СЕЗІК ПЕН СЕНІМ

 

         Аралхан талаптың арқасында жастай бастық болды. Өмірінің жиырма жылы мектепте өтті. Қызметі ылғи басшылық. Бір орнығып отырып алған соң, соған өзі әбден үйреніп кеткен. Жақсы ма, жаман ба әйтеу бастықпын деп кейде өңмендеп кететін өркөкіректігі де бар. Ешкімнің өзінің алдын орағанын қаламайды. Иіліп-бүгіліп бәрі қоғаша жапырылып тұрса дейтін пендешілдік ойлары басымдап кетіп, сәл ұнамаған нәрсесіне шала бүлініп, әлек-шәлегі шығатын ұйтқыма мінезі де бар. Сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрсеге қуарып мазасыздықпен өткен жиырма жыл оны іштей кеміріп еді. Енді міне, бірдеңеге қатты ашуланса соны көтере алмай, көз алды көгеріп, басы қорғасындай ауырлап, шүйдесі қан қақсап, екі көзі қып-қызыл боп қанталап жатып қалатынды шығарды. Ұзаққа созы-лып, ақыры әдет сияқты болып, жазылмастай бойына сіңген осы ауруды ойдап кетсе, – бір күні жатқан жерімнен тұрмай қалам ба? – деп қорқады. Осындай, әлі елуге келмеген қайратты шағында қызмет деген пәледен таза құтылып, жай ғана жауапкершілігі аздау қатардағы мұғалім боп кетуді де ойлайды. Қорқады бірақ. Жұрттың екі иығын жұлып жеген мансапқор, әділет, кісілік дегенді білмейтін дойыр, қайырымсыздығынан қорқады. Ол үшін осы өмірдегі барлық жақсылық пен жамандықты қызмет қана безбенге салып, таразылап, теңгеріп тұратындай. Өстіп жүргенде жұмыста Ермек екеуі қатты айтысып қалып, ескі ауруы қозып Аралхан ауруханада ұзағырақ жатып қалды.

                                   

*   *   *

 

         Күн сенбі. Мектеп іші абыр-сабыр. Балалар ойын-сауыққа, биге дайындалуда. Алда демалыс. Оқушылар концерт өткізіп, кеш болып демалып қалады. Алмас концертті ұйымдастырып, іздегендерін тауып беріп, топтың ортасында жүр. “Тапқыштар клубы” өнер көрсетті. Жүргізуші – Алмастың өзі. Көзі күлімдеген, бойшаң, әдеміше жігіт. Жастардың көбі “Алмас, Алмас” деп үйіріліп осының қасында. Алмасқа бірінші – Аралхан сенеді. Тәуір көреді. Бұ да сенімді. Айтқанын істеп, қате демей, теріс демей лыпып тұрады. Адамға үдірейіп қарау, тірі азапқа салғандай сөзбен шалып жіберу бұда жоқ. Үлкен-кіші демей қоян-қолтық келіп араласа береді. Үлкендерге де жағып алған. Алмасты қызметке қойғанда, Аралхан алғашында “Осы істей алар ма екен” деп күдіктеніп еді, онысы бекер екен. Бастықты күдікке кіргізген Алмастың әкесі – Алдоңғар. Апыраңдаған, адуын адам. Көрші ауылда мал дәрігері еді. Сол бас-табында “алама дұрыс қызмет бер, жолын ашып Бер” деп келген. Мұндайды көрмеген Аралханға үлкен адамның қылығы өрескел көрінді. Нұртаза да кекеп күлген. “Малға сатып алатын совхоздың шаруасы деп ойлайды ғой” деп. Алмас туралы Аралхан ойланбапты да. Бұрынғы көмекші, ұйымдастырушы өз ауылындағы мектепке ауысып кеткенде бұның қолы қысқарып қалғандай еді. Байқап көру үшін Алмасты сол орынға уақытша қойды. Бірер ай істеген соң ісінен пәлендей шалағайлық таппай түбегейлі бекітті. Енді, міне Аралхан ауруханада жатып та, қызметін жүргізеді. Алмас оң көзі. Оқу, үлгерім туралы Нұртаза тіпті өзі үшін жауап береді. Нұртазаны ыза қылатын нәрсе – бастықтың өзіне толық сенбеуі. Қайдағы бір балаға жауапты нәрселерді тапсырып содан сұрайтыны, кабинетке кіріп алып, бұған байқатпай ақылдасып отыратыны.  

