2005 жылы болуы керек, ҚазАҚ-қа кезекті қаламақымды алуға барып едім, әндерімді караокеге өткізу үшін әндеріме аранжир (аранжировка) жасатып әкелуім керектігін айтты. Содан мен нотаға түсірілген әндерімді аранжир жасату үшін маман іздестіре бастадым. Ойыма бірден әндерімді нотаға түсіріп берген (қазір есімін ұмытып отырмын) музыкант аға түсті. Ол кісі маған Регул (аға осылай атайтын) деген композитор досының телефонын беріп, сонымен хабарлас деп кеңес берді. Регул аға ол кезде Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрында қызмет істейді екен. Екеуміз жолыққаннан кейін, ол мені осы Жанболат Кенжекеевке ертіп апарып таныстырды. Сол таныстықтан кейін Жанболат Мұхамедқалиұлымен сөзіміз жарасып, жақын араласып кеттік.  Кейіннен білсем, Жанболат кезінде «Гүлдер» ансамблінде әнші болыпты. Оның үстіне, композиторлық өнері де бар бірнеше музыкалық аспапта шебер ойнайтын талантты жігіт екен. «Қазақстан» телерадио кешенінде, Әуезов драма театрында, Жастар театрында еңбек еткен оның Ғалым Жүкенұлының сөзіне жазылған «Жауын» әні Бақыт Шадаеваның орындауында, Мұқағалидың сөзіне жазылған «Мен білмеймін» әні мен Қойшыбек Кәрібаевтың сөзіне жазылған «Ақшақар Ару» әні Жеңіс Ысқақованың орындауында, Мұқағалидың сөзіне жазылған «Ана, сен бақыттысың» әні Медеу Арынбаевтың орындауында халыққа кеңінен танылып, хит болып үлгерген болатын. Сондықтан, оған әндерімді аранжир жасатар алдын кәдімгідей қаймықтым. Алайда ол нотаға жазылған әндерімді нәшіне келтіре ыңылдап орындап көрді де, «әндерің жақсы екен» деп, мені көтермелеп төбемді көкке жеткізіп қойды. Ол аранжир жасауды бастағанда уақыт тауып бірлесіп жұмыс істеуімді өтінді. Ештеңе тындырмасам да жанында екі аптадай жүрдім. Жазира мен Жанболат орындап жүрген «Билейік» атты  әнімнің аранжирын жасап біткенде, әрленген әніме сүйсініп, көзіме жас алдым. Сосын, бір әнімнің алғашқы үш нотасын өзгертуге кеңес беріп, оны өзі өңдеп берді.

Міне, сол кезден бастап екеуміз қоян-қолтық араласып, достасып кеттік. Бірде ол мені үйіме іздеп келсе, бірде мен оны іздеп үйіне барып жүрдім. Уақыт өте келе оның зайыбы Рахима мен қызы Даянаны жақын туысымдай көріп кеттім.

Бізді өнер табыстырғандықтан болар, кездескен сайын шығармашылық жайлы көп сырласатынбыз. Ол көп ұзамай Жастар теартына жұмысқа тұрды. Мен театрға оны іздеп жиі барып жүрдім. Кейіннен орталықтағы бір шағын ғана жер үйдің бір бөлмесін жалға алып, сол жерде бірнеше жыл өз бетінше еңбек етті. Бірде «Ресейдің бір компаниясымен шартқа отырдым, енді арақашықтықта (удаленно) солармен жұмыс істейтін болдым», – деді. Екі жылдай-ау деймін, тапсырыспен әндер әрлеуді жалғастырды. Сол жылдарда аранжир жасаудың нағыз шеберіне айналды десем болады. Шарт мезгілі біткенде уақытымды босқа өткізбейін деп, жеке әншілер, мектеп оқушылары әкелген әндерге аранжир жасап беріп жүрді. Ол өте көп ізденетін, жаңалыққа, жаңа технологияларға жаны құмар болатын. Компьютер жөндеуді, оның қосалқы бөлшектерін сатып алып жаңасын құрастыруды лезде үйреніп алды. Мен еңбек етіп жүрген газет-журналдардың компьютерлерін талай рет келіп жөндеп беретін. Компьютер жөндеуші ретінде кейбір мекемелермен шартқа отыратын.

