Бастықтың досы

 

   Қасымбек ойда жоқта үлкен кәзитке бас редактор болды. Бір қызметтен түсіп ренжіп жүр еді. Енді қайта түзелді. Кәдімгі шәниген бастық. Сөйлесе бұрын да иек қағып тұратын. Бірақ бойы кішкене. Айбары шамалы. Осы боп тұрғанда шығарып қояйын деп жастық желігімен жазған бірдеңелерді ара-тұра беріп қоятын болдым. Онымды даладай қылып классиктердің тұратын орнына басатынын қайтерсің. Бірде жиналыс болып:

  –Қасымбек деген оңбаған келді де кәзитті құртты. Ылғи жолдас-жора, туған туысын, руласын басады,– деп дударбас біреу ал кеп сынасын. Қасымбек мынау не дейд,–дегендей көзін жыпылықтатып, ежірейіп қарады да отырды. Не жарытып жауап қатпады. Өзі де сынға жауап беруді білмейтін, намыссыз бастығы үндемегенің дұрыс дегендей төмен қарап естімегенсіп ол отыр. Қасымбек ұялғансып қозғалақтайды. Жөтелгенсіп қояды. Жиналып бітіп кабинетке келгенде қып-қызыл болып, өлгенше мазасызданып келді.

        –Ойбай Қасымбек. Енді мені баспай-ақ қой. Қайтесің сынға ұшырап. Соларды-ақ бассаңшы. Ана сынаған немені жиі берсеңші үндемей жүрер сонда. Қасымбек ежірейіп кетті.

  –Ол итті кәзиттің маңынан жүргізбеймін.

  –Ойбай құртады ғой о бәле. Жазады ғой арызды.

  –Жаза берсін. –деп нығызданды. Маған сонда да жазғандарыңды әкел деп қоймады. Қаша жүріп апарып жүрмін. Басып жатыр. Кейде қаламақыны көсілтіп қойып тастайды. Бір-екі бет мақалаға пәленбай мыңды төгіп тастайды. Ақша алғанында сүйсініп отырсам да, қол қойғанда саусақтарым дірілдеп, қолым ырыққа бағынбай кетеді. Өзімнің адал ақымды емес. Ұрлық ақшаны алып жатқандай қысыламын. Байқаймын досына жақсылық жасағанды ұнататын Қасымбек маған өзін мақтатып мақала жаздырып қоятын болды. Оның жетпей тұрған жеріне адамның ақылына сыймайтын мақтауларды қосып, әй өзін-өзі жарылқайды келіп. Апырай деп кейде өз жазғанымнан өзім ұялатын болдым. Бұрын мені орынды жігіт көріп амандасып жүретіндер енді бір бәленің иісін сезгендей анадайдан секемденіп қарайтынды шығарды.

      –Мақта мынаны деп кітап ұстатын болды қолыма. Неғұрлым мақтауың ақылға сыймайтын болса, қисыны келмесе соғұрлым сенеді. Тегін адам емес екеніңе сенеді. Жаз,–дейді. Қарап жатам ба, ақысын берсең боқысын дегендей былықтыра сілтеп апарып тастаймын. Қалғанын сол жердегі сүйек мүжігіш қулар тауып, жамап-жасқап қосады.

 –Жаса, Қасымбек,–деймін. Енді сенерім де сыйынарым да Қасымбек. Апырау ол орнынан түспесе екен. Түссе мені кім керек қылар дейсің дейін десем, танымайтын біреулер Кәкең айтып еді деп қатысы жоқ біреулерді телеканалдан мақтауға, сөйлеуге, дәріптеуге шығарып қояды. Аты-жөніме сыншы, зерттеуші, жазушы деген аттар жамалып жатыр. Мен қайдағы жазушымын. Мұғалім оқуын соғым беріп әрең бітіргенімді Қасымбектің өзі де біледі. Оның өзі жорнашыны ауылдан қой тасып жүріп сырттай зорға бітірген. Соқырға қотыр жолдас дегендей мына заманға сай әйтеуір ілініп қалған соң қолдағы нәрсені босқа кетірмейік деп пайдаланып жүрген ғой біздікі.

Байқаймын менің қуыстанғанымнан секем алып, кейде Қасымбек маған ақыл айтады. Ақылы былай.

–Ертең мен түссем ешкімге керегіміз жоқ. Шегінбе. Басып, сөйлеп, адымдап, қарыштап, мініп, иектеп, көтермеленіп қал. Осы сөзге елітіп талай жерге келгенімді енді кейін қайтуға жол жоғын білем. Бірақ бізді мазақтаушылар, аңдушылар көбейгендей ме өзі. Біз оларды аямап едік қой кезінде, өсекті соғушы едік. Езулерін тіліп, есекке теріс мінгізуші едік. Енді бізді де аяп жүр деймісің. Міне, Қасымбектің кітабын мақтауға отырдым. Ертең қалың елмен кездесу. Сөз сапыруға дағдыланып алдым. Бірақ әрбір халым өліп тұрғандай, ішкі дүниеңде бірдеңе суыйды да тұрады.

Мақтауды келістіре түсіп, ойдан құрап, суайттықты жетектеп, тазша баланың талантына бас ие, соның тәсіліне басып жатырмын. Бірақ менің қырық өтірігіме жұрт сенсе жақсы. Әй осы менен Тазша бала бақытты сияқты ғой. Оның өтіріктері қиысып тұрады. Ал, Қасымбек екеуміздің өтірігіміз ылғи шикі болып шындығы артынан жалаңаштанып қуалайды да жүреді. Жалаңаш шындықты қалай киіндіруге болады деп ойға қала бастадым. Бірақ Қасымбек өліспей беріспек емес. Оның артынан еріп мен байғұс қосақ арасында сүйкімнен айырылған сұмырай біреу болуға айналғаным жанды қинайды-ақ.

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here