 

*   *   *

 

         Нұртаза есікті іштен жауып алып, оқушылардан алынған бақылаудың қорытындысын тексерді. Ана жақта жұрт шулап, араның ұясындай гулеп жатыр. Ойын жүргізуші самбырлап микрофонмен сөйлейді. Бос тұрған мектеп, іші күңгірлеп, жаңғырып тұр. Нұртаза тысқа, таза ауаға шығып, айналаны шолды. Бұрышта бойы сорайған екі ұл шылым шегіп тұр екен, бұны көріп қолындағыны тастай салып тұра қашты. Көрсе де көрмеген болып, Нұртаза мектепті айналып, асхана, қойма жақты аралады. Ағаштың қалқасынан шыға беріп еді, алдынан сөмке көтерген екі қыз өтті. Үркіп қалып, тосын адамды танымай қас қарайған уақытта жеткен жерлеріне қуанғандай кілтін сылдырлатып қосымша кластың есігін ашты. Күңкілдесіп, ақырын сөйлейді. “Бұлар не істеп жүр” деп Нұртаза терезеге қараса, үш-төрт партаны біріктіріп, екеуі стол жасап жүр. “Е, шай ішпек болған ғой жиылып” – деп ойлады. Олардың мұнысы түсініксіздеу, балалық болып көрінді. Айына екі-үш рет бас қосып, билеп қонақ болу бұларға әдепкі шаруа. Мектепте мұғалима көп. Олар жиналып отырғасын ауылдың жігіттері келеді. Тіпті қаладан да іздеп келеді. Бірақ әзірге бұлар жиналғанда сөйтіпті дейтін бөтен әңгіме шыққан емес. Тек өткенде жігіттер өзді-өздері алысып ойнап жүріп терезенің әйнегін шағып алғандарын айтып отыр еді. Нұртаза оны сөз арасында, қасынан өтіп бара жатып, аналар өткен оқиғаны даңғырлап айтып отырған жерінен естіген.

         – Байқаңдар, – деген Нұртаза сол жолы, – Аралхан болса жоқ. Бүгінгі үйіне ертерек кетіп қалмай айналаны шолып жүруі де содан еді. Жастардың сауық кеші созылып барып, қызыл іңірде бітті. Далада аяз. Жұрттың алды дабырласып тарап жатыр. Спорт залын жаңғыртып батыстың бір желаяқ, айғайшыл әуенін қойып, ересек оқушылар жапырлап биге кіріскен. Арасында әскерден келген, мектеп бітірген ауыл жастары да жүр. Нұртаза Алмасты шақыртып, мектептің айналасына сенімді деген төрт-бес оқушыдан кезекші қойдырды. Қолдарына қызыл шүберек байлатып кірер есікке де бірер оқушыны тұрғызды. Мұнысы балаларға ешкім жоқ екен дегізбей сырт көз бар екенін сездіру еді. Жастар шулап, топырлап, терлеп ұзақ биледі. Ақыры би де аяқталып, жұрттың алды қайта бастағанда, Нұртаза да есік жабуды, кейінгі жағын бақылауды күзетшіге тапсырып үйге қайтты.    