Екеуміз бір жылда, бір мезгілде ИП аштық. Мен баспа ісімен айналысып кітап шығардым да, ол веб-сайт жасаумен айналысты. Сайт түрлерін еркін жасау үшін ерінбей HTML-ден бастап PHP, С+, С++, SSIXMLDHTMLXHTMLPythonRuby, Java, 3D, т.б. отыздан астам программа тілдерін үйренді. Соның нәтижесінде қарапайым жеке авторлық веб-сайттардан бастап, ірі портал, интернет-магазиндерді жасауды шебер меңгеріп, жеке адамдар мен мекемелерге веб-сайт жасап беріп жүрді. Мәселен, мен өз басым www.temirqazyq.com, www.akgo.org, www.wnwu.org веб-сайттарымды Жанболатқа барып жасаттым. Соның ішінде www.temirqazyq.com мен www.akgo.org веб-сайтарымды бірнеше рет соңғы үлгіде қайта жасап берді. Маған «Адам еңбек еткен соң, күніне 12 сағатқа шейін дамылсыз жұмыс істеуі керек, сен көп уақытыңды босқа өткізіп аласың!» деп кәдімгідей ренжитін.

Күн сайын 12 сағат еңбек ету оған оңайға соқпады. Оны қатты қажытты. Тынымсыз ізденіс пен дамылсыз еңбек оны денсаулығынан айырды. Нәтижесінде Жанболат жүрегі ауырып, қан қысымы көтеріліп аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Күрделі отаға түсті. Сондай сындарлы сәттерде зайыбы Рахима жанынан табылып, жылы сөзін айтып, Жанболаттың бар жағдайын жасап, күтіп бақты. Әбден өзді-өзіне келіп алғанша, жұмыс істетпеді. Еңбекқор әрі шығармашылық адамы қайдан тыныштық тапсын! Жүріп-тұруға шамасы келісімен баяғы үйреншікті кеңсесіне қайта барып отырып,  еңбек етуді ары қарай жалғастырды.

Денсаулығын жедел қалпына келтіріп, жұмыс істеуге жарамды болу жолында тағы да көп ізденді. Сөйтіп, шикі ас ішу (сыроедение) тәртібіне көшіп, сіздерге өтірік маған шын, отыз келідей артық салмақтан арылды. Яғни, 85-90 келіден 60 келіге, ораза кезінде 55 келіге шейін азды. Онысы Жанболатқа оң нәтиже беріп, еңбекке қабілеті қайта арта түсті. Ол шығармашылығын қайта қолға алып, бірер мекемеге барып жұмыс істей бастады. Оған қосымша хабарландыру арқылы елдің пианино, фортепиано сынды музыкалық аспаптарын жөндеп беріп, көлденең табыс тапты. Осылайша тағы да баяғы еңбекқорлығына басты.

Уақыт өте келе тіпті, мені іздеуді де қойды. Елмен араласуды, қала сыртына шығып, серуендеуді біржолата тоқтатты. Бар мақсаты, бір жағынан – жоғарыда келтірген программа тілдерін жетік меңгеріп, жақсы табыс табу болса, екінші жағынан – жаңа әндер жазу еді. Алайда, ол әнді кейбір композиторлар сияқты жүздеп, екі жүздеп, үш жүздеп жазған жоқ. Өте аз жазды. Бір ән жазса да, онысы сапалы ән болса екен, халықтың жүрегінен шықса екен деп тіледі. Онысы өз жемісін берді де. Ойлап қарасам, оның мен білетін әндері жиырмадан әрең асады екен (бәлкім одан көп те шығар), бірақ қандай тамаша туындылар десеңші! «Мен бiлмеймiн», «Ақша қар – Ару», «Жауын», «Шұғыла арман», «Аялай білсең болғаны», «Аялдашы», «Қасиетті туған жер», «Ана сен бақыттысың», «Саулешім», «Сап-сары жапырақтар», «Адасқан шағала», «Сағындым-ғой», «Тырналар ұшып барады», «Тұнжыраған ояу бақ», «Мен сенi сағынғанда», «Жазғырма мені, жан аға», «Ей, өмір!», «Бесік басында», «Адамзаттың ұрпағы», «Наурыз – той». Сосын, екі деректі фильмге және төрт спектакльге («Абай – Тоғжан», «Қыл – көпір», режиссеры Нұржан Керменбаев, «Сказка о голубом цветке и старой домбре», режиссеры Сағызбай Қарабалин, «Томирис финал спектакля», режиссеры Тұңғышбай Әл Тарази) музыка жазып үлгерді.  

Бар болғаны, осыдан бес-ақ ай бұрын Жанболаттың туған ағасы дүниеден озды. Рахима хабарын айтысымен жедел жеттім. Жанболат, неге екені белгісіз, көп мүжіліп жыламады. Бәлкім, маған сыр алдырғысы келмеді ме екен… Ағасының жаназасына қатысып, қала сыртындағы Қарой деген шағын ауылдың зиратханасына апарып жерлеп қайттық. Жанболат бір сөзінде: «Біздің әулеттің ұрпағы ұзақ жасамайды. Үлкен ағам да 60-қа жетпей өмірден озып еді, міне, кейінгі ағам да 60-қа жетпеді. Қайрат, мен де 60-қа жетпеймін, 59 жыл өмір сүрем. Сондықтан, алға қойған мақсаттарымды орындап үлгеруім керек», – деді. Біреу денеме мұздай су құйып жібергендей тұла бойым шымыр ете қалды. «Жанболат, ол не дегенің? Анығы бір Құдайға ғана аян емес пе, кімнің қанша өмір сүрері. Бұйыртса ұзақ жасайсың, үмітіңді үзбе!» – дедім, даусым қаттырақ шығып кетіп. Ол, «Жоқ, Қайрат, маған Алла о жағынан хабар беріп қойған!» – деді, салқын ғана тіл қатып.

Ағасының жетісіне, қырқына бардым. Кейіннен бір күні телефон шалып: «Құдайы тамақ беріп жатырмыз, келіп дәм татып кет» – деді. Ол күні де мені шығарып салып тұрып, мен 60-қа жетпеймін деген сөзді қайталады. Мен: «Ондай жаман ойды ұмыт!» – деп, шамам келгенше басу айтқан болдым. Ал ол болса, маған күліп қарады да, «Мен саған ешбір әзілсіз айтып отырмын» – деді. Не керек содан, досымның санаулы-ақ жыл өмірі қалған екен-ау деген ой көкейіме жиі келетін болған. Бірақ…

Бірақ, дәл осылай… туған ағасының жылы да өтпей жатып, оны өмірден өтіп кетеді деп мүлдем ойламаппын. Рахима осы суыт хабарды жеткізгенде, мен кезекті сапарымнан Алматыға енді кіріп келе жатқан болатынмын. Қаралы хабарды есітіп, есеңгіреп кеттім. Жанболат тірі кейпінде, жымиған күйі елестей берді, елестей берді. Бұл мен үшін күтпеген ауыр оқиға еді. Ой санамнан кездескен, әңгімелескен, сырласқан сәттеріміз кезек-кезек жаңғырып өте берді. Досымның мәңгілік сапарға аттанып кеткеніне мүлдем сенгім келмеді. Бұрындары қайтыс болған бірер кісіге сүйекке түскенім бар еді. Бұл жолы Рахима өтінсе де Жанболаттың сүйегіне түсуге батылым жетпеді. Қайран досым Жанболат, кеш мені, саған жақын доспын деп жүріп, сүйегіңе түсуге де жарамадым. Әйтсе де, менің нәзік жүрегімді түсінерсің деп ойлаймын. Топырағың торқа болсын!

***

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүріп, композиция бойынша Ғазиза Жұбанованың, вокалдан Анатолий Молодовтың тәлімін алған Жанболаттың әндері расында да тыңдармандарына қуаныш, шаттық, сезім, махаббат, тәтті мұң сыйлай алатын «құлақтан кіріп бойды алар» халықтың алтын қазынасына айналған керемет туындылар.  Уақыт өте келе музыкатанушылар өз бағасын бере жатар, ал меніңше, ол нағыз өміршең, классикалық әндер жаза білді. Сосын…

Сосын, ол жалғыз қызы Даянаға көргенді тәрбие беріп кетті. Даянаның музыка өнеріне тәрбиеленуіне ерте жастан көңіл бөлді. Даяна да әкесіне жаны жақын өсті. Әке арманын іске асыруға барын салды. Әке ақылымен музыка колледжін үздік тәмамдап, әкесі оқыған консерваторияға оқуға түсті. Бүгінде төртінші курс студенті. Ал, Рахима! Рахима Жанболатқа қашанда адал жар, сенімді серік бола білді. Күйеуінің ыстығына күйіп, суығына тоңа білді. Жанболатының жақсысын асыра, жаманын жасыра білді.

 

Қайрат Дүйсен-Парман, ақын, сазгер


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here