Қазақтың дала сахнасында ауыздан ауызға ән үйреніп, есті әншіге шәкірт болған қаншама дарындар өткен. Солардың ішінде шоқтығы биігі, қазақ әнін дүниежүзіне танытқан арқалы әнші, биік дауыс иесі, кең тынысты Әміре Қашаубаев десек, сол әншінің қасына еріп, айтқанын әнін құйма құлаққа құйып алып ыңылдап, әсерленіп үйреніп алған атақты әнші-Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебековтың есімі әнсүйер халқымыздың жүрегінде жатталған, шебер орындаған әндері әлі күнге рухани баға жетпес құндылыққа айналғаны хақ. Әміре әнді бір орындағаннан кейін қайталамайтын болса, сол мезетте үйреніп алу әншілердің парызы болған. Әнші бүгін бір әнге әдемі иірім қосса, келер жолы орындағанда тіптен түрлендіріп, имправизация қосып отырған. Әр кезде құбылтып орындар әйгілі әншінің өнерін саф мөлдір қалпында қағып алып, шеберлікпен орындау Жүсекеңе алғашында оңай да болмағаны шындық.

         Жүсіпбек Елебеков өмір бойы қазақ сахнасында өнер көрсетті. Тек алпыстан асқан шағында шәкірт тәрбилелеуге бет бұрды. Ол кісінің ұстаздық жолын бастауға сол кездегі Республикалық эстрада-цирк студиясын ашқан көркемсөз шебері, Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиқызы Ғалиеваның ықпалы ерекше еді. Жаңа ашылған студияға Жүсекеңмен қоса Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевты да шақыруы табылған ақыл еді.

         Жүсекең  эстрада-цирк студиясында арнайы мектебі ашылып, шәкірт тәрбиеледі.  Жүсекеңнің алдынан Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Мұратбек Жүнісбеков, Ғалым Мұхамедин, Амангелді Жікенов, Тұрсынғазы Рахимов, Мара Есмұханова, Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков, Мәкен Мұқышева, Райхан Тергеубаева, Клархан Жаналиева, Мырзахмет Мұқаманов, Алмахан Кенжебекова, Хасен Төпеев,Әнуза Нүксінханова,  Дүйсеке Дайыров және  Кенжеғалы Тәшкенов сынды шәкірттер дәріс алса,  солардың ең кенже шәкірті де, іздеуші, өнерін насихаттаушы да  менмін.

         Биылғы жылы 70 жасқа толып, мерейтойын атап өткелі отырған Жүсекеңнің үміт артқан  төл шәкірті,  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқамановтың да бұл жолға түсуіне себепші болған жандар бар.

         Алғаш ойымызды әншінің балалық шағынан бастасақ деймін. Мырзахмет 1949 жылы қазіргі Алматы облысы  Жәркент ауданына қарасты Киров атындағы колхоздың Алтыүй деген ауылда  дүниеге келген. Әкесі ауыл советтің төрағасы болған. Әкесі 85 жасқа келіп дүниеден өтсе, анасы төрт жасында мезгілсіз қайтыс болады. Анасы диірменге бидай алып бара жатқанда ішіп алған шофер шешесінің ат-арбасын соғып мерт қылады. Мырзекеңнің  Қожахмет деген ағасы, Шаяхмет деген інісі ертеректе көз жұмды. Рабиға, Раялар да қайтыс болды. Қазір Жамаш, Жәмила деген апайлары бар.

         Анасы қайтыс болған соң Мырзахмет әкесінің үлкен ағасы, жиырма жасында қари молда болған  Мәуке деген кісінің қолында болады. Мырзахметтің әкесі мен оның ағасы Мәуке майданнан аман-есен келген соң аналары жалғыз сиырын сойып, «мен бақыттымын» деп той жасаған деседі. Мырзахмет ата-әжесіне  еркелеп өсті.

         Атақты суретші Әбілхан Қастеев қой баққан Шақпақты деген таудың етегінде ол да қозы бақты. Атасы «Қалқаның әнін» тамаша орындайтын. Күй де тартатын.