 

*   *  *

 

         Нұртаза жеңіл киімнің сыртынан тон мен малақайын, қоңыр пимасын киіп жатар алдында далаға шықты. Ай жап-жарық. Жүзі дөңгеленіп, толыса түсіп, аспанның бұлт торлаған алыстау жағынан анық көрініп, біртіндеп шет жағасы бұлтты қорғалай бастаған. Ауыл ай астында ағарып, тыныш ұйқымен мүлгіп жатыр. Әр тұстан әупілдеп ұйқылы иттердің еріне үрген дыбысы шығады. Ауа тап-таза. Түннің сәл шыңылтыр аязы болмаса далада ұзақ жүріп серуен-деуге, түн тыныштығын тамашалауға болатындай. Нұртаза біраз жүргенде тынысы кеңіп, ұйықтар алдында тыңайып, жеңілдеп қалғандай болды. Сол бетімен далада тағы да біраз жүріп, үйге беттеп еді. Бір кезде мектеп жақтан айқайлап дабырлаған, ышқынған, жалынған оқыс дауыстар шықты. Құлақ тігіп еді әлгі дыбыстар тына қалып, басқаша болып алыстан естілгендей бірде анық, бірде көмескіленіп шықты. Мүмкін әлі үйлеріне қайтпаған ойын балалары шығар деп тағы біраз тұрып еді, түнгі дауыстар үлкендердің шын, анық жанжалын еске түсіре берді.                                                      

         – Қап, мыналар шулатып жүрмесе игі еді, – деп Нұртаза үйге кірмей киімін қымтана түсіп, мектеп жаққа қарай жүрді. Түнгі дауыстар жақындаған сайын зорайып, көбейе, анықтала түсті. Мектеп алыс емес. Нұртаза ә дегенше-ақ жүгіріп жетіп келді. Есін жинап ойлануға да мұршасы болған жоқ. Қараса Ермек пен Алмас далбаңдап ақ қардың үстінде Елеместі қуып жүр. Үшеуі де кәстөмшең, бастары жалаңбас. Елемес қашып жүр. Сүрініп кетіп, жығылып барып қайта тұрып қашады. Ана екеуі қоян қуғандай қол-аяғын бірдей сермеп, теуіп ұрып Елеместі құлатып жүр. Кіжінген, ышқынған дауыстар зорая түседі. Елемес қашып кеп, ескі қораның бұрышына жете бергенде аяғы тайып жығылды. Жанталасып тұра бергенде Ермек қуып жетіп, үстіне міне түсіп, дудыраған шашынан алды.                                                      

         – Жерді асат, топырақ жесін, – деді Алмас алқынып. Басын көтере берген Елеместі жұдырықтап екі жағынан ұра бастады. Нұртаза да таяқ тастам жерге келіп қалып еді. Мұны көре салып, Ермек:                                                                                  

         – Ойбай Нұрекең, – деп айдалаға қашты. Алқынып тұрған Алмас Нұртазаны көргенде екі қолын көтеріп шегіне берді.

         – Өзі кінәлі, өзі кінәлі,– деді ыржалақтап.                            

         – Жалғыз адамға неге жабыласыңдар,– деді Нұртаза ызадан қалшылдап. – Жоғалыңдар көзіме көрінбей.                              

         Қатқан қарды күтір-күтір басып екеуі ай жарығымен ұзап бара жатты. Жүрістері жау түсіріп, бірдеңе тындырғандай алшаң көрінгенімен иықтары түсіңкі, аяқ басыстары сенімсіздеу еді.      

         Елемес қызу екен. Жығылып жатқан жерінен қолын таянып өзі түрегелді. Нұртазаны жөнді танымай теңселіп біраз тұрды.      

         – Нұреке, мені үйге апарып салыңыз,– мұны таныған соң. – Жазығым жоқ. Өңшең көк бөрі. Талады ғой мені. Обал жоқ өзіме. Ех, надан ғой бұлар.                                                      

