Әркімнің тағдыры,жаза бастаса-бір томнан асатын кітап болары анық.Өзімнің туып өскен отбасым да ешкімге ұқсамайды.Менде елдікіндей “мама, папа” деп,қатар айтып жүретін “толыққанды”отбасы болмады.Ешкімнің кінәсі емес,анамның басына салған тағдыры,әкемдікі де сол.Мені анамның анасы- нағашы апам өсірді.Қазіргі таңда жасы 80 де.Астанада тұрады.Қызының қолында.Бір себептермен,72 жасында,үйсіз-күйсіз қалды. Пәтерде жүргеніне 8 жыл болыпты. Біз 1996 жылы Астананың тап қасындағы, орыс-неміс ауылына көшіп келдік. Себебі, қайбір жылы; ауыл,совхоз,колхоздар тарап кеткен. Көп ауылдар-жермен жексен болды.Біздің тұрған жеріміз-Егіндікөл ауданы, Калинин (Жалмаңқұлақ)ауылы болатын. 1-4сыныпты сол жерде тәмәмдадым. Ең қиыны- 5 сыныпты орыс жерінде оқуым еді. Ол жердегілер, қазақ тілін бір ауыз білмегеніне қарамай,орыс тілін сол кезде аса жарытпағанымды естіп, керісінше, маған күлетін.Ол мектепті де әйтеуір орысшам реттеліп, жақсы аяқтадым.

Сөйтіп,2003 жылы Еуразия Ұлттық Университетінің “Музыкалық біліміне”түстім. Қайдан ғана түстім десеңізші!Музаканы есту,тыңдау қабілетім жақсы болғанмен-дауыс жоқ.Әнші болам дедім,күйші болам дедім,қазір диплом жатыр бір қолсөмкемде!2007жылы, арман қуып жұрт Астанаға келіп жатса,мен, өмірбойғы Солтүстіктің қаhарлы аязынан мезі болдым ба,әйтеур “Қош бол Астана”деп,Алматыға бірақ тарттым.Өзім Астанадан танитын бір қыз арқылы пәтерге орналастым.Сол қыз бар,Көкшетаудың тағы бір қызы бар, үшеуміз бір пәтерде,өмірдің ащы-тәттісін бірге көрдік.Жастары менен 4-5жас кіші еді.Олар студент, мен болсам дипломым қалтада,қандай жұмыс табылады деп келген,арман қуған біреу едім. Жұмыстың реті табылып та кетті, айлығымды алып, өзіме жаратып, пәтерімді төлеп,өмір сүрдім.Алматыда тәтем тұратын,яғни анамның сіңлісі, бірақ,мен ол кісіге жүк болғым келмеді, бөлек өзіммен өзім жүрдім.Содан,несін сұрайсыз,үйде жатып мезі болдым ба, күндердің бір күнінде, өзіме жаңадан жұмысыма жейде сатып алмақшы болып, базарға шығамын.Қатқан бір соңғы үлгідегісін алдым деп мақтанбай-ақ қояйын, ойымдағы дүниемді сатып алып, кері келе жатқанымда,артымнан біреу қоса ілесті…

Қанша қорыққаныммен,жанымды шүберекке түйіп,оң жағыма  қарадым. Кепка киген, бойы мен қатарлы қара торы жігіт келе жатыр екен. Менің қорықканымды байқаған ол:

-Кешіріңіз,Камила есімді сіңіліңіз жоқ па?-деді. Мен “Жоқ”деп,тездете жүріп едім, асықпауымды өтініп, кешірім сұрап, қолын созып, есімінің Азамат екенін айтты.

Мен де атымды атап,қолын алып,сөйтіп таныстық. Әңгімелесе келе,ол менің бірге тұрып жатқан қыздарым оқып жатқан,академияның түлегі екенін білдім.Өзі Қостанай қаласының тұрғыны екен. Негізі, мен тұратын аудан Алматы 1 вокзалына жақын қорқынышты жер еді, сондықтан, түскі үш болсын, екі болсын, байқап жүруімді ескертіп, саябақтың ар жағындағы үйіме дейін шығарып салды да, ұялы телефонымның нөмірін сұрап алды. Кешке бұл жаққа тағы келетінін айтты, себебі, кешке ағасының мерейтойы сол маңдағы кафеде өтеді екен.

Үйге кіре сала, мән жайды қыздарыма айтып едім, олар “таныстырсайшы”-ға басты. Содан,мен асықпай, одан қоңырау күтетінімді айттым. Кешкісін,тоғыздарда, үйімнің маңына келіп тұрғанын айтты. Мен киініп сыртқа шықтым. Содан, есік алдында масаға таланып тұрғанша үйге кірейік дедім. Менен ол екі жас қана үлкентұғын. Әйтеуір ойымыз бен сөзіміз бір жерден шығып тұрды. Адаммен сөйлесе кететін кездер болады, ал кейде, қанша тырыссаң да,сөзің мен ойың келіспейтін адамдар болады, сол сияқты жағдайды айтып тұрмын.

Содан, ол ыңғайсызданып, “қыздарыңнан ұят болар” дүкеннен анау-мынау алайық деп,жақын үй жақтағы дүкенге кірдік. Әр нәрсені, алма десемде,сатып алып жатты,ыңғайсыздандым. Сөйтіп екі пакет азық-түлікпен дүкеннен шығып, үйге келдік. Қыздар күліп, жақсы қабақпен қарсы алды. Олар сөйлесіп танысқанша мен ас үйде тамақ әзірледім. Олардың өзара, оқуына байланысты әңгімелері көп болып шықты. Жақсы әңгімелесе кеттік, сол күнгі дайындаған асым да жақсы болды. Азаматтың әкелген тәттілерімен шәй ішіп, екі сағатымыз зу етті…

Сөйтіп Азаматты 23.00 ден аса,подъезден шығарып салып келдім.Қыздар жақсы жігіт сияқты деп,ойларын айтты.Сырт көз сыншы ғой, олардың да ойы маған керек еді.

Сөйтіп,жұмысынан босай қалса,маған соғып тұратын немесе қоңырау шалатын.Бір жарым ай бойы солай өтті.Бір күні хабарсыз кетті.Звондасам гудок та,смс та бармайды.Солай бір апта тұрды.Содан,мен бұның бір жасыратыны бар екенін сездім.Қалай білдің дерсіздер, баяғы ішкі түйсік деген сездіреді ғой.

Жұмысымда барлығы бірқалыпты еді.Ол жерде өзіме бір екі құрбы тауып алғанмын.”Жігітің бар ма?”деген сұрақтарына,неге екені белгісіз,мен “жоқ”деп нақты жауап беретінмін.Себебі мынау жігіттің өстіп жоғалып кеткені,менің өмірімде оның “жоқ”дегенін білдіргендей болды. Күндердің күнінде телефоныма смс келді “Қазір барам,әңгіме бар…”деген.Күттім.Есік алдында, балалар алаңында,орындыққа келді.Содан,маған бар шындығын айтты.2 жаста қызы бар екен, ол бірақ Қостанайда ата анасының қолында екен.Әйелі Қызылорданың тумасы екен, ажырасып бір қосылып жүрміз, түбі ажырасқым келеді деді.Менің, содан соң да,оған көзқарасым өзгере қоймас еді,мынау бір ұсынысын айтпағанда:

-Жұмыс бабымен Астанаға ағам шақырып жатыр, менімен сол жаққа барасың ба?-деген сұрақ қойды.Мен “жоқ”осы Алматыда қаламын, мен Астанада тұрғым келмейді-дедім.Содан мен, үйленетін болсаң ғана ойланамын-дедім.Ол әзірге той жасауға мүмкіндігі жоқ екенін, азаматтық некемен тұрып көргісі келетінін айтты.Маған “Ойлан”деп уақыт берем деді. Мен:

– Маған уақыт бермей ақ қой, мен азаматтық некемен 1 ай болсын,қанша уақыт болсын тұрмаймын және менің апам ондайымды естісе, мені өлтіре салады, сондықтан ренжіме- дедім.Сол күнгі диалогымыз сонымен аяқталды.Үйге кіріп келгенімде,қыздар менің көңіл күйім жоқ екенін бірден байқады.Ешкіммен сөйлескім келмейтінін айтып, ұйқыға кеттім.

Бір жарым айдан соң ол тағы хабарласты, “кетіп барамын” деп.Мен тек жақсы барып орналас дедім.Негізі қимастықта болған,бірақ,бәрібір ол кездегі менің арманым тым басқа еді.Мен, басқалардай ақ көйлекпен той жасалғанын, ұзатылғанымды армандап келген едім.Ол арманым да, сол мезетте енді орындалмайтындай көрінді.

Сөйтіп,ол жігітпен ара қатынасымыз “Қош енді қош махаббатым”деген әндегідей болды. Бірақ телефон соғып тұрды.

