Арайлым Берікқызы былтыр (2018 ж) ғана Ж. Елебеков атындағы колледжді тәмамдап, «Актер» мамандығын алып шыққан кішкентай ғана қыз еді. Өткен жылы «АB PRODUCTION» орталығында Қазақтанның еңбек сіңірген қайраткері, Асқар Наймантаев түсірген қысқаметражды фильмге кастинг арқылы басты рольге ие болып, ойдағыдай орындап шыққан. Сол бетінде Асқар Наймантаев ол қызды «Терісқақпай» театрына алып қалған. Осы бір жыл бойында театр сахнасында бірнеше жобаларға қатысты, «АB PRODUCTION» орталығының да көптеген жобаларына ат салысып, өзінің мамандығына адал екендігін, еңбекқор, талантты актриса екенін көрсете білді. Алғашқы фильмде драмалық образ сомдаған Арайлым, «Терісқақпай» сахнасында театр жанрына сәйкес комедиялық рольдерге кездесті. Басында қиындау болғанымен бірте-бірте оны да меңгеріп, бірнеше мінездегі образдарды сахнада шынайы суреттеді. Студент кезінен бейнебаяндарға түсіп, камера алдында еркін жүріп-тұруды меңгерген.

Жуырда ғана Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай өткен Республикалық «Айтқыштар Ақтөбеде» фестивалінде актерлық шеберлігі және кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде бағаланып Арайлым Берікқызы (Арайлым Берікқызы Жұмаділ. Arailym Zhumadil) «Үздік әйел адам ролі» номинациясы бойынша бас жүлдені алды! Жұлдызы жанған қызымызды осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!

Режиссер Асқар Наймантаев : «Фестиваль барысында Арайлымнан басқа бес театрда қыздар ролі ойнаған актрисалар болды. Тіпті «Екі езу» мен «Шапалақ» театрларында ер адамдар әйел ролін ойнады. Осындай бәсекелестер ортасынан көзге түсу оңай болған жоқ!» – деп, қалжыңдай отыра актрисасының жеңісіне ризашылығын білдірі.

Белгілі өнер ортасында Асқар Наймантаевтың режиссерлығы, ұстаздығы жайлы – «Асқардың назары кейде ғана ауады, ауа қалған адамға аспаннан жұлдыз жауады» – деген қалжың аралас мәтел тараған. Соноу «Терісқақпай» алғаш ашылғаннан бері, «Аққу-Гәкку», «Қымызхана», «Мұрагер» продюсерлік орталығы арқылы Асқардың үлкен өнерге танымал еткен өнерпаздары жетіп жатыр. Міне, солардың қатарына Арайлым деген жаңа бір жарық жұлдыз қосылды!

«Бар-жоғы бір жылдың ішінде осындай жетістікке жете қоюын қарай көр!» – деп, шымылдық сыртында күңкілдейтін жандарға айтарымыз осы жоғарыдағы Асқар жайлы мәтел болар. Қол астындағы актерларды белгілі бір биікке жетелеп шығармаса несі режиссер?! Ол режиссер-ұстаз ғой оның үстіне. «Қап, оның шығар төбесі тек осы ғана емес еді, ерте қайырды» – деп, театрдан, жанынан басқа жаққа кетіп жатқан артистер үшін өкінгенін өз аузынан талай естігеміз. «Өнер оңай жеңіске жетпейді. Шыдам керек. Менімен жүру үшін де төзу керек. Жетпей қалады сол» – деген де Асқардың осындай өкініш кезінде айтқан сөзі…

Айтпақшы, бұл фестивальде «Терісқақпай» театры «Көрермен көзаймы» номинациясын алды! Ол енді айтулы театр үшін үлкен олжа болмаса да Республика дәрежесінде берілген қомақты баға! Құтты болсын!


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here