         Елеместің мына қылықтарына ызасы келіп тұрса да Нұртаза оны қазір далаға қалдыруға да, үйіне апаруға да болмайтынын біліп қолтықтап алды. Елеместің жалғыз шешесінен басқа туысы жоқ екенін білуші еді. Сондықтан мас күйінде үлкен адамның көзінше алып барса арақты Нұртаза ішкізгендей көруі де мүмкін. Екеуі түнгі көшеде әңгімелесе жүріп Нұртазаның есік алдына келді. Елемес өмірге икемсіз, жолы болмаған, жасы отыздан асып, өз қатары әлдеқашан бала-шағалы боп кетсе де үйлене алмай жүрген жігіт еді. Тұрмысы да жұпыны. Өзі әрненің амалын ойлап, кейбіреулер сияқты өтірік айтуды да білмейді. Көбіне кітап оқып, ешкімге қосылмай оңаша жүреді. Елеместі жақсы көретін балалар. Мұның сабағы да қызық өтеді. Небір тентек балалар Елемеске ондай мінез көрсетпейді. Қайта соның үйіне барып, отын-шөбіне көмектесіп жүреді. Несі ұнамағанын кім білсін Елеместі қырына алған адамның бірі – Аралхан. Сағат бөлгенде Нұртаза артық қалған бірер сағатты Елемеске зорға бергізген. Осы күйіне қарамай Елемес кісінің де, жұмыстың да жетімсіз жерін тез тауып сынағыш, айтқыш та. Нұртазаға осы ұнаушы еді. Аралхан мен Алмастарға бұл мінезі тікенше қадалып, екеуі мұның басқан ізін аңдып, көзден таса қылмайтын. Екеуінің бұл мінезіне күліп:                                                                

         – Осы Елемес бірдеңе бүлдіреді дегенге кім сенеді, – деп Аралханға ашық айта беруші еді. Бүгінгі жанжал да сол жұмыс төңірегіндегі кикілжіңнен шықса керек. Нұртаза жігіттің қайғысын тыңдап, жеткен ақылын айтып, көп отырды. Біраз шай ішіп, жылынып алған соң үйіне қайтпақ болған Елемеске:          

         – Маған неғыл дейсің енді. Сағатыңды бердім. Біліміңді, өз басыңды қадірлеймін. Алдыңнан шыққан жерім жоқ. Керек десең әлгі екеуін ертең алдыңа жығып берейін. Кешірім сұрасын. Басқа не келеді қолымнан, – деді.                                                    

         – Ештеңе керек емес, Нұреке. Сіздей адамның болғанына рахмет!– деді Елемес кетерінде. Нұртаза есік алдында қол алысып тұрып жымиып күлді.  

 

*   *   *

 

         Осы оқиғадан кейін Алмас, бізді Елеместің алдына жығып беріп, кешірім сұратты – деп Нұртазаны көп уақыт жақтырмай жүрді. Онысын ашық айта алмай жасырып ішіне сақтады. Оңаша жолығып қалғанда ол әңгімені қозғамай айналып кетіп, көзге жақсы көрінгендей боп жүріп жатты. Нұртаза сол оқиғадан кейін екеуін оңаша шақырып алып кешірім сұратқаны рас. Алмас:      

         – Оның өзі кінәлі еді. Білім жоқ сендерде. Дипломды сатып алғансыңдар деп соқтыққан өзі, – дегенде Нұртаза кеңкілдеп ұзақ күлген. Осы күлкі Алмасты әбден ажуалап қорлағандай еді. Шынында да мұның оқу бітіруінде, түсуінде, бітіріп шықса да көп шикілігінде осындай себептің жатқаны да рас еді. Ондай оқуды тамыр-таныспен бітіріп, кейін қызмет істей алмай жүргендер бұл мектепте де жетерлік. Әйтеуір Алмастың көп шикілігін Аралханмен тәуір қатынасы жауып кетеді. Әйтпесе мұның да дайындық дәрежесі, білім мен қабілеті әлгіндей дүмбілез жастардан алыстап кетпейтін. Алмас та намысқа тырысып, Елеместен кешірім сұрамауға бекінгенде Нұртаза:        

