жүгіріп келді. Балалар Бақтыбай аңшыны танып жылап қоя берді.

— Көрші ауылға барып келейін деп шыққаным еді,— деді аңшы маңдай терін сүртіп.— Опыр-ой, мына жауыздар қайтеді-ей…

                                                   *   *   *

      Қанға боялған сұр қаншық қар үстіне жата кетті. Жотасынан тиген оқ жауырынын бұзып шыққан еді. Өз  жарасын өзі тістелеп алас ұрады. Түн жамылып серіктері жиналды. Арлан қан тамған қарды соқталандырып асап жіберді. Сол- ақ екен, араны ашылып қаншықтың жарасынан аққан ыстық қанды ашқарақтана қалай бастап еді, ызалы жыртқыш арс етіп қауып алды. Арлан көзі от шашып, қаншықты алқымнан ала түсті. Басқалары да жабылды, әп-сәтте боршасын шығарып бөліп тастады. Көп ұзамай сұр қаншықтың орнын иіскелесіп қалды.

Таң ата айқай-сүрең шықты. Қалың өзек іші қаулаған өрттей сатырлап келеді. Қасқырлар өзектен шығуға тырысса да салт аттылар қуып тыға берді. Ұзынша өзектің екі бүйіріне кезек қашып, тығыларға жер таппай ыққа қарай шапты. Тал арасынан қасқырлар түйдегімен өте бере мылтық гүрсілдеп атылды. Шапшып  барып ұшып түскен екеудің үстінен Арлан секіріп өтіп шырқай жөнелді. Мылтық тағы шаңқ-шаңқ етті.

— Әмен, қоңырдың басын жібер, аяма, ей, тәңірім-ай! —деді Бекет күйгелектеніп.

Аттардың тұяғымен қар борап кетті. Шолақ қасқыр ағашқа кірмеді, жазыққа түсіп бұлдырап ұзай берді.

— Қопалыға кіргізбей қайыр, қимыл-да-а!—деді Бекет бар даусымен. Әмен естіген жоқ, суық жел ысқырып, көзінен жас парлады. Бәйге қоңыр құлақтарын қайшылап алып, етсіз сүйір басын ілгері созып жіберіп ширатыла сілтеп келеді. Қасқырға бірден жақындай берді. Дөңнің астында қопалы көл бар. Арланның аяқтары қалтырап берекесі кетті. Қуғыншылардың мысы жеңіп жалтақтап қарайды. Жақындап қалған ызалы адамдарды көріп денесін жиып алды. Қопалыға оқ бойы бұрын кіріп қамыс арасына солықтап жата кетті. Қар­ды қауып алмақ еді, тілі жиналмады. Түндегі жеген сұр қаншықтың қыл-қыбырын соқталандырып құса салды.

— Осында кірді ме? — деді кейіннен жеткен Бекет ентігіп.

— Ие.

— Ой, тәңір-ай, енді не тұрыс, есін жиғызбай қимылдау керек қой. Мергендер ық бетке отырсын. Біз шаңғымен ішке кіреміз! — деді Бекет кірпігін уқалап.— Ұялы көлге енді жібермеңдер, онда құтылып кеткені.

— Жарайды,  – десті салт аттылар.

— Әменжан, қоңыр атқа басқа біреу мінсін дегенде тіл алмадың, бағын қайтарып ала көрме, сойыл сілтемге келсе өзім үйреткендей тұмсықтан қағып өт. Қорықпай, ақылмен қимылда.

Адамдардың дауыстары, иттердің үргені көл үстін жаңғырықтырып тұрды. Қамыстар ұлпа басын шайқап сыбыр қағады. Қар жалап тыңайып алған Арлан иттер жақындаған сайын арқа жүнін күдірейтіп қаһарлана түсті. Келсең келге бекінген жыртқыш бірінші жеткен қара төбеттің құлақ шекесінен ауызды салып жіберді. Жарты құлағы жұлынған ит қыңсылап кейін қашты. Жақыннан адамдардың айғайы естілген соң ата жөнелді. Мергендердің күтпеген жағынан шығып жүре берді. Табаны тақырға тиген соң өзіне-өзі келіп, қуаты арта түскен. Бір дөңнен екінші дөңге асты. Кішкене ғана қар құйыны қара үзіп алыстай берді. Алғаш аттылар түйдек шауып, ет қызуымен көп жерге дейін барды да кең далада шашылып қала бастады. Ат тұяғына төтеп бермей ойылған күртік қар қасқырға бөгетсіз еркін сер­меп, көсіле шапты.