          Мырзахмет таудың басына шығып алып, орманға қарап ән салатын. Сонда өгіз арбамен құрлысшылар өтіп бара жатады. «Кім екен, біліп келші» деп маған қарай адам жібереді.Омар деген кісі келіп «сен кімсің? Дауысың алысқа жетіп жатыр ғой» деп таңғалысқаны бар. 

         Мырзахметтің анасы да ән салған кісі екен. Ертеректе қайтыс болыпты.       – Анам «осы балам бір төбе, басқалары бір төбе» деп отырушы еді»- деп еске алады әнші. Апайлары Жамаш пен Жәмила  да ән салыпты.

         Әкесі бір-екі жыл өткеннен соң Әбілхан Қастеевтың Үсен деген ағасының қызы Қайшаны үйге алып келіп, балаларымен таныстырады. Екінші шешесі тумаса да туғандай қамқоршы болыпты.

         Мырзахмет ең алғаш мектепке барған кезінде Түрдіке деген ағай Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» деген әнін үйретеді. Осы ән болашақ әншінің өнер жолына жол ашты. Халықтың «Көгаршын» әнін Жүсекең студияға түскен кезде үйретіпті. Бұл әнді Мырзахмет үнемі концерттік бағдарламасында орындап жүрді.

         Бірде мектепке Бағдагүл Сұлтанова деген мұғалім келіп, балаларға күй үйрете бастады, ансамбль ашты. Мырзахметке «Қосалқа», «Арынғазы», «Кеңес» күйлерін үйретті. Апай мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов ағамыздың апасы болатын.

         Бесінші сыныпта  Мырзахмет хорды басқарды. Ауылда «әнші бала» атанды. Ата-анадан бірдей келген әншілік өнер тыныштық бермеді. Әкесі «Аққұм», «Жиырма бес», «Қанатталды, «Қараторғай» деген әндерді тамылжыта орындайтын. Ол кезде Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков ағалар концертпен жиі келіп, Мырзекеңнің  үйде қона жатып ән салған екен.

         Бірде «Мұрагер» ансамблімен бірге Бекболат Тілеуханов пен Әбділхамит Райымбергенов концертпен келіп, біздің үйде қонақ болды. Әкемнің әндерін тыңдап, таңғалысты. «Бәсе, ән осы кісіден шыққан екен-ау» деп, әкемнің өнерін мойындады.

         Бірде балаң әнші мектептен келсе радиодан Біржанның «Жамбас сипар» әні шырқалып жатыр екен. Ұйып тыңдай берді. Әкесіне «мына әншіде арман бар ма екен?  Мен де өскенде әнші болғым келеді» деп өзінің ойын білдірді. Әкесі бұл әншінің Жүсіпбек Елебеков екенін, талай рет үйде қонақ болғанын айтты. Осыдан бастап бар арманы Жүсекеңді көру болды.

         Мектеп бітірген соң Мырзахмет үш айлық тракторшылар курсына оқуға түсіп, трактор, комбайн айдады. Тракторда отырып ән шырқады. Ауылшаруашылығына өз үлесін қосты. Қолмен шалғы шауып, шөп жинады. Сөйтіп жүргенде әскер қатарына ілікті. Әскери борышын өтеп жүрген кезінде де әннен қол үзген жоқ. Үнемі ән қанатында самғады. Әскерден аман-есен ауылға келіп, шаруашылыққа араласа бастағанда Алматыдан Жансейіт Сауранбаев деген жігіт келіп, «Мырзахмет, сенің өнеріңді естіп жатырмыз, жүр, Дәнеш Рақышев деген ағаң бар, сол кісіге көрінсейші, сен сияқты әншілер жоқ, театрға барайық» деген соң бір шешімге келіп, Жансейітке еріп Көкталдағы халық театрына келеді. Бұл халық театрын  совхоз директоры Әзтай Ерсалиев  ашып берген екен. Сол жерде Дәнеш ағамыз көркемдік жетекші болып қызмет етеді екен. Мырзахмет  Дәнеш аға жоқта Баттал деген баяншы кісімен  ән айтуға дайындалып алған. Ерғали Наймантаев деген кісі бар екен. Қазіргі Асқар Наймантаевтың әкесі. Дәнеш ағаны ұстаз тұтқан адам еді.  Дәнеш аға әйелімен бөлмеге кіріп келді. «Бөтен бала қайдан жүр?-деп еді, Жансейіт «сіздің ауылдың баласы, әнін тыңдап көріңіз!»- деді.   «Қандай ән айтасың?» деп Дәнеш аға сұрап жатыр. Ол қырғыздың «Таулар» деген әнін айтатынын айтты. Тағы  екі-үш ән орындап берді. «Мынау нағыз әнші екен ғой» деп,  Дәкең ұнатып қалды. Инербаев деген театр режиссеры бар еді, ол келіп қалып «театрға алсақ алайық, жалақысы отыз сом» дегенде Мырзахмет сәл ойланып қалады. «Комбайнда үш жүз сом алушы едім, бұл қалай болады екен» деген ой келеді. Өнер үшін азға қанағат етіп, халық театрында бір жарым жыл қызмет етеді.