         – Екеуіңді жақсылап заңға берсе, қызметпен хош айтысып, ол аз болса адамды зәбірлеп қорлағандарың үшін бірер жылды арқалап сотталып кетулерің мүмкін, – деп қорқытқан. Үлкен адамның осылай сөйлегені Алмасқа әділдікті жақтау емес көпе-көрнеу өзіне жасалған қысым сияқты болып көрініп, еріксіз Елеместен кешірім сұрауға мәжбүр болған. Бірақ сол оқиғадан соң осы екеуіне деген бір салқындық пайда болып, олар туралы күдікшіл Аралханға неше түрлі сөздер де жеткізе жүрді. Нұртаза Елемеспен бірігіп топ құрып жүр ме деген күдігін де білдіре кетті. Бастық мектептегі оқу, үлгерім, тәртіп жағына көбірек алаңдайды екен. Әсіресе тәртіп жағын көбірек сұрады. Зәбира мен Нұртаза жайын, Елеместің әңгімесін анықтап білді. Кетерінде бұған:          

         – Қызметіңе абай бол. Нұртазаның жасы үлкен. Оның айтқанын тыңда, – деді онысы өзім жоқта екеуара келісе алмай дүрдараз бола ма деген күдік еді. Жалғыз өзі мектептің қыруар жұмысынан шыға алмай жүрген шығар деп Нұртазаның көңіл сұрай келмегеніне де ренжи қоймады. Көңілінің алыстау түпкірінде одан да зор қорқыныш өткір тырнағын батыруға кірісті. Ой көзін жүгіртсе бұның дұрыстап жұмыс істемейтінін, анаумен алысып, мынаумен алысып, адам таңдап татулық жайға келтірем деп жүретінін жұрт басқаша бағалайды екен. Тіпті Нұртазаның өзі де әзілдеп кейде бас бермей тұрған нәрсені:                                                                      

         – Соған араласып қайтесіз. Мен өзім-ақ сөйлесіп тындыра салам ғой, – дейтін болыпты. Сонда бұған не қызмет қалмақ. Сабаққа қатысуды ұнатпайды, педагогикалық кеңесті Нұртаза жүргізеді. Толқып тұрған, наразы болған жұртты Нұртаза теңгереді. Аралхан төраға боп, Нұртазаның аузына қарайды. Тізгінді беріп, сол арқылы бәрін ұқсатып, сымдай ғып түзетеді. Кейде осыған өзі намыстанып, бірдеңеге араласа қалса орынсыз жайға килігіп, бүйректен сирақ шығарып, ойламаған тұстан дау тудырады. Ал Нұртаза қып-қызыл даудың ортасында жүріп-ақ жанған оттан үнемі аман шығады. Екеуі біріксе жұмылған жұдырықтай, аралары сәл ашылса жұрт әңгіме жүгіртіп, бірін-біріне жамандап, сумаңдап сөз тасиды. Аралханның қаңқу сөзді тыңдайтыны да болушы еді. Ауруханада жатқан бір айда сол сөздер тыныш ұйықтатуды қойып еді.  

 

*   *   *

                                                 

         Бүгінгі демалысты Нұртаза бей-берекет өткізді. Ерте тұрып мал жайғап кеп отыр еді. Кәрімнің немересі келіп шақырып кетті.                                                                                  

         – Атам жіберді. Сізді шақырып жатыр. Құда келетін болды, – деді жаттап алған сөздерін айтып. Баланы бөгеп, анықтап сұрап еді жөнді ештеңе айта алмады. Тілі жөнді тілі келмесе де біраз жайдан хабары бар екен. Нұртаза артық ештеңе айтпай қойған баланың жинақылығына таң қалды. Кәрім деген бір құлағы жөнді естімейтін, бала кезден бірге өскен кәрі жолдасы. Өткен жазда кенже ұлын үйлендіріп еді. Құдасы қалада тұрады. Бензин құятын жерде көп жыл бастық болған.                                                        

         – Япырай, бір басында неше үй, он шақты мәшине, неше мәгезін бай тұрады екен, – деп қолы бос жұрт бірталай әңгіме қылған. Көп мәшинесінің бірін құдасы Кәрімге беріп, оны өзі жүргізе алмай, Нұртазаның Қасымы жүргізіп беруші еді. Кәрімнің құдасы бармын деп шалқаймайтын, менмендігі жоқ, әңгімешіл, ашық-жарқын адам. Қонаққа да бір-екі немересін, кенже ұлын, әйелін ерте келіпті. Әйелі елудің ішінде дейтін емес, үлбіреп киініп алып, жас келіншектей мөлдіреп отыр. Құдамның келгеніне деп Кәрімнің үйі көрші-қолаңды, жақын туыстарды шақырып, шағын той қылды.                                                    

