Рухани өмір ой еркіндігін сүйеді

 

Қазіргі қазақ прозасы мазмұн жағынан жаңарып келеді. Бұрынғы кеңестік кезден қалған ойлау жүйесі, тар шеңбердегі социализм идеясы қаламгер ойына тұсау боп тұрған жоқ. Рухани жаңғыру ұмыт бола бастаған ұлттық ерекшеліктерді еске салады. Сол арқылы жаңалыққа қарай ұмтылуды көздейді.

Көркем әдебиеттің жаңаруы ішкі мазмұннан басталады. Жазушы нені көксейді, қандай оқиғаны суреттеп, оған қандай адамдар қатысады, ең соңында оқиға қалай шешіліп, немен аяқталады. Біздің оқиға барысында көріп отырған адамымыз кім, қандай оқиғаға душар болды. Оның ішкі дүниесі қандай, оның көркемдік бейнесі іштей өсіп отыра ма, жоқ сол күйінде қалып қоя ма, онымен танысу оқырманға не береді деген сұрауды қаламгер өзіне қоюы керек.

Оған ашық жауап ретінде баспасөзде шығып жатқан, қолға түскен көркем шығарманы оқып әлгі сұраққа жауап іздейміз. Кейде тапқандай боламыз. Әдебиеттің проза жанры қауырт қаулап өспесе де мазмұн ағынан біртіндеп жаңарып келе жатқаны қуантады. Жаңа есімдер де баршылық. Тәуелсіздік жылдары келіп қосылған әр толқын өкілдерінен санаулы есімді теріп алғанның өзінде аты-жөнін тізсе жас прозаиктер қатары бірталай тізім боларлық.

Қазір әдеби сыйлық та көбейді. Сайттар бәйге жариялап, жеңімпаздар шығып жатады. Бірақ олардың ішінен жарқ етіп шыққан есімдер санаулы. Сол бұрынғы орташа, тәуір, жақсы деңгейдегі дүниелер. Бұдан ары ізденісті тереңге жіберген, қоғамды іздеп оқуға жетелейтін шығармалар жеткіліксіз.

Қазіргі проза, драмада оқушыны жетектеп алып кететіндей ірі оқиға, іші терең, болмысы күрделі кейіпкерлер жоқтың қасы. Көп шығармалар үстірт, дайындықсыз жазылады.

Әдеби дайындығы мол деген қаламгерлердің өзі кейде күрделі, терең, ауқымды тақырыптарға бара бермейді. Қоғамдағы күрделі мәселені айналып өтеді. Не болып жатқан нәрселерді жақтап құрғақ саясаттың сойыл соғары боп кетеді, не оны мойындамай мүлде жазудан бас тартып, ескі күнделікті өмірге қатысы жоқ жайттарды жазып тыныш жүруді қалайды. Бұл жағынан күнделікті баспасөз маңында жүрген журналистер кейде зеректік, алғырлық, батылдық танытып жатады.

Шығып жатқан кітаптарды, мерзімді басылымдарда жарық көріп жүрген туындыларды оқып отырғанда ең көзге түсерлік нәрсе көркем әңгіме, повес деп жазылған нәрселердің қоғамдық ауқымы, ішкі құрылысы, мазмұн жүйесі көркемдік дәрежесі әдеби шығармаға қойылатын талаптарға жетпей жатады. Тіпті ондай шығармаларды баспасөзде мақтап дәрежесін көтеруге тырысатын мақалалар да шығып тұрады.

Қазіргі прозаға, жалпы әдебиетке мазмұн байлығы, рухани тереңдік, ұлттық ерекшелікті сақтау, тіл байлығын көркейту, ішкі жан дүниеге ену, қоғамдық ауқымдылық, бір шығармадан екінші шығармаға өсіп отыру сияқты факторлар жетіспейтіні анық. Бұл жасы бар, үлкені бар бәрімізге тән. Өзімізде барды көрсете отырып, жоғымызды іздеп, оны айтып, еңбектене білсек бұл әдебиеттің қозғалыс үстінде екенін көрсетеді.