   Қысқы күн ашық, аязды болатын. Қырау басқан орман алыста жер шетінде бұлдырап көрінеді. Күн көзіне қарсы қоңыр бестіні бар шабысына салып Әмен ұмтылып келеді. Арланмен арасы шалғайланған сайын қамшыны баса түседі. Қасқыр маңайластыратын емес, күшейіп бара жатқан сияқты. Кейінге қараса салт аттылардан қара үзіп кетіпті. Қасқыр қайыру бермей шоқ ағашқа кірді.

Ағаштардың бірінен соң бірінен өтіп ұзай түсті. Қоңыр аттың кұлақ түбінен ақ көбік бұрқырап, көздерін қырау басты. Танауларынан ыстық бу атқылап, бір қалыпты шабыстан әзірге жаңылған жоқ. Әмен көзін сүртіп, «Шу, жануар, екеумізге үлкен сын болды, тек сүріне көрме айналайын!» — деп тымағының маңдайын көтеріп қасқырға өршелене ұмтылады. Ұясына иек артқан қып-қызыл күнге қарсы шауып келеді. Күннің қы­зыл сәулесінен алда кетіп бара жатқан қасқырды да кейде көріп, кейде көрмейді. Көз жасы мұздақ болып бетіне қатқан. Ішек-қарны шаншып, басы зыңылдайды. Таңдайы кеуіп алқына дем алады. Құр қол қайтуға намыстанады. Әбден қорлығы өткен асыранды қасқырға жақындай берді… Ол да болдырған «Бүгін қалай да ұстау керек» деген атасының даусы құлағында. Құр қол қайтса: «Сенің еркелігің қымбатқа түскені мынау, әй, тәңірім-әй!»—деп кейімей ме, бүкіл ауыл ұрыспай ма? Ұят-ай, жоқ,  мен оны қалайда өлтіруім керек.

  Әмен қамшы басып қиқулаған сайын қоңыр бесті де желігіп ширатыла түсті. Күні бойы қуғын көрген қасқыр енді басын тұқырып алып жалтақтап қарайды. Әмен шоққа жеткізбей бір шалды. Сойыл жуан мойыннан тиіп қасқыр сүрініп кетті де тырбаңдап қалды. Қайта сілтегенде тағы да қарақұстан іліктіре алмады. Бөксесін сипап өтті. Ақсаңдаған қасқыр селдір-селдір өскен шоққа жетіп жуан ағаштың түбіне жатып алды. Тілі салақтап, бүйірлері солқ-солқ етеді, қаракөлеңкеде жасыл көздері ұшқын шашып шабына қарайды. Гүрілдеп айбар шегеді. Құрықты бұтақ қағып қалды. Қасқыр тік атылып ердің басына жетіп түсті. Әменнің өңірін былжыраған көбік сілекей жауып кетті. «Қуғын көріп әлсіреген қасқыр тілін тез жинап ала алмайды, шапса да көп зиян істемейді, есін жиғызбай қимылдап қалған жөн» деген атасының ақылын есіне алды. Жақындай беріп тағы сермеді, ұрғызбады, тағы қарғыды. Қасқырға тыныштық бермей ашықтау жерге қақпақылдаса да, ағаш арасына қарай тығыла береді.

  Шырқау көкте жап-жасыл болып алғашқы жұлдыздар туды. Қанталаған бұлттардың реңі солғынданып іңір қараңғылығы шапшаң түсіп келе жатты. Қоңыр ат тыпыршып ширығады, пысқырынады. Үстіндегі аңшының шалағайлығына ызаланатын сияқты. Әлсіреген қасқырды қалай қалдырып кетпек, соғып алудың айласын тағы білмейді. Қасқыр тынығып тілін жинап алса жарып кетуі мүмкін. Кейінде ешкім көрінбейді. Мынау түн, мынау жалғыздық, қарсы алдында қойнына салып, өсірген Арланы шабынып жатыр. Толысып, жоталы жыртқыш болып алған. Өліспей беріспейтін мықты жау. Өлтіру керек, өлтіруге қимайтын сияқты.