         Бір күні Дәнеш ағаны Талдықорғанның облыстық филармониясына әншілікке шақырады. Мырзахмет болса ауылға қайтады. Тағы бір жарым жыл мектепте ән сабағынан дәріс береді. Жазда Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне түсуге келсе, домбырамен ән айтқандарды алмаймыз деп қайтарып жібереді. Келесі жылы газет бетіндегі жарнаманың арқасында  Мәскеудегі Щепкин училищесіне түспекке Алматыдағы Мәдениет министрлігінің кадрлар бөліміне келеді. Кадрлар бөлімін басқаратын  Ғаппаров деген кісі «балам, Мәскеуде не бар, одан да эстрада студиясына түссеңші» деп бағыт-бағдар береді.

         Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев өнерлі жастарды үш күн байқауға дайындайды. Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда байқау жүріп жатыр екен. Әділқазылар алқасы Мырзахметті тыңдап, негізгі шешім қабылдаушы, студияның директоры Гүлжиһан Ғалиева  «сені бірден студияға қабылдаймыз, тіпті «Қазақконцертке» бірден әнші етіп қабылдаса да болады» дейді. Көпшіліктің ішінде отырған Ғарифолла Құрманғалиев ағамыз «Студияда оқып, қоржынын әнге толтырсын, одан да көбірек үйренсін» деп ақыл қосады. Мырзахмет Мұқаманов студияға  түскеннен соң Ғарекең «Жүсіпбек Бурабайда демалып жатыр, мен сені өзіме алайын десем, Жүсекең қуансын деп оған бермекшімін» деп ағынан жарылады. Жүсекең мен Ғарекеңнің достығы ерекше еді.

         Жүсіпбек Елебековты Мырзахметтің алғаш көруі әсерлі еді. Есіктен сұсты адам кіріп келеді. Үстелдің басына отырып, шәкірттерімен таныса бастайды:

  • Сен қайдан келдің?- деп Мырзахметтен сұрайды. –Жәркенттенмін – деп жауап береді ол.
  • Е, баяғыда өнер сапарында жүргенде өгіз арбасын бермеген елден екенсің ғой,- деп сынай қарады. Шәкірт ыңғайсызданып қалды.          Қазақстанның әр түкпірінен келген шәкірттердің ішінде Тұрсынғазы Рахимов, Ғалым Мұхамедин, Әнуза Нүксінханова, Хасен Төпеев, Мара Есмұқанова сынды болашақ әншілер де бар еді.

         Осыдан бастап жаңа оқу жылы басталады. Жүсекең әнді аз үйрететін. Бір күні Мырзахмет ұстазына: -Ағай, сіз бір әнді қайталата бересіз. Жаңа әннің көбін Ғалымнан /Мұхамедин/ үйреніп жүрміз,-деп өкпе-назын айтады. Ұстаз тіксініп қалды. Келесі күннен бастап жаңа әнді көбірек үйрете бастаған екен. Әрине, Жүсекең әнді сезіммен, түсініп орындағанды бағалайтын. Қанша дегенмен есейіп қалған Мырзахмет ұстаз үйреткен әндерді нәшіне келтіріп орындап, жоғары нотаны еркін алатын дәрежеге жетті. Бара- бара сүйікті шәкіртіне айналды.