Бізге ағылшын, жапон, орыс әдебиетін уағыздап жүрген оқығыштарға айтар сөзіміз қазақ жазушысы қазақты жазуы керек. Ел өмірін зерттеу керек. Әдеби жағынан үйрене отырып қазақтың ішкі рухына керек нәрселерді ғана өзімізге ала білсек керекті табуға болады. Әдеби шеберлік деген керек нәрсе. Бұрынғы үлкен классик жазушыларды үлгі тұтып, керек жерінде олардан үйреніп отыру құптарлық, қуанарлық, қолдап көтермелеп отыратын, әдебиет тәжірибесін байытатын жұмыс. Бұл жерде тек жастар оқысын, ал бірнеше кітап шығарған адамға кітап оқудың қажеті қанша деген көзқараспен әдебиет ісіне шын кірісіп айналысу нәтиже бере қоймайды.

Қазіргі әдебиет өзі бөлек рухани әлем. Онда әр елдің, түрлі мәдениеттің жазушылары аударылып қойылған. Оның мазмұнын түсініп игеру деген сол мамандықтан жақсы хабарың болмаса мүмкін еместей. Көп оқуды мақтан көріп, оқыған нәрсенің бәріне еліктей беру талантты жазушыға жараспайды. Жазушы өзіне керекті әдебиетті таңдап оқи білуі керек. Оқыған кітабының, жақсы көрген жазушысының ықпалынан шыға алмай, әдебиетке жол бола алмайтын түрлі көзқарастарды насихаттап жүру жақсы қаламгерге абырой әпермейді. Әдебиетті еліктеп оқып, өзіңнің жазу ісіңдегі жолыңды таба алмай жүру адасушылықтың басы. Бұл ну орманда шығар жол таппай адасып қалумен бірдей. Мұндай бос жеміссіз ізденіс әсіресе жас талант үшін зиян.

Жазу ісіндегі әркім өзін қатарластарымен салыстырады. Бұл сөз жоқ жақсы жағынан қарағанда қажет. Екінші жағынан бұл оның жазғаны менікіне қарағанда анадай деген бақастыққа бастайды. Ондай болмас үшін өзіңнің бағытыңа сәйкес, сонымен достасып сырласа алатын классик жазушыларың болса солармен салыстыра отырып өзіңнің жазғандарыңның қандай деңгейде екенін біле аласың. Жазушының шын досы кітап. Кітапты адам өз рухын байытып, көзқарас шеңберін кеңейту үшін оқиды. Ұмытып барып қайталап оқиды. Сөйтіп жылдар бойы оқығанын өрмекші сияқты тоқиды.

Оқудың да бірнеше түрлері бар. Еліктеп, қызығушылықпен оқу. Бұл бірінші басқышы. Оқып түсіну, онда жазылған нәрсе мен жазылмай қалғанды көру бұл екінші басқышы. Талдап, көзқарас білдіру осыған жатады.

Бұл басқыштан өткен соң оқыған, түсінген, талдап тексерген нәрсеңді еске түсіру үшін дем алып оқу. Бұл үшінші басқыш, одан өткен адам кітап оқуды дағдыға айналдырған көзқарасы мықты оқырманға айналады.

Қазір әдебиеттегі жастар арасында әркімге еліктеу, біреуді жастап жатып соны ерекше жақын тұту, одан өзгеге мойын бұрмай соны ғана дәріптеп жүру сияқты алғашқы кезде болатын әсерлер көптеп кездеседі. Уақыт өте келе оның орнын басқа жазушылар басып, неғұрлым көп оқыған сайын әлгі талапкердің оқитын, тағзым ететін шығармалары көбейе түседі. Сөйтіп әлгі басқыштардан өткен соң арада жылдар салып әдебиет өзінің жақсы оқырманын, кітап өзінің шынайы айнымас досын табады.

                                                                                                      2016 жыл.

    

  


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here