Арада жыл өтті. Бір күні,жұмысыма ақ рубашка алу керек болып,барахолканы аралап қайтайын деп, бардым. Алатынды алып, автобустың артына барып жайғастым. Жаныма бір қыз келіп отырғаны есімде. Содан Алматының пробкасы “Айналайын”ғой ол кезде,3-4 сағатқа бірақ созылатын. Содан,шаршағаннан,ұйықтап кетіппін де,басымды жанағы отырған қыздың иығына қоя беріппін. Ол да түсер емес, мен де ұйықтап келем кәдімгідей. Содан 1 сағаттан соң ояндым. Сағат 18.30 кешкі. Бұрылып,ол қыздан ұйқым үшін кешірім сұрадым. “Ешнәрсе етпейді”деді. Атым Динара деді. Мен де атымды айтып, екеуміз сөйлесіп қалдық кәдімгідей. Мен жалпы 1 аптадан соң,тұрып жатқан пәтерімнен,көшуім де керек болғам. Содан,сол жайымды Динараға айтып едім…сөйтсем,ол пәтеріне квартирант іздеп жүр екен. Міне қызық, дедім де,сол қызбен телефон алмасып,келесі күні үйін көріп,1 аптадан соң,жанына көшіп алдым. Үйі жайлы, таза, 1 бөлмелі пәтертұғын.

Тәтесі ұзақ іс- сапарлармен кететін болғандықтан, рұқсатын беріп, пәтерге адам алып, ком услуганы төлеп отыр деп, тапсырып кеткен екен. Пәтер де, пәтердің иесі де өзіме ұнады. Динара әйтеуір,менімен сөйлесе қалса, жан құрбым деп жүретін бір қызды біресе мақтап, біресе жамандап отыратын. “Бұнысы қалай” деп ойлап қоятынмын,бірақ,маған келер кетері қанша, деп аса зейін қоймайтынмын.

Әйтеуір шүкір,жұмысым бірқалыпты еді. Арасында екі ай сайын Астанаға барып-келіп тұрдым. Сөйтіп бір күні Динара “Жан подрушкамның туған күніне барамыз”деді. “Дайындал”деп бұйырып жуынатын бөлмеге кіріп боянып шықты. “Айнұр подрушкаң ба?”-дедім. Ол “иә”-деді. Шаршап отырсамда, Динараның көңілі үшін, барайын дедім. Арасында ол “подрушкам аса керемет қыз емес,бірақ араласуға болады енді”-дегені бар. Он бес минут ішінде,зулап таксиіміз де,бізді отырыс болатын кафеге алып келді. Барсам 3 жігіт отыр екен. Жандарында өте сұлу, қазақи ою өрнегі бар сырға таққан, шамамен 25-26 жастағы қыз отыр екен.”Есімім Айнұр” деп “өзінше” болып амандасты. Негізі,өте қатты шаршап отырған менің, аса әңгімеге тартылуға, шамам келмей отырғам. Соған қарап, ол да мені “қатып қалған біреу”деп ойлағаны анық. Жанағы үш жігіттің сыралатып отырғандары маған ұнамаған, сөздері дөрекі, өздері ұсқынсыз. “Военныймыз”-деп керіліп отырды. Бір кезде Динара:

-Қыздар, сыра ішейік!-деді. Мен:

-Жалпы мен ішпеймін-дедім. Айнұр да, ішімдікке әуестігі жоқ екенін айтып,қуантты. Содан,жаңағы үшеуін Динара, осы жерге келмей тұрып, шақырып қойған екен. Айнұрды және мені таныстырмақшы болыпты. Үшеуінің біреуі-өзінің сөйлесіп жүрген жігіті болып шықты. Біраз уақыттан соң бәрі биге шықты-менен басқасы. Мен кетудің амалын іздеп, мазам болмай отырмын. Киімім дайын емес, анау дайын емес деп, мынау деп,өз миымды өзім шаршатып отырмын. Бір кезде -үшеудің біреуі мені биге шақырды. Әрең сөйлеп тұрғанын байқап, “биге зауқым жоқ”дедім.

Содан,жаңағы құрбым боп жүрген Динара, өзгеріп кеткен, маған келіп:

Сен не, өзінше боп майысып отсың а?-дейді.

Мен де қалыспаймын:

-Шаршап отырмын, кім көрінегенмен билеуге міндетті емеспін-деп, ұрсып жауап бердім. Кетуге жиналып жатқанымда, Айнұр,менің сөзімді сөйлеп, араша түсті. Содан,Динара екеуі ұрысты. Екеуі келіспей қалғаннан соң ба, Айнұр маған: “Тоқта,бірге қайтамыз!”-деді де счетті төлеп, такси шақырып, мені үйіне алып кетті. Сөйтіп, оның туған күнінің тас талқаны шықты.

Түннің ортасында,Айнұрдың үйіне келдік. Жер үй екен. Ортаңғы бөлмеде, төсектің үстінде тәп-тәтті болып,бес жасар баласы ұйықтап жатыр екен. Анасы 60 тар шамасындағы кісі екен. Жылы қабақпен мені қарсы алып, танысты. Түнгі 1 болғанына қарамай,анасы шәй қойды. Менің түсінгенім,Динараның үйінде мен бір ай ғана тұрсам да,ол қыз мені осы құрбысына,ылғи жамандап отырыпты. “Мәссаған”дедім. Айтатыны “Таңда кетеді, түнгі онда бірақ келеді”, “менен ақша сұрай береді”,”мылжың” тағысын тағы. Естіп,шок болдым. Отырып, ананы- мынаны айтып,үшке дейін отырыппыз. Содан Айнұр:

-Қой, 3,4 сағат мызғып ал, ертең жұмысыңа бар да,маған қарай кел,анау пәтерге барма-деді. Мен:

-Қой, баруым керек,басқа баратын жерім жоқ-дедім. Айнұр маған ол пәтерден тезірек кету керектігімді айтты…

Айнұр ол пәтер,жалпы,Динараның үйі емес деді.Мен тәтесінікі екенін білемін дедім. Айнұр содан:

– Тәтесінікі болғанмен,Динара оны рұқсатсыз жалға беріп отыр,бір айдан соң ол командировкадан қайтады,пәтерде сені көрсе, қуып шығары анық,ол өзі военный адам,мінезі қыңыр,қуып шықса не істейсің?-деді.Көп сөйлемей менің жаныма көшіп кел!-деді.

-Сен,Динара айтқандай,жаман қыз емес екенсің,маған ол сені телефонмен күнәра жамандайтын-деді.Жанағыны естіп ұйықтай алам ба?Қайдағы?Таңды ұйқысыз атырдым.Мен сонша ол қызға не жаздым?-деген сан қилы ойлар,миымда тізіліп,жауапсыз қалды.

Таңертең жұмысқа келдім.Түннің жартысын ұйықтамай өткізген адамның ұсқыны дұрыс болушы ма еді?! Жұмысқа “жартылай ояу”қалпымда бардым.Сол күні Астанаға 5500 шақыру қағаздарын санап, біздің бөлім қораптарға салып,жіберу керек болды.Жұмыс жасап жүрген жерім-тойға шақырту қағаздарын,түрлі открыткалар сататын дүкен еді.Сол күні шақырту қағаздарын бөліп алып, қораптарға салдық.Кешкісін жұмыстан”сүйретіліп”шығуға сәл қалдым.Такси ұстап,Айнұрдың мекен-жайын айтып, жолға шықтым.Қаланы да қатырып білгенім шамалы”жоғары”жүреміз бе?деп таксист сұраса да “иә”деймін, “төмен”түсү керек пе?десе де “иә”деп отыратынмын. “Жалпы қаланікі емессіз ау қарындас?”-десе.Жоқ “осы жақтанмын”-деп тарс еткіземін.”Бәсе, айттым ғой,Алматыға жаңадан келгенсіз”-деп өздері ақ біліп алатын.Кейін білдім,Оңтүстікте “қайдан дегенді “қаяқтан келдің?”деп сұрайды екенғой.Оған тура сол секілді жауап қайтарсаң “өзіміз”болады екем.Қойш,әйтеуір,Айнұрға жетсем екен деп келем.Келсем,сүп-сүйкімді томпақ бала отыр, үстелдің жанында:

-Атың кім?- десем.Ол:

-Асылзааан-деп жауап берді.Ол Айнұрдың ұлы еді.Кезінде тұрмыс құрып,бір себептермен ажырасып кеткен екен.Күйеуі Қызылордалық жігіт,көп тұрмапты.”Өмір ғой”деп қоя салдым.Анасы ас әзірлеп қойған екен.Анасы керемет жан, мен ылғи анам сондай адам болса ғой,деп армандайтын ем.Дауыс көтеріп сөйлемейді.Бір артық сөзі жоқ!Менің апам,Айнұр екеуміз,өткен түндегі,сағат 1де келуіміздей,өз үйімде солай келіп көрейін-апам сол түні ақ мені “Алтай асырып”жіберер еді!

Айнұр болса,төсек салып, мені жайғастырды.Содан жұмысқа келесі күні баруымнан,қайтуым тез болды…Үйге дел сал болып кірдім.Алдымнан Айнұр:

-Не болды,өңің қашып кетіпті ғой!-деп қарсы алды. Жұмыстан шығып кеттім, дәлірек айтқанда шығарып жіберді-дедім.

-Кім?

-Бастық…дәлірек айтканда бастықтың қызы-дедім.Не үшін?- десе…

Мен алдыңғы ұйықтамай барған түні,3 қорапқа 500 ден шақырту қағаз салудың орнына-біреуіне 400 санап салыппын-біреуіне 125 шақырту кем,содан,бастық Астанадан,мен үшін сөз естіпті…”Өз еркіммен арыз жаза салдым”-деп көңіл күй нөл боп отырсам, Айнұр:

-Түh,сол да проблема ма?Қойшы, басың аман, жұмыс табылар, қойшы бәрін,кешке мен сені бір досыммен таныстырам, бильярдқа барайық-деді.

Барсақ барайық,

бильярдтың “Алтын кубок иегері едім, барлық Астананың Гран-прилерін ұтып келген Әлиямен, жекпе-жекке шығуға қорықпайсың ба?”-деп едім,Айнұр”Қойш! Сондайсың ба не?Бильярдты қатырып ойнайсың ба?-деп сеніп қалыпты.Оның анау бір”таяқшасының”қамыр есетін оқтаудан, сәл жіңішке екенін білемін,деп едім,әзіл екенін түсініп, күліп жіберді.Сөйтіп,өзгенің көңіл күйін көтерем деп, өзім де,сол күнгі олқылықты жуып шайғым келді. Жұмыссызбын,бірақ,қалтамда “бақандай” 45000тг жатыр.Жұмыстан бүкіл тиесілі ақшамды алып шықкан түрім.Енді қалай күн көремін деп,әбден уайымға салынып кетер ем,Айнұр болмағанда.Сол кеште,таксилетіп,Динараның үйінен сөмкемді,Айнұр екеуміз барып,алып алдық.Динара үйінде жоқ,есесіне тәтесі келіп, менің заттарымды көріп,шок болып отыр екен.Содан Айнұр мән-жайды түсіндіріп шықты, мен одан соң кіріп-заттарымды жинап алдым.Тәтесі Динараны атарға оғы болмай отыр екен. Телефонына жауап бермей, кетіп қалған сияқты.Өздері шешсін деп,тезірек кетуге асықтық.

Кешке Айнұрға бір жігіт телефон соқты.Мені асықтырып “Тез киін,кешегі айтқан жігітпен таныстырам”-деді. Содан таксиді ол жігіт бізге жіберіпті, отырып алдық жайғасып.Өзі бізді мекен-жайға алып келді.Бойы ұзын,қараторы, арық жігіт алдымыздан шығып,әуелі Айнұрмен,

содан соң менімен амандасты.Ішке кіріп,үстелге жайғасып отырып, әңгімелесе бастадық.Қызылордалық жігіт екен.Мен енді ол Айнұрдың жігіті шығар деп,аса сөйлесе қоймай “аузыма су толтырып алғандай” отыра бердім.Айнұр иығымнан түртіп қояды. Ұйқысынан оянған адам ұқсап “әу!”деп қоям…..Сол кеште,күйзелісте ма, біртүрлі болып,жайсыз отырдым.Бар ойым-қайдан енді жұмыс іздесем екен, бәрі неге осылай болып кетті?-дегендей. Айнұрдың: “Досым ау,не болды саған?”деген “жылы сөзі” мені ой әлемінен, осы әлемге қайта оралтатын.”Бәрі жақсы”деп өтірік күлгендей боламын,бірақ жасанды көңіл-күйді, бала кезден жасай алмайтын едім.Мақсат болса ұяңдау, көп сөйлемейтін жігіт екен.

Отырған кафеміз Рыскулованың бойындағы, үйден аса алыс емес жерде болатын.Айнұрға кафеден гөрі,бағанағы айтқан, бильярдың дұрыс болар ау деп едім.Мақсат көңіліме қарап “кеттік,бильярдқа барайық ендеше”-деді. Айнұр да келісе кетті. Айнұр бильярдқа аса “жоқ”екен. Ол да мен сияқты “жобалап қояды”. Мен білгенімше, әйтеуір, бір шар екінші шарға барып тигеніне мәз болып,отыра бердім, бірақ тез шаршағандықтан,Айнұрға:”Ренжімесең, қайтайық”дедім.

Содан 2 сағат өтіпті, үйге келдік.

-Досым,көңіліңді түсіре бермеші, менің жанымдасың ғой?! Пәтерақы сұрамаймын, еркін тұра бер! Кезінде талай қызға көмектесіп, талайы алтын, ақшамды ұрлап қашқан, ал саған сенемін-деді. “Ойбай, қашқаны несі, ұяттары жоқ екен”дедім.Әрине, алаяқтар да болады, себебі,Алматы үлкен шаhaр, неше түрліні көреді екенсің.

-Жігітің жақсы адам сияқты Айнұр, енді бағың жанып кетсе…деп едім, Айнұр күлді.

-Макс па? Ол деген құдашамның жігіті болған, бар жердің қызы болған соң Максты менсінбей тастап кеткен-деді. Тастап кеткені нес деп сұрамадым. Жалпы біреудің өмірін, өткенін,қазбалай беруге жоқпын. Мақтаныш емес, көп сөзден шаршап кететінмін. Содан келесі күні де Макс досымыз, кешегіден де жақсы бильярдқа, болмаса одан да жақсы жерге барайық, Астаналық құрбыңның көңіл-күйін көтерейік-деп звондапты. Оған Айнұр тап сол күні бір туысқан ағасының туған күніне барамын деп,дайындалып жүр еді.

Маған:

-Досым,Макс жақсы бала былайша,сен өзің барып, әңгімелесіп қайт. Ол жалпы үйленетін қыз іздеп жүр. Менің бұрынғы күйеуім “қызылордалық”болған,содан ол жақтың жігіттерімен қазір “алыстан сыйласамын”, сен жай танысып көр,күйеуге шыға ғой деп тұрғам жоқ-деді.

-Жарайды, ақыры үйде жалғыз жатып жалығармын деп келістім

Кездескенде жарты сағатымыз “тыныштықпен тілдесу” болды.Не ол сөйлемейді,не мен.Сұрақ қоям-жауап береді, болды…”Тормоз” екен деп қойдым.

Содан”қаланы жаяу аралап,жүріп қайтайық”дедім-келісті. Әйтеуір,далаға шыққан соң, өзі жайлы айта бастады. Отбасында 9 бала екенін, өзі 6 шы екенін. Әкесі анасы Қызылорда жақта екенін.Ал мен үйде жалғызбын дедім. “Қалай сонда? Бауырларың мүлдем жоқ па?”деп таңқалды. Ол кезде әкемді де танымаймын,білмеймін. “Кейін айтам”деп құтылдым, ол кезде ашылып сөйлесуге зауқым соқпай тұрғам.

Сол күнгі кездесу солай бітті.

Күнде-күнәра кездесіп жүрдік.Менің негізі “Азаматты ұмыту процессім”басталып кеткен. Қанша мойындамайын дегеніммен, сол адам жүрегімде қалып қалғандай еді.Сөйтіп жүріп 10 шақты күнде “үйленейік”деді. Онысын Айнұр “Жынды ма? Қайда асығады?”-деді. Айнұрдың жанында тұра бере алмас та едім,”қашанғы тұрамын”деп ойладым.

Мен 2 айдан соң келісімімді бердім.Оған дейін танысып,білісуге уақыт керек еді. Болашақ енем келіп-некеге тұрдық. Содан,ұзатуға дайындалуға Астанаға кетіп қалдым.

Ұзату маусым айында өтті. Сіздер оқыған “Шыда жүрек”әңгімемдегі асаба жігіт тойды басқарып берді! Той жақсы өтті.”Артыңа қарама”-деп қызды шығарып салады ғой, бірақ мен,Қызылордаға жүретін автобусқа отырғанымда “үй жағыма” басымды байқамай бұрып, қарап қойған едім.Ол енді көлікте отырып бұрылған,саналмайды екен деп ойлаппын.

Содан 2 түн жол жүріп келдік.Қырсыққандай, жаныма еріп баратын бір де бір құрбым болмады. Айнұр Алматыдан келе алмай қалды, себептері болды. Астанадағы құрбым Галяны-үй іші “алыс жер” деп жібермеді. Біз жақтан қаншама туыс “тойды күтеміз”деп құдаларын шығарып салған еді. Ең сорақысы- енемнің құлағыма әкеліп салған сырғасының біреуі, автобустан түсіп келе жатқанымда, жерге екі бөлініп түсті. “Мынасы несі?”деп шошып кеттім. Сапасы нашар болған ғой дегенімнен бөлек, осы некем баянды бола ма екен деп, сол кезде ғана ойлана бастадым. Қалаға келдік пе десем,басқа бір ойлы-шұңқырлы жерлермен келе жаттық.Макстың бір бауыры көлігімен күтіп алды. “Қызылордаға келдік пе?”-дедім, ол күлді. Қайдағы “Қызылорда?”

-Біз ауылға келе жатырмыз!-деді. -Ауыл нес? Сен қалада тұрасыңдар ма дегенімде “иа”деп едің ғой?!-деп ашуландым.

-Жоғей, қаяқтан? Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылы-деп тырқылдап күлді. Енем де қосыла кетті:

– Немене, ауыл болса тұрмай қашып кететін бе едің?-деп. Мен “басында ашып айту керек қой,туыстардан ұятқой”-дедім. “Төбемнен мұздай су құйған” дегенді сол кезде өз басымнан өткердім. Артқа жол жоқ,”маған лайығы осы болды ғой”деп көндім. Көнбеске амал жоқ,каншама “шашылып”барған жерім қала емес, ауыл екен деп кері қайтпайсың ғой. Енемнің мән-жайды толық айтпағаны, жалған ақпарат бергені бұл жерде дұрыс болмады.

Келдік, көліктен түстік, айналаға қарадым, жұпыны үйлер, бір тал ағаш жоқ, кілең топырақ жайылған бір “көне”ауыл сияқты көрінді. Мен жаман ауыл деп тұрғам жоқ, маған, сол кезде қаладан келе салған уағымда, біртүрлі көрінгені рас. Есік алдына бір топ адам шықты да, басыма ақ орамал тағып, үйге кіргізді. “Шымылдықтың ар жағына отыр”-деді. Сол жерде 5 күн отырдым. “Беташар өткенше далаға жалғыз шығуға болмайды” деді. “Біреу-міреу көріп қоймасын” дегендері де бар. Сөйтіп сол бес күннің ішінде “шымылдықтың артында отырған” мені көруге кім келмеді десеңізші. Барлық туысқан, көрші дегендей көп болды. Біреулері:

-Қызым, қай қайдағы “нашар” отбасына түсіпсің,мынау үйге сіңісу қиын”-деп көңіл күйді түсіріп кеткен бір-екі келіншек болды.  Одан кейін ертесіне бір кісі кіріп,басыма орамал салды да, шығып кетті, артынша енем жүгіріп келіп:

-Шеш,жаңағы кемпір салған орамалды!-деп басыма жаңа тағылған орамалымды жұлып әкетті. Кейін Мақсат келіп, алдында келген кемпір “дуахан”орамалдың шетіне түйреуіш қыстырып, оқытып әкеліпті-деді. Мән берген мен жоқ “аа”деп қоя салдым. Ондай да болады екен. Сөйтіп келіндік өмір басталды. Негізінде Мақсаттың жұмысы Алматыда еді. Ауылға 2 аптаға келгенбіз. Енем беташар өткен соң, тап Алматыға қайтар уағымызда:

-Алматыға барып, екеулеп жұмыс жасаңдар, тойларыңа ақша жинаңдар-деді. Мен:

-Апа, Мақсат үйленерде тойға дайынмын деген-дедім

-Оттамасын-деді..

-Астанадан сені әкелу үшін,үйді кепілге қойып, 300.000 алдым,менде ақша жоқ!-деп баж етті.

-Ендеше, үйленуге неге асықты соншама?!-дедім

-Сені алмасам,бұл ұл маған “өлемін”деді, содан соң амал жоқ-көндім-деді. Масқара, туған туыс “тойға келеміз” деп отыр,олардан ұят болатын болды. Апам да дайындалып жатыр….Қап,әттеген-ай дедім. Себебі Алматыда той жасау 2009 жылдары,бес жүз мыңнан жоғарытұғын. “Алматыда той жасай алмаймын, осында жасаймын -палаткада”- деді бір кезде.Келетіндерің келсін, келмейтіндеріңнің керегі шамалы! -деп,дөрекі сөйледі.Қайынатам ғана онша сөзге араласпайтын, өзімен өзі,намазын оқып жүретін.Сол ауылдың бас имамы екен.Мақсатқа оңашада мен де ренжідім:

“Дайынмын, ақшам бар,той қамы ғана қалды дегенің қайда?”-деп. Бірақ одан бір жауап алу қиынның қиыны еді, мінезі ауыртын. Мен ғой, ойымды жасырмай,бетке айта салатын едім сол кездері.

Келесі күні жолға шықтық, шаңдатып,рейсті автобуспен Алматыға келдік. Айнұрдың үйіне бір екі күн қонып, пәтер іздеу қамымен айналыстық. Мен үйде қалдым. Мақсат жұмысына, әрі қарай пәтер іздеуге кетті.

Айнұр:

-Қыз-ай,әйтеуір,осымен бағың ашылып кетсінші-деді. Мен ұқсап бір баламен ертең “қаңғып” кетпесең болды-деді. Себебі Айнұрдың санасында “қызылордалықтың бәрі бірдей”деген ой қалыптасып қалған, мен “бес саусақ бірдей емес қой” өзімді жұбататынмын. “Таныстырған өзің,нең бар еді ?”- деп әзілге айналдыратынмын. Содан,мен жоқта Динара құрбысы звондап,eкеуі ұрыссыпты. Айнұр- мені жақтаған, Динара- даттаған, содан онымен “араласпаймын “деп бұл қыз ұялы телефон нөмірін де ауыстырыпты. Бірақ Айнұр Динараға ризамын, сендей “подрушка” тауып берді деп, мені бір марқайтып қоятын.

Пәтер табылып-көштік,Айнұр қимай-қимай шығарып салды, арасында: “Eсік алдында 2 бөлме бар, бір аптада босайды,сонда қалсаңдарш”-деп те айтты. Бірақ мен, кішкене жағдайы жасалған үйде тұрсам дедім. Айнұр ренжімей, түсінді. Көшіп барған жеріміз, Киз деп аталатын, бір жер екен. Алматы қонақ үйінде жаңа үйленген жастар, жатақханадағыдай,бөлме жалдап,тұрып жатыр екен. Бізде,амал жоқ, тұрдық. Тамақ жасайтын не газ,не басқасы жоқ, сатып алынған аспен 15 күн амалдадық.

Одан кейінгі көшіп барған пәтеріміз,тәтесінің үйі болды. Ұлжан деген жерде. Ол жер енді салынып жатқан, жаңбыр жауса балшыққа батып қалатынбыз. Үйінде не свет жоқ ол кезде, не су жоқ, каркастан салынған,жан жағынан дала көрінетін үй еді. Ол жерде де ұзақ тұра алмадым, себебі ол үйде адам көп болды, әрең сыйғаннан соң “кетейік” дедім.Содан бір күні пәтерді “өзім табамын”деп газет сатып алдым. “Жетім бұрыш”деп аталатын Алматының Көк базарының іргесіндегі маклерлер тұратын жерге жалғыз өзім келдім. Көзім бірден шет жақта тұрған,орта бойлы, мойнында “Квартирант керек”деген қағаз ілген, орта жастағы келіншекке түсті. Қасына барып:

-Апай, қаншадан?-дедім. Ол кісі 25000 деді. Өз үйінің жатын бөлмесін жалға беріп жатыр екен. Келісіп сол кісінің үйін барып көрдім. Күйеуі машинасымен алып барып көрсетті, ұнаттым. Бірақ көшіп-көшіп қалтамызда 15000 тг ғана қалған, бір аптада тауып береміз деп жартылай “қарызға көшіп кірдік”

Үй иесі туғанымнан жақын болып кетті десем, асыра айтқаным емес. Үш ересек балалары бар. Әлі күнге дейін араласамын. Сол кезде Ардақ апайым болмағанда,көп кеңесіп, ақыл сұрайтын да ешкімім жоқ еді. Күндердің күнінде жүкті екенімді білдім. Енді “той” дегенді армандау ғана қалды дедім. Мәселе той жасалса ғана бақытты боламын деген ойдан емес. Елдің қыздары сияқты ақ көйлек кигім келді. Сол ғана. Мейрамханада тойым өтсе ғой деген ғана арман болды. Кезінде Азаматтың да айтқаны осы еді. “Менің той жасауға қаражатым жоқ, жағдайымды жасамай үйлене алмаймын”дегені. Азаматтық некемен тұрмаймын дегеніммен,сол Мақсатпен тұрып жатқан кезім,азаматтық некеден айырмашылығы жоқ еді.

Жүктіліктің 3 айында бөлек шықтық. Жұмысына жақын жерге, Ақсай 1 ге. 9 қабатты үйдің 4 қабатынан, екі жігіттің жанына “подеселениеге”келдік. Олар қызметтегі балалар екен,үйде болмайтын көбінесе. Содан Мақсатқа “Тым болмаса ЗАГС қағазын салтанатты түрде алайықшы”-дедім. Достарымызды шақырып, атап өтейік дедім. Ол анасына звондады. Сөйтсем ол:

“Артық шашылмаңдар, біз ЗАГС-ке арызды беріп қойдық, құжаттарың 10 күнде дайын болады, артық ақшаларың болса салыңдар маған!-депті. Сөйтіп ол қиялым да орындалмады….

Ашулансам да,ашуланбасам да,олар біз үшін бәрін шешіп қойыпты. Күндердің күнінде,жүйкем тозып,ішіме симай, Мақсатқа айқайладым,олар жайлы не ойлайтынымды ашық айттым. Мені алдап әкелгендерін, той жасамағанын,тағы басқа. Үндемеді. Үндемей құтылатын. Сондай дипрессияда жүрген кезімде, Астанадағы құрбым Галя хабарласып,келетінін айтты. Қайта соған қуанып, дайындалдым. Өзім 8 айда жүкті болсам да,оны өзім күтіп алдым. Үйге жайғастырып, кешке Көк-Төбеге шықтық.  Оның бірге оқыған курстас қызы да Алматыда екен. Арайлыммен бұрындары да таныс едім,бірақ осы қалада жолығуымыз алғаш еді. Жақсы демалыс болып үйге қайттық. Арай үйіне кетті. Келесі күні Галяның шаруаларын реттедік. Сататын киім-кешек алуға келіп еді. Барахолканы аралап, тағы бір-екі күн жатқан соң, ол Астанаға кетті.

Сөйтіп Ақсайдағы пәтеріме жетіп, сол күні 12.00 де әйелдер кеңесіне,өз дәрігеріме, тексеріске келгем. Ол кісі орнында жоқ-медбике бар екен. “Отырыңыз”деп қан қысымымды өлшеді. “Мәссаған!”деді. “Таразыға тұрыңыз, салмағыңызды қараймын,тез-тез!”деді. Тұрдым. 92кг боп тұрмыз ғой! “Мәә, мынаусы нес? Апай, аяқ қолыңыз ісіп кетіпті, давление 150…”деп дәрігеріме звондады. Ол кісі 5 минут өткен жоқ, кабинетке жылдам кіріп,костюмын тастай салып, қайтадан қан қысымымды тексерді. “Бірнәрсе уайымдадыңыз ба?”деді. “Жоқ, тек көп жүріп қойған шығармын”дедім. Ол кісі жедел жәрдем шақырып: “Болды, экстренно босанасыз бүгін бе, ертең бе,сізде қан қысымы жоғары кетіп барады”деді. Қолыма магнезия система салып, медбике жүгіріп жүр. Жедел жәрдем бригадасы дереу келіп, мені бірден қаладағы 3 Перинаталды перзентханаға алып келді. 9 сәуір болатын.  Содан үш күннен соң өздері “Жедел босандыруға”жіберді. Система салды тағысын тағы. Мамырдың соңында босануым керек болған едім. 36 апталық болған ұлым, қыздан нәзік болып туылды. Сол қуанышыма, Алматыда,ортақтасатын да ешкімім жоқ екен деп жылағым кеп жатқанда, құрбым Бақыттан хабарлама келді. Ол жерде: “Сәлем Әлия, еш жаңалық жоқ па? Жағдайың қалай? Еш жерің ауырып жүрген жоқ па?”делінген. Бірден звондап айтып едім, ол қуанды.”Шығарда хабарлас, барамыз”деген. Қуандым. Ешкімім болмаса да Бақыт бар екен деп.

Содан, Мақсат звондап, жаңалықты естіп,қатты қуанды.Үйге енем бір күн бұрын келіп алыпты. Үйге шығатын кезде,бір дәрігер, ұлыма 2 бірдей екпе жасап жібере жаздап,өлім аузынан қалған. Бір дәрігер келіп екпе егіп кеткен де, менен қол қойдыртпай кетіп қалған, артынша екінші дәрігер келіп, сол екпені тағы қайталап салғалы жатыр екен. Оны жанымда жатқан орыс әйел көріп: “Не істеп жатырсыңдар? Қандай екпе ол тағы?”деп сұрамағанында-балам передозировка болар еді. Сол кезде,сол дәрігермен,төбелесуге сәл қалғанмын. Сол басталып келе жатқан дeпрессия болу керек. Оның алдындағы отбасындағы келіспеушіліктер де бар. Жүйкем сыр беріп бастаған еді. Сағат 16.00 де шығатын мен, айқай шығарып түскі 12.00 де “кетемін”ге бастым. Бас дәрігер,бәрі келіп сабыр сақтауымды өтінсе де, мен ешкімді тыңдағым келмей,бұл жерден тез кеткім келетінін айттым. Қағаздарымды толтырып, қолыма әкеліп “болды, кете беріңіз”деп рұқсат берді. Енеме звондап “тез келіңіздер”дедім. Олар онсыз да, дайын отыр екен. Сағат 13.00 де перзентханадан шықтық. Фотоға түсіріп жатты, фотограф жалдапты, маған бәрібір еді. Үйге барып, шаршағаннан,құлағалы тұрғам.Сіркем су көтермей. Әйтеуір балама қарап, аман есен туылғанына шүкір деп қоям.

Үйге келдім.Екі жігіт үйде жоқ екен. Жұмысында болар деп, жатын бөлмемізге кіріп, жайғасайын десем, ине шаншар жер жоқ.Бүкіл бөлме астан-кестен.Ас үйге барсам-ыдыстардың сау жері жоқ, қазан күйе-күйе, раковина тәрелкелерден көрінбейді.Мақсатқа келіп:”Тым болмаса ас үйдегі ыдыстарды бықытпай жуып қоймадыңдар ма?Үйдегі екі жігіттен ұят қой, олар артынша бар заттарын жинап,шашпай жүреді дедім.Күлді.”Қазаныма не болған күйеден көрінбейді ғой?”дедім.”Қуырдақ жасағанбыз”дейді. Сөйтсем мамасы: “Ыдыстар жата берсін,келін келген соң өзі жинап алар”деп 3 күнгі ыдысты маған сақтапты.Бала ұйықтап жатқанда,километр ыдысты жудым.Кір жудым, балконға шығып,оларды жаямын деп,өзіме суық тиді.38-39градус температурамен жатқаным да, мастит деген дертке шалдықтым.Енем сол қаліме қарап, сіздерге өтірік,маған шын,күліп, мәз болып отырды.”Емізе алмасаң-жұмысқа шық, баланы ауылға өзім алып кетіп бағам, ақыры саған баланың керегі не?”деді

15 бөлім

“Кейін, өзіңе бала керек болып бара жатса-туып аласың”деп мысқылдамайма?! Бала шырылдай береді, менің басым айналып,ұйқы басып барады.Ақыры жатып қалдым.

Сөйтіп,бір оянсам,бала 4 сағат ембепті.Мені оятпаған. Жылаған баланы,енем құшақтап, әндетіп отыр,оған бала уансын ба?”Дереу келіп, маған көмектесіңдер”деп Астанадағы анамның сіңлісіне телефон соқсам,олар онсыз да поезға отырайын деп жатыр екен, сол жолы демалыс алып,анам да келгелі жатыр екен.Басында оларға: “Енем келеді,қарайласады,сендер ол кеткен соң келіндер”деп келіскенбіз, себебі, үйдегі ұлдардан да ұят бола ма деп, ыңғайсызданған едік. “Мыналар екі адам болып кіріп, үйде топырлап, қаптап кетті”дей ме деп.Енді оған қарайтын шамам жоқ еді.

Тәтем мен анам таңғы алтыларда поездан түсіп,үйге келді. Мен тұралмай жатқам.Ұл дүкеннің сүтіне тойып ұйықтап жатыр еді, әкесі мен ұрысқан соң,әкелген болу керек.Анам қалімді көріп,бір күрсініп,ұлды қолына алды.Тәтем,апам беріп жіберген қалжаның етін, жайғастырып жатты.Сол күні маған жедел жәрдем келіп, антибиотик дәрі жазып кетті.”Операция жасатпайтын болсаңыз-осы дәріні ішіп, балаңызды емізбейсіз, смесь бересіз”деп кетіп қалды. Менің жағдайымды олар да көріп “қайтсеңізде емізіңіз”деп талап қоймады. Содан не керек,бала ақыры сол дүкеннің сүтіне әуестеніп алды.Түнде оны тамақтандыру үшін 6 рет оятып,су ысытып, оны суытып, смесьті стерильді дайындау үшін, ыдысын алдын ала қайнатып,дайындап беретінмін.Тамағы дайын болғанша жылап, ұлымның да шыдамы таусылатын.Үйде енем жатқан күндердің бірінде, тәтеме былай депті: “Қыздарың перзентханадан келе сала, ұйқыны соқты, маған не шәй, не тамақ берейін деп ойламады”депті.Тәтем содан “Ол енді босанды, оның өзіне жақсы күтім қажет,өзі 25 ке келіп босанды, адамнан адам шығу оңай ма?”десе…

“Хе, тудық қой он баланы, қай жеріміз кеміп отыр?”депті. Тәтем де қатырып жауап беріпті:

“Сан қажет емес-сапа керек”депті.Содан мені оларға шағыстырғаны өтпеді, себебі тәтем қалімді көрді. Сөйтіп өстік, күндер өтіп жатты. Содан бір күні 40 нан шығуымызға аз-маз күн қалғанда,енем менімен тағы бір ұрыс шығарып, жүктерін жинап, кетіп қалды. Кетпей тұрып, ұлының жұмысына соғып,мені әбден жамандап кетіпті. Кешке ұлы келіп, менімен сөйлеспей, не ұлына карамай жатып қалды. Тәтеме ғана айтыпты: “Әлия,анамды, неше түрлі жаман сөз айтып, қуып шығыпты”деп. Тәтем: “Мамаңды ешкім қумаған, өзі кеткісі келді, сосын кетті”депті. Сөйтіп оның ашуы бірер күннен соң ғана басылды. 40 нан құрбым Бақыт Тұрман шығарды. Қайрат екеуі келіп,үйімізде қонақ болып, ұлыма сыйлықтарын әкеліп,демеу жасады. Жақсы жандар айналамда болды, әлі де бар,соған шүкір.Негізі анасы звондамаса,ұлынан алшақ жүрсе, бұл да жап-жақсы адам болып, бізді жақсы көретінін айтып, кәдімгідей отбасына көңіл бөлетін. Анасы араласа кетсе-бітті- Мақсат басқа адам. Мен анасының, өз баласының өміріне, араласқанының, қандай кері ықпал ететінін алғаш көруім еді. Балама тиесілі, төленетін жәрдем ақысын, бір рет төленетінімен, ай-сайынғысын, енем, менің тіркеуім,яғни пропискам, олардың ауылдарында екенін пайдаланып, менің атымнан қол қойып, бір тиынына дейін алып, маған бермеді. Оған не дейсіз? Өтірік жала жауып, бір адамдарға, енесін әбден жерден алып,жерге салған адамдай көрінуім мүмкін. Қанша адам бар-сонша пікір де бар, бірақ өз туған немересін,Алла беріп тұрған несібесінен айырған адамды сіз көріппе едіңіз?! Содан Мақсатпен ұрыс-керіс осы тұрғыдан көбейе берді. Ақша мәселесі, пәтерден пәтерге көшу, балаға керек жарағын алып бере алмау, көп. Бір күні заттарды жинастырып жатып,ұлыма деп жиналған үлкен альбомы жоқ екенін білдім. Жалғыз бөлмені төңкере іздедім. Себебі оны-кіндік анасы Бақыт сыйлаған, бірінші күннен туған барлық естелік фотоларын, өзімше жинаған едім. Арасында біздің де,танысқалы жинаған фотолар да бар еді. Енем алғанын сездім. Ұлына да айттым. “Сен жындысың,мамам қайтсын біздің альбомды?”деді. Шынымен де, оған не керек? “Шығар бір жерден”деп ұмытып кеттім.

Бір күні пәтердің 35000 төлей алмайтын болдық. Оны тағы баласы енеме айтқан. Ол:”Анау қатыныңа айт, жұрт ұқсап тұрсын жер уйге, 12000 ның үйі жетеді ғой”депті. Содан 12000 түгіл,оны таппай, күйеуім жұмысынан айырылып, Ұлжандағы әпкесінің үйіне көшіп бардық. Топырлаған адам,әрең сыйсақ та, амал жоқ еді. Жұмыс іздемей араққа әуестене бастады.Топырлаған адам,әрең сыйсақ та,амал жоқ еді. Жұмыс іздеп, алға талпынуды ойламады. “Неге ішесің?”десең айтатыны: “Шаршап жүрмін”. Бір күні әпкесі ауылдан телефон соғып былай деді: “Сен, қатыныңа еріп, бізді ұмыттың, шешеміз болса сендерді уайымдап, давление болып тұралмай жатыр,қатыныңды таста,ұлыңды алып ал,алдап-сулап, ауылға қайт,ұқтың ба?!”деп бақырды.Жанында тұрып телефонының ар жағынан шығып жатқан сөздерді анық естідім. “Не деп жатыр?”десем.”Жәй,ешнәрсе,ауылға кеп жонышқы жинаймыз,көмектес деп жатыр”деді. “Жанағы,мен өз құлағыммен, оның жанында тұрып,естіген сөздерге, Мақсат мән бермей қоя салайын деген ғой”деп ойладым. Бір аптадан соң “мен ауылға Әлиді алып 1 ай жатып, әкеме көмектесіп қайтам”деді. Мен: ” Мен қалып,жұмыс жасаймын, бізге ақша керек, 1 айдан соң келсең қайда тұрамыз?”дедім. Ол: “Ендеше мен кете берем, сен жұмыс тап, балаға алаңдама, 1 ай өте шығады” деді де автобусқа билет алып жолға шығады. Ұлымды қимай-қимай бетінен сүйіп,шығарып салдым. Маған жалтақтап қарай берді, әлі күнге дейін көз алдымда сол кезі. Жүрегім езіліп бара жатса да, амал жоқ, бізге ақша керек еді. Олар кетті. Мен тәтесінің үйінде тұра бердім.

Көк базарға, техника дүкеніне сатушы болып жұмысқа шықтым. Ақшаны күнделікті алып отырдым. Ұжымда екі қызбен бірігіп жұмыс жасадық. Бір күні сол қыздың үйінде, жұмыстан кеш шыққан соң, барып, қонып қалдым. Есікте тұратын. Ал көк базарға барахолкадан гөрі, Есік әлдеқайда жақын еді.  Тәтесіне телефон соқтым- алмады, жұмысында екен деп ойладым. Келесі күні жұмыстан соң үй жаққа келдім. Кеше қайда болғанымды сұрады. Барлығын айттым. “Сен  өзге жерде қондың”деп, мені сол кеште үйден қуып шықты. Амал жоқ, қайтадан сол ұжымдас қыздың үйіне бардым. Оған барғанша түннің ортасы болды. Сөйтіп,келесі күні ол қыз екеуміз маған пәтер іздедік. Ақыры пәтерді таптым,жұмысыма 20-25 минут еді. Мақсат болса бастапқыда жақын арада қайтам, ақшаңды жинай бер деп жүрді. Кейін мүлде,үй телефонына звондасам, енем олар жоқ, егістікте, басқа да, далада деп,ұлымды да Мақсатты да жақындатпады. Бір рет қана Мақсат өзі звондап, баланы уайымдама 2 аптада қайтамын деді. Бірақ айлап келмеді

Мен де жұмыстың қызығына кіріп, ақша ақша деп жүре беріппін. Күз болды, шілдеде кеткен ұлмен күйеуден хабар жоқ. Бір күні аялдамада тұрғанымда бір цығанның әйелі соңымнан қалмай,жүріп келе жатты. Артымнан келе жатып: “Күйеуің енді келмейді, басқа, сенен жас қызға көңілі кетіп жүр, саған да күйеуіңе де енең мықты дуа жасаған,сенің келесі бағың 30 ыңда қонады” деп аялдамадан асқанымша ол да жүріп келе жатып, мен бұрылмағаннан соң ғана, кетіп қалды. Менің бұрылмаған себебім, қалтамдағы аз-маз ақшамнан екі ортада, бір цығанға жем болып, айырылып қаламба деген қорықыныш еді. Сөздерін де шын деп қабылдамадым.

Күндердің күнінде, қазан айы болатын, жұмыстағы қыз бастығымнан қарызға ақша алып,үшті-күйлі жоғалып кетеді. Содан жұмыстағы бар ауыртпалық маған түседі. Демалыссыз жұмыс жасап жүремін. Бірақ олар намаздағы адамдар болғандықтан,еңбегімді жемей,маған екі адамның ақшасын төледі. Сөйтіп 1,5 ай бойы, қыз тапқанша,бір өзім үлкен бөлімде сауда жасадым. Кейде сауда бар, кейде жоқ,әйтеуір бұйырғанымен жүрдім. Жинайын деген ақшаң пәтеріңе кетіп қалады, тамағыңа дегендей.

Барлық сол кездегі қиыншылығым аздай,мынау бір басыма түскен жағдай да мені есеңгіретті. 30 қараша күні кешкі тоғыздарда үйге әдеттегідей келіп, жатып қалдым. Қатты шаршағам. Бір сағат сайын оянып, біртүрлі мазам болмады. Мақсатқа телефон соқтым. Ол желінің ар жағынан: “Жаным ау, қалайсың”деп қояды,сөйтсем сылқиған мас. Неменеге жетісіп ішіп алдың?”десем әрнемені айтып отыр, “келейін деп жатырмын”деп қояды. Содан түнгі 11 де қайтадан ұйқыға кеттім. Түнгі бірлер шамасында арғы бөлменің есігінен біреу сығалап тұр екен. Орнымнан тұрып есікке қарай жүрдім…Ұйқылы ояу көзімді тырналап ашып:

“Кім бұл”дедім  орысшалап. Кенеттен,бөлмеге бір ер адам баса көктеп кіріп,мені бір затпен басымнан бірақ ұрды, құлап түстім. Алып үлгерген заты 20000 ақша қалтамдағы, жаңа, жұмыстан несиеге алынған ұялы телефон еді. Есімді жисам үй иесі-Наташа ойбайлап жылап жүр, жанымда ұлы Андрей отыр. Басыма мұз басып қойыпты. Олар ұрыны ұстап үлгермедік дейді.”Қалай білдіңіз?”десем, Андрей кеш келіп, машинасын есік алдына кіргізген кезде, менің үйімнің есігі айқара ашық екен дейді. Жерде жатқан мені олар,өлді екен деп,полицияға да хабарлап қойған екен.Олар 10 минуттан соң үйге кіріп келді. Көп сұрақ қойды.”Шағымданасыз ба” деп сұрады. Арыз жаздым. 2 аптаға жұмыстан сұрандым.Сөйтіп бір өлімнен қалдым. Гүлшат есімді құрбымның жанына уақытша,Мақсат келгенше, көшіп бардым. Ол ұлымен ғана тұратын. Гүлшатпен пәтер қарап жүріп танысып қалғанмын. Бірақ ол кезде ол жалдап жатқан пәтер маған тар көрінген, ол болса жанына,арзан болу үшін, бір қыз алмақшы екен. Сол кезде телефонын алып қалып, анда-санда смспен сөйлесіп жүрдік.

Одан кейін Қарағандыдағы әкеме барлығын жасырмай айттым. (Әкемді 26 жасымда, ұлымның 1 жасынан соң тауып алған едім, агент желісі арқылы)Ол звондап Мақсатқа ұрысқан секілді. Келемін депті. Бірақ желтоқсанның аяғында бірақ келді. Келе сала арамызда тағы ұрыс болды. Ұлымды ала кел деп өтінгенімді орындамай-бір өзі келіпті. Алты ай көрмеген ұлды сағындым десем,оған бәрібір еді. “Қатын болсаң жүр ауылға, болмаса қажет емес маған ырбың-жырбыңның”дейді. Ауылға”балам үшін” барамын әрине дедім. Бірақ негізі,біз олай келіспегенбіз,әрине,ауылда лайық не оған, не маған жұмыс жоқ.Содан,екінші күні автобуспен жолға шықтық. Ауылына келсем,балам үсті кір-кір, тырнағы өсіп кеткен,үсті басы лас. Мені танымай, маған жоламай қашып жүр. “Әли,Әли”десем қашады. Жүрегім ауырды, енем ұлымды құшақтап алады, өзі оның менен қашқанына мәз. Не себепті ол мені сонша жек көрді дерсіздер. Менен ұлын қызғанды. Оның маған алтын сырға, ұялы телефон,киім әпергенін көтере алмаған сияқты. Себебі ақшасының барлығын, бұрыңғыдай анасына бермейтін болды. Сосын енем,9 баланың ішінде Мақсатты ерекше жақсы көремін, оны әулиеден сұрап алғам дейтін.Мақсаттың алдында бір ұлы шетінеп кеткен екен. Содан кейін әулие аралап кетіпті. Басына барып,ниет етіп,сұрап алған баласы екен.

Әли сол күні кешке бөлмеге сығалап, мені бақылап жүр екен. Жәйлап шақырып алып, аяғыма отырғызып, құшақтап отырдым. Таныпты. Бірақ,бір себептерге байланысты, менен қорқатындай еді. Байқағаным,Әлидің аяқ киімі жоқ, жүн нәскимен шығарады далаға. Сосын,көп күн бала шомылмаған, бұны бірден шомылдырам десем,бұл көнбей кашатын еді. Үйге келе сала,Мақсат екеуміздің арамызда тек ұрыс-керіс,маған қараған көзінде жауға қарағандай көзқарас бар еді. Көздері қанталап кететін. Қорқа бастадым. Неге бұл солай өзгеріп кетті деп жүрдім. Ит пен мысық болдық кәдімгідей.

Бірде, шаң сүртіп жүріп,тоңазытқыштың астынан, баяғы Әлидің, жаңа туған кезіндегі альбомын тауып алдым. Енем алған екен, ішін ашсам-масқара енді, мен тұрған жердегі фотоларда басым жоқ! Бетімді қаламмен шимайлап тастаған,тек ұлымен немересі тұрған фотолар сау. Әрине өзі жасаған оның бәрін. Қайныларым жасамайтын шығар?! Үйде басқа әйел жоқ. Мүмкін біреуге оқытып жасатты ма? Біреуге емес,енемнің інісінің әйелі осы маңдағы белгілі “дуахан”деп еститінмін,түрін көрсеңіз,оның сұсты қабағын көрсеңіз-дәл мендей ойлап қалар едіңіз.Білмеймін,әйтеуір Мақсат маған-жауына қарағандай қарайтын. Содан 15 күн ұрыс-керіспен өтті. Ас әзірлейм-үндемей жеп алады, ешқайсысы сөйлеспейді. Кеш болса-Мақсат әдемі киініп, әтірін сеуіп,кетіп қалады, 3-4 те қайтады қайтса, кайтпаса ол да жоқ.Ол кеткен сайын ұлы жылап іздейді. Мен кіммін сонда бұл үйде? Иә, келінмін, бірақ келінге де бір ауыз жылы сөз керек. “Асың дәмді бопты”дей салса біреуі. Қиын ба? Бір күні әрі қарай бұл үйде тұралмаспын деп, қайынатамның жанына барып,отырып: “Мен өз жөніммен кетейін, Мақсаттың басқа адамы бар сияқты,мен ұлыммен ертеңдер қайтайын”дедім. Қайынатам:”Ұл қалады,есік әне, кете бер!”деді. “Мен қалайша баламсыз қайтам,қызықсыз,маған ұлым керек”дедім. “Ол біздің қан, ода шаруан жоқ болсын сенің”деді. “Мм,түсінікті”деп,Алматыдағы таныс-құрбым Гүлшатқа,кеңесуге телефон соқтым,ол бірден “балаңды алып қашсай,олардан рұқсат сұрап нең бар,өз балаң ғой,ондайлармен адамша сөйлессең керіле қалады”деді. Дайындалдым.Ұлдың киімінің,енемнің сөмкесінде жатқанын байқап калдым. Бірақ ұлымның метрикасын таппадым. Іздедім. Содан бір сөмкедегі өз киімдерімді уақытша тығып қойып,Әлидің бірнеше жейдесін сөмкеге салдым,ол сөмкені де тығып қойдым. Өз киімдерімді,үйден шығар кезде, барлығын үстіме киіп,кимегенін қалдырармын дедім, себебі қолыма артық жүк ауыр болары анық.

Сөйтіп жүріп,енемнің Әлиге айтып жатқан мынау бір сөздеріне құлағым шалынды:

“Анау қатынның қасына барма, сені өлтіреді,жарай ма?! Менің қасымнан кетпе, ол жаман катын…”деп,мен жайлы ұлыма құйып жатыр,ол “иә”деп қояды. Содан түсіндім, неге менен оның қашып жүргенін.  Түскі астан соң Мақсаттың телефонын сұрадым. Ол бергісі келмеді. Бірақ,маған Астанаға звондау керек деп сұрадым, берді, ол жақтағы құрбыларым единица салып көмектесті. Кешкісін менен келіп: “телефонымды қайтар” деді. “Мақсат, телефон бүгін менде болады, ішіне единица салдырдым, не сол единицаны құртайын деп пе едің?”дедім. Содан ол “кетші” деп намыстанып, кетіп қалды. Күнде 21.00 де кетіп қалатын. Мен ұлымды ұстап алып, күштеп шомылдырдым, жатын бөлменің есігін кілттеп,жауып алдым, ұлдың бақырғанына енем жүгіріп келіп,есікті жұлқылады, үндемедім, өз балам ғой,өлтірмеймін, тек шомылдырып жатырмын. Енем болса “ей қатын, ашсай, баланы қинап,не болды соншама”деп жатыр,үндемедім. Жуындырса қайда қалды екен. Бір тегене су қап-қара лай болды. Баланы киіндіріп, жердегі көрпешеге жатқыздым,ұйықтап қалды. Мен суды төгуге кетіп қалғанымда,енем ұлды ас үйге апарып, жерге,өзі жататын орынға, жатқызып қойыпты.Содан мен де қоймай,ұйыктап жатқан баламды, қайта барып, алып алдым да,бөлмеме әкеліп,есікті кілттеп алып, жоспар құра бастадым. Не істеймін, қаншада шығамын деп.

Апама, Астанаға звондап, жағдай осындай, баланы берер емес дедім, бірақ алып қашамын демедім,жүрегін ауыртқым келмеді текке уайымдайды, немесе,жоспарым болмай қала ма деп, өзім де қорықтым. Апам: “Сол оңбағандар, сенің өміріңді қор қылды ау”деп,онсызда жаман күйде отырған. “Бала анасымен тұру керек қой, олардікі не заң? Әттең аяқтан жүре алмайм, барып көрсетер ем оларға”деді. “Уайымдама,бір жөні болар” дедім. Кешке 22.00 ден кейін”Ананди” басталатын,Олар соны көретін. Кино біткенге дейін, Мақсаттың 1984 жылғы інісі, машинасымен бір жаққа кетіп қалды. Үйдегілер 12 де шырт ұйқыда жатқан. Қайынатам, енем, 1991жылғы қайным. Далаға шығып,ортаншы қайныма звондап “Қайдасың?”дедім. “Машинаммен жүрмін,жұмыстармен, жәйшә?”деді. “Жәй,Мақсат жаныңда ма?”дедім. “Жоқ,мен басқа жердемін”деген соң,телефонды өшіре салдым да,асықтым. Есік алдындағы бақшаға апарып,сөмкені койдым,зілдей ауыр екен, баланың киімі ғана дегеннің өзінде. Үйге жүгіріп кіріп,ұйқыдағы ұлды киіндіре бастадым, баяғы,тәтем сыйлаған,қалың күзгі спортивкадан басқа, қыстық киімі де жоқ,байғұстың. Шапкасын кигізіп,ұлды қолыма мықтап ұстап алып, бірінші есіктен дәлізге шығып бара жатып, алдымнан, қарама-қарсымнан біреу кіре қалама деп, жүрегім аузыма қадалып барады. Балам қатты ұйқыда. Бақшадағы сөмкені иығыма іліп алып, тасжолға(трасса)қарай қанша жылдам жүре алсам,соншалықты тез жүріп келем. Жақын көрінген трасса жеткізбей келеді.Өші бардай иығымдағы сөмке,сырғып түсе берді, отырып,оны иығыма салам да,орнымнан қайта тұрам. Балам да салмағы бар, қанша дегенмен 3 ке тақап қалған бала ғой. Көзін ашып, маған қарады. Жылап бақырса-біттім деп ойлап ем, бірақ жыламады. Қара тер болып трассаға ақыры жеттім. Мақсаттың інісі келіп қалама деп,қорқақтап,соткамды өшіріп тастадым. Бар сенімім сол телефон. Түркістанға жетсем, немесе Шымкентке, сол телефонды 5000 ға сатып Астанаға жетсем деп ойлап қоямын. Балам да аш боп қалама деп,ол да уайым. Өзіңді қойшы, әйелдің 40 жаны бар ғой. Содан бір камаз өтіп кетіп, тоқтады. Алыс болып қалды арамыз, қолымды сілтеп “кете бер”дедім. Шаршағаным соншалықты, 20 қадамдай басып, соған баралмадым ғой. Екінші камаз дәл жаныма тоқтап,есігін ашып, мені ұлмен, қолдарын беріп,отырғызып алды. Ішінде бір апай отыр екен, жанында інісі екен. Түркістанға кетіп барады, базарға зат апара жатырмыз деді. Баламды көрпемен қымтап, біраздан соң ғана жағдай сұрасты. Бәрін айттым, бастарын шайқап,өздерінің де қыздары жақында бір баламен солай,үйден қуылып, қайтып келіп отыр екен. “Сен,батыр екенсің”деп қояды. Менікі батырлық емес-шарасыздық, некедегі бақытсыздығымның көрінісі-қашу болғанына, мені сондай жағдайға жеткізулері, басымызды дуалап,ажыратулары, түбіме жеткендей еді. Түнгі 1.40 та есі дұрыс адам,баламен тасжолда ерігіп тұрмайтыны анық.”Киімің жұқа, жаурамайсың ба?”деді. “Жоқ, балам тоңбаса болды”дедім. 4 сағатта Түркістанға жеттік. Апай, балаң аш қалмасын деп,200 теңгеліктен 1000 тг санап берді. Қысылсам да-алдым. Алла разы болсын ол кісіге. Сол ақша берекелі болды. Таңғы 5.20 да қалаға жеттік,бізді түсіріп, Аллаға тапсырып,олар жүріп кетті. 18 қаңтар еді.Айдалада, танымайтын жерде, қараңғыда қалғаныма “балам екеуміз енді не істейміз?деп уайымдап, бір темір забордың шетіне отырып, көзін ашып жатқан баламды құшақтап,ағыл-тегіл жылап жібердім. “Енді қайда барам, бұл жақтан кете алмай қалсам ше?”Жүйке-жүйем шаршаса да,орнымнан тұрып,жүріп, жан жаққа қарадым. Дала қараңғы, бір жан жоқ. Біраздан соң ғана, заправка жақтан,бір ақ көліқ көрінді. Қуанып,қол көтеріп, тоқтаттым. Өзімнің құрдасым екен. Мән жайды сұрап бола келе,менен ақша алмайтынын айтып, келіскен 500 тг қайтарып берді. Автовокзалға тегін жеткізді. Бір танысы бар екен, үлкен кісі, күзетші. Автобус тоқтайтын жерде киоск тәрізді,жататын жері бар екен. Соған бізді жайғастырды. 18 күні Астанаға,бір де бір автобус жүрмейді екен. Енді не істеймін деп уайымдадым. Таксидегі бала,ұлыма тәттілер,нан бәрін әкеп,үйіп кетті. Бізбен қоштасып,кетіп қалды. Біз күзетші ағаның жанында қалдық. Кешкісін ол кісінің бір досы келіп, екеуі ішті. Анау жерде отыру мүмкін емес болып кетті,ұлым ұйықтады,мен таңды ояу атырдым. Екеуінен көзімді алмай отырдым. Екеуінің арасында ұрыс басталып,бір-біріне пышақ сермей бастады. “Қойыңыздар,бала шошиды”десем ғана тынышталады. Таңға жақын досы,әйтеуір кетті, “уф” дедім. Күзетші ағамыз таңғы 11 ге дейін ұйықтады. Мен қалғып-шұлғып алдым. Көзімді ашсам, Автобус келіпті. Алдында мен Астанадағы құрбыма телефон соғып ,5000 тг ақша сұрағам, ол келемін, беремін деді. Автобусқа жүгіріп барып, шоферіне бәрін айттым. Жас бала екен,түсініп “алып кетемін”деді. Сөйтіп 12.30 да автобусқа жайғастық

Күзетші аға да,балама тәттілер,сусындар алыпты. Аш болмасын деп,тоқаш бәрін салып,пакет толтырып,алып келді. “Қарындасым, енді бұндай нашар адам таңдама, жақсы жан тауып, жақсы адамнан ғана ұрпақты бол”деген сөздерді айтты. Сөйтіп,Астанаға 20 қаңтар күні жетіп, құрбым күтіп алды. Мекен-жайыма дейін таксиімді төлеп,өзі кетіп қалды. Сол кезде,Астана ерекше жылы екен. Бәрі Алланың ісі ғой. Ол кезде апам,Қосшы деген ауылдың “Лесная поляна”дейтін,биік үйлерінің бірінде, пәтер жалдап тұрып жатқан. Таксиден түсіп жатып,аяғым мұзға тайып, жерге арқаммен құладым,шаршаған едім. Балам соған қатты жылап-шошып кетті. Орнымнан тұрып: “Жылама,үйге,апаға келдік”деп әйтеуір подъезге жеттік. Апам есікті аша сала,бізді көріп,қатты қуанды. Әлидің келгеніне тіпті қуанды. Сол түні ұйықтағаннан, келесі күнгі 3 ке дейін ұйықтадық.Тұрсам,қолдарым, иығым көтертпейді. Сол күні маған Алматыдан Гүлшат звондап: “Әй, қыз-ау,сенің ұрланған соткаң табылыпты, мен көктемде саған барамын, апарып берем,болмаса почтадан салып жіберем”деп бір қуантып тастады. Содан бастап мен нөмірімді ауыстырдым. Жаңа өмір бастаймын, бірақ енді тек жақсы адамға тұрмысқа шығып, тек жақсы адамдармен дос боламын деп, өзіме серт бердім. Мақсат, мен кете сала үйленді. 18 жастағы мектепті енді аяқтаған қыз дейді. Ата анасы армандарына жетіп, өздері калаған,ауылдың қызына үйлендіріпті.Қазір баласына алимент те ешнәрсе төлемейді. Ендігісі баршаңызға белгілі, 30 жасымда тұрмыс құрып, қазір бұл некеден 2 қызым бар

Өз басымнан өткен жайды баяндағаным үшін сөкпеңіздер, асығыс жасап,ерте тұрмыс құруға асығатын жандарға сабақ болсын!

Әңгімені баяндаған ізгі ниетпен

♥️Әлия Нұрмұханова


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here