— Арлан күш-күш,— деді ол еркелеткендей. Қасқыр гүр ете қалды. Әмен құрықтың жіңішкерек жерінен сындырып тастады. Енді сойыл ықшамды әрі әлді. Қайың астынан тапжылмай қараған шолақ қасқырға дүрсе қоя берді. Арлан қарғығанда салып жіберді. Белдемеден тиген соққыдан бұралаңдап барып қарсы қарап жатты. Арлан бөксесін сүйретіп қайта тұрды. Бірақ қарғи алмады. Әмен аттан секіріп түсіп қос қолдап салып-салып жіберді. Қолының әлі келгенше ұрғылап жа­тыр. Қасқыр жығылды, мұрнынан қап-қара қан ағып, қырылдай бастады.

Әменнің халі бітіп отыра кетті де еңіреп қоя берді.

                                                             Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев                    

 

                                          АҚҚУДЫҢ АЖАЛЫ

 

Аққу дауысы естілгенде Кіреуке мерген орнынан атып тұрды. Мұндайда: «Сүйінші, Жамал, келіп қалды! Алда жануарлар-ай, бізді ұмытпаған екен ғой. Ұмытпапты!»—деп балаша қуанатын еді. Бұл жолы қаңырап бос қалған үйде өзінен бас­қа ала мысық қана бар. Мысық пеш үстінен бас көтеріп, бұл неге әбігерленді дегендей, иесінің сақалды жүзіне қарады. Кіреуке тәлтіректей басып сыртқа беттеді. Табалдырық алдында жалғыз аққу тұр. Ауланы айнала шолып, екіншісін көре алмады.

— Қу-қу,—деп дауыстады. Аққу жақындай беріп табалдырыққа иегін сүйеді. Жаудыраған көздерінен анық қасірет аңғарылады. Мойнын созған қалпы қиқулай береді. Аппақ қардай қауырсындары кірлеп, мойны жіңішкеріп кеткен. Мерген аяққа сұлы салып әкелді. Аққу ұзын мойнын созып аспанға қарады. Ышқынып қиқу салды. Сөйтті де, көл-көсір қанатын жайып көтеріле жөнелді. Күн астына қарай ұшты. Қанаттары күмістей жарқылдап барады.

Кіреуке жалпақ алақанын маңдайына қойып көп тұрды. Көзі қарауытып кетті. Ауыр денесімен кірлі табалдырыққа сылқ етіп отырды. Ата аққудың мұңды даусы құлағында тұр. Көкжиектен асса да құлағынан кетер емес

Мерген уһілеп отырды. Кеудесіне қайғы толып, тынысы тарылып барады. Бойын жиып, ауаны қармай жұтты. Көңіліне демеу көктем күні ғана еді. Дүние шын жасарып келе жатқан. Ауладағы ақ қайың бүршік жарыпты. Қара торғай бұтаққа қонып сілкінді де  түкті тамағы бүлкілдеп сайрап кетті.

Кіреуке өмірінің бір жылы өткенін көктемді көріп білетін еді. Биыл қуарған түбірдей жалғыз қарсы алыпты. Жамалдың қазасы меңдеткен мерген сәуір  туғалы аздап серги бастаған. Ұзақ күн үйге кірмейді. Дала үстіне тізіліп ұшқан жыл  құстарына қарайды. Өзінің егіз аққуларын зарыға тосады. Оларды көрсе, Жамалды көргендей болар ма еді.