         Түс ауа осы жерден үйге қайтқанда, алдынан күзетші шал шығып:                                                                              

         – Сені мектепке Аралхан шақыртып жатыр. Іздетіп отыр,– деді. Нұртаза демалыс күндері мектепке баруды қаламайтын. Ал Аралхан оқта-текте сол жақта жүрсе мұнысы өрескел, келіспейтін артық жүріс көретін. Сонша мазасызданып не көрінді деп таңырқайды. Одан да үй шаруасын істеп, дем алсашы деп ойлайды. Бұ жолы бастық шақырған соң өзі қаламаса да мектепке келді. Ойында бөтен ештеңе жоқ. Аралханның атын естігенде:                                                                            

         – Жазылып шыққан ғой. Өткенде барып келгендер тәуір, таяуда шығады екен деген. Келгені дұрыс болды. Жұмыс жеңілдер еді,– деп ойлады.                                                      

         Бүгін демалыс болған соң мектеп іші қаңырап бос тұр. Екінші қабатқа көтерілді. Аралхан өз кабинетінде айқайлап телефонмен сөйлесіп отыр. Нұртаза кірген бойда қуанған түрмен, сәлем беріп жылы амандасты. Бастығының денсаулығын сұрап, жағдайын біліп, қалаға іздеп арнайы бара алмағанына кешірім сұрады. Осының бәрін өз адамындай орынды қылып айтқанда Аралхан да осыны айтып жатқан Нұртаза ма, апырау, бұл да бірталай өзгерген бе, одырайып тұрушы еді ебі болмай,– деп бір есептен іштей таңырқап та қалды. Үнсіз қалуды жөн көрмей бұл да: – Естіп жатырмын, Нұреке. Бәрі ойдағыдай көрінеді. Өзім жоқта жоқтатпай орнымды басқаныңызға қуанып отырмын, рахмет, – деді. Бұдан арғы сөз күнделікті жұмыс төңірегіне көшті. Нұртаза да Аралхан сұраған кейбір жайларға тоқталып, жауап беріп отырды.                                                                      

         – Бәрі дұрыс. Түгел өзіңіз көргендегідей. Әркім өз жұмысын істеп жүр. Әйелдер де, жастар да, балалар да. Үлгерім де, оқу да, тәртіп жағы да, – деп тәптіштеп айтып өтті. – Бірер күн өтсе өзіңіз байқайсыз ғой…                                                          

 

*   *   *

 

         Екі бастық мектептен түс ауа шықты. Айтқандай-ақ бірер апта жұмыс істеген бетте Аралхан мектептегі барлық шаруаның бұрынғы өзі кеткен қалыпта екеніне көзі жетті. Бірақ ішкі ризашылығын көп ақтаумен емес, мақұлдап қана салқын жеткізді. Нұртаза қызметін салғырт қарамай бар ынтасымен атқарып жүрсе де бастықтың кабинетіне кіргенде әлдебір жасырын көз өнебойын, ішкі дүниесін ақтармалап, тінткілеп, сезім-күйін тексергіштеп шығаратыны несі деп ойлады. Осы көздер көбейіп, қызметке отырғаннан бері жан-жағынан аңдып, бақылап тұратындай. Сол көздер сырт қимылын ғана емес ойлаған ойын, қалт басқан қадамын бақылап жүргендей. Бұрын өзін әрдайым еркін сезінетін Нұртаза енді біртүрлі секем алғыш, күдікшіл, қорқақ адамға айналып барады.                                

  • Шынында бұрынғы күнім артық еді-ау, – деп ойлады ол. – Осыған несін қызықтым екен.                    

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here