         Дауысы биік тенор болғандықтан Мырзахмет Мұқамановты ұстазы Әміренің дауысына ұқсататын. Кейін  сахна шеберлеріне «Әміренің орнын басатын әнші» деп айта жүріп, Жүсекең үлкен жиындарға ертіп те жүретін болыпты. 

         1974 жылы өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім 1925 жылы Париж сахнасында ән шырқаған Әміренің дауысын табады. Алғаш ұстазы естігенде көзіне жас алып: – Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды-ау,-деп тебіренсе керек.

         Жүсекеңнің шәкірттері Ғылым академиясына барып, Әміренің дауысын ұстазымен бірге тыңдайды. Әміре дауысы әркез құлағында тұратын Мырзахмет атақты әншінің орындауындағы әндерді шебер орындауға машықтанады. 1980 жылғы Республикалық Әміре атындағы байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлауы, «Ән атасы-Әміре» фильміне Мырзахметтің орындауындағы Біржанның «Жанбота» әнінің алынуы  – Әміре үнімен сабақтастығында болса керек.

         1973 жылы студияға түсіп, 1975 жылы бітірген Мырзахметтің оқу мерзімінің кезеңі де Әміре дауысының табылған уақытымен астасып жатыр. Ол студия қабырғасында жүргенде Әйкеш Мұқашевадай әнші қызбен сырласып, жазғы гастрольда ел аралап, жұптары жазылмады, бас қосты. Оқу бітірген соң Талдықорған облыстық филармониясына жолдама алды. Біржан, Жасұлан есімді ұлдар дүниеге келді.

         1978 жылы Мырзахмет Мұқаманов Бішкекте өткен Халықаралық байқаудың лауреаты болды. Сол жолы әкімшілік үш бөлмелі пәтер берді. Жолдастары бір жылқы мінгізді. Әннің құдіреті деген осы!

         1993 жылы «Достық көпірі» деген жобаның нәтижесінде шетелге барған сапарында  Еділ Құсайынов екеуі көшеге шығады. Елге телефон шалған  кезінде Мырзахмет Мұқаманов Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алғанын естиді. Сахнада  он сегіз жыл еңбек етіп, жер жерді тынбай аралап, қазақ өнерін тыңдаушысына жеткізген әнші атақ алғанын естігенде еңіреп жылап жіберген екен. Бір жағынан қуанғаны, екінші жағынан көрген қиындығы, қағажулары  есіне түссе керек. Адал еңбектің бағасы екенін де түсінді.

         Мырзахмет Мұқаманов кейін Ілияс Жансүгіров атындағы университет- тің музыка факультетінде ән сабағынан дәріс берді.  Арайлым Рахимова, Бейбіткүл Бірімғожина, Құралай Шаяхметова, Нұржан Жанпейісов сынды әншілерді сахнаға дайындайды.  

         Өмірінің қырық жылдан астам уақытын қазақ өнеріне арнап, Әміренің жолын қуып, Әміренің шәкірті Жүсіпбек Елебековке шәкірт бола білген Мырзахмет Мұқаманов өз мақсатына жеткен бақытты әншілеріміздің бірі әрі бірегейі. Бала кезінен естіген Арқа әндерімен сусындап, осы әндерді ән қоржынынан түсірмей, асқақ әндерден бойына қуат алған, Дәнештей Жетісу әндерінің шебер орындаушысынан ел білмейтін тамаша әндерді үйренген, арынды Әсет әндерінен шығармашылығына шабыт алған,  кейін өзі де жанынан ән шығарған арқалы әнші әрі сазгер Мырзахмет Мұқаманов бүгінде 70 жасқа толғалы  отыр. Соңынан ерген Біржан мен Жасұлан да жап-жақсы әнші. Бірақ әке жолын қумады.

         Сонау Сарыарқадан Жетісуға келін болып түскен Әйкеш Мұқашева өмір бойы жарымен бірге сапарлас болып, әдемі қоңыр дауысымен тыңдаушысын тамсандырды. Өмірде де, өнерде де бірге жұбын жазбаған олар халық өнеріне теңіздің тамшысындай болсын, өз үлестерін қосты. Саналы өмірін тек қана киелі өнерге арнаған әншіде арман бар ма?!

Авторы-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

               ҚР Мәдениет қайраткері

               Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

                                      Алтын Иманбаева

          

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here