Аққулар алғашқы қатқақта келген. Төңіректі ғажайып  әуенге бөлеп, солтүстікке қарай шұбап өтіп еді. Одан бері де  бір жұма болды. Аққу жұбына кездескен бақытсыздық құстар көшінен қалдырып шырғалаңға салғаны белгілі. Ата аққу жұбайы мерт болған жерде көп бөгелген сияқты. Туған жеріне келіп жоқтау салып, кең аспанның астына шарқ ұрып кеткені анау. Осы кеткеннен бар әлемді түгел шарласа да, іздегенін таба алмайтынын түсінбейді ол.

Кіреуке басын ұстап отыр. Жаз ортасы болатын. Кешкілік  Шалқарға ау салып келе жатқан. Сонадай жерде құрақ арасында ала қарғалар далбалақтап ұшып жүрді. Шүйіліп көтеріледі, қарқылдайды. Кіреуке аққудың сары мамық екі балапанын көрді. Басы үлкен, мойындары жіңішке, қарындары қампиған, үстері ұйпалақтанып қалыпты.

Өз көзіне өзі сенбей қарай берді. Шалқарға аққулар көші қонып өткені болмаса ұя салмайтын. Балапандардың пайда  болуына таң. Адам жүрмейтін қамысқа жасырып ұялаған аққу балапандарынан бір себеппен адасып қалған. Енді қайттім деп мерген маңдай терін сүртті. Қалдырып кетсе, қопаның қоңыр бөктергісі сөзсіз жеп кетеді.. Иә, сөйтеді. Онан да…

Кіреуке мен Жамал аққудың егіз балапанын аялап бақты. Әсіресе Жамалдың ықыласы қатты түсіп еді. Ол өз баласынан кем көрмеген. Мүмкін, балалары өле беріп басқа зарыққаннан сөйткен шығар.

Күзге қарай екеуі екі аққу болып шықты. Үлкен аққудан айырмашылығы қауырсындары сәл көгілдір. Бірі сом ipiлeу, екіншісі жатаған кішірек. Ауылдағы құс біткенге әмірін  жүргізетін де осы ірісі. Кейде Құтжолға да айбат шегіп  қуып тастайды. Құтжол сенімен кім байланыссын дегендей  табалдырық астына кіріп жатады.

Еркек аққу сотқарлығын жасап болып серігінің жанына келеді де, аспанға ұмтыла мойын созып қиқулайды кеп. Күз тақалғалы ашушаң, соқтыққыш болып алды. Мазасызданып, зерігіп кетті. Екеуі қатарласа ұшып Шалқарға барып күн бойы шомылып қайтады. Келген бетте Жамалдың етегінен тартқылап жем сұрайды. Жамал шара аяққа сұлы салып алдарына қояды да, аққулардың жем жегеніне рахаттана қарап отырады. Аққұба сұлу жүзіне қан ойнап, өзі де аққудай құлпырады. Қайтып келмес жастық шағын есіне алады. Егіз аққу жем жеп болып, үлкен қанаттарын жайып қағынады да, сілкінеді. Сілкінеді де, кердең басып ауланы кезіп кетеді. Сол кезде Жамалдың жүзі бір сәт қуқыл тартып күрсінеді. Кеше ғана босмойын балапандар еді. Алып құстар болып шықты. Өмір сүру деген жақсы-ау. Сәбилері тірі тұрса, үлкен азамат болар еді ғой. Құс екеш құс та өмірдің арқасында аршындап өсті.

Жамал бір уыс болып қысылып қалды. Көзінде жас. Сол отырғаннан Кіреуке жұмыстан келгенше отырды. Мерген қолтығынан алып үйге кіргізді. Аялады. «Зеріккен екенсің ғой, жүрегің ауырып қалмаса жарар»,— деп құрақ ұшты. Әйел тәлтіректей басып тіршілік қарекетіне кірісті.

Күз болып  толассыз  жауындар басталды. Қар ұшқындай бүрсең қақтырған жүдеу кез. Аққулар дамылсыз қиқулайды. Аспанға көтеріліп шарқ ұрып қайтады. Сөйтіп жүріп бір күні оралмады.

– Рахмет айтып қоштасып та кетпеді-ау,- деп күрсінді Жамал.

Қыс өтті. Тағы көктем келді. Кіреуке мен Жамал ертемен малдарды айдап салып сыртта тұрған. Оңтүстіктен бір топ аққу Шалқарға қарай еңкейіп келе жатты.

— Ұзақ сапардан қанаттары талған-ау жануарлардың,— деп күңкілдеді мерген.

Аққу кешінен бір-екеуі бөлініп қапталдай ұшты. Көшке ілесіңкіреп жүріп бері ойысты. Екі аққу, екеуі де сүттей аппақ. Қанаттарын жай сермеп, қайта-қайта қосыла сыңсып, бірі жіңішкерек, екіншісі сәл қоңыр үнмен қиқу салады.

— Мыналар бері беттеді ғой.

— Былтырғылар емес пе екен?

— Қойшы, солар болушы ма еді.

Солар шығар деп дәмеленіп тұрған Жамал еді. Денесі бір қызып, бір суынып көзіне жас келді. Аққулар қанаттары суылдап үй төбесінен өтті. Қайта оралып төмендеп ұшты. Жа­мал ақ орамалын бұлғап:

— Қу-қу!—деп айқайлады. Құстар әлі айналып жүр. Адамдар тысқа шығып тамашалай қарайды. Бәрі де Кіреукенің қос аққуын таныды. Аққулар да туған жерін танып дауыстайды. Бір кезде Жамалға қарай күміс қанаттарын жайып төмендей берді. Әлді топшылары дір-дір етіп, қауырсындар ысқырып, зуылдап келіп аулаға қонды.

Жамалға сол күнгідей шаттық, сол күнгідей  ажар көптен кірген жоқ-ты. Қасірет тоты басқан көңілі түскірдің бір желпінген күні болды-ау деген.

Жылда көктем сайын Жамалдың қос жанары сонау оңтүстік бетте болады. Көгілдір орман, көсілген дала қиырынан қимас қонағын күтеді. «Бүгін көзім тартып отыр, аққуларым келер білем»,—дейтін. Аққулар Жамал барда екі жылдай қайтып оралды. Үшінші жылы мынау…

Әйелі өліп жалғыз қалған бақытсыз мергеннің ащы қайғысын онан сайын қалыңдата түскен бір жай болды. Кіреуке өзінің қиямет халін жеңілдету үшін көңілін еңбекке, аңшылыққа көбірек аударып, ойдан аулақтауға талаптанып жүрген. Аққудың мұншалық зар қағуы сай-сүйегін сырқыратты. Ол түн баласына жынды адамдай сандырақтап шықты. «Жа­мал, бақыл бол!»— деумен болды. Кіреуке мерген осы жалғыз ауыз сөзді айтып қоштаса алмағанына зар жылайды.

Мерген ауруханада жатқанда, жүрегі жарылып кенеттеп қайтыс болған әйелін жұрт жерлеп қойыпты. Өмір бойы өкініші кетпес қаза ер тұлғалы адамды да жұқартып, қалжыратып жіберді.

Кіреуке күні бойы есік алдында отырды. Тас мүсіндей кимылсыз қалпынан селт еткізген тағы да аққудың ащы қиқуы. Жалғыз аққу қайта ұшып келді. Аулаға қонып, бұрылмастан өздері түнейтін құсханаға кірді. Таранды, сілкінді. Мойнын жерге салып жатты, әлсіреп қажып кетіпті. Кешеден бері сан қиянға барып қайтқанын өзі ғана біледі. Ұзаққа самғап, армансыз шарлағаны көрініп тұр. Алдына жем қойып еді, бойын аулаққа салды.

Мойын жүні тістеніп, азып-тозған қалыпта иесіне мұң айтқандай. Кіреуке жем салған аяқты қалдырып  үйге беттеді. Аққу мойнын доғадай иіп, тұмсығын жерге тірепті. Кеңсірігінен сыңсыған үн шығарады.

Мерген табалдырыққа отырып, қапалы көздерімен шерлі аққуға тез айығып кетсе екен деген тілекпен қарайды. Түні бойы тағы ұйықтай алмады. Таңертең құсханаға келсе, аққу мойнын созып жіберіп етпеттеп жатыр. Бауырын сыз жерге төсепті. Әдемі көздеріне сұғанақ шыбындар қонып түрткілеп жүр. Аққу ажал тауыпты.

Кіреукенің жүйкесі шымырлап, төбе шашы тік тұрды. Бет терісі селкілдеп кетті. Үлкен мұрнын қайта-қайта тартқылады. Кеңсірігі удай ашып, көзінен жас сорғалады. Ер адам егіле жыласа уанбайды екен. Көптен соң басын көтерді. Кеудесі сәл орта түскендей.

Көктем жаймашуақ күні.  Ақ қайың бүршік жарып тұр. Кең дүние қуанышты әуенге толы. Кіреуке бір жаңа қуат бітіп, аяқтарын нық басты.

                                                               Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев                   

                   Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев жайлы

Қазақтың көрнекті балалар жазушысы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына

 биыл  90 жыл. Ол кісі Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданына қарасты «Ортақкөл» аулында 1924 жылы 2 қаңтарда дүниеге келген.

Қаламгер балаларға арналған әңгімелерін мөлдірете, қызықтыра, жеңіл бала тілімен, түсінікті ете жазуға шебер балалар жазушысы.

         Зейнел-Ғаби Иманбаевтың  қаншама әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Оның сыры- ұрпақты  мысал әңгімелермен, көркем дүниемен жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелеу білу мақсатында көп ізденген, өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған қаламгер. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның  өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген жазушы көзі тірісінде  «Бастама»,  «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал», «Солмайтын гүл», «Нағажайлы түнде», «Айналайын, адамдар», «Қыран түлегі», «Дала әңгімелері», «Құстар қайтып оралғанда», «Ауыл түтіні», «Солмайтын гүл» /повестер жинағы/, «Қос қайың» атты  әңгімелер мен повестер жинағының авторы болған.

         Биылғы жылы «Анарыс» баспасынан «Дала хикаялары» атты екі томдық жинағы жарық көрмек. Сонымен қатар  Зейнел-Ғаби Иманбаевтың 1959 жылдан бергі «Балдырған» журналына шыққан балаларға арналған әңгімелері «Балаларға арналған қызықты әңгімелер» деген атпен «Солтүстік Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Бұл кітап интернет желісіне енгізілген.

 

 

         Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың  жарыққа шыққан жинақтары.

1.Иманбаев, З.-Ғ. Бастама: Әңгімелер жыйнағы/ З.-Ғ.

Иманбаев.- Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1959.- 96 бет.

2.Сырымбет. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960;

3.Арлан. Повесть, әңгіме. А., ҚМКӘБ, 1961;

4.Дала көктемі. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1963;

5.Иманбаев, З.-Ғ. Кішкене малшы: Рассказ/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1964.- 14 бет.

6.Кең аймақ. Очерктер. А., «Жазушы», 1965;

7.Жас шыбықтар. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1966

  1. «Жирен сақал» Әңгімелер. «Жазушы», 1967
  2. Солмайтын гүл. Повесть, әңгіме. А., «Жазушы», 1968;

 10.Иманбаев, З.-Ғ. Нағажайлы түнде: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1970.- 49 бет.

11.Иманбаев «Кіреуке мерген» – Алматы: Жазушы, 1973

12.Иманбаев, З.-Ғ. Айналайын, адамдар! Очерктер мен деректі әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазақстан, 1975.- 88 бет.

13.Иманбаев, З.-Ғ. Қыран түлегі: Повестер мен әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1977.- 144 бет.

14.Иманбаев, З.-Ғ. Дала әңгімелері: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1979.- 168 бет.

15.Иманбаев, З.-Ғ. Құстар Қайтып оралғанда: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жалын, 1981.- 160 бет. «

  1. Иманбаев, З.-Ғ. Ауыл түтіні: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1985.- 112 бет.
  2. Иманбаев З. «Солмайтын гүл» «Жалын» баспасы. 1987

18.Иманбаев, З.-Ғ. Қос қайың: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазақпарат, 2011.- 616 бет.

19. Иманбаев З- Ғ. «Балаларға арналған қызықты әңгімелер» Солтүстік


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here