Асқар бүгін жұмыстан көңілсіз оралды. Алайда өзінің “Үйдегі көңіл-күйді жұмысқа, жұмыстағы көңіл-күйді үйге әкелме”, – деген ұстанымы бойынша есіктен күлімдеп кірді. Оны бұл күйге түсірген жұмыстағы жағдай еді.

 

Осыдан бірнеше күн бұрын қол астындағы қызметкерлерге тапсырма берген-тұғын. Кеше уақыт-сағаты жеткен соң соның есебін сұрап еді, көпшілігінікі әлі дайын емес екен. Содан бәріне ұрсып берген. Енді міне бүгін барлығы сақадай-сай, тапсырма да орындалған, есебі де дайын.

 

Бұл нәрсе оның көңілін қатты түсірді. Кешке біразға дейін ұйықтай алмай, осыны ойланумен болды. Неге бұлай?! Неге жылы-жұмсақ айтқанымда істемей, ұрсып едім бар жандарын салып дайындап қойды?! Әкем-ау қазақ “Кісі сыйлағанның құлы”, – деуші еді ғой! Бұл қалай болғаны сонда?! Сосын өздерінің мектеп пен университет кезеңінде момын мұғалімдердің басына шығып, ал, қатал мұғалімдердің сабағын жақсы оқып, сабақтан еш кешікпеуге тырысатындары есіне түсті. Иә, біраз адамның бойында мұндай қасиеттің барын байқап жүр.

 

Ойына тағы бір мақал келді. “Сиыр сипағанды білмейді, Жаман адам сыйлағанды білмейді”. Таптым, олай болса жоғарыдағы мақалды “Жақсы кісі сыйлағанның құлы”, – деп түсінуіміз керек. Ал, жаман адам керісінше.

 

Сонда әлгілер жаман болғаны ма?! Өз ойынан өзі шошып кетті. Жоқ, олай емес! Бір білместік болған шығар. Бойға сіңіп қалған керітартпа әдет болар. Онда бұл жаман әдеттен қалай құтылуға болады?! Пайғамбарымыз (с.а.с.) ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін еді ғой. Оған Алла Тағала Құранда “Сен Алланың рахметімен оларға жұмсақ болдың. Егер қатты жүректі, дөрекі біреу болғанында олар сенен безіп кететін еді. Олай болса сен оларды кешір! Олар үшін Алладан кешірім тіле! Бір іс жайлы олармен кеңес! Ал егер нақты бір шешімге келсең Аллаға тәуекел ет! Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді”,- деп бұйырған еді ғой.

 

Демек, мәселені ақылмен шешуге болады екен. Сүйреп қосқан ит аң алмас. Одан да адамдардың жауапкершілік сезімі мен өз жұмысына деген махаббатын оятуға күш салса бар нәрсе өз шешімін табады.

 

Сонымен, Асқар бұдан былай ешкімге дауыс көтермеуге, істі айқай-шуға жеткізбеуге бел буды. Екі мақалды қайталап жатып көзі ілініп кетіпті.

Таңертең тұрғанда балаларының жазу жазып ойнап жүретін тақтасы көзіне түсті. Балалары мұндай қателікке ұрынбасын, осы бастан “сыйға сый” принципін бойларына сіңіре берсін деген ниетпен жұмысқа кетерден алдын әдемілеп “Жақсы кісі сыйлағанның құлы”, “Сиыр сипағанды білмейді, Жаман адам сыйлағанды білмейді”, – деп жазып